Ер екенсің, Мақсұт!

547

Семей қалалық ТКШ (ЖКХ) бөлімінің жанында «Келешек» көпсалалық пайдалану кәсіпорны» деп аталатын МКК бар. Осы кәсіпорынның директорының м.а. Мақсұт Нығметов біздің қаладағы қатқыл тұрмыстық қалдықтарды жою жүйесін жақсарту үшін Еуропалық жаңғырту және даму Банкімен (ЕБРР) арадағы келісім бойынша алынбақшы қарыз ақшаға жасалмақ болған несиелік шартқа қол қоюдан бас тартты.

Бұл жобаға бастамашыл болған ШҚО әкімдігі еді де, ол жоба қатқыл қалдықтарды биологиялық тазалау жөніндегі полигон құрылысы қарастырған болатын.

Аталған жоба экономикалық жағынан тиімді емес және де ол онсыз да азып-тозып тұрған Семей тұрғындарының мүддесіне қайшы келетінін мәлімдеген Мақсұт Нығметов бұндай «кемтар» жобаға қол қоймаймын деді. Бұндай батыл мәлімдемесін ол осы ЕБРР-дің Қазақстандағы өкілдігіінң басшысы Агрис Прейманис, облыстың әкімі Даниал Ахметов қатысып отырған онлайн-кездесуде кесіп айтты.

Мақсұт кездесу барысында өзінің ұстанымын барынша негіздеуге тырысты. Жобаның құны өте-мөте жоғары, қолдан «шарықтатылған».

-Мен Батыс Қазақстандағы дәл осындай полигон құрылысының жобасын әбден зерттедім,-деді Нығметов. – Сметаға сәйкес аумағы 4,88 гектар болатын полигонның құны 200 миллион теңгені құраған. Яғни, гектары үшін 41 миллион теңге. Ал аумағы 8 гектар Семейдегі полигон бағасы ЕБРР жобасымен 3,83 миллиард теңге! Алдыңғы полигонмен салыстырғанда 11 есеге қымбат!!!

Егер дәл осы жоба іске асса, келешекте несие қайтарымының салмағы коммуналдық төлем арқылы семейліктердің иығына түспек.

Лауазымды мемлекеттік қызметінен қош айтысуы әбден мүмкін екенін біле тұра тәуекел деп осындай батыл қадамға барған Мақсұт Нығметов «Біз осы қаланың тұрғынымыз. Қалада не болып жатқанын көріп отырмыз…»,-дей келіп, өзінің орнына көп ұзамай бұндай кіріптар кредитке қол қоятын басқадай бір келісімпаз шенеуніктің тағайындалатынын да жоққа шығармады.

«Жерұйық»-ақпарат».

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз