ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, БҰТАҒЫ БИІК
Нұрлан Мәукенұлының поэзиясын ең алғаш рет оқығандағы әсерім көңілімде сол күйі сақталып қалды. Ақынның сорғалап, құйыла жөнелетін еркін шумақтарындағы қысылып-қымтырылмайтын бостандығы, көне дәуірге тән эстетикалық тұтастығы – жалғыз жортып бара жатқан дала тағысын еске салғандай еді. Көп ақындар секілді формалық ізденістің тасасында қалып қоймай, эстетикалық бүтіндікті Прометей алауындай алып жүруі жақсы ақынға тән жақсы қасиет емей немене?!
Нұрлан Мәукенұлы сонысымен ерек, сонысымен сұрапыл еді. Тамыры тереңде, бұтақтары бұлт ішінде тербелген ондай таным иелері, әрине, өлеңге форма іздегендердің қатарына қосылмасы анық. Сананың бақылауынсыз, таза өнер ожданымен қалам тербеген қаламгер жырларындағы көне сарынның жаңа мазмұны оқырманын баурап, әрдайым қайта айналып өзіне соғуға асықтыратыны да сол мазмұн мен форманың мәңгілік үйлесімі деуге негіз бар. Ендеше Нұрлан Мәукенұлы жырындағы осы қасиетті тағы бір саралап, «теп-тегіс, жұмыр келген» үйлесімді қайта қараңыз.
Ырысбек ДӘБЕЙ, ақын.
НҰРЛАН МӘУКЕНҰЛЫНЫҢ ЖЫРЛАРЫ
(1960-2003 ж.ж.)
Үлбі сенің жағаңда,
Үлбіреді Үрбала.
Тауып айтып табанда,
Күлдіреді бір бала.
Күле-күле қыз бала,
Жылап қалар сыңайлы.
Жұбататын біз ғана,
Ұмытпаған құдайды.
Үлбі, саған үзіліп,
Үлбіреді үрбала.
Қызылына қызығып,
Күлдіреді қу бала.
Қызға ынтық көңілін,
Білдіреді бұл бала.
Ойлай ма алда өмірін,
Қайтер екен Үрбала.
Үлбі, сенің жағаңда,
Үлбіреді Үрбала.
Күлдіреді қу бала,
Бүлдіреді ұрлана.
* * *
Жапан дала.
Киіз үйде қарсы алар апам ғана.
Күйсеп жатқан қотаннан жынын шашып,
Бір жынданып қоятын атан дара.
Құйма тұяқ өкілі құнан ғана,
Құйрық-жалын тарадым күмәндана.
Жалғыз жүйрік осы ма жерде қалған,
Маған неге жетпеді мұраң, дала?
Қабағыңак қарайтын қойшы бала,
Уаймын уәжбен жойшы дала.
Жалғыз түйе, жалғыз ат, жалғыз шопан
Мән берместен мәз-мейрам тойшы қала…
Жүйкемді жегідей жеп арасалмақ,
Көңілім күнмен қала жараса алмақ?
Төрт түлікті алдына салып кетті,
Дала ханын қалалық қараша алдап.
Жапан дала – жүрегім, жұбанышым,
Жұтағасын қалтырап тұрады ішім.
Дала біреу, қала көп, қайран қара ұл,
Қайшылығын тірліктің ұғамысың?!
* * *
– Терезеден ай көрдім, апа,
Шоқша сақал шал көрдім, апа.
Қараң-құраң мал көрдім, апа,
Түнеріңкі тал көрдім, апа.
Қадалып қарадым, апа,
Шошынып барамын, апа.
Тіл-жақсыз қаламын, апа.
– Ай көрсең, аман көр, қозым,
Тұсыңа таман көр, қозым.
«Ескі айда есірке» дегін.
«Жаңа айда жарылқа» дегін.
Таңдайың басайын, қозым,
Тылсымнан қашайын, қозым.
Түймеңді ағытшы, қозым,
Жерұшық жасайын өзім.
– Ай жүзін жасырды, апа,
Ұйқымды қашырды, апа.
– Періштең қолдайды, қозым,
Ұйықтамай болмайды, қозым,
«Бісмиллә» айта ғой, қозым,
Жоламас сайтан ой, қозым!
– Бісмиллә, бісмиллә…
* * *
Тірінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін бірі жер.
Тірлікте қашқан қадірің,
Өлгенде ғана білінер.
Өлінің қамын тірі жер,
Жоқтауын салып жүгінер.
Жоғалтып алған асылын
Айырылғанда ғана білінер.
Тірінің қамы – бас қамы,
Күнде бір әлем ашқаны.
Күйремейтіндей көңілі,
Құламайтындай аспаны.
Өлінің қамы – өз қамы,
Топырақ болып тозғаны.
Азасын тұтқан ағайын,
Мәңгілік мекен қазғаны.
Өлінің қамы – өз қамы,
Өгейсіп кеткен өз қаны.
Бір уыс топырақ бұйыртып,
Маңдайға бақыт жазғаны.
Тірінің қамы –бас қамы,
Таусылмайтындай дастаны.
Өлеңшіл өзен өткені,
Айғайшыл асу асқаны.
Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін бірі жер.
Бір күні бізде барармыз,
Сен аман болғай, сірі Жер!
* * *
Адамы көп, наданы жоқ бұ қала,
Арманы көп, алған ыжоқ бұ қала.
Тағдыр айдап табысқасын тар жерде,
Тақсыретін бөліседі күнара.
Біреуін шу, біреуін ой қажады,
Тіршіліктің осы ма еді мазағы?
Астаналық арпа ішінде – бір бидай,
Қаласы мен даласының қазағы.
«Аз екен» деп азырқанды бұ бала,
«Көп екен» деп назырқанды бұ қала.
Шәлкем-шалыс кеп қалса да, ойларын,
Өрбітеді бірін-бірі құп ала…
Астананы баспана еткен бұ бала,
Жас баланы хас дана еткен бұ қала.
…Аспандағы айға бата жасай бер,
Алпауыттың есігінен сығала.
* * *
Күзгі түнде қуқыл ай еріп кетті…
Менің жесір жеңешем жерік бопты.
Абың-күбің жүргенде арсы-гүрсі
Көрші үйдегі қос қатын көріп кепті.
Жеңешем-ай, тағдыры тайқы маңдай,
Алдан торын тағы да жайды қандай.
Қос қатынның аузына қақпақ қоймай,
Не болды екен жүрегің айнығандай.
«Не болды екен» дегенмен не білемін,
Білсем де білмеген боп жеңілемін.
Қос қатынның сыпсыңы миымды жеп,
Көрпе астына көрінбей көмілемін.
Жаным жеген намыс па, наза ма екен,
«Жерік» деген жесірге жаза ма екен?
Қос қатын-ай, қотырым қасыма енді,
Жеңешемнің жүрегі таза ма екен?..