Сәрсенбі, Қыркүйек 19, 2018
Негізгі > Руханият > Бұл туған күн бұрынғы туған күннен өзгерек…

Бұл туған күн бұрынғы туған күннен өзгерек…

23 тамыз – Абайдың туған күнін

Абай шаңырақтары атап өтті

Абайдың туған күнінде Алаш арыстарының да аруағы аунап бір қалған шығар. Абай шаңырақтары шарықтатқан кешегі той халық жүрегінен өзгеше орын алды. Алаштың ардақтыларының бірі, Міржақып Дулатов «Қазақ» газетіне былай деп жазған екен: «…Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күнде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зират етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар».

[masterslider id=”5″]

Сонымен, кеше Абай қорық мұражайының алдына Абай шаңырақтары (Абай есімін еншілеген мәдени мекемелер: Абай қорық-мұражайы, Абай қоры, «Абай» журналы, Абай атындағы әмбебап кітапханасы, Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры) шақырған еді. Көкірегі ояу, көзі ашық қанағат қыларлық қалың жұрт жиналып қалды. Екі-үш апта бұрын алыс-жақынға ат шаптырып шақыру жариялаған Абай шаңырақтарының бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жасаған бұл тойы, айтса айтқандай, жылдағы дәрежеден әлдеқайда жоғары болды деп жатты қонақтар жағы.

Айта кету керек, қаңтар айында Абай мұражайынан «Абай» өнер мектебі ашылған болатын. Онда ақындар үйірмесі, мәнерлеп оқу шеберлігі, тоғызқұмалақ және дойбы ойындарының үйірмесі, қолөнер шеберханасы жұмыс істейді. Міне, аз ғана уақытта өз жемісін көрсетіп, Абайдың туған күнінде бар байлығын жайып салды бұл шаңырақ. Жиылған жұрттың бір бөлігі тоғызқұмалақ пен дойбыдан өткен облыс біріншілігін қызықтаса, бір бөлігі «Шеберлер ауылындағы» жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады.

Енді бірде, көзайым болып жүрген көпті М. Әуезовтің «Абай трагедиясы» (көркемдік жетекшісі Е.Жуасбек) оятып, ойлантып тастаса, қалың ойдың қатпарынан ақындар шеруі келіп, көңілдердегі көрікті ойды көкке көтерді. Сонымен, Абай туған топырақтан келген Төлеген Жанғалиев бастаған, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы қостаған, Қайрат Сабырбай, Мұратбек Оспанов, Сәтжан Қасымжанұлы, Бердіхан Мұратхан, Рүстем Мұхамедрахым, Қуандық Кенжебекұлы сынды алдыңғы толқын ағалар мен соңғы буын ақын-шәкірттер лек-легімен өлең оқыды.

Кештің сәнін келтіріп, көпті әуезді әндерімен тербетіп жүрген әншілер ауылына соқпай кету дұрыс болмас. Абай, Шәкәрімнің ән мұрасын насихаттаушы, өнер майталманы, дәстүрлі әнші Амангелді Жікеновтің орындауында Абайдың көптеген әндері шырқалды. Абайдың шәкірті Әлмағанбет Қапсалямұлының ұрпағы, әнші Қанат Қабылановтың, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышевтің, ҚР Мәдениет саласының үздігі Берік Омаровтың дауыстары тыңдармандардың көңілінен шығып жатты.

Құлақ құрышында құбылып ән тұрса, Алтыбақан аясында жарасым тауып бойжеткен мен бозбала жүрсе, міне, нағыз Абай ауылындағы той осы емес пе?! Көп назарын төр Алтайдың қазағы Бердіхан Мұратқандай ақын жігіт «Алтыбақан» аясына бұрды. Ең алдымен алтыбақан тарихы туралы шежіреші, этнограф Молдабек Жанболатұлына сөз беріліп, артынша жастар жағы осы жақта жүрді.

Кеш соңында Абай қорық-мұражайының директоры Болат Жүсіпбеков сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді және Абайдың туған күніне орай мұражай ғимараты түнгі 23.00-ге дейін жұмыс жасайтынын, Абай дәуірі мен өмір жайлы экскурсиялар, Абай туралы фильмдер көрсетілетінін жариялады.

Ұлы Абайдың туған күні бір Семейде емес, бүкіл Алаш жерінде атап өтілетін шара. Десе де, Семей – бұл Алаштың рухани астанасы. Биылғы Абайдың туған күні, міне, соған лайық атап өтілді.

Жұмабек Айқын,

Жерұйық сайты

 Tre’Quan Smith Womens Jersey

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation