Атың қалды кең даланың төсінде,
Жырың қалды керуен жылдар көшінде.
Ойы орамды, мәнді сөзді жырлаған,
Үнің қалды қазағымның есінде.
Қайда кетті, қалай кетті сұрақ бұл,
Құз жартасы тектіліктің құлап бір.
Қарт Шыңғыстың көз жасы да тиылмай,
Төбемізде жаңбыр болып жылап тұр.
Нәрлі сөзге шөлдеген жан қанбай ма,
Жырың тәтті нәр беретін таңдайға.
Атаукере ішкізгендей қазаққа,
Шәкәрімді сиғызбады-ау маңдайға.
Керек емес нар қазаққа жалған бақ,
Қоя алмассың алыбыңды арқандап.
Шындық өлсе шырылдайды ақындар,
Өте алмаспын мен де соны арқалап.
Керек емес сол шындықтан шеттегім,
Тексіздерді тезге салып тектедім,
Қыз да болсам қызығумен қараймын,
Жамылсам деп Шәкәрімнің шекпенін.
Сан жығылдым, жырларыммен уанам,
Бабам үшін тозақта да ту алам.
Тағдырының талқысына түссе де,
Қазақ үшін Шәкәрімдер шыдаған.
Тасасында тексіздіктің қалмайық,
Мәңгүрт болып тілі, ділі шұбалаң.
Бәріміздің жазамызды берер еді,
Жоқтығына Құнанбайдың мұңаям.
Бас изеп Шәкәрім деп мынау ғалам,
Оянды бар ұйқыдан тау мен далам.
Шыңғыстау тудырады текті ұлдарды,
Жырлай бер келер күнде жырау далам.!
Таңжарыққызы Айнұр,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университетінің журналистика мамандығының 3 курс студенті.