Қалқа жеріне жорық
Ендігі жоспарымыз Қалқаның шекарасынан кіріп, ат алу болды. Оның 1940 жылы бізді алдап Бұлғынға апарып алып, қытайға қырғызып тастағаны есімізден мәңгі кететін емес.
Барлық адамдарымыздың саны дәл 99 еді. Осыдан 31 адам Оспан мен Сүлеймен қолында қасап болып ат бағып қалды. Мен 1931 – 1932 жылдарда Монғолияға сауда істеп барған едім. Басқаларға қарағанда жолды, жер сырын недәуір жақсы білетін едім. Менен басқа Молқы Садық деген адам да жол біледі екен. Садық екеуміз жол бастадық. Сұлубай, Кәмел, Қапас, Нәби Тоқтағанұлы, Абшат Ақтекеұлы қатарлы адамдар басшылығында Бала Ертіс басынан Нортыға асып түстік. Нортыдан Бүркіт Ұясына бардық. Одан Ыстық Ойға бардық. Бұл жерде мен Бұзай Дүргіннен келетін Сақсайдың бір ашасы Үлкен Сақсайдың құйғанында Көбеш бейіті бар еді. Сорқобыға асатын батыр Ашасының басында Үш Дабаты деген үш кішілеу сай болып Үлкен Дабатының аузында Кәрі Өткел дейтін өткел бар еді. Сақсай өзені қорым тас болып албаты жерінен өте алмайтын, тек қорым тасын теріп тастаған жерінен ғана өтетін. Кәр Өткелге мініп тұрған Бұрғысын жағынан келетін Сұр Тұмсық деген үлкен тұмсық бар еді. Ол жер Қалқаның тарихтан бері қарауыл орны болатын. Осы қарауыл орнынан 40 километр қашықтықта тұратын Қалқаның атақты Сарқобы жастабы[1] бар онда.[2] Әрқашан жүзден екі жүзге дейін армия сонда тұрады.
Сұр Тұмсықтағы қарауылдан шолғыншылар келіп кетіп тұратын Бұзай Дүргіннен ағып келген кішкене Сақсай суының жанында бір үлкен шоқы бар еді. (70) Ол осы жердегі әдет қарауылдың өкілдерінің орны еді. Олар әр күні түске дейін келіп жер шалып, түстен кейін шекара орнына қайтып кететін. Тәңертең келіп Ыстық Ойға түсіп демалып ұйықтап кетсем, екі ақ боз атқа мінген ақ киінген екі ақсақал Жәнібек туын алып келе жатыр екен. “Алла, Алла” деп алдынан жүгіріп шығып едім. Ол туды маған берді. Және төрт ту берді. Оны екі ақсақалдың бірі берді. Оны ұстап түрегеліп айғайлағанда өз дауысымнан шошып оянып кеттім. Барлық адамдар:
– Не болды? – деп сұрады.
– Ілгерілейік алдымызда үлкен олжа бар. Туымыз жоғары көтеріледі, – дедім.
Демалып қарауыл төбеге келдік. Жанды нәрсе көрінбеді. Біз алдыға көз тігіп қарап тұрғанда Сұр Тұмсық астынан ер тоқымды үш ат шыға келді. Адам бары білінбегеннен кейін үшке бөліндік. Кәмел, Қапас батыр Көбеш өткелінен өтетін болды. Кіші Дабатымен Сұлубай өтетін болды. Менің жанымда Нәби қалды. Қолымызда мылтық жоқ еді. Тек Нәби қолында бір мылтық бар еді. 31 адаммен мен қалдым. Жаратып мініп жүрген жүйрік қаракөк атым бар еді. Ертоқымы жеңіл еді. Киімдерімді жеңілдетіп қолымда қылышымды ұстап мен үлкен жол аузында отырмын. Бір жүгірсем әскерлер дәл көрінетін жердемін. Басқа адамдар судан өтіп әскердің жан-жағын қоршағаннан кейін шаппақшы едік. Бұл жерде маған бір ой келді. Таңертеңгі қарауылдар қазір ұйықтап жатыр. Жерді иен деп көріп кетті. Мен басқалар келместен бұрын шауып түсейін деп ойладым. Жанымда бауырым Кәбіл бар еді. Нәбиге:
– Мылтық атпа! – дедім. Үш адам еңкейе шаптық. Төбенің орта беліне жеткенде әскер бізді көріп қойды да тұра атқылай бастады. Адамдарымыз жатып қалды. Мен тәуекел деп Кәр Өткелдің аузына жетіп келдім. Кәбіл мен Дәуітбай да жетіп келді.
– Мынау суыр қараған монғол емес, қарауыл армия, – деді. Мен төбеге шығып қарайын деп жүріп кеттім. Төрт әскер дереу атын мініп кеткелі жатыр екен.[3] Мен араласа кеттім. Олардың мылтық атуға (71) шамасы келмеді. Біреуінің аты семіз болып жүгірмегендіктен, атын тастап жаяу қашты. Мен де қуып жетіп:
– Әкел мылтықты, – деп айғайлап едім, едел жедел екі атса да оғы тимеді. Үшінші рет атқанша қылышпен бір салып өлтіріп жіберіп мылтығын алдым. Қалған үшеуін тұра қудым. Оларды ат үстінен атып едім. Біреуінің аты оққа ұшып кетті. Жау алдынан Қапас шауып келе жатыр еді. Қапастың аты оққа ұшып кетті. Қашқан жаудың алдында екі адамы бар екен. Олар келіп суырдың ініне кіріп кетті. Үшеуі сыйып біреуі симай қалды. Оны қарауылға алып атып жібердім. Бізден екі адам оққа ұшты. (Бірі Молқы еді, бірі Жәдік Әділханның балдызы). Біз суыр ату үшін жасалған бір акоп қалқасына келіп орналастық. Аңдып отырып үшеуін де атып түсіріп алты мылтық түсіріп алдық. Екі адамның сүйегін алып қайтқанша монғол әскері қаптап келіп қалды. Жаудың өзінен түсірген бір елу атар пулемет бар еді. Атты ұстатып қойып жау әбден жақындағанда қойып жіберіп едім. 80-нен астам адам атымен бірақ қырылды. Басқа қарауылдар 20 неше адам түсіріпті. Бұл жолы 110 адамды өлтіріп қару жарағын алып қосқа келдік. Шәйіт болған екі адамды Нортыға әкеліп жерледік. Сол күні Бала Ертіс ішіне келіп қондық. Монғолдан келістіріп отырып кек алдық. Екі қарауылын бірақ талқандап 120 үлкенді кішілі қару олжалап алдық. Ел шеті Сағатай аулының жанына келіп мәуліт оқыттық. Онан соң ақ сарбас айтып мал сойып той жасадық.

Оспан батыр Монголия Президенті Чойбалсанмен кездесуде (Бұлғын-Шіңгіл 1944)
Монғолиямен келіссөз
Бала Ертіс жолына қарауыл қойдық. Оған он адам жіберілді. Менің қарауыл кезегім келген күні, қарауылдан Бала Ертіске дүрбі салсам, бір жетек аты бар бес адам келе жатыр екен. Ылғи Керейше киініп алыпты. Кестелі шалбар, үкілі тымақ киіпті. Қысаңнан аңдып отырып ұстап алдық. Бұл адамдар түсе қалып (72) амандасты. Оспанға алып келдік. Атын сұрасақ Қамқаш деген адам екен.[4] Сүйегі Молқы. Оспандардың туыстары екен.
– Өткен жылдан бері үкіметіміз сіздерді келеді деп күткен еді. Сіздер жақтан хабар болмады. Оның үстіне мемлекетіміздің Ақбұлақ атты жастабын қиратып тастаған екенсіздер. Үкіметіміз сіздермен шынайы сөйлесіп, шынайы дос болуды қалайды. Өткеннен бері екі жағымызда ауыр дәрежеде қарулы қақтығыстар болып келе жатыр. Оның барлығы сол кездегі саясатымыздың қателігі. Үкіметіміз де бандит Шың Сысайға алданып Алтай халқына ауыр зияндар әкелген едік. Іргелес туыстас елміз. Оның үстіне тарихтағы кигіз туырдықты монғол атты туыстарыңыз едік. Біз дағы соларды паналап отырмыз. Енді шынайы бірлессек, не талап айтасыздар? Сіздерге туыс деп үкімет мені әдейі жіберді, – деп бес маузер мен бес дүрбіні сыйға тартты.[5]
– Біздің мақсатымыз тәуелсіз ел болу еді. 1940 жылы бұзылып Монғолияға пана іздеп Бұлғын жеріне барғанымызда бір жақтан Шың Сысайдың армиясын әкеліп, екінші жақтан өз армиясын салып бомбалап 11 мыңнан астам бауырларымызды қырып тастады. Жүз мыңдаған мал, мыңдаған киіз үй, үй қазыналары өртке кетті. Немесе Монғолдар мен қытайлар олжалап кетті. Сіздер достық іздесеңіздер біздің Монғолия сияқты бір мемлекет болғымыз келеді. Монғолия осы мақсатымызды таныса, оған шынайы жәрдем беретін болса, дүние елі білетін жарнама жарияласын. Тоқтамдар жасайық. Дәл осындай болғанда ғана шынайы сенім орнай алады. Біздің де аузымыз күйген болатын. Бес маузерге сене алмаймыз. Ондай мылтықты Монғолиядан да, Қытайдан да тартып ала білеміз. Монғолияның Байқадам елін шауып, 450 семьяны олжалап кетуі, 584 адам Секелді қырып кетуі, онан соң бандит Шың Сысайға ұстап беріп келе жатқанын ұмытатын емеспіз. (73) Халықаралық заңды құжат арқылы дос болайық, – деп Оспан қайтарды.[6]
– Бізді көріп қайтыңыздар. Кеңес өткізетін жерлерді көріңіздер. Жаңа келген генералдар бар еді, – деді.
Осы сөзге орай, Қапас, Кәбіл, Ислам, Жанәбіл бастық 13 адам жіберілді. [7] Олар қонақ болу барысында Ислам (асылы мұсылман болған орыс еді) арақ ішіп мас болып
– Оспандарда үлкен негіз жоқ. Тоқтам жасауға қандай кепіл болмақ керек? – деп қалады.
Сонда да олар:
– 500 наған алыңыздар, – деген екен. Қапас:
– Оны Оспанмен сөйлесіңіздер. Бізге наған қажет емес, – дегендіктен 13 адамға 13 жапон бесатар мылтық беріпті. Жүзден оғы бар екен. 50-ден оғы бар бес маузер, бес наған беріпті.[8] Олар сонымен қатар:
– Қызыл қыядағы Үш ергеншекте біздің белгілі байланыс комитетіміз бар. Сол орынға Оспан, Сүлеймен, Нұрғожай, Кәмел төртеуі келсін. Ресми кеңес өткізелік, – депті.
Олар мұны айтқаннан кейін, мен (Нұрғожай), Кәмел екеуміз 30 адаммен барсақ, Қамқаш, Дұбдын деген бір әскери полковник пен 20 қорғаныс күші бар екен. Солармен кезігіп амандық білдіріп сөйлестік. Олар бізге:
– Қазір жол бекіліп қалды. Қар жауды. Ендігі байланысты Бұлғыннан жүргізсек, 50 жапон бесатар оғымен, 10 түйедей бұл, шай тарту әкеліп отырмыз, – деді.
Сауда бастығы Күмберік Жымба[9] дейтін адам екен. Олар бізге затын беріп жатқанда Дұбдын:
– Қанша адамдарыңыз бар? Шынжаңды қалай құтқарып қаласыңдар? Қандай шарттар арқылы тәуелсіз ел болып кетесіздер? Қандай жоспарларыңыз бар? – деп сұрады.[10] Біз:
– Бұл жөніндегі пікірлерді Оспанға адам жіберіп сөйлесіңіздер. Біз ат үстінде не айтамыз? Біздің күшіміз бүкіл Шынжаңның мұсылман азаматтары деп сеніп отырмыз. Егер сіздердің халықаралық жәрдемдеріңіз тарихи мазмұн (74) алатын болсын. Тоқтамның болашағын өздеріңіз белгілейтін болсаңыздар, онда оны біз түсіне алмаймыз, – дедік.
– Қандай мемлекет құрмақсыздар? – деп сұрағанда мен тұрып:
– Шын[11] Түркістан Республикасы болсақ дейміз, – дедім.
– Онда Шынға [Қытайға] қарайтын ел болсаңыздар, соғысудың қажеті жоқ. Бізше Шығыс Түркістан елі болсаңыздар ақылға сыяды, – деді.
– Шығыс Түркістан деп 1932 жылы көктемде жарнама жариялап Қожаниязға берілген жәрдемді бандит Шың Сысайға аударып жіберген едіңіздер.[12] Сондықтан біздің ол сөздерден аузымыз күйген болатын. Ол жарнаманың сиясы әлі кепкен жоқ емес пе? – дедім.[13]
– Ендігі кеңес Бұлғыннан болады. Онда Генерал Мәжік[14] деген адам сол жерде дайындық көріп отыр. Сол кезде талқылап көресіздер, – деп хош айтысып жүріп кеттік.[15]
Онан соң барыс-келіс болып алты рет үлкенді-кішілі араласу болды. Үлкен жақтан ұғысулар болмады. Біз төңкерісшілер тау суытып кеткендіктен етекке жөткеріліп келдік. Жебеті басында 300 әскермен мұғалім Ібішерұлы жол бастап келіп бізді тосып аңдып жатқан жау бар екен. Олар алдымен Оспан ауылын көшірді. Қайыңды Бұлақ, Самырсын Сайға асырып кетті деп бізге хабар келді. Біз тауда бекініп жатқан адамдар аттанып сол 300 жау әскерін қоршап алдық. Түнге дейін атыстық. Астымыздағы шұңқырда ел бар, жау қарағай ішін иелеп алды. Оспан бір төбедегі қарауылда отыр еді. Қытай қоршап алып гранат лақтырды. Оспанды атуға таяп қалған бір қытайды мен атып жібердім. Әскерлер қашып кетсе, Оспан сол қарауылда қалып қойыпты. Оспан жаралы болып жау ортасында қалған екен. Маузерді сақылдатып 30-дан астам адамды атып өлтірген Сұлубай Оспанды көтеріп алып қашып келе жатыр екен.[16] Алдынан Кәбіл, Қапас, Кәмел төртеуіміз шығып атқа мінгізіп алып келдік. (75)
Түнде айсыз қараңғыда ұран салып кіріп едік қытайдың бірі қалмай қашып кетіпті.[17] Сөйтіп Оспан ауылдарын жау қолынан айырып қалдық. Ол жерден көшіп Жебетінің ішіне келіп қондық. Жау Шарбақбай ауылынан бір жігіт, Жамшитханның шешесі болып он екі адамды атып кетіпті. Оспан:
– Жәнтекей баласы жанымды алып қалдың, – деп көк қасқа тай сойып той қылды. Жеті күн демалып едік. Мұғалім Шібішер 500 жауды бастап тағы да келіп қамады. Қайыңды Бұлақтағы Сарбейіттен соғыса отырып Қарасуға келдік. Қапас пен Кәмел бір қарауылға кетіп еді. Қапас жаралы болып қайта келді. Кәмелді он екі қытай қоршап алып бір үңгірге қамап отыр екен. Аузы ораза, оғы таусылған не бары сегіз оғы қалған екен. Ол оқты жау дәл алдына келгенде қабаттап атбақ болып отырыпты. Кәмелдің қоршауда қалғанын естіп екі адам ертіп мен келдім.
Жаудың сыртын қоршап алып алтауын өлтіріп жібердім. Қалған жау қашты. Енді атқа мініп жаудың төменгі сай ішінде қалған 40-тай адамын атуға шаба жөнелгенімде арғы жақтағы беттен атылған бір оқ сап ете түскенде аттан ұшып түстім. Домалап барып тоқтап қалдым. Аққан қан тоқтамады. Қара топырақты салып жіберіп көйлегімді жыртып таңып алдым. Сол уақытта төбе жақтан
– Нұрғожай, – деген дауыс шықты.
Бір уақытта Оспан келіп дауыстады.
– Жаның бар ма? – деді.
Мен дағы тірі екенімді білдірдім.
– Адам жібер, – дедім. Әскери міндет өтеген жолдасым Шайза бар еді.
– Соны жібер, – дедім. Ол жүйрік атқа мініп тура шапқанда оқ құйып кетті. Атпен келіп іліп алып қайта шапты. Жануар көк аяқ ат құстай ұшып жаңбырша жауып тұрған оқтан аман құтылып қосқа келдік. Мұғалім “Қапас пен Нұрғожайды өлтірдік”, деп елге хабар таратыпты. (76)
[1] Қарауыл. Орысша “застава” сөзінен алынған болса керек.
[2] Генерал Мәжік 1973 жылы Ұланбатырда жарияланған “Отан үшін соққан жүрек” атты естеліктерінде 1943 жылы 30 шілдеде Сарқобының кіші асуында шекаралық қарауылды 100-ге жуық “бандылардың” қоршауға алғанын айтады. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 61-бет.
[3] Осы шайқаста Нұрғожай тобының ішінде болған Қабиқас кейін Монғолияның адамдарына 1943 жылы 30 шілдеде төрт адаммен атысқандықтарын атап өткен. Сонда, 61-62-бет.
[4] Монғолия Ішкі Істер министрлігі Оспанмен байланыс жасау үшін бірнеше дүркін адамдар жіберсе де олар Оспанға жолыға алмай келеді. Ақырында Оспан батырға туыс болып келетін Делуінде тұратын Қамқаш Исаұлын табады. Қамқаш Оспан батырдан 14 жас үлкен немере ағасы. Оспанның әкесі Ислам мен Қамқаштың әкесі Иса екеуі ағайын болып жүрген жанашыр кісілер болған. Ішкі Қорғаныс орнының Қамқашпен бірге Оспан батырға ресми хат жеткізуге міндетті кісілер ретінде Батжаргалын Дұгэр, Баатарын Чулұұндай, Паламын Раазан тағайындалған. Олар 1943 жылы 13 тамыз күні Қобда Байтаг бағытынан аттанып тамыздың 23 күні Оспан батырдың штабы орналасқан жерге жетеді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 109-бет. Бұл туралы генерал Мәжік естеліктерінде былай дейді: “Оспанмен кездесу жасап байланыс орнатқалы көп шұғылданған соң, оның лагеріне, ең бастысы – қазақтың салт – дәстүрін тамаша білетін ысықаяқ, көзі ашық, көкірегі ояу, шындықты танытуға кабілеті жететін тәжірибелі адамды жұмсаған дұрыс деген шешім қабылдадық. Біз көптеген адамды тексеріп, талқыға салып, ақырында Баян-Өлгей аймағының Делуін ауылының тұрғыны У. Қамқаш деген малшы азаматты жіберу керек деп келістік.” Сондай-ақ, Мәжік Қамқаштың 7 қыркүйек күні Оспан батырға аттағанын атап өтуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 61-63-бет.
[5] Сүгірбаев, Монғолия үкіметінің 1943 жылы шілдеде көтерілісшілерге Қамқашты жібергенін растайды. Оның айтуынша Қамқаш былай деген: “Шың Сысай өкіметіне, Қоминдаңға қарсы қару көтергендерің – беталыстарың дұрыс. Бірақ әркімге бір соқтығып, қылықсыз қимылда болғандарыңыз жөн емес. Әрине амалсыздан осылай істеп отырғандарыңды да түсінеміз. Ендігәрі дөрекі әрекеттерден аулақ болыңдар. Мылтық аузын кертартпа өкіметті құлатуға қаратыңдар. Осылай істеуге мақұл болсаңдар, сендерді қолдаймыз әрі көмек көрсетуге де дайынбыз, – дейді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-бет.
[6] Генерал Мәжік Оспанның өздеріне хат жібергенін айтады. Ол хаттың мазмұны Нұрғожай батырдың сөздерімен бірдей: “Біз 1940 жылы Қоминдаңдық қытаймен сұрапыл соғыс жүргізіп, Бұлғын өзенінің бойына шегініп келгенде, монғолдар тосқауыл жасап, бізді қуғын-сүргінге ұшыратқанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Егер сендер адал ниетпен қарым-қатынас орнатқалы отырсаңдар, ол мәселені құжат арқылы дәлелдеулерің керек.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 66-бет.
[7] Сүгірбаев Қапас, Шердиман, Тескембай секілді бастықтардан бірнеше адамның жіберілгенін айтады. Осы өкілдер Сұлубай айтып Уақыт Қалелұлы жазып Оспан мен Қабидың мөрі басылған хатты да ала кетеді. Олар бірнеше күн жүріп разы-хош болысып қайтады. Монғолия олардың әрбіріне бірден маузер, Оспанға арнайы бір автомат, бір дүрбі, Қаби Бітімшіұлына бір маузер сәлемдеме жібереді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-бет. Монғол деректерінде бұл кездесудің 1943 жылы 14 қыркүйекте болғаны және Оспан тарапынан Жолдыбай, Жанәбіл және атқосшы Нұх деген үш өкіл жіберілгені айтылады. Осы кездесуде төрт тармақты келісім жасалған: 1. Келесі кездесу 1943 жылы қыркүйектің 30-ы күні болады. 2. Қажет болған жағдайда ұлт-азаттық күрестің сарбаздарының отбасы мүшелері монғол жеріне паналайды. 3. Келісімге келушілер ақ тумен алдын ала белгі береді. 4. Оспан батырға жіберілетін монғол өкілдері “майор Дэмбэрэлден батыр Оспанға” деген құпия “пароль” арқылы кездесу жасалады. Осы құжат монғол, қазақ тілінде екі дана жасалып, екі жақ құпия сақтауға алды. Бірақ 30 қыркүйектегі кездесуге Оспан сақтық жасап өзі бармай Жанәбіл, Шердиман және Қапас бастаған өкілдерін жіберді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 111-114–бет.
[8] Генерал Мәжік бұл кездесу 1943 жылы 30 қыркүйекте Хайыртындаваа асуында болғанын айта келе былай дейді: “Алайда бұл жолғы кездесуге Оспанның өзі келмеді. Ол ұлы мен інілерін жіберіп, өзінің 4 қазан күні жолығатынын айтыпты. Оспанның мұнысы – біріншіден сақтық, екіншіден жеке басының дүниеқоңыздығы қозып бізден әлі де мол сый-сияпат, дүние-мүлік дәметкендігі еді. Сондықтан біз оларды жылы шыраймен қарсы алып, әр адамға маузер мылтық, дүрбі, қара барқыт мата сыйлап жөнелттік.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 67-бет.
[9] Монғол деректерінде Жамба деген бүркеншік атпен аталуда. Ол, Б.Дұйнхэржав атындағы Ішкі Істер Министрінің орынбасары, шекара отряд бастығы, бригада командирі екен. Бұл туралы қараңыз Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 114-115-бет.
[10] Мұндай сұрақты кейін Оспан батырмен кездескен Монғолия президенті Чойбалсан да қояды. Кездесуде Чойбалсан Оспанға “Сіздер келешекте қандай, қалай тіршілік етеміз деп ойлайсыздыр?” – деген тосын сауал қояды. Оспан мүдірмей “Мен Алтайдай елді мекенімді сонда ұсталып Қытай түрмесінде отырған сан жүздеген бауырларымды азат ету үшін өмір сүріп жүрмін”, деді. Маршал Чойбалсан “Сіз ойыңызды қалай жүзеге асыра аласыз?” деген екінші сауалға болса Оспан батыр “Алтай жерінде қазақтар ғана емес ұйғыр, торғауыт, ұранхай сияқты ұлт-ұлыстары қазір Қытай шеңгелінен шығуға талпынып, елді мекендерін азат ету үшін, тәуелсіз еркін өмір сүру үшін ой-сана, мақсат-мүдделерін біріктіріп күреске шықты. Біз көтеріліске қатысушы бұқараға бірігіп, оларға қолдау көрсете алсақ табысқа жетеміз. Сонымен қатар, біз моңғол мемлекетімен тіл табыса келіп, келешекте ынтымақтасуды көздейміз. Сіздің елден қару-жарақ алуға көмек берулеріңізді өтініш еткіміз келеді.” Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 91-92-бет
[11] Естелікте “Шын Түркістан” немесе “Шін Түркістан” делінуде. Бұл жердегі “шын” немесе “шін” қазақ тіліндегі “шынайы, шындық” деген сөз емес, түрік тіліндегі “Чин”, яғни “Қытай” деген сөзден бұзылып айтылып отыр.
[12] 1933 жылы 12 көкекте күшпен билікті тартып алған Шың Сысай Кеңес Одағына жақтас екенін мәлімдеді. Сондықтан КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 3 тамызда “Шынжаңға байланысты жұмыстар жөніндегі ережелерді” ортаға салды. Онда үкіметтің Шың Сысайды қолдайтыны және Шынжаңды Қытайдан бөліп әкететін саясат пен ұрандарға қолдау көрсетілмейтіні атап өтіледі. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 155-бет.
[13] Нұрғожайдың бұл күдігі орынсыз емес еді. Өйткені генерал Мәжік естелігінде қазақты қазаққа қырғызу үшін байланысқа енгендіктерін жасырмайды: “МХР премьер министрі, маршал Х.Чойбалсан МХРПП ОК-нің бас хатшысы, армияның саяси басқармасының бастығы, армия комиссары Ю.Цэдэнбал жолдастар мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін дереу ұйымдастырып, олардың тікелей басшылығында Қоминдаң басқыншылары мен Оспан бандыларына қарсы күрес жүргізудің тактикалық тұрғыдан терең ойластырылған жоспары әзірленген еді. Ең алдымен қытайдың жауыз әскери билеушілері мен Оспан бандыларының өзара қайшылығын пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салып бірін-біріне құрттыру – біздің негізгі мақсатымыз болды.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 62-бет.
[14] Монғолдың Батын Дорж (1914-1982) деген генералының бүркеншік аты. Ол өзінің 1973 жылы Ұланбатырда жарияланған “Отан үшін соққан жүрек” атты естеліктерінде “менің сол кездегі бүркеншік атым Мажиг болатын” деуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 75-бет. Оның осы бүркеншік аты Монғол емлесі бойынша “Мажиг” деп жазылады. Бірақ біз қазақтар арасында кеңінен қолданылған Мәжік деген емлені қолдануды жөн көрдік.
[15] Бұл кездесу туралы генерал Мәжік былай дейді: “Бұл кездесу Бұлғын өзенінің бойында тігілген “Ақ ордада” өткен еді. “Ақ орда” дегеніміз қазақ тілінде үгіт-насихат парақтарын тарататын далалық шағын баспахана үшін тігілген үй. Біз алдымен Оспанға арнап соятын бірнеше қойды сыртқа байлап, тал қиып, мол отын дайындадық. Мұсылмандар өз қолымен бауыздамаса, бөтен діндегі адамдардың сойған малын жемейтін болғандықтан, біз осылайша қойларды тірідей дайындап қойдық. Оспан уәделі мерзімде келді. Қасында жүз шақты қарулы сарбазын ертіп алыпты. Жүрісі өте айбынды. Ал, менің қасымда тұрған 7-8 адамның бірінде де қару-жарақ жоқ. Біз ниетіміздің ақ екендігін білдіру үшін әдейі қарапайым кейіп танытқанбыз. Оспан қайын ағасы Сұмғазы мен Сүлеймен бастаған нөкерлерін ертіп, ішке енгенде, шеріктері үйді неше қабат қоршап алды. Мен Оспанға мейлінше ұғынықты қарапайым тілмен әңгімелесіп, заманның қазіргі тынысы, қазақ халқының көрген бейнеті, Қоминдаңның басқыншылығы мен езгісі, олардың басқа ұлттарды жек көріп кемсіту саясаты туралы ашық айтып, “егер сіздің тарап нағыз халық мүддесі үшін Қоминдаңға қарсы күресетін болса, біз көмектесуге дайынбыз” деп мәлімдедім. Оспан менің сөзіме сенген ниетін білдіріп, өздеріне қажетті қару-жарақ пен бұйымдарды сұрағандықтан береміз деп уәде жасадым. Ал, Оспан Қоминдаңға қарсы күресем деп серт берді. Келіссөз аяқталған соң, Оспан жағы қойларды бауыздап сойып асып жеді.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 67-68-бет.
[16] Сұлубайдың Оспанды құтқаруын Сүгірбаев де әңгімелейді: “Бала Ертістегі атыста Оспанның атына оқ тиіп қолға түсуге айналады. Осы тұста Сұлубай жаңбырша құйып тұрған оққа қарамай, тізгін ұшында Оспанды мінгестіре қашып құтылдырып кетеді. Сөйтіп ол көзге түсіп батыр атағын алады.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 47-бет.
[17] Бұл уақиғаны генерал Мәжік растап былай дейді: “1943 жылы 5 желтоқсан күні Қоминдаңның 200-ге жуық әскері шекарамыздың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп шеқара қарауылына, Оспан лагеріне шабуыл жасайды. Алайда олардың арам ойлары жүзеге аспай, 22 әскерінің өлі денесін біздің жерде қалдырып, өздері қашып-пысып жоғалды. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 69-бет.
Жалғасы осы айдарда- АЗАТТЫҚТЫҢ ӨШПЕС РУХЫ
Нұрғожай батырдың Естеліктері және Оспан батыр
Баспага дайындап ғылыми түсініктемесін жазған: Әбдіуақап Қара
Қара Әбдіуақап 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988- 1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Европа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді.