Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫНЫҢ есімі бүгінгі әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс. Бұған дейін жарық көрген кітаптары мен шығармаларында өзінің ерекше қолтаңбасымен көзге түсіп, әдебиетшілердің жақсы пікіріне бөленген жазушы. Шығармаларында Бейімбет Майлиннің, Антон Чеховтың жазу үлгісі аңғарылады. Автордың әңгімелерін оқыған сайын оның көп ізденетініне көзің жетіп, алдағы уақытта да тартымды дүниелер тудыратынына кәміл сенесің!
Елу теңге әңгімесі бір қарағанда диалог арқылы өрбиді. Дәл осы ықшам диалогтар арқылы кейіпкерлер ашыла түсіп, біз өмір сүріп жатқан қоғамдағы келеңсіздіктерді, кемшіліктерді түгін қалтырмай әшкерелейді. Аға мен іні арасында бауырмалдық, әлемнің әр түкпіріндегі алып мегаполистерде адам балсының басынан өтетін қиыншылықтар көз алдыңа елестеп, әңгімені бастан-аяқ қызыға оқып шығуға жетелейді.
Қуат ҚИЫҚБАЙ
ЕЛУ ТЕҢГЕ
(әңгіме)
Сары ұл саған арнадым!
Ол күні Алматының аспаны түнекке шомып тұрған. Қан жұтқандай сүреңсіз еді. Қайғы тұнған жылаңқы жұлдызы, аларған айы тым мұңлы, тым жұпыны болатын. Жаяу жүрсең сайқал көшесі, тізеңді мүжіп, табаныңды қыздыратын.
Адымымыз ашыла түсіп, тартып келеміз. Түнгі Алматының шаң сіңген, қапырық ауасы қолқаңды қабады. Даңғыл жолдың біріне шықтық. Менің қалтамда «сымбылдың сідігі» де жоқ, бар байлығымыз, көрер жарығымыз інімнің қалтасындағы екі жүз теңгелік сары құлақ қана.
– Енді такси ұстауға болар? – дейді інім қолын көтермекке ұмтылып.
– Қатты шаршадың ба? Діңкең құрыса, айт.
– Жоға, шаршай қоймадым, әлі шыдаймын.
– Қарның ашқан шығар?
– Екі шекем солқылдап, көзім қарауытып кетіп еді, енді басыла қалды. Ғажап.
– Не жеп едің? – деймін, ештеме жемегенін біле тұра сөзге тартқым келіп. Өзі тұйық болатын.
– Бағана әнебіреу жердегі құбырдан су іштік емес пе пе?
– А..а… Сағатыңа қарашы, қанша уақыт жүріппіз?
– Тура бір сағат.
– Онда былай, межелі жер әлі ұзақ. Бұл жерден жүз елу теңгеге такси ұстап тұрсақ сәл ыңғайсыздау болады. Екі жүз теңгеге ғой ұялмай отырасың. Бірақ сумаң етіп жетіп барғанда, тамақ дайын тұрмаса, түнімен ішегіміз шұрқырайды ғой. Таңертең бірдеңе ішсек бір сәрі, қып-қызыл ашпыз. Нәр татпағанымызға бір тәуліктен асып барады. Сол үшін сөзсіз елу теңге үнемдеуіміз керек. Оған буы бұрқыраған екі самса тиеді, жүрек жалғап аламыз. Ол үшін кемінде жарты сағат жаяу жүруге тура келеді. Сосын жүз елу теңгеге такси табам, қуана апармаса, арғы қолыңды бері әкел.
Түн тыныштығын бұза саңғырлап келеміз. Інім алдымда, еңкейе түсіп, безіп келеді. Өзі ашыла түскен.
– Осы былтыр ғана ауылда, құзар шыңнан асып, асау өзенді кешіп неше тәулік бойы жаяу жүргенде қыңқ етпеген ем. Енді міне, ет пісірім жүрмей екеуміз де ақсаңдай бастадық.
