«Қысқасы, ауылды бұлайша көтере алмаймыз!»

888

Шығыстан шыққан белгілі фермер Қуаныш Сүлейменов Фэйсбуктегі парақшасында орыс тілінде жарияланған жанайқайын осындай сұрақтан бастапты. Бұл – ауыл шаруашылығы саласында тура мағынасында жан алысып, жан берісіп жүрген қаншама шаруа адамдарының жанайғайы.

«Жерұйық» порталы осы турасынан айтылған өткір сөзді еркін қазақшалап, сәл ықшамдап өз оқырманына ұсынып отыр.

Сонымен…

-Ауылдарымыздың көркейіп, фермердің алаңсыз жұмыс істеп, елді азықпен қамтамасыз етуі үшін, ауылдағы адамның тұрмысы жақсаруы үшін не істеу керек?

Мен өз жұмысымда, ауыл шаруашылығында өзім көрген, көзім жеткен жәйттерді ғана талқылауға шығарып отырмын. Менің дауысымды елім, ондағы адамдар, біздің елдегі фермерлікті қолдау, дамыту мен нығайту жөнінде бағдарламалар жасап жатқан адамдардың естігені маңызды. Мен үшін осы сөзімді оқыған адамдардың пікірінің орны бөлек. Бәлкім, ауылды дамыту орайындағы айрықша бағдарламаны дәп осы біз бастап жазуымыз әбден мүмкін.

Біздің бүгінгі АПК (агроөнеркәсіп кешені) саласында «ҚазАгродан» бастап оның несиелік ұйымдарын қосқанда бірнеше институт, ауылды дамытамыз деп құрылған небір қорлар бар. Бұлардың барлығы мемлекеттен ең төменгі пайыздық ставкамен, мөлшері 0,2 немесе 0,3 пайызбен ақша алады. Осыны дәлірек білетін біреулер болса, пысықтаңыздаршы!!!

Енді осы ақша фермерге жеткенше адамның әбден діңкесін құртатын сансыз көп анықтама, кепілдеме, тағы да …анықтама тапсыру басталады, енді оның санын айтып жеткізе алмайсыз, оларды жинауға төрт пенен жеті айдың арасында уақыт кетеді. Сансыз сергелдең, сансыз жолсапарлар. Содан әйтеуір фермерге жетеді ғой сол ақша… кемі 4-8 пайызбен! Орташалап тіпті 6 пайыз деп алғанның өзінде, бастапқы құнынан 30 есе (!) көбейіп жетіп отыр ғой!

Менің қателесуім де мүмкін, қателессем, түзеңіздер. Бірақ мемлекеттің ақшасын фермерлерге жеткізіп беретін адамдардың кірісін есептеп көріңіздерші! Сондықтан жастар да АПК-ның осындай кеңселерінде, жылы, жайлы жерде отырып, жаңағы 30 пайыздан ақша сауып отырғанды жақсы көреді. Ал ауылға аяқ басқылары келмейді…

Бұл аралықта небір сергелдеңнен кейін, мысалы үшін, мал сатып алуға несие алған фермер байғұс тағы жарты жыл әлгі ақшаның мақсатты пайдаланылғаны жайлы жығыла-жүгіріп, сансыз анықтамалар жинайды. Оның да өз мерзімі бар. Екі айдың ішінде сол анықтамаларды жинап бермесең, жазаланасың. Осының бәрі мал алынған соң, жаңағы институттардан арнайы адамдар келіп, малдың сатып алынғанын көзімен көріп, акті жасап кеткеннен соң жасалатын шаруа.

Фермердің сіңбіретін уақыты жоқ, шаруасы бастан асады, анықтама жинаушы өз бетімен ол кетті. Егістен кейін шөп дайындау, одан егіс жинау, қысқа даярлық басталады. Қыстан аман шыққан соң, төл алу науқаны жетеді. Содан қайтадан егіс басталады. Тұқым керек, жанар май, тыңайтқыш, т.т. қажет. Фермер айналып қайтадан несие алуға келеді. Сансыз анықтамалар жинау жаңадан басталады. Бір кезде, ойламаған жерден алдынан 6 миллион теңгенің айыбы сопайып шыға келеді!…

-Қалайша?-дейді зәресі ұшқын фермер.

-Несиенің мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар жоқ…,- дейді АПК менеджері түк болмағандай салқын дауыспен.

-Сатып алған малды көздеріңмен көріп кетпеп пе едіңдер?!

-Иә, көргеміз. Бірақ пәленше деген анықтама жетпейді…

-Ол анықтаманы дайындап жатырмыз. Бастысы – малды сатып алып, алып келдік, оны мінеки, төлдетіп жатырмыз емес пе?….

-Жоқ, біз ештеңе білмейміз, 6 миллион өсімпұлды төлейсіз!

Фермер байғұсты бұл кезде егіс науқаны қысып бара жатады. Жанар май бағасы да қырсыққанда көтеріліп кеткен. Оны сатып алуға қосымша ақша керек. Тағы да АПК-ға баруға алдынан жаңағы алты миллион шығады…

Қысқасы, жігіттер, ауыл шаруашылығын былайша көтере алмаймыз! Жұмыс тәсілін дереу өзгертпесе болмайды! Өзгерткенде, бір терезеден ғана алатындай, несие мәселесі үш сағаттың ішінде шешілетіндей етіп өзгерту керек! Мемлекеттің ақшасы мен фермердің арасында ешқандай делдал түспеуі тиіс! Несие институты 1%-бен алды ма, фермерге ол 2%-бен жетуі тиіс.

Сол кезде фермердің де кірісі өседі. Нәтижесінде артық ақша пайда болады, яғни, жұмысшының жалақысы өседі, ауылға жастар да ат басын бұрады.

Ал АПК-ның қызметкерлеріне фермерді қолдаудың орнына құртқаны үшін небір бонустар беруден бас тарту қажет. Егер олар фермердің проблемасын шешіп, ауыл экономикасын дамытуға сеп болса, сөз жоқ, бонустарын алсын.

Сонымен, достар, бізді тыңдайтын құлақ бар ма, жоқ па?! Бар деп, тыңдайды деп сенемін!

 

«Жерұйық» порталы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз