Айдын Жүнісханов,
археолог, Назарбаев университетінің оқытушысы
Семей қаласының, жалпы Семей өңірінің өткендегі тарихын зерттеу ісі отандық тарих ғылымында кенежелеп дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Семейдің Ертіс бойындағы көне мәдениет іздері туралы көптеген археологиялық, жазбаша деректер өздерінің зерттеушілерін күтіп жатыр. Әрине, бұл зерттеулер бірді-екілі мақала көлемімен, не болмаса бір-екі зерттеушінің зерттеулерімен шектелмесі ақиқат. Семейдің ертіс бойының ақтаңдақ беттерін кешенді түрде, арнайы ғылыми бағдарлама қабылдау арқылы жүйелі ұйымдастырылған зерттеу қажет етеді.Ұсынылып отырған шағын мақаламызда, біз көне замандардан бері Семей маңында жүрген тарихи-мәдени үдірістерге шолу жасап, болашақ зерттеу бағыттарының қандай бағытта жылжу қажеттілігі туралы ойымызбен бөліспекшіміз;
- Адамзат баласының Семей маңын алғашқы қоныстануы археологиялық материалдар негізінде б.з.д. V-III мыңжылдықтар аралығында басталғандығын көрсетеді. Өткен ғасырдың аяғында Семейлік өлкетанушы А. С. Долгушев Семей құмшағылдарында іздестіру жұмыстарын жүргізіп дөңгелек табанды, қалың бүйірлі, сәл қамипған денелі және ернеуі сыртқа қарай сәл иілген, ішкі және сыртқы беттеріне көлденең штрих сызықтары бар қыш ыдыс табады. 2006 жылдары В. К. Мерц, А. С. Долгушевпен құмшағылдарды қайта қарау кезінде қыш ыдысдардың сынықтары мен тас құралдар тауып, оларды Неолит-ерте қола дәуірімен мерзімдейді [Мерц В., 2013., 153-158 бб]. Әрине, адам баласының су мол, жанға жайлы осынау мекенді тас ғасырынан бастап қоныстануы әбден мүмкін. Себебі Семейден 60-70 шақырым қашықтықта Тас дәуірінің Шульбинка тұрағы бар. Осы орайда Семей маңынан тас дәуірінің ескерткіштері мен жәдігерлерін іздестіру ісін ұйымдастыру қажеттілігі де бар. Жергілікті өлкетанушылар тарапынан тас дәуірінің жәдігерлері табылып та жатуы мүмкін. Себебі, олар өздерінің тапқан дүниелерін көп жағдайда ғылыми айналымға енгізбей жатады.
- Семей маңынан ең көп мөлшерде табылған көне заман жәдігерлерінің бірі қоладан жасалған бұйымдар болып табылады. Семей маңында алғашқылардың бірі болып археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, табылған олжаларының негізінде Сібір тарихының кезеңдемесін жасаған көрнекті шығыстанушы В.В. Радлов болатын. (Радлов В., 1989., 419-531 бб.). Қазақ даласының көне ескерткіштерін зерттей келе В.В. Радлов – бұл өлкеде көне замандарда мекен еткен «мықтардың» мыс, қалайы және алтын сияқты бағалы металдарды өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана өндіріп қоймай, өндірілген металдарды экспорттау ісінің жақсы жолға қойылғандығын атап өтеді. Осы турасында Семейге саяси жер аударылған Н. Я. Коншинде Өзінің «Краткий Исторический очерк Семипалатинского края» атты мақаласында Ертіс маңынан табылған археологиялық ескерткіштер мен жәдігерлерге (пышақтар, балталар, жебе ұштары) сүйене отырып көне замандарда бұл жерлерді, өздерінен кейін обалар мен қалашықтар қалдырған аттары аңызға айналған “мық” деген халық мекендегенің, олардың кең өндіру, мыс балқыту ісімен айналысып, өздерінің қоныстарын үлкен өндіріс ошағына айналдырған деген тұжырым жасайды [Коншин Н., 2007].
Семей маңынан табылған олжалардың негізінде бүгінгі Семей облыстық өлкетану мұражйы құрылды, 1925 жылы А. Н. Белослюдов Семей маңындағы құмшағылдардан өзі жинақтаған қола және темір бұйымдар мен түрлі қыш ыдыстардың фрагменттерінен тұратын коллекциясын І Петр атындағы Кунскамераның жанынан құрылған Антропология және этнография музейіне сыйға береді [Черников С., 1960., 18 б.]. 1947 жылы Семей арнайы Ленинградтық ғалым С.С. Черников келіп, Семей құшамғылдарында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құмда тұрғызылған қоныстарды зерттеудің басты ауыртпалығы мәдени қабықтың болмауы себепті зерттеу жұмыстары тек көтерме материалдарды жинаумен шектейді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қыш ыдыстар, қоладан жасалған біздер, дән үккіштер, отбақырлар, жебе ұштарын құюға арналған қыш қалыптар, металл балқыту пештері табылады. С. С. Черников 1951 жылы шыққан “Восточноказахстанская экспедиция” атты мақаласында Семей іргесіндегі қоныстарды ұзақ уақыт аралығында өмір сүргендігіне қарамастан үлкен отырықшылықтың орталықтары деп бағалауға болмайды деген тұжырым жасайды [Черников С. 1951.]. Кейіннен Шығыс Қазақстанның қола ғасырына қатысты заттай дереккөздердің ұлғайуына байланысты, ғалым өзінің алғашқы көзқарасын түбегейлі өзгертіп, «Восточный Казахстан в эпоху бронзы» атты монографиялық еңбегінде Семей қаласының маңы қола дәуірінде ірі әрі бай металлургиялық орталық болған деген тұжырым жасап [Черников С. 1960., 19 б]., кезіңде Н. Коншиннің жасаған тұжырымдамасын нақты археологиялық деректер негізінде қуаттай түседі.
Сөзсіз Семей маңындағы құмшағылдардағы қоныстар мен жәдігерлер Семей өңірінде неолит, қола, ерте темір және ортағасырларда жүрген әлеуметтік-мәдени, өндірістік үдірістерді зерттеп, көне замандарда Семейдің Ертіс бойындағы археологиялық мәдениеттердің іргелес тарихи-мәдени аумақтардағы ескерткіштерімен ортақтығы мен айырмашылығын анықтауда пайдалануға болатын бірегей материалдар болып табылады. (1 сур.)
Өкінішке орай ғылыми тұрғыдан толыққанды зерттелмеген ескерткіш құрылыс жұмыстарының жүргізілуінің салдарынан бұзылып, жоғалудың шақ алдында тұр. Біз енді пайдалануға 2016 жылдың соңында берілген Назарбаев зияткерлік мектебінің орынында болған қоныстардан қандай да бір, өткен тарихымызға қатысты мағлұматтарды ала-алмаймыз. Біз оларды мықты етіп бетондап тастадық (2 сур).
- Семей маңында ерте көшпелілер дәуірінде жүрген тарихи-мәдени үдірістерді зерттеу ісі 2014 жылдан бері қолға алынып келе жатыр. 2014-2015 жылдар аралығында Семейтау, Көкентау өңірлерінде Астана қаласындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде б.з.д. І – б.з. ІІ ғасырларымен мерзімделетін обалар зерттелінді. Обаның архитектуралық құрылымы мен табылған олжалар Семейтау мен Көкентау ескерткіштерінің Жетісудағы үйсін мәдениетімен жақындығы туралы алғашқы ғылыми болжамдарын жасалынды. Бұл өз кезегінде Үйсін археологиялық мәдениетінің солтүстік шекарасы теріскей Тарбағатай территориясына дейін болды деген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Ә.Т. Төлеубаевтың өткен ғасырдың 90 жылдары жасаған тұжырымдамасын соны материалдар негізінде қайта қарауды талап етіп отырған, ғылыми ортада үлкен дискуссиялық мәселелерді көтеретін жарқын ашылым болды. Бұл кезең әлі де терең ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды қажет етеді.
- Семей өңіріне қатысты зерттелмей, әлі де болса кенжелеп қалып келе жатқан тарихи кезең ол сөзсіз ортағасырлық түркілер дәуірі. Осы кезеңде Шығыс Қазақстан аумағында жаңа, қуатты Қимақ қағанатының іргетасы қаланады. 840 жылы Орхон бойындағы Ұйғыр қағанаты Енесей қырғыздарының соққысынан құлап, қағанат құрамында болған түркі тілдес тайпалар жан-жаққа бас сауғалап қашады. Осы кезде Қимақ конфедереациясына эймур,баяндур, татар сияқты түркі тайпалардың қоныс аударады [Кумеков Б., 1976]. Жазба деректерінде қимақ қағанатының Ертіс бойындағы 16 қаласы жақсы сипатталғаныменен археологиялық тұрғыдан бұл мәліметтер толыққанды дәлелденбей отыр әзірше.
