Жұма күні Семейдің Қалалық мәдениет сарайында Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен ғұлама жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына арналған дәстүрлі ХХІ-ші « Жас өрен» жас ақындар айтысы мен дәстүрлі І-ші «Топжарған» қалалық жыр мүшайрасы өтті. Оның қонағы (әділқазы) болып қайттым.
Жарты ғасырдан көп тарихы бар бұл қара шаңырақтың директоры Нұриден Иманбаев әдеттегідей сахна төріне шығып, өнер сүйер қауым мен талантты өрендерге сәттілік тіледі. Қалалық білім бөлімінің басшысы Наталья Анатольевна Фесенко да арнайы келіп ақ жол айтты. Бірақ, құр қол келмепті, екі ақынды (ұлты орыс Вера мен Михайлды) додаға қосты. Бұл – қазақ ұлтына деген ең үлкен мәртебе болған сияқты?..
Сонымен, жыр дүбіріне үміттерін үкілеп келген талантты жас ақындардың бір тобы қызықты да тартысты айтыс жасаса, бір тобы жүрекжарды жырларын тебіренте оқыды. Бір қызығы – бұл айтыс бұрынғы айтыстан өзгерек болды. Олай дейтінім, бір жұп ақындар – Михайл мен Вера есімді оқушылар қазақтың қара домбырасының құлағында ойнап, қара өлеңді өзімізден кем айтпады. «Бәрекелді!» дедік.
Мәдениет сарайына келгенім жақсы болыпты. Көптен бері жырға кеуіп жүр едім. Бір жұп ақын айтысып болған соң, екі ақын өлең оқып, нұр үстіне нұр құйды. Талантты тамсанбау қолымыздан келмейді ғой, шіркін! Арқамыз қозып, сахнаға шығып, ана өнерлі өренге бүкіл дүниенің жақсылығын (бағалы сыйлық деп айта алмаймын) үйіп-төгіп тастағың келеді. Қолдан келер қайыр не?
Жә, сонымен, мен үшін бас жүлдеге барлығы лайықты. Сөздің қадірін түсінген, өнердің қиын жолын таңдаған бауыр-қарындастарыма тек биіктер тілеймін.
Айтыс бойынша бас жүлдені – Думан Қайроллаев (39-мектеп), 1-орынды Дана Акрамова (8- мектеп), 2-орынды Ерсін Кенжебекұлы (47-мектеп), Қанат Абраймов (« Жас Ұлан» ерлер лицейі), Қуаныш Мақсұтов (47-мектеп), 3-орынды Темірлан Кәмілжанов (42-мектеп), Назерке Мұратқали (3 –мектеп), Гүлім Аспандиярова (37 –гимназия) еншіледі.
Ал, Михайл Соснин (29-мектеп) мен Вера Апакова (29-мектеп) өзге ұлт өкілі бола тұра қазақтың сөз орамдары мен тіл иірімдерін еркін қолданатынымен көрерменнің қошеметіне бөленді, арнайы Алғысхатпен марапатталды.
Мүшәйра бойынша бас жүлдені – Дильназ Байекенова (Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көп бейінді гимазия), 1-орынды Адель Мұхамеджанова(37 гимназия), 2-орынды – Ғибрат Қабдрахманов(32 мектеп), Әйгерім Тоқтамыс(36-мектеп), Темірлан Төлеубаев(«Жас Ұлан» ерлер лицейі), 3-орынды – Владимир Канабеев («Жас Ұлан» ерлер лицейі), Дамир Жапаров(2 мектеп), Бекзат Алпысбаев(Білім инновациялық лйцейі) еншіледі.
Таланттарды таразылап, әділ бағаларын бергендердің қатарында Халықаралық, Республикалық айтыстардың жеңімпазы, Шәкәрім атындағы университеттің PhD докторы Қарлығаш Әубәкірова, Семей қаласы тілдерді оқыту орталығының директоры Олжас Соғымбай, Қалалық білім бөлімінің жетекші маманы Айнұр Серғалиқызы, «Қазақстан-Семей» телеарнасының журналисі Қуаныш Смағұловтар болды.
Айтыс соңында сахна артындағы қамқор ұстаздар – Омарбаева Дәметкен (Дәмеш апай) мен Серік Молдабеков ағамыздың шәкірт тәрбиелеудегі телегей еңбегін айтпай кету қиянат болар. Олар үшін басты қуаныш –шәкірттерінің шыңға шығуы. Биыл “Ой- сана” жазба ақындар орталығының “Халықтық” деген атақ алуы олардың төбесін көкке жеткізгендей сезілді.
«Бұл да біздің қаншама жылғы маңдай теріміздің еңбегі. “Топжарған” жыр мүшайрасы таланттардың көзін ашты.Енді Алла қаласа дәстүрлі түрде өтеді» деген ізгі ниеттерін де жасырмады.«Басты ұстаным – жас дарындарды баулып, жыр бәсекелерінде шыңдау,елге таныстыру.Рухани дүниесі бай өрендерді тәрбиелеу. Ақындардың кештерін ұйымдастырса, Кітаптары шығарылса, Телеарналардан өлең жырлары оқылса, аға буын мен кейінгі толқын тығыз байланыста болса, демеушілер бекзат өнерге қолдау көрсетсе» деген уәждерін де айтып қалды.
PS: Иә, «демеушілер» бекзат өнерге қолдау көрсетер деген үміттеміз!
Жұмабек Айқынұлы,