Шәкәрім университетіне телевидение мен радиохабар тарату халықаралық академиясының академигі, журналист Махат Садық келіп, болашақ тілшілерге шеберлік сағатын өткізді,-деп хабарлады “Жерұйық” тілшісі.
Дәріс барысында деректі фильм жасау, имидж, телеарналар рейтингі және жалпы журналистика туралы тәжірибесімен бөлісті:
– «Ағаң болмаса, биікке көтеріле алмайсың» деген түсінік қате. Барлығың «мен – таланттымын, сондықтан жетістікке жетемін» деген пікір қалыптастыруларың керек. Барлығы тәжірибеге ғана байланысты емес, теориялық білім де маңызды. Әр сюжетімді соңғы рет және алғаш жасап жатқандай ерекше жауапкершілікпен жасаймын. Кез келген істе осылай ойлауға кеңес беремін. Өз принциптерімнен танған емеспін. 8 рет қызметтен кеттім. Бірақ келесі қызметте мені өз ойымды білдіре алтын адам ретінде қарсы алады. Өзіңнің ойың дұрыс деп санасаң, ешқашан одан бас тартпа. Журналистикада әйелдер 30 жасқа дейін өздерін көрсете алуы керек. Ер адамдар – 40 жасқа дейін,-деген ол жас журналистерге уақытты тиімді пайдаланып, ұтымды да нақты нәтиже үшін талаптануға шақырды.
Дәріс барысында болашақ тілшілер тарапынан сұрақтар да қойылды. Сөз ішінде “Семейлік журналистердің беделі жоғары. Астаданада қызмет ететін журналистердің 70 %-ы шығыстан” деген пікірі де Семейлік жас тілшілердің үміттерін үкілей түсті.