– Ол Еренқабырғаның таулары ғой. Еренқабырғаның таулары адамды шаршатпайды. Қайта сергітеді. Анау аспанмен тірескен көк тастардың басына шықшы, көзің шырадай жанады. Тек жосылған, қоңыр аңды ғана көресің. Соның өзін біз тау деп айтпаушы ек. Жай ғана шоқы дей салатынбыз. Мыналарың біздің жоталар мен төбелерді, текшелерді көрсе есінен танады ғой. Шіркін апарып көрсетер ме еді. Бұлардың тау деп жүргені әшейін төмпешік қана…
Көңілін ауламаққа сөзге тарта түстім. Бұйығы неме, бір сөйлемесе, томсырайып отырып алушы еді. Басылып кете ме деп қорқам.
– Анау Көктөбесіне шықтым. «Тау, тау» дегенге алып ұшып жетіп барсам, алақандай қуыс екен, хи,хи,хи, соған да шүкір, – дейді көңілденіп.
– Еренқабырғаның тауларының қасында, әуелі Алтайдың тауларының өзі бой көтере алмай қалады. Сен ойла, Ұлытауға бар ғой, қосар атпен, апталап жүргенде әрең жетесің. Оның өзінде жер жағдайын білетін жүрісшіл ат болу керек. Құдайдың құтты күні бар ғой жарты күн ашық, жарты күн жаңбыр төпеп тұрады. Найзағайын айтсаңшы. Кәрі қарағайға түскен найзағай бар ғой, қарағайдың ұшынан бастап етегіне дейін екіге айырып түскенін өз көзіммен көрдім. Төңірек зіл-зала болды. Құдай оңдап біз алыстау жерде болдық. Сол қарағайдың түбінде иіріліп тұрған елу қой тегіс сеспей қатты. Үлкендер арам өлдіге жорып, «ит-құсқа жем болмасын, терісін алып, етін көміп кетейік»-деп союға кірісті. Мына қызықты көр. Тура жиырмасын сойып болғанда, қалғаны дір-дір етіп тіріле бастады. Отыз қой қалды ғой! Сол отыздың он алтысы аяғынан тік тұрып, мал боп кетті, де он төрті сол арам қатқаннан басын көтермей кетті. Бұған да шүкіршілік еттік. Міне, табиғат деп осыны айт. Екі күннің бірінде сел жүріп жатады. Арнасынан асқан асау өзенге жолыққанда, алдымен Құдайға, сосын астыңдағы атыңа ғана сенесің. Ерекше жаратылған сушыл ат болу керек. Арқыраған ағысқа қойып кетесің. Атыңнан өлсең де айырылма, сырттан көргендер қамыстай боп, екі құлағы ғана көрінеді деп айтады. Сол екі құлағына су кірмесе бітті, жарықтық алып шығады. Егер екі құлаққа су кірді бітті, тәубәңді үйіруге үлгіре алмай кетесің. Сонда да, беліміз бір бүгілмеуші еді. Апталап жүретінбіз. «Шаршадым» деп айту тіпті ұят саналатын. Ұлытау, Сыртқы тау дегендерің, нағыз тау ғой. Қызықтың бәрі сонда.
– Ал, сен бағана шаршадым дедің ғой?
– Алматыда ол үйреншікті құбылыс. Оның үстіне мынау ескі құрылыстар, еңсеңді басады. Асфальтының астында бір түрлі сиқыр жасырылғандай. Болмаса аяғымыз неге ауырады. Неге шымырлайды?
– Қой тездетейік, өте жай болып барады, – дейді інім, қолымен танауын сүрткілеп, пыс-пыс етіп адымдай түсіп. Үнсіз еріп келем. Ол да үнсіз. Екеуміздің аяғымыздың сықырына құлақ түріп келем. Бір сәт оған қарадым. Көше шырақтарының жарығынан анық көрінді. Айналасы бір айға жетпейтін уақытта жүнжіп кеткендей. Сырықтай болып көрінді. Шөге түсіп, бүкшеңдей адымдап кетіп барады. Екі құлағы қалқиып, жұқара түсіпті. Жаңағы өзім айтқан Ұлытаудағы сушыл аттың құлағын елестетті. Өзі қатты ақылды. Барлық істі менен артық тындырады. Барлық істің жөнін біледі. Менікі құр сөз. Серілік қана. Балалығым ырду-дырдудың, төбелестің ішінде өтті. Оны біраздан бері мойындай бастағам. Өзі де айтқан. Сөйте тұра менің ақылымды тыңдайды. Менің айтқанымнан шықпайды. Егер мен оған таң атқанша, осы арада тапжылмай тұр десем, ол екі етпестен орындайды. Егер мен оның сары құлағына тамақ алдырып жеп, оған бермей күйсеп тұрсам, ол ләм деместен, тамсанып қойып тұра беретініне шүбәсізбін. Менен ақылды бола тұра, менің ақылыммен неге жүреді. Өз ойының дұрыс екенін, менің жоспарым істің тас-талқанын шығаратынын біле тұра ақылымды тыңдайды. Соған қарап, «осының есі-дұрыс па» деп ойладым. Бажайлап қарадым. Мінсіз сияқты. Көңілін көтергім келді.
– Қала қандай екен?
– Бол..а..ды
– Табиғаты ғажап, ә! Қала – кең.
– Кеңі кең-ақ. Адамдардың пейілі тар ма деп қорқам.
– Нелер жақсы адамдар бар. Саған кезікпей жүр ғой. Қуаныштан егілетін боласың. Бәрі оңалады. Тасымыз өрге домалайтын кез келеді.
– Мен қазақтың бақытын көзімнің тірісінде көруді армандаймын.
– Сен білесің бе? Мына қазіргі төрт құбыласы тең атақты адамдар бар ғой! Айталық, ақын-жазушылар, ғалымдар, депутаттар, министрлер тіпті одан зорғылар. Солардың қаншамасы жетімдер екен. Кішкентайында бір түйір бидайға зар бопты деседі. Кітаптарда да солай жазылған. Оларға қарағанда, біздің жағдайымыз айналайын ғой! Құдайға шүкір, ата-анамыз бар. «Қанша оқысаң сонша оқы, береміз, Алматыға бар, тастай батып судай сің» деген жоқ па? Олар да келеді әлі. Түтіні будақтаған бір ауыл елге айналамыз. Бізге бататыны жалғыздық емес пе, сағыныш емес пе? Бәрі келмеске кетеді. Сен ғой ылғи да, қайдағы бір жауыз-қанышерлерге жолығасың, оларда қайдағы мейірім, қайдағы ізгілік болсын. Сосын жабырқайсың да жүресің.
Кілт тоқтап, артына бұрылды. Өңінде кеюдің, түңілудің табы бар. Әр сөзін қадай-қадай сөйлеп былай деді.
– Мынаны ұғып ал. Жетімдерді Сәбет үкіметі баққан. Сәбет үкіметі оқытқан, мәпелеген, басынан сипаған. Сөйтіп олар қоғамның бір-бір тірегіне айналған. Олардың барлығы ғұлама емес тегінде, ішіне тобыры да, топасы да, араласып кеткен. Енді келіп теледидарға шығып алып, өздерін бір керемет көрсеткілері келеді. «Қазақ жетімін қаңғытпаған, жесірін қаңғытпаған, итін қаңғытпаған»-деп кеуделерін тесілгенше ұрады. Әттең, шіркін беттерін өтппейтін пышақпен тілер ме еді. Қарашы, мынау бұрыш бұрышта қаңғып жүрген бұралқы иттерге қарашы. Ит дейтін ит сиқы жоқ. Не түлкі емес, не мысық емес, азғындаған құбыжықтар өңкей. Алдына қойған асты дұрыс іше алмайды. Мұрыны иіс сезбейді. Осының өзінде қанша ма қасірет бұғып жатқанын аңғарардың ба? Қазақтың иті қандай еді. Босағадан қарамайтын. Асау жылқысын да көрдім, тіпті мінезсіз. Әбден тексізденген. Дұрыстап мөңки де білмейді. Ал қазір сен жетімсің бе, жесірсің бе, ешкім басыңнан сипамайды. Тіпті ғұлама, болмаса, әулие болсаң да, көрер күнің бесенеден белгілі. Кітапты оқып, оқып аласың да, барлығын кітаптағыдай ойлайсың. Бұл қоғам кітап емес. Бұл қоғамға тек шіріген жұмыртқаның иісі ғана жетіспейді. Ондай болғанда шіркін қатып кетер еді. Өз басым сол иісті сезем. Әр дайым мұрныма келеді де тұрады. Тым жиркенішті. Өкпеңді жыртып кете жаздайды. Лағынет болсын сол иіске!
Ауызыма құм құйылды. Өзімді ақтап сөйлеудің еш қажеті қалмапты. Ақтайтын себебім, оны осында қоярда-қоймай жүріп шақыртқан мен едім. Одан кейін де, бірнешеуі келген маған сеніп. «Осыным дұрыс болды ма»,- деген ойға келдім. Тағдырлары не болады екен, екі дүниеде обалдарына қалып жүрмесем болды ғой. Өздері ұлтты шексіз сүйеді. Айтатын әңгімелерінің барлығы ұлттың тағдыры, істейтін істерінің барлығы ұлттың қамы. Ондайлар – мына қоғамның жауы ғой! Ұлтсызданғандарын әкелу керек еді. Құлқыннан басқаны ойламайтындарын әкелу керек еді. Оһ, олар байитын еді. Өсетін еді. Осылай түйдім, бұл түн маған осындай ой сыйлады. Біз баратын көшенің бүйірін ендей кесіп тоқтадық. Енді елу теңге үнемдеуге әбден болады. Такси ұстауға ыңғайландық.
Біз тосқан алғашқы такси құйғытып кеп, қасымызға жанаса тоқтады. Жүз елу теңгеге қуана келісті, қуана отырдық. Орта жастар шамасындағы екі ер адам. Олар алдыда, біз артта отырмыз. Салған жерден сөз бастады.
– Жігіттер, жол болсын, – деді шофердің қасындағы ақ шашты, алтын тісті еркек.
– Әмин. Сөзге мен араластым. Інім жұмған ауызын ашпады.
– Студентсіңдер ме?
– Студент болсақ не арман, абитурентпіз, қазірше оның ауылы алыс боп тұр ғой!
– О, қандай кереметсіңдер. Болашақ сендердікі. Сендер аман болсаңдар бір жөні болады – дейді ағынан ақтарыла.
– Рахмет, ағатай, сіздер де аман болыңыздар.
– Айналайындар менің үйдегі құлындарым құсап кеттіңдер ғой! Менің де сендер сияқты екі балам бар. Қаншадасың? Ал, сен қаншадасың?
– Мен он сегізде, інім он алтыда.
– Ту, осындай да ұқсастық болады екен ау ә. Па, шіркін, екеуің менің екі баламмен түйдей құрдас екенсіңдер. Даң құрдас екенсіңдер тіпті. Екеуің үйге бір келіңдерші екі баламмен таныстырайын. Туыс боп кетеміз әлі. Үйдегі жеңгелеріңнің қолынан шай ішсеңдер тіпті, кеткілерің келмей қалады. Баламсыңдар ғой. Балам емей кімсіңдер. Атаңның баласы болма, адамның баласы бол дегенді қазақ қалай тауып айытты екен деші. Әр дайым екі қозымның құлағына осылай құйып келем. Ей, қара құлақ, тыңдап отырсың ба, ей? – деді шофердің жауырынынан қағып қойып, мен өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей боп отырмын. Арақ ішпейсіңдер ә, әйтпесе, араққа бір сылқитып тойғызар едім. Десе де, жүз грамнан тартып қойса жаман болмас.
– Балаларды бұзбасаңшы,- деді қара құлақ атанған шофер.
– Әй, қой, жас өскінсіңдер ғой сендерді бұзбайын. Күнәға батпайын. Қазақтың тағдыры сендердің қолдарыңда. Біз кеттік қой осымен. Әй, қарындарың ашқан жоқ па? Жүріңдерші кафеге апарып естен кетпейтіндей қылып бір тойғызайын. Жаман ағаларың сөйтсін. Құдайдан қайтады ғой! Екі балама да біреу көмектесіп жатса жаман болмас.
– Жоқ, аға,- дедік қатар жарысып. Үйге жетіп алайық.
– Немене, жаман ағаларыңның қолынан ас ішкілерің келмей ме? Онда ақшасын берейін деп қалтасын ақтарыстыра бастады.
– Рахмет, қойыңыз ағатай.
– Рахмет, ағажан, қабыл алдық. Сізге мың-мың рахмет. Әкемізді еске салдыңыз ғой! Әкеміз емей кімсіз бізге. Әкетай жүз жасаңызшы!
– Такси зырлап келеді. Біраз шүңкілдестік. Біраз қан-жынымыз араласып, айызымыз қанып қалды. Осы шай қайнатым ғана уақытта аяғымыздың талып ауырғанын, көзімізге ұйқы тығылып қарауытқанын, әбден титықтап қалжырағанымызды сезе түстік.
– Жігіттер, жеттік – деді, шофер машинаны тоқтатып,
– Сары құлақты қолына ұстаттым, біреу тонап кететіндей-ақ інімнен ала қойған ем. Бейне жүрегімді суырып бергендей, құлази қалдым. Дән шайнауға қимаған сары құлағымыз, көзімізден бұлбұл ұшты. Анауың оны алды да, машинаның ақша салғышына тастай салып, міз бақпай отыр. Жаңағы біздің қамқоршы әкеміз тіпті мылқау бола қалыпты. Інім маған, мен ініме қарадым.
– Аға, – дедім, – елу теңгемді ұмыттыңыз.
– Бауырым, қойшы сол елу теңгені, жап-жас болып не көрінді көзіңе.
– Беріңізші, басқа соқыр тиынымыз қалмады, аштықтан бұралып тұрмыз.
– Ашықсаң енді мен кінәлі емеспін ғой. Мен де ашпын. Кім ашықпайды дейсің. Тоқ болсам, жеті түнде кірекеш боп нем бар, жатпайым ба, қара қатынымның қасында. Барам деген жеріңе, аман есен жеттің, қол-аяғың орнында, шүкіршілік еткеннің орнына өститіндерің не, ей осы.
– Сол елу теңге үшін бір жарым сағат жаяу жүрдік. Екі самса алып жейік деген едік. Аштан өлеміз ғой, ішегіміз ішегімізге жабысып қалды. Үй-күйіміз жоқ, жаныңыз ашысыншы.
– Әке-шешелеріңнің жаны ашымағанда, менің жаным аши ма?
– Әке-шешеге тіл тигізбеңіз. Олар алыста. Жіберген ақшасы қолымызға тимей жатыр.
– «Жоқ, жоқ» деп зарлай берсеңдер жоқ боп қаласыңдар, немене мендей әкелерің жоқ па еді. Ұялсаңдаршы. Болыңдар енді түсіңдер… Жандарым сол түсіңдерші! Алтындарым!
– Қойыңызшы, қалжыңыңыз шығар. Сөзге жаңағы атымтай жомарт араласты:
– Әй, бауырлар, қарасам өп-өңді керемет жігіт көрінесіңдер. Тепсе темір үзесіңдер. Әке-шешелерің бар екен. Мына ағаларыңның әке-шешесі де, жоқ. Шиеттей бес баласы бар, соларды бағу керек қой. Қасында отырғандығым үшін маған ақша төлейді. Ал сен болсаң «самса, самса» деп, қайдағы бір ездің әңгімесін айтасың. Тамақ ап берсе, ішпейсің. Мына ініңді қарашы, қандай керемет, нағыз мәрттің өзі. Жолы болғыр. Сен бүйте берсең жолың болмайды. «Кең болсаң кем болмайсың» – деп қазақ бекер айтпаған. «Самса, самса» деп, жігітке жарасатын қылық па? Жүрші қанша самса жейсің? Жүрші мен ақ алып берейін. Түсші машинадан. Тура жемге жарылған сиырдай қылайын.
– Самсаңызға рақмет. Біз қайыршы емеспіз. Елу теңгенің менің ешқандай жыртығымды жамамайтынын, елу теңге үшін бұлай зар қақсаудың ер-азаматқа жараспайтын қылық екенін де жақсы білем. Ал мен сіздер айтқандай ар-намысы бар жігіт болсам, өзімді қойшы, тамақ ішпегеніне, бір тәуліктен асқан інім үшін, «самса, самса» деп зарлауға тиіспін ғой. Мына інім сіздер айтқандай керемет жігіт болса, бұлай қиналмауға тиісті ғой. Қараңыздаршы, мұндай балаларыңыз жоқ па еді…
Қыстығып сөйлей алмай қалдым. Көз шанағыма жас келгендей болды. Кеңірдегіме бір нәрсе кептелді де қалды. Өн-бойымды бір асау ағыс кернеп әкетіп барады. Саным дірілдеп, өн-бойым тітіреніп кетті. Аналар былқ етпеді.
– Ой, нашар.
– Сені де, жігіт дейді – ау дейді күбірлеп.
– Жүрші, ей – деп інім бұрқ етті. Алмай-ақ қойшы сол елу теңгені. Қойшы, кеттік.
– Егескен де алам, тіктім жас жанымды.
– Біз де тіктік кәрі жанымызды.
– Не көрмеген кәрі жан. – Аналар сық-сық күледі.
– Жалынам, – деді, інім, төбелесе кететін мінезіме қанық тұғын. Екі иығымнан шап беріп, жүзімді өзіне қаратты. – Өмір бойы тіліңді алып келем ғой, қойшы. Тек бір жолға тыңдашы. Құлың болайын. Егер шын жаның ашыса, бұл дауды тоқтатшы, және еш жерде, екінші қайталап айтушы болмашы, аяғыңа жығылайын. Ауызыңды, аяқ қолыңды бекер арамдап қайтесің. Онсыз да, қаншама әурешіліктер күтіп тұр, кеттік,-деді. Есікке қарай итеріп. Мен ләм деместен таксиден түстім әрі ана екеуіне де, көзімді аудармадым. Тек машинаның гүрілінен, қозғалып бара жатқанын сездім.
Одан кейін біздің арамызда, ешқандай әңгіме болмады. Інімнің артынан үн-түнсіз ердім. Басым салбырап, ілбіп отырдым. Мұрным бір тынбай пышылдай берді. Әлсін-әлі басымды көтеріп, қоям. Сол кезде інімнің ырғайдай болған, желкесіне көзім түседі. Жібі сетінеген шалбарының балағына, тойтиған туфлиына көзім түседі. Ол да артына бұрылмады. Тек пәтерге кірерде ғана: «Есіңде болсын, мұнда әке-шешеміз көшіп келмейді. Оларды иттерге талата алмаймын. Және ескі жұртта жалғызсыратқым келмейді. Сол үшін мен ауылға қайтам. Бірақ әзір кетпеймін. Өйткені мен де, адаммын, менде де намыс бар. «Пәленбайдың баласы оқуға түсе алмай, қайтып кепті. Алматыға барып жан баға алмапты» десе, төзе алмаймын. Сондықтан биыл грантқа сөзсіз түсем. Сонымен қоса көр де тұр, кәсіп көзін ашам. Ол дөңгелеген кезде, тайып тұрам. Сөйтіп ұжданымды қорғап қала алам. Ал сендер оқыңдар. Бір үйден үш оқымысты шықса жетеді. Қарындасымызды да, жібермеймін. Жалғыз қызды қаңғырта алмаймын. Сен де қатты қиналып кетпе, алаңдамай тапсыра бер. Ақшадан қиналма, түсе алмасаң да оқы. Төлеп оқы. Ақша жағын өзім шешем»,- деді.
Мен тіс жарып, ештеңе, демедім Дәрменім жетпеді. Таң атқанша ұйықтай алмадым. Қарнымның ашқандығынан емес, ол жағын ұмытқам. Тамақты ойласам құсқым келеді. Көрпенің астында булығып ұзақ жыладым. Жаралы жүрегім сезіп жатты. Інім де, түнімен көз ілмей шықты. Не ойлағанын білмеймін. Тек ауық-ауық мұрнын тартқанын естідім. Содан бері елу теңге көрсем жаным түршігеді. Тіпті сол бір темірді қасыма салғым да келмейді. Тап бола қалсам балаларға таратуға асығам да, тұрам…
Алматы, 2012 жыл
АВТОРДАН АҚПАРАТ
Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ – жазушы. 1980 жылы Қытай Халық Республикасы Санжы қаласының Мөргу ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Санжы қалалық №3 орта мектебінің, қазақ бөлімін тәмәмдаған. 2002 жылы атажұрты Қазақстанға оралып, 2007 жылы ҚазҰУ-дың филология факультетін бітірген.
«Алтын бұтақ», «Бірінші байлық» атты ғибраттық ертегілер топтамасы жарық көрген. «Министр», «Желтоқсан ызғары» әңгімелер жинағының авторы.