- Қимақ тайпаларына Моңғолия территориясынан келген түркі тілдес тайпалардың көшуі, Ертіс бойындағы мәдени үдірістерге өзіндік ықпал еткендігі белгілі. Бұл туралы Жамбыл Артықбаев өзінің «Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей» атты еңбегінде жақсы жазып көрсетеді. Осы орайда «Семей» және «Семейтау» атауларының қалыптасуы Ұйғыр қағанатының құрамында болып, кейін шығысқа жылжыған тайпалардың әсерінен болуы әбден мүмкін. Себебі, Қытайдың Гонжоу аймағында тұрақтап қалған, Ұйғыр қағанатының құрамында болған Сары ұйғырлар деген атаумен белгілі халықтың сөздік қорында «Семей» сөзі ғибадатхана мағынасында қолданылады [Малов С.Е., 1967, с. 101-102 ]. (3 сур).
6. Семейдің маңын мекендеген қимақ тайпалары сардала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау – Семейтауды кие тұтып ерекше қастерлесе керек. Қимақтардың, жалпы түркі тілдес халықтардың діни-танымдық жүйесіндегі тауларды кие тұту салты белгілі. (4 сур)
7. ХІХ ғасырдың 50 жылдары Сібір кеден округінің басшысы И. А. Армстронг Семей қаласында «Дархан-Цорджы» үстіне қазба жұмыстарының ұйымдастырады. Жамбыл Артықбаевтің зерттеулері бойынша «Дархан-Цорджы» орыс саяхатышары жазып кеткен будда храмдары болуы мүмкін [Артықбаев Ж. О. 2013].
Оба археологиялық әдебиеттерде «ұзын обалар» деген атаумен белгілі обалар тобына жатады. Бұл обалардың ерекшелігі бір үйменің астында екіден онбірге дейінгі мола шұңқырының болуында. Бұндай обалар, үлкен немесе кіші өзендердің тік жарларында және таулардың етектерінде орналасады. Қазба нәтижесінде үш мола шұңқыры анықталады, табылған олжалар негізінде екі мола шұңқырында әйел адам, қалған біреуінде бала жерленген болуы керек. Бірінші мола шұңқырынан бірнеше мыс бұйымдар мен әйел адамның өнделіп, бұрғыланып тесілген моншақтары табылады, екінші обаның мола шұңқырынан толық қосылмаған, астыңғы жағына үшбұрыш тектес, шеттері айшықталған пластинамен дәнекерленген екі сырға мен гранит тастан жасалынған табақша табылады. Табылған жәдігерлерді зерттеген Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы болған Ф. Арсланова оба ІХ-Х ғғ. аралығында тұрғызылуы мүмкін деп, обадан табылған сырғалардың қазақтарда кездесетін «сәукеленің сырғасымен» қатты ұқсастығы бар екендігін айтады [Арсланова Ф. Х. 2013, с. 94-95]. Дәл осы И. Армстронг қазба жүргізген жерден Миллер тас мүсін тауып алған болатын: «Кроме того, возле большого здания лежит огромный, продолговатый камень (вроде надгробных), на верхней части которого изваяно человеческое лицо. Прежде, говорят, он стоял прямо, но затем, не знаю по какому случаю, был разломан на две части, из которых каждая была длинною почти в сажень» [Артықбаев Ж. О. 2013].
Жоғарыда қимақ кезеңіне қатысты келтірілген деректер 8-11 ғасырлар аралығында Семей маңында жүрген үдірістерді түсіну үшін таптырмас мәліметтер болып табылады, осы ретте қимақ дәуіріне қатысты деректік қорды ұлғайтудың маңызы зор.
8. Ертістің бойы Жошы ұлысының құрамына кіргені белгілі, тарихи деректерде Жошы ұлысының орталығы Ертіс бойында болғандығы туралы айтылады. 2016 жылы Қазан қаласында шыққан «Золотая Орда в мировой истории» атты ұжымдық еңбекте: «Столицей Улуса при Джучи была ставка на Иртыше возможно, в одном из бывших кимакских городов, хотя существует спор о том, дожили ли кимакские города до времен Джучи, но тут не важно, кому они принадлежали до их взятия монголами – каракитаям, найманам или кипчакам. Кимаки основали на Иртыше несколько городов и использовали их сообразно кочевническому складу государства. В этом отношении их местоположение и форма использования прекрасно подходили кочевому улусу Джучи. Поэтому вполне логично предположить, что Джучи мог использовать в качестве столицы одну из столиц бывшего кимакского государства на Иртыше» – деп жазады Марджани атындағы тарих институтының Алтын орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі И. Миргалиев [Золотая Орда в мировой истории, 2016, с. 74].
Осы ретте Семей қаласының өлкетану мұражайындағы каталогында кездесетін Алтын орда дәуірімен мерзімделетін ағаштан жасалған мөрдің баспа таңбасы өте қызықты болып табылады. Бұл жәдігер құдық қазу барысында Семей қаласынан ХІХ ғасырда табылған. Мөрдегі жазуды оқуды қолға алған Амантай Исаұлы әзірге тек бұл мөрдің Болғар қаласындағы Фейзулла есімді тұлғаға тиесілі болғандығын анықтады. Бұл бағытта ізденістер жүргізілуде. (5 сур)
Жошы өлгеннен кейін Ертіс маңындағы резиденцияға Орда Ежен иелік етіп, Ал Жошының екінші ұлы Батудың Шығыс Еуропаға жасаған жорықтарынан кейін Ертіске қайтып оралмай, Еділ бойында тұрақтап қалады да, Болғар қаласын өзінің станционарлық орталығы етеді.
Семей қаласынан табылған мөр мен Болғар қаласы арасындағы байланыстарды зерттеу болашақтың еншісінде. Татарстандық Алтын орда кезеңін зерттеуші мамандармен байланыс орнатып, бірлесі зерттеу ісін жолға қойған жөн деп есептейміз.
Ойымызды қорыта айтар болсақ, Семей маңы ежелден бері адамдардың қоныстан мекені. Осыдан 4-5 мың жыл бұрын неолит дәуірінде басталған шағын тұрақтар заман өтуімен ұлғайып, қола ғасырында үлкен металлургиялық қоныстарға айналады. Өңірдің ортағасырлардағы және Шыңғыс хан жорығынан кейінгі тарихы туралы қолда бар деректердің аздығы Семейдегі қалалық мәдениет туралы нақты бір тарихи тұжырымдар жасауға кедергі келтіруде. Бірақ бұл Семей өңірінде қалалық мәдениет болмады, дамымады дегенді білдірмейді. Сондықтан Семейдің толық тарихи мозаикасын құрастыру үшін кешенді зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қажет деп білеміз.
Әдебиеттер:
- Артықбаев Ж. О. «Ертіс сүмбе» (Эрчисын сумэ) – Семейдің қимақ дәуіріндегі атауы // «Еуразия қыпшақтары: тарих, тіл және жазба ескерткіштері»: халықаралық ғылыми конференция. 29-30 мамыр 2013 жыл. Жалпы редакциясын басқарған академик Көмеков Болат Ешмұхамбетұлы. Астана, 2013. – бб. 418-426.
- Артыкбаев Ж. О. Эрчисын-сумэ – Храм на Иртыше / Загадочные страницы истории ХVII века / Семипалатинск, 2002. – 58 с.
- Коншин Н. Я. Краткий Исторический очерк Семипалатинского края (до 1917 г.) // Труды по казахской этнографии. – Астана, 2007. – 309 с.
- Кумеков Б. Е. Государство Кимаков IX-XII вв. по арабским источникам [Текст]: IX-XI вв. / Под ред. Б. С. Сулейменов. Алма-Ата: «Наука», 1972. – 156 с.
- Мерц В. К. Керамика ямно-афанасьевского типа из Семипалатинского Приртышья // Современные решения актуальных проблем евразийской археологии. Барнаул: Изд-во Алт. ун-та, 2013. – С. 153-158.
- Радлов В.В. Из Сибири. Изд.: «Наука», 1989. – 750 с.
- Черников С. С. Восточноказахстанская экспедиция // КСИИМК, вып. XXXVII. М.-Л.: 1951.
- Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы М:, АН СССР, 1960 – 285 с. Серия: Материалы и исследования по археологии СССР, № 88.
- Малов С.Е. Язык желтых уйгуров. Алма-Ата, 1957. – 197 с.
- Арсланова Ф. Х. Женские украшения кимаков и кыпчаков // Очерки средневековой археологии Верхнего Приртышья Т ІІІ. – Астана: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Астана қаласындағы филиалының баспа тобы, 2013. – с. 93-120.
- Миргалиев И. Джучи – первый правитель улуса // Золотая Орда в мировой истории. Коллективная монография. – Казань: Институт истории им. Ш.Марджани АН РТ, 2016. – с. 72-77
- Кумеков Б.Е. Государство кимаков IX–XI вв. по арабским источникам. Алма-Ата, 1972. 156 с.