Көрші елде түшкірсе, бізде «жәрәкімалла» дейтін жағдай құпия емес қой. Олардың бүкіл экономикасының тонын бізге көшіріп әкеліп қондыра қоюға болады. Бірақ мойындау керек, Ресей экономикасы бізден әлдеқайда ірі, қауқарлы екеніне дау айту қиын. Бұл елде, мысалы, федералдық жолдардың мәселесі баяғыда шешіліп қойылған. Біздің елдегі сияқты қиқы-шойқы жолдар олар үшін таң. Басқа байлығы мен шайлығын айтпағанда.
Әлемдік нарықта наурыздың басында мұнай бағасы қымбаттағаны сол еді, жанар май құятын стансаларда бензин бағасы да өсті. Біздің түсінбейтініміз – мұнайдың бағасы өссе де, төмен түссе де – жанар май бағасының өрлейтіні.
«Жерұйық» порталы бүгін жанар-жағар майдың бағасы неге көтерілді, оның себептері қандай деген сауалға жауап іздеп көрді. Осы жәйттің Ресей жағдайындағы (өйткені, біздің елдің нарығындағы осы бір түсініксіз жайды түсіндіріп беретін бір сарапшы табылмай отыр…) жай-жапсарын білуге тырысты.
Бірінші фактор. Мысалы, Ресейде бензин рубльмен сатылады. Бұл орайда әдетте мұнай қымбаттаса, рубль де күшейеді. Немесе керісінше. Сондықтан да, әлемдік нарықта мұнай бағасы өзгерген кезде, оның рубльмен алғандағы бағасы әдетте аса аутықи қоймайды. Бір «бөшке» (баррель деп түсініңіз) мұнай үш мың рубль мен үш жарым мың рубльдің арасында тұрады. Бірақ-тағы наурыздың ортасында мұнай қымбаттаған кезде, рубль күшеймеді. Сондықтан да бір бөшкесі 5000 рубльдан жоғарырақ болды.
Екінші фактор: мұнай бағасының «секіріп» тұрғанына қарамастан, ЖҚС-заправкадағы бензин бағасы 2%-дан сәл ғана асатын шамада қымбаттады. Яғни, бензиннің қымбаттау қарқыны инфляциядан ауытқымайды, ерекшеленбейді. Өзіңіз ойлап көріңіз, егер де бензин бағасы мұнайдың бағасындай бірде олай, бірде былай секіріп, құбылып отырса не болар еді?! Мысалы, мұнай сықылды біресе 30%-ға арзандап, біресе 50%-ға өссе? Бұл жай халыққа да, бизнеске де ауыр тиер еді ғой. Жағдай осылай болмас үшін, Ресейде 2018 жылы демпферлік механизмнің көмегімен бензин бағасындағы тербелістерді тегістеу (қазақша айтқанда, тігісін жатқызып) туралы шешім қабылданады. Міне, үшінші жыл болды, осы механизм бензин бағасын бір қалыпты дерлік ұстап отыруға мүмкіндік берді.
Үшінші мәселе. Бизнес қашан да бөлшек сауда бағасын төмендетуге құлықсыз. Өкінішке орай, бұл коммерциялық секторға тән жәйт. Сондықтан да демпферге дейін мұнай бағасы құлдыраған кезде бензин аса көп арзандаған жоқ.
Жоғарыдағы демпферлік механизм дегенге келейік. Бағаның өсуіне ол қалайша көмектеседі? 2018 жылы бұл елде мұнай бағасы екі рет «секірді»: көктемде және күзде. Бірінші жолы бұл секіріс заправкалардағы бағаның күрт өсуіне алып келді. Ол көктемде елдің үкіметі ЖҚС-тағы (АЗС) баға инфляциямен «жағаласып» бірге көтерілмесін деп бизнеспен уағдаласа алды. Бірақ елде ашық нарық болғандықтан, мұнай мен мұнай өнімдері еркін экспортталады, содан да ішкі нарықтағы көтерме сауда бағасы (ЖҚС-тардың зауыттан сатып алатын бағасы) әлемдік нарықтағы бағаға кіріптар. Егер де әлемдік нарықта мұнай мен бензин бағасы қымбаттайтын болса, заправкалардың сатып алу бағасы да көтеріледі. Сондықтан, егер де бағаның өсімін тек ЖҚС-тарда ғана шектейтін болса, бизнестің бұл түрі шығынға батып, өз-өзінен жабылуға мәжбүр болады. Міне, осындай жағдайда көтерме сауда бағасын ұстап тұратын механизм керек болды. Сондықтан да Энергетика министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесіп, осы демпфер механизмін ойлап тауып, ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне кірді.
Демпфер былай жұмыс істейді: мұнай қымбаттаған кезде, өндіретін компаниялар айрықша жоғары кіріс алады да, ол кірістен экспорттық пошлина түрінде әлдеқайда жоғары салық мен пайдалы қазбалар өндіру салығын төлейді. Мемлекет осы қосымша салықтың бір бөлігін мұнай өңдейтін зауыттарға береді. Бұл зауыттардың ел ішіндегі жанар майдың босатылу бағасын шектеп ұстап отыруға мүмкіндік береді.
Ал мұнай арзандаған кезде, бұл механизм кері бағытта жұмыс істейді: мұнай өңдейтін зауыттарда шамадан тыс айрықша кіріс пайда болып, бюджетке олардан жақсы төлем түседі. Міне осылайша, бейтарап тиімділік мұнай бағасы төмен кезде бюджетті қолдауға сеп болады.
Енді мұнайшыларға салынатын салық жайына келейік. Ресейде мұнай өңдеу компанияларының кірісінің 60 пен 68 пайыз аралығы салық төлеуге кетеді. Бұл мұнай өндіретін АҚШ, Канада, Сауд Арабиясы сияқты елдердегіден жоғары. Бәлкім, осы салаға түсетін салық салмағын азайту керек шығар, сонда бензин бағасы да төмендер?
Бұл сұраққа орыстың экономикалық сарапшылары былай дейді: мұнай өңдейтін кәсіпорындар төлейтін салық тиянақталып, белгіленген (фиксацияланған) салық емес, ол әлемдік нарықтағы мұнай бағасына байланған. Жанар май құю стансаларындағы отын бағасына ол салықтың ықпалы жоқ.
Мысалы, мұнай бағасы бір баррелі үшін 50 доллар тұрады дейік. Мұнай компаниясы осы баррелді шет елге сатып, мемлекетке 60%-дан сәл асатын шамада экспорттық пошлина мен пайдалы қазбалар өндіру салығын төлейді. Бірақ ішкі нарықтағы мұнай бағасы әлемдік нарық бағасына байланғандығын есімізге алайық. Сондықтан мұнай өндіретін компания оны бензин шығаратын ресейлік зауыттарға экспорттық пошлина мен көлік шығынын шығарып тастап, сол жаңағы 50 долларға сатады. Өндіру салығын қанша мөлшерде төлегеніне қарамастан. Бұл не деген сөз? Бұл мұнай өндіру салығының өсімін бензин бағасына арта салу мүмкін емес деген сөз.
Ал енді бірақ та осы зауыттардан ішкі нарыққа келіп түсетін бензинге акциз бен ҚҚС салынады. Міне, тұтынушыға дәл осы салықтың салмағы келіп түседі. Бірақ Ресейде акциз бен ҚҚС бензин бағасының 40%-ынан аз. Бұл дамыған елдердегіден елдеқайда төмен. Мысалы, Еуропаның көптеген елдерінде оның көлемі 60%-ға жетеді. Бұл жерде акциз жол құрылысы қорын қаржыландыруға жұмсалатынын ескеріңіз (жоғарыда Ресей жолдарының таспадай тілініп, жалтырап жатқандығын айттық қой).
Осы жерде оқырманның мынандай сұрақ қоюы әбден мүмкін: «Бірақ біздің елде (Ресей ғана емес, Қазақстанда да) мұнай өте көп. Сонда біздер бензин бағасының өсімін неліктен ұстап отыра алмаймыз? Мысалы, Иран мен Венесуэлада бензин көп, олардың үкіметтері бензин бағасын реттеп ұстайды, жанар майдың бағасы ап-арзан, тиын тұрады деуге болады. Неге?!».
Бұған былай деп жауап беруге болар: Иран мен Венесуэлада бензин бағасын мемлекет белгілейді. Ол экономикалық жағынан ақталмайтын баға. Сондықтан оларда мұнай өңдеу жайы ауыр хәлде, бензин зәрулігі ұдайы байқалып отырады. Экспортқа бағытталған саладағы бағаны бұлайша қатаң реттеу түрлі ауырпалық тудырады. Мысалы, Сауд Арабиясы да бұрын отынның бағасын реттейтұғын. Бірақ келе-келе бұдан бас тартып, ЖҚС-тағы бағаны әлемдік деңгейге дейін апарды.
Үкімет бағаны өтемақысыз төмендетуге бұйырды делік. Нәтижесінде жеке меншік компаниялар жабылып, шығыны көп кәсіпорындарды мемлекет өзі арқасына салып, оның жүгін өзі арқалауға мәжбүр болар еді.
Дұрыс делік. Осы жерде мынандай тағы бір сауал туады: Мысалы, Ресейде біраз уақыттан бері қант пен күбағыс майының бағасын реттеп отыр. Үкімет пәленше деңгейден баға аспауы
керек деп белгілеп қойды, одан әрі баға көтерілмеуі тиіс. Есесіне өнім өндірушілер субсидия мен жеңілдіктер алады. Егер де бензин нарығында да осы тәсілді қолданса, ЖҚС-тағы бағаға да ел алаңдамас еді ғой?
Бұл сұраққа не деуге болады? Бензин бағасы қант пен майға қарағанда инфляция деңгейінен аспай отыр. Керісінше, төмен. Мысалы, Ресейде 2020 жылы бензин 2,5%-ға қымбаттаса, инфляция 4,9%-ды құрады. Демпфер механизмі бәрін өзі реттеп келеді.
Логикаға сайсақ, оқырманның келесі сауалы былайша өрбімек: «Ал сонда мұнайшыларға ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін төлем не үшін қажет? Соңғы екі жыл бойында мұнай бағасы тұрақты болып келеді, 50-60 доллар шамасында. Бұндай бағамен мұнайшылардың жағдайы жаман болмаса керек».
Сарапшылар бұл сауалға бүй деп жауап береді: Мұнай өндіру бір бөлек, мұнай өңдеу бір бөлек дүние. Егер де мұнайдың бір «бөшкесінің» бағасы 50-60 доллардың айнласында болса, өндірушілер өзін жақсы сезінеді, ал өңдеушілердің кірісі бұл жағдайда нөлдің ар жақ-бер жағы ғана. Түсіндірсек, былай: зауыт мұнайды әлемдік бағамен сатып алады. Ал ол өткен жылдан бері бір жарым есеге өсіп кеткен. Бұл орайда ЖҚС-тағы баға 2%-ға ғана өссе, көтерме сауда бағасы 13-14%-ға өскен. Бұл зауытқа тиімді ме? Әрине, жоқ. Сондықтан да демпферлік механизм жұмыс істейді: өндірушінің қосымша кірісін алып, оны өңдеушіге береді. Міне, өстіп мемлекет АҚС-тағы бензин бағасы өспесін, ал зауыттар көтерме нарықта өнімді арзанырақ сатсын деп осындай тәсілге барып отыр.
«Жерұйық»-ақпарат».