Ә.Қасенов: Әр  университеттің өз дипломы болады

716

-Індетке байланысты басым көпшілік студенттер онлайн арқылы білім алуда. Осы тәсілдің білім сапасына әсері қандай?

– Өткен наурыз айынан бастап қалыптасқан індетке байланысты сабақ онлайн түрінде жүре бастады. Алғашқы кездерде қиындықтар болды. Алыс ауылдағы интернет байланысы және студенттеріміздің онлайн білім алуға дайындығы сияқты мәселелер болды. Бүгінде біршама дұрыс жолға қойылды. Дәрістер, тәжірибелік сабақтар ZOOM және т.б. платформалар арқылы жүргізілуде.

Оқытушыларымыз қалыптасқан жағдайға байланысты өткізетін сабақтарын жаңа тәсілге барынша сәйкестендіріп, электрондық ресурстарды кеңінен қолданып, оқу үрдісін барынша тиімді өткізуге тырысуда.

Жалпы студент латын тілінен аударғанда талпынып жұмыс жасаушы, ізденуші деген ұғымды білдіреді. Қазіргі кезеңде жастарымыздың ізденуіне мүмкіндік мол. Бір ғана YouTube каналындағы ақпараттарды  оқып шығу үшін адамға мың жыл керек екен. Осы  контеттердің 80 пайызы ағылшын тілінде деген деректерді оқыдым. Жастарымыз сапалы білім алу үшін ана тілімізбен қатар шетел тілідерін жете меңгерсе, әлемдік білім айдынына шығуына кеңінен жол ашылар еді.

– Оқытушылар онлайн жүйесімен жұмыс істеуге дайын ба? Олардың компьютерлік сауаттылығын артыру бағытында  қандай жұмыстар  жүргізілуде?

-2020 жылдың наурыз  айында елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға  оқу үрдісі  онлайн форматқа көшірілген кезде, біраз қиындықтар болды. Алғашқы кезде  кейбір  оқытушылар zoom платформалар бойынша жұмыс істеуді де  білмеді. Дегенменде   сол кезде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, IT мамандардың  тарапынан оқытушыларға практикалық көмектер көрсетілді.

2020-2021 оқу жылына дайындық ретінде арнайы курстар жүргізіліп, шілде-тамыз айларында барлық оқытушылар, осы курстан өтті. Бұл курстың мақсаты білімнің сапасын жоғарылату үшін, онлайнда әр түрлі әдістерді тиімді пайдалану болды. Айта кету керек компьютерлік сауаттылық деңгейі әр оқытушыда әр түрлі. Ал қазіргі кезде барлық оқытушылар  төселіп, онлайн жұмыс істеуге бейімделді. Жаңадан жұмысқа келген оқытушылар үшін онлайн форматта әр түрлі курстар ұйымдастырылып тұрады.

– Карантин кезінде студенттердің  өндірістік практикадан өтуі қалай ұйымдастырылуда?

– Карантин кезінде студенттердің өндірістік практикасы онлайн форматта ұйымдастырылуда. Ол үшін құжаттарды тапсыру рәсімі  бойынша біраз өзгерістер енгізілді. Бізді тығырыққа тіреген мәселе  өндірістік практиканы ұйымдастыру жұмысы болды. Мәселен карантин кезінде барлық мектептер онлайн жүйесіне көшіп, мектептен педагогикалық  практикадан өту  көп қиындықтар туғызды. Дегенмен тағыда сол онлайн  әдісіне жүгінуге тура келді. Дегенменде қазіргі кезеңде жағдай біршама қалыпқа түсіп келеді.  Кейбір өндіріс орындары сақтық шарасын қатаң сақтай отырып, студенттердің өндірістік  практикадан өтуіне жағдай жасауға тырысады. Алайда әлі де болса, практика жұмыстары онлайн жағдайында ұйымдастырылуда. Бүгінгідей қауіпті  сәтте бірінші кезекте студенттердің денсаулығы маңызды.

– Оқу орынының  өзі дайындап жатқан  болашақ  мамандарға жұмыс беруші өндіріс орындарымен  байланысы қандай?

– Жалпы қазіргі кезеңнің басты талабы саннан гөрі сапаға көшу. Яғни жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыратын  білікті мамандар дайындау. Осы мақсаттарды жүзеге асыру бағытында оқу орны бойынша нақты қадамдар қолға алынуда.  Білім бағдарламаларының мазмұны, негізгі жұмыс берушілермен талқыланып олардың талаптарына сай болу қажеттілігіне және дуальды білім беруге   баса көңіл бөлінуде.

Дуальды білім беру жүйесі – теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін оқыту бағдарламасы. Болашақ мамандардың  тек теориялық жағынан ғана емес, практикалық жағынан да сауатты болуына баса назар аударылады.  Осы бағытта көптеген өндіріс орындарымен келісім- шарттар жасалуда. Мәселен таяуда дизаин мамандығы бойынша қаламыздағы танымал «Көркем-дизайн» компаниясымен келісім-шартқа отырдық.

Дуальды білім беру жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналасуына  мүмкіндік  береді. Теория мен тәжірибені ұштастыра білім беру  –  мамандардың  бәсекеге қабілеттілігін нығайтады.

– Әр оқу орнының жеке үлгідегі  дипломы болады деген ақпараттар  тарауда. Осы шараның негізгі мақсатын   атап өтсеңіз.

– Иә, 2021 жылдан бастап әр оқу орны өзінің жеке үлгідегі   дипломын береді деген заңмен белгіленген.  Бұл туралы Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 39-шы бабына енген өзгертуде көрсетілген.  Бұл   талаптың басты мақсаты – оқу орындарының жауапкершілігін жоғарлату және олардың арасындағы бәсекелестікті  жандандыру. Қарап отырсаңыз, ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік  оқу орындарының  беретін дипломы  бір үлгіде. Енді   мемлекеттік деген сөз жазылмайды,  әр университеттің өз  үлгісіндегі  дипломы болады.  Келешекте әр университет жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады

Болашақта қай университет заман талабына сай сапалы  білім берсе,  сол оқу орнының дипломына яғни дайындаған маманына жұмыс берушілер тарапынан сұраныс та көбейеді. Мысалы, АҚШ-та 40 Нобель сыйлығы  иегері, 8 АҚШ президенті білім алған әлемге әйгілі  Гарвард университеті бар.  Осы университеттің студенттерінің 60 пайызы   оқып жүрген кезінде әртүрлі компаниялар тарапынан жұмысқа шақырту алады екен.  Бітірушілердің 100 пайызы толықтай жұмысқа орналасады. Бұл Гарвард университетінің дипломы әлемдік брендке айналғанын  көрсетеді.

Біздің университеттің де білім саласынан тәжірибесі мол, өзіндік қалыптасқан  дәстүрі бар. Бізде педагогика, ауылшаруашылығы және тамақ технологиясы саласына білікті  маман дайындау және сол салалар  бағытындағы  ғылымы  жағынан республика бойынша өзіндік орнымыз бар. Шәкәрім университеті –   талай мемлекет, қоғам және білім қайраткерлері білім алған білім шаңырағы және материалдық техникалық, ғылыми  әлуеті  жоғары болып саналатын  аймақтық университеттердің қатарынан. Бізде де   оза шауып, еліміздегі танымал университеттердің қатарында тұруға толықтай мүмкіндер бар.

Сұхбат беруші, Шәкәрім университетінің оқу ісі жөніндегі  проректоры, техника ғылымдарының докторы Әміржан Қасенов.

Сұхбатты жүргізген Д. Рамазанұлы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз