Сексенінші жылдардың басы болатын. Алматыдан Семейге қарай бет алған пойыз жүйткіп келеді. Жасы елуді еңсеріп қалған жігіт ағасы терезеге телміре қарап, жүйткіген пойыздың жолымен өз өмірін салыстырып отыр. Өз өмірі де осы жол сияқты екен. Бұралаң жолы, өрі мен еңісі бәрі де ұқсас. Өмірдегі алдынан шыққан адамдары, кездескен қиыншылықтары бәрі де өтпелі сәттер…
Жолаушының қалың ойын арылтып, вагон сүйреген тепловоз кілт тоқтай қалды. Жолсеріктің «Үш биік станциясы!» деген дауысынан соң, вагон ішіне улап-шулап, кілең жастар тобы сау етті. Сәске түске біршама уақыт болған соң, оның үстіне айналысатын басқа шаруасы болмаған жандар ұйқы жаумен алысып жатқан кез болғандықтан, жастардың осы ісі олардың мазасын ала, тыныштықтарын аз-аздан қытықтаған-ды. Жастар болса мұнымен ісі жоқтай одан әрмен шуылға басты. Орталарында айналасындағылармен арқа-жарқа араласып, емен-жарқын сөйлесіп отырған, шалқайта қайырған қалың қара шашты, сымдай тартылған тұлғасы бар жігіт көзге бірден оттай басылды. Әбден жайғасып болған соң, жанындағылар әлгі жігітті қолқалай бастады. Көп күттірмей гитарасын қолына алып, әуелете ән салғанда, вагон ішін сырлы сазға толтырып, бастапқыда тырыса қалған айналасындағылардың алғашқы әсерін жоққа шығарды.
Асқақтата салған әсем дауысымен ойға кенелтетін керемет әндерді, сезім тербейтін тамаша туындыларды бірінен соң бірін салды дерсің. Вагонда отырғандардың барлығы әнші жаққа жапа-тармағай жақындап, үйме-жүйме болысты. Ел бірінен соң бірі шырқалған тамаша әуеннің ырғағынан ес жиғанда, тарпынған тепловоздың тұмсығы Семей вокзалына тіреліп тұрған еді. Әлгіндегі әнші, табиғат-ана талант дарытқан талапты жас, талайдың санасында осындай болып сақталып қалған-ды.
Әлдебір тыңдарманның есінде қалған осынау сәттер жылдар жылжыған сайын жақын жандардың санасында жаңғыра берді. «Бұл әнші кім?» деген сауалдың бұлқынып шығары кәміл.
Ол – талайды талантымен тамсандырған, ән құдыретінің иесі мен киесі, нағыз әнші екенін танытып бар қазаққа ән салдырған Талғат Кенішхан (Кеңесханов) еді…
Талғат Кенішхан 1961 жылы сәуір айында Жарма ауданының Үш биік ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап, гитарамен ән айтумен әуестенді. Жоғары сыныптарда-ақ басқаларға ұқсамайтын табиғи, әдемі дауысы мен әншілік өнері, елге таныла бастайды. Жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында Жарма, Аягөз, Семей өңіріне аты жайылып, әр-түрлі концерттер мен жиын-тойлардың гүлі болып жүрді.
Ауылдың «Сарыарқа», «Әуен» эстрадалық ансамбльдерінің әншісі ретінде талай аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың леуреаты атанады. Сол кездің өзінде, 1987 жылы «Әуен» тобының құрамында Қазақстан телеарнасында екі сағаттық концерт берді. Астанамыз Алматы қаласында орын тепкен ұлттық телеарнаға түсу, ол кезеңде ауыл өнерпаздары үшін үлкен жетістік болатын. Қазіргідей кез-келгендер емес, деңгейі жоғары, дүйім халықтың дүрмегінен өтіп, ел құрметіне бөленген таңдаулылар ғана сол нәтижеге қол жеткізе алатын жетістік еді.
Ол 1978 жылы Үш биік ауылындағы «Біріншімай» орта мектебін бітіріп, Семей политехникалық техникумына түседі. Семейде жүрген жылдары, онан соң да, көп жылдар бойы ұйымдастырушылық қызметтер атқара жүріп, әншілік өнерін тастамады. Керісінше ауыл, қала жастарының арасында Талғаттың есімі шарықтап, шыңға шыққан шақ еді. Қай оқу орыны болмасын Семейдегі студентер жатақханасына Талғат Кенішхан келген күн – үлкен той немесе үлкен сахынаның әншілерінің концерті сынды болатын. Жас талант жалғыз гитарасымен ғана, микрофонсыз бірнеше сағат ән шырқап, соңын сол аспабымен би кешін де ұйымдастырып жіберетін.
Сол кезеңде Талғатқа үлкен сахынаның қажеті де жоқтай көрінетін. Студенттер жатақхананың ұзыннан-ұзақ дәлізіне жағалай еденге отыра жайғасып, әншінің асқақ дауысына тәнті бола, таңның қалай атқанын да білмей қалатын кездері болды. «Міне – дауыс, міне – әнші, міне – талант!» деген оймен ғана тамсана тарқасатын.
Мен өзімнің кейініректегі бір жазбамда Талғаттың керемет әншілік өнері туралы былайша топшылаппын: «Талғаттың дауысы өте асқақ, таза, нағыз табиғи «тенор» еді. Ол әсем дауысымен ән шырқағанда, үлкенді-кішінің барлығы тына тыңдап, бір уақ әннен сүйсіне ләззат алатын… Нағыз дауыс деп, әнші деп осыны айт! Ол кездерде фонограмма деген болмайтын. Таза табиғи дауыс қана.
Қазір заман өзгеріп, компьтерлік техниканың көмегімен әндерін жазып алып, дауысы жоқ, түгі жоқ, дымы жоқ – ән айтып, «әнші» атанып жүргендер қаптап кетті. Оларды біз «компьютер дауысты» пенделер деп атаймыз. Тіпті сорақысы, өздеріне «эстрада жұлдыздары» деген атақ таңып, ұялмай-қызармай елдің алдында шығып тайраңдайды. Міне, біздің қазіргі қазақ өнерінде жеткен жетістігіміз. (Шетелдерде табиғи дауыспен концертте ән айтпасаң сотқа береді).
Ал, Талғаттың дауысы, ән айту мәнері өзгеше, ешкімге ұқсамайтын – уникум. Ән атасы Әміре секілді, ғасырына бір келетін тұлға деп атасақ та артық болмас. Оны Талғаттың әндерін тыңдаған адамдар ғана түсінеді. Бірақ, әттең-айдан басқа айтарымыз жоқ…»
Талғат Кенішханның Семей өңіріне әнші ретінде аты шығып, атағы таралса да, арнайы музыкалық білім алуға еш асықпады. Әр-түрлі салаларда қызымет атқарып, жастық қайратын жақсылыққа жұмсады. Тек 1983 жылы ғана, «ештен, кеш жақсы» дегендей, Алматы өнер училищесіне (қазіргі «Өнер академиясы») барғанда, бірден қабылданып, жезтаңдай әнші Роза Бағланованың шәкірті атанады. Роза апайы да Талғаттың әншілік талантына, ерекше дауысына сүйсіне тәнті болып, өз бауырына тарта, кәсіби ән өнерінің қыр-сырын үйретуге құлшына кіріседі. Талғатты ол, талантты шәкірті ретінде үнемі ел алдында мақтан тұтыпты.
Сол жылдардан бастап, Талғаттың қазақ эстрадасындағы кәсіпқой әнші ретіндегі сапары басталады. Әнші республикалық деңгейдегі сахыналарда, телеарналарда өз әндерімен тыңдармандарын тәнті етіп, жиі көрініп жүрді. Елдің алды болып, өзінің алғашқы бейнетаспаларын да түсіре бастайды. Көп ұзамай, Қазақстанның басқа да аймақтарына концерттік бағдарламалармен шығып, республика жұртшылығына аты танылып, қазақ ән өнерін бір бәс жоғары көтеруге қолынан келгенше күш салды. Тіпті Қытай, Түрік, араб елдеріне де барып, өз өнерін паш етіп, сахара даласын мекен еткен қазақ елінің сан ғасырлық салты мен дәуір көшінен көшіп жеткен дәстүрімізді биікке көтерді.
Әнші тоқсаныншы жылдардың басында республикамыздың маңдайалды сазгерлерімен (композиторларымен) тығыз шығармашылық байланыста болып, өзінің әншілік репертуарын толықтыра түседі. Солардың ішінде сол кезеңдегі жас композитор Марат Ілиясовтың көптеген туындыларын өзінің ән қорына енгізіпті. Жиі-жиі республикалық телеарналар мен концерттік бағдарламаларда шырқап, Мараттың көптеген туындыларын алғаш айтқан, насихаттаған әнші болды.
Атап айтсақ, Ұлттық мерекеміз – Нурызды тойлаған алғашқы жылдары, қай жерден болмасын жерлесіміз, атақты Розаның «Наурыз тойы» әнімен қатар, Талғат Кенішханның шырқаған «Наурыз-көктем» әні жиі естіліп тұратын. М.Ілиясовтің осы бір әнін күні бүгінге дейін Талғаттай орындаған әншіні кездестірген емеспіз. Сазгер Мараттың шығармашылық өрлеуіне – әнші Талғаттың да қосқан үлесі бар екендігін біз сол кезде аңғарғандай болдық…
Сондай-ақ, Талғат шырқаған «Сұлуым», «Әппағым», «Сын айтпашы», «Еркеле сұлу», «Алматы аруы», «Көкегім», «Ойлайсың ба?», «Монте-Карло», басқа да әндері әнсүйер қауымның сүйіп тыңдайтын жауһарларына айналды. Әсіресе «Сұлуым» әні концерт пен тойлардың көркін келтіріп, қазіргі «хит» әндерден кем болмады.
Талғат аз ғана ғұмырында сол заманның тепкісі мен тепірешін бір кісідей басынан өткерген адамның бірі. Қаршадайынан әсесінен жетім қалып, атасы Есімбектің қолында өсті. Кеңестік кезеңдегі таршылық та, жоқшылық та өз әсерін тигізбей қоймады. Мектептен соң дер кезінде жоғары оқу орнына түсе алмай, өзі сүйетін әншілік өнерін де үлкен сахналарда көрсете алмады. Қолтығынан демейтін қолдаушысы жоқ болғандықтан гитарасын құшақтап, баяғының серілеріндей күй кеше, тек ел ішіде ғана танымал болды.
Тек Алматыда ғана адымы ашылып, өнер әлемінің кәсіби дәрежесіне қол жеткізді. Онда да өнер адамдарының арасындағы бәсеке, көре алмаушылық, қызғаныш пен талас-тартыстың талай құқайын көреді. Өзінің табандылығы мен бірбеткейлігінің арқасында республика сахынасында аты мен атағы дардай, дүркіреп тұрған әртістер мен «әртіссымақтардың» қатарында тұрып ән салу, сол кезеңде көпшіліктің қолынан келе бермес еді. Талғаттың табиғи дарыны мен табандылығы, басқаларды оның керемет әншілік өнерімен санасуға мәжбүр етті.
Бір ғана мысал. 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдық мерекесіне орай, Астана қаласына арналған әндердің Халықаралық конкурсы жарияланды. Конкурсқа әлемнің маңдайалды әншілері мен композиторларының қатарында Қазастанның да бетке ұстар ығай мен сығайлары қатысты. Талғаттың сол кездегі ерекше бір шабытпен жанталасқанына куәгер мен болдым.
Шарт бойынша, Астана туралы белгілі бір сазгердің жаңа әні, танымал әншілердің орындауында назарға ұсынылады. Негізінде, әннің табиғатын ашатын – әнші ғой. Соны жан-тәнімен сезінген Талғат, жанталаса іске кірісті.
Ең бірінші мәселе, конкурсқа түсетін туындының әні мен сөзін келістіріп жазатын ақын мен сазгерді табу. Осы мәселенің төңірегінде қинала жүріп, өз қалауымен «Нұр-Астана» атты тамаша әнді жазғызады. Екінші мәселе, сол әннің техникалық жағы – таспаға музыкасын жазғызу. Соның барлығына өз қаражатын жұмсап, оны да ойдағыдай орындайды. Талғаттың бір ерекшелігі, конкурс күні әнді жалғыз немесе топпен айтпай, елден өзгеше идея тауып, әннің қайырмасын жауынгерлер хорымен қосылып айтады. Оны да өзі ұйымдастырған болатын.
Конкурсты барлық телеарнадан тікелей көріп отырған халық әннің өзімен қоса, орындаушысының асқақтата салған дауысына тәнті болып, бас жүлдеге лайықты бірден-бір шығарма болар деп топшылаған-ды. Ондағы керемет мақтаныш сезім мен рухты оятатын тамаша ән мен оны орынадушының асқақ дауысына қосылған жауынгерлер хоры, кең даладағы Астана аспанын кере, елге ерекше бір күй силаған еді. Бұл әннің қасында, басқаларының әні мен орындаушылық деңгейінде айырмашылықтар бар екендігі, көзіқарақты, өнерсүйер кез-келген тыңдарманға түсінікті болды.
«Күлесің бе, жылайсың ба..?» дегендей, қазақтың қанына сіңген баяғы «бармақ басты, көз қыстылық» – ән мен әншіні музыкадан мақұрым жандайшаптардың құрбаны қылды. Бұл қазақ музыкасына жасалған қиянат деп атасақ, артық болмас. «Сенбесеңіздер, сол әнді қайта тыңдап көріңіздер!» дегіміз келеді. Бір қызығы, сөйте тұра өздері ән мен әншіні таза мойындағандай, Астанадағы соңғы күнгі «Гала-концерттің» шымылдығын Талғатқа осы әнімен жапқызады. Біздің білуімізше, кез-келген өнер сайысының шымылдығын жабу салтанаты, сол сайыстың жеңімпазына жүктеледі емес пе?
Ал енді пайымдай беріңіз…
Талғатымыз сонда да мойымай, «конкурс жеңімпаздарының» ең алдында қасқая, жалғыз тұрып әнді ерекше бір леппен шырқай салғанда, соңында «сапта» тұрған әлгілердің барлығының қандай күйде болғандығын кім білсін…
Бұл әнші Талғат Кенішханның басынан кешкен бір ғана күйі.
Сөйтіп жүріп, қазақ ән өнерінің пұшпағын көкке көтерем деп жанталаса ғұмыр кешкен Талғат досымыздан, бір-ақ күнде айырылып қалғанымызды білмей қалдық… Артында айтылмаған әні, оның әсем әнін сүйген қалың тыңдарманы, қайғы құшқан ұрпағы мен дос-жарандары қала берді…
Егер тірі болса, Семей өңірінің мақтанышы, дарынды әнші, ерек дауысты ер Талғат, биыл сәуір айында 60 жасқа келер еді…
Талғаттың ғұмыры қысқа болды. Елу жасқа толмай, кісі қолынан қаза тапты. Өкінішті-ақ! Өзекті өртейтін өкініш…
Біз бұл жерде, Талғаттай тұғырлы тұлғаның тағдырына тоқталып, оның ұрпақ жалғастығы турасында ұлағатты жолын ұсынуға ұйғарым жасаған едік. Екі ғасырдың тоғысындағы барша Семей өңірінің мақтанышы болған, асқан дарынды әншінің есімі, болашақ ұрпақтың назарында болып, бағалап жүрсе, бұл қазақтың әншілік өнеріне жасалған үлкен құрмет болар еді.
Талантымен талайды тамсандырған, қатарластарына қазақтың мәйекті мәдениетін, өлшеусіз ән өнерін қадірін түсіндірген біздің қатарласымыз Талғат талайдың жүрегінде. Оның дауысы жылдар жылжып, ай аунап, күндер көшкен сайын көңілге бекіп, абыройы асқақ Алаш баласының колоритті ән өнерін көкке көтерген еңбегі еш еместігіне, көңіл бекітеміз. Қазақ әні мен мәдениеті барда Талғат Кенішханның келелі ісі, қалдырған ізі өшпек емес. Қайран дос, қадірі бөлек замандас мәңгі жүрегімізде!
ТАЛАНТ
(Талғат Кенішханға)
Көктемің кеш болса да бүр жарғанда,
Досым-ау, симай кеттің бұл жалғанға.
Талантыңмен талайды тамсандырып,
Тай күніңнен танылдың тыңдарманға.
Үш биіктен абыз да, қара да өткен,
Сен шықтың суырылып дара көптен.
Өнердің өлкесінде сен шығарсың,
Өр бейнесін өзімен ала кеткен.
Әніңе әлем мұңға батаушы еді,
Таң шапағы күлімдеп атушы еді.
Ертістің толқындары жағаны ұрып,
Әуеніңді қайталап жатушы еді.
Жастық шақта, білмеймін, кеше ме еді?
Жаратқан бағыңды ерте еселеді.
Өзіңді іздеп, сарсаңға түсетіндей,
Қарт Семейдің сен жүрген көшелері.
Тамаша талант едің жолы керім,
Толықсып кемеріңе келіп едің.
Талғат келіп ән салған, тамсандырып,
Талай кештің куәсі болып едім.
Жан емес ең, жалғаннан енші алмаған,
Қыран едің биікте кең самғаған.
Әміренің ізімен шығып едің,
Ән бар ма, бұл әлемде сен салмаған.
Ал, бүгінде сен жоқсың, жоқ сол әуен,
Күрсініп, сахынаң да, тұр ғой әрең.
Жан таппай дүниеден мұңымды ұғар,
Отырмын жырымды арнап, досқа деген.
Ғұмыр кешкен елінің тілегіне,
Ұлы едің ғой, мен оны білемін де.
Сен келмессің өмірге енді қайтып,
Әнің қалар, алты Алаштың жүрегінде…
Мұрат Иманжапар,
Семей қаласы.