Жарас Сәрсек. Елеспен әңгіме

ҚАНАТТЫ ТҰЛПАР

 Жарас СӘРСЕК – бүгінгі қазақ поэзиясындағы өрен жүйріктердің бірі де бірегейі. Ұлт әдебиеті тарихындағы өмірін көркем сөзбен тікелей байланыстырған, тағдыр-талайын әдебиетке арнаған кесек тұлғалардың аманатын адал атқарап келе жатқан, жүрек сөзін айтып келе жатқан ақындардың бел ортасында Жарас СӘРСЕК тұр.

Еліміздің Тәуелсіздігі жаңа жарияланып жатқан елең-алаң шақта қазақ әдебиеті ауыр сынақтарды бастан өткерді. Көсегесі көгеріп, көктеп, жайнап тұрған көркем сөздің ауласын әлеметтік ағыстар шайқап жатқан шақ. Алдыңғы толқын ағалар абдырап, айтулы азаматтарымыз белдің арын белбеуге түйіп базар аралап, бала-шағаның наны үшін наубайхана жағалап кеткені жасырын емес… «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алған» кезеңдерде «көркем әдебиеттің жалауы жығылды ма?» деген үрей болмай қалған жоқ. Сондай бір қиын шақтарда әлеуметтік кеңістігін тікелей сөз өнерімен байланыстырған ұлт әдебиеті үшін аянбай күрескен көрнекті қаламгерлеріміздің, әдебиет сыншыларымыздың еңбектерін ұдайы есімізден шығармауымыз керек. Сол жанкешті ағалардың амантына адалдық танытқан тоқсаныншы жылғы толқынның айтулы бір өкілі дәл осы Жарас СӘРСЕК. Әрине, жүрекке түскен салмақ пен арқаға батқан ауыр жүкті асқан жауапкершілікпен сезінген Жарас, Маралтай, Әмірхан, Амангелді, Бауыржан, Дидар бастаған айтулы буынның атқарған миссиясы сұрапыл! Сантүрлі қиындықтарды бастан кешіп жүрсе де олар бір сәт те қаламын қисайтқан емес.

Жарас өмірде де, өлеңде де өтірік айтпайтын арлы да қайсар ақын. Өзін де, өзгені де алдамайды. Қоғамдағы түрлі құбылыстар мен өзгерістерге, күнгейлі-теріскейлі сәттерге, әлеуметтік қайшылықтарға бей-жай қарай алмайтын ақынның өлеңдері өте қуатты да көркем, кең тынысты. Түрлі бейнелерге толы жырлардан жан дауысы анық естіледі. Жәкең жайлы ойланғанда менің көз алдыма ұзақ қашықтықтағы аламандарға алқынбай шабатын қанатты тұлпарлар келеді. Артынан ерген ініс, кейінгі буынның өкілі ретінде әл-әзір айтатын қысқа сөз осы.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ақын

 

ЕЛЕСПЕН ӘҢГІМЕ

Көкек әкеге де бір зауал…
Біздің ой

– Мен сені, меңді сұлу, қайдан көрдім?
– Зау көкте жарқыраған Айдан көрдің.
– Ай жаққа, адастың ба, қайдан бардың?
– Жер дейтін қайырымы жоқ байдан бардым.

– Мекен қып қалмадың ба Ай маңайын,
Алқынып аула кезбей, айналайын.
Сен айтқан қайырымы жоқ қара жерге
Өзім-ақ басыбүтін байланайын.

– Бағым бар бір кездері жанбай қалған,
Кәусарым тағы осында қанбай қалған.
Жанымды отқа қақтап,
Суға салған
ақым бар бір жаманда алмай қалған…

– Бағың мен кәусарыңды таба алдың ба?
Ақыңды әлгі адамнан ала алдың ба?
Неліктен ауламда ылғи ән саласың,
Тарқатып бұрымыңды таң алдында?

– Жазған-ау,
Мен жоқпын ғой – тек елеспін,
Бақытқа маңдай тірер мен емеспін.
Шашырап сынған бір кез жауһар едім,
Қолынан «түсіп кетіп» елеместің…

Өксітіп өмірімді ширатылған
сол жолы өртетілгем, қиратылғам.
Соңымнан сол сорлыны ілестіріп
кетуге келіп тұрмын зиратымнан.

Аязды тағдырыма енбей көктем,
Сол жанның кесірінен өнбей кеткем.
Жатырды жарып шыққан жарығымды,
Жалғанның жарығында көрмей кеткем!..

Бас тартқан сол болыпты шаранадан,
Сол адам оған ұл деп қарамаған.
Сол надан дауылдар мен жауындардан
ұлына ық болуға жарамаған.

– Ұл қайда?!.
Қосағың кім?!.
Қайда жайы?!.
Қайғыңды қайрақ қылып қайралайын…
– Қайтесің қанға бояп тағдырыңды,
Ол сенің әкең еді, айналайын…

Өмір деп аталатын мың түйменің,
Ішінен түскен сынып бір түймемін.
Есілге ағып кетті «әкең» кеше,
Енді біз ішіндеміз бір «күйменің»…

ҚҰЛАЗУ

Ешкім мені еркелеткен жоқ еді,
Еркелегім келеді.
Ет жақыным,
Естілерім көп еді,
Ескермейді неге оны?

Көне тамдай мезет сайын үгіліп,
Көк көйлектей оңамын.
Көрінгенге отымды ала жүгіріп,
Өзім ылғи тоңамын.

Деп жүргенде бәрі-бәрі жаттанды,
Көктем келді өлең боп.
Жылып келіп жылап ол да аттанды,
«Кейін қайта келем» деп.

Жан сырымды жазға айтамын деп түйдім,
Хабардар деп күймінен.
Аптабымен алқындырды, көп күйдім,
Шыға алмадым үйімнен.

Күздей едім,
Күрсіндіріп күз келді,
Күз – күмәннің мекені.
Бояуы көп,
Баяны жоқ бұл мезгіл
келеді де кетеді.

Жыр қыларым жылыстайды жыраққа,
Жылу күтем, ал, кімнен?
Қарашаға қош-қош айтып қыратта,
Қар астында қалдым мен.

Қара жер мен қар арасын паналап,
Қалтыраймын, қарағым!
Қара айғырды қойып едім тағалап,
Қайда кетіп барамын?!
Ет жақыным,
Естілерім көп еді,
Ескі болды өлеңі.
Ешкім мені еркелеткен жоқ еді,
Еркелегім келеді…
Еркелегім келеді…

ОСЫ БІР ЖАН…

Тастақ жерде көп жүрдім, тағам сынды,
Тағам сынды,
Біресе шанам сынды.
Сонда маған дем берген осы бір жан,
Осы бір жан жақыным – ағам сынды.

Танымаймын оны мен,
Есімі кім?
Жүреді ылғи алдында есігімнің.
Өлең – бөбек шырылдап қоя берсе,
Табылады басынан бесігімнің.
Есімі кім, білмеймін, есімі кім?

Керек пе оған аңқылдақ ақындығым,
Жақын тартса болмас па ақылдыны.
Маған жаны ашиды оның неге,
Оның маған бар қандай жақындығы?

Неге менің соңымнан бір қалмайды,
Сыр қармайды ілесіп, жыр қармайды.
Онсыз неге тобылғым бүр жармайды,
Онсыз неге ырғайым ырғалмайды?

Отан жайлы,
Опынған кездер жайлы
ойлап кетсем, ол бірден сөз қозғайды.
Менен бұрын ылғи да сол сөйлейді,
Одан бұрын мен сөйлер кез болмайды.

Дәрменсізбін алдында соның ғана,
Оңымда да отырар,
Солымда да.
Иесімін деп жүрген ит өмірім,
Сонда соның, білмеймін, қолында ма?

Шайқап – төгіп ыдысын несібенің
кейде онымен керісем, есіремін.
Таң атқанша отырам жағаласып,
Есте қалмай таққаным несіне мін.

Танымаймын мен оны,
Есімі кім?
Жүреді ылғи алдында есігімнің.
– Тұмшалаулы түр-түсі, әй, бәтшағар,
Есімің кім?..
– ?
– Не дейсің?..
– ?
– Есімің кім?..
– ?

Сөйлете алмай соңында ісім тынар.
Ол қырсыққа осылай ішім пысар,
Кім біледі, ол – менің өзім шығар,
Кім біледі, ол – менің «Кісім» шығар?..

ҮРЕЙ

Жарық-ау,
Күн-ау,
Адамбыз біздер –
адамы заманақырдың,
Қағамыз кеуде:
«Иесі біз» – деп,
Итте жоқ таза ақылдың?
Қол созып саған қоямыз кейде,
Ісі ме осы ақылдың?
Жақындай көрме жанып кетермін,
Онсыз да саған жақынмын.

Жарық-ау,
Күн-ау,
Жарқ ете қалдың,
Өртенді неден өзегің?
Аңқасы кеуіп атырабымның,
Тартылды көлім, өзенім.
Айтарым бар деп
айқайға бассам,
Құлдилай көрме төменге,
Төбемде тұршы Өзегім.

Тымырсық ауа тынышымды алып
барады құрғап санамыз,
Шалқалай жатып жұлдыз санауға
жетпейді құрғыр шамамыз.
Жарық-ау,
Күн-ау, мына сұмдыққа қараңыз:
Біз саған кетіп барамыз,
Тым жақын қалды арамыз,
Серігің қайда, серігің?..

АДАСҚАҚТЫҢ АЙТҚАНЫ

Сыйласар көп сырласқа сыйым болмай,
Жүрген-ай мына күнде күйім болмай.
Сыздаған жүрегіме сырқат жамап,
Дертті еткен қу мінезім қиын қандай!..

Құлаған қиын қандай әлің барда,
Әжімсіз ажарың бар,
Әрің барда.
Сыртымнан сырқатымды емдеп жүрген,
Сиқыршым,
Дәрің бар ма,
Дәрің бар ма?

Білмеймін, қазір менде жалын бар ма,
Мәз болам былғанбаған арым барға.
Аспанда ұша-ұша аш құрсақпын,
Алданып ағымдар мен сағымдарға.
Құлдилап құшағыңа келем құлап,
Жер-Апа-ау, наның бар ма, наның бар ма?

Айтпаған,
Айтылмаған әнім де алда,
Әу дейін қу кеудемде жаным барда.
Бір торғай бір жағымда шырылдайды,
Құс патшам,
Дәнің бар ма,
Дәнің бар ма?

Қиялап тартсам деп ем кезеңіме,
Өмірім өрт боп түсті өзегіме.
Аптапта көлеңке іздеп аласұрам,
Су патшам,
Ағыз мені өзеніңе.

Кәрінен уақыт пен замандардың
тал қармап талай-талай аман қалдым.
Қалғу жоқ қазір маған
қайтармаған
алдында қарызым көп адамдардың.
Онсыз да өкінішке толы өмір бұл,
Онсыз да келер бәрін тәмамдар күн.

Қол да аман,
Аяқ – мығым,
Бас – қалпында,
Жан-дүнием жалындайды жас қалпында.
Кез әлі келген жоқ-ау
қыр басынан
қасқайып қарап тұрар тас қалпымда.

Қиялап тарттым, міне, кезеңіме,
Қарамай қарайғанның кезегіне.
Осыдан көлеңке іздеп көзге түссем,
Су патшам, ағыз мені өзеніңе.

ҚАРА СУЫҚ

Қар алыстап барады қара жерден,
Біз алыстап барамыз қара керден.
Қар егіздей еді ғой қара жермен,
Біз егіздей едік қой қара кермен!

Қарды қалай жауғызам қара жерге,
Қалай құрық салғызам қара керге?
Ақ-қарасы алмасқан ай-жылдардың
Хақ Тағалам, ажарын ала көрме.

Ала көрме ажарын, ала көрме,
Мейірімді едің медет бер жаралы елге.
Қайта қонсам демейін қара керге,
Қалықтатып қар жібер қара жерге.

Қалықтай кеп қонатын баспалдаққа,
Қар да қазір білмеймін қашқан бақ па?
Қарсыз қалған қаңтарда аңтарылып,
Қарайған жұрт қарайды аспан жаққа.

Біз көктемді көргенбіз,
Қандай еді,
Шартарапқа ынтызар таңдай еді!
Шама біткен,
Шаршаған шақта келіп,
Щуақ шашқан бейне бір жандай еді!

Жайдары еді-ау жаз келсе жанның бәрі,
Сөздің – сөлі болатын,
Әннің – дәні.
Егістікте тербелген көк егіннен,
Таңдайыңа келетін нанның дәмі.

Күй төгілтіп содан соң күз келетін,
Қырман қызған,
Қызық көп біз көретін.
Бір жақыным айттырып келін алса,
Бір жақыным ұзатып қыз беретін.

Көктем – сезім,
Жаз – айту,
Күз – үйлесім,
Әрі-сәрі әйтеуір бір күйдесің.
Өмір дейтін қазанат қара тер боп,
Өлеңдетіп сүйрейді жыр күймесін.

Баяғы сол балалық кекілді еді,
Бүккен сырың көзіңде, бетіңде еді.
Қыз есімін қызықтап қарға жазған,
Қыс мезгілі ақ қағаз секілді еді…

Қар шақырған қарқылдап жаман қарға,
Қап кеткендей сонау бір замандарда…
Қыс қысылып қарайды қара жер мен
ақ ұлпасын сағынған адамдарға.

Қалай айтам, білмеймін, балаларға
қалай жат боп кеткенін дала қарға.
Қараша үйде қалқайып тың тыңдаймын,
Қарқылдайтын шығар деп қара қарға…

МӘН

(диалог)

– Тауда туған адамсыз,
Тау биік пе, не биік?
– Күн көтерген басына
қолың жетсе деп түйіп,
Маңғаз қалпын бұзбаған
Аспан биік,
Көк биік…

– Түпсіз дүние жоқ, сірә,
Не тұңғиық?
Не терең?
– Жалғыздықта қалдырып
өзегіңді өртеген,
Ой – тұңғиық,
Жер – терең,
Жер дегенім – көр терең…

– Ненің қымбат екенін
Сіз де ұқпайсыз шамасы?..
– О, бұл жайлы пенденің
Қызып тұр-ау таласы.
Дана айтпаған байламды,
Қайдан айтсын баласы.
Ең қымбаты мен айтсам –
Көк пен Жердің арасы…


Автордан ақпарат

 Жарас СӘРСЕК 1968 жылы 15  мамырда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылында туған. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Бүгінде республикалық «Үркер» журналында бас редактордың орынбасары болып қызмет істейді.

«Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім», «Қастерлім», «Түнемел» атты жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы», «Мәртебелі поэзия» сияқты он шақты ұжымдық жинақтаға енген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған