Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > Бас баған > Махаббат кегі (Бегім ана туралы аңыз бен ақиқат)

Махаббат кегі (Бегім ана туралы аңыз бен ақиқат)

Аңыз бен ақиқатқа толы құпия сырлары бар Бегім Ана кесенесі – мемлекет қамқорлығындағы тарихи-мәдени ескерткіш. Арал теңізі жағасындағы Қаратерең ауылынан 30 шақырым оңтүстік шығысында XI ғасырда, бұдан он ғасыр бұрын салынған ескерткіштің қандай болғанын және неден жасалғанын ешкім де айта алмайды.

Аты аңызға айналған Бегім Ананың біз біле бермейтін өзіндік құпия сырлары бар. Бегім – тарихта Қарабура әулие деген атпен белгілі кісінің қызы. Осы қызға Санжар патша үйленіпті. Санжар аң құмар, саятшыл адам екен. Аңға шыққан бір сапарында қанжарын үйінде ұмыт қалдырған патша оны алып келуге қасындағы құлын жұмсайды. Бегім қанжарды ағаш үйдің жабығынан құлға ұсынады. Бегімнің сүйріктей ақ саусақтарын көргенде құл есінен танып, қолынан шап беріп ұстап, аттан аударылып құлайды. Біршама уақыттан соң есін жиып, патшаға келеді. Құлдың кешіккеніне патша ашуланып тұр еді. Ақталу үшін оның өтірік айтуына тура келеді. «Мұншама неге кідірдің?» деген патша сұрағына құл: «Сіздің әйеліңіз менің білегімнен ұстап жібермеді…» депті. Ашуға булыққан патша ақылға келместен аңға шыққан сапарын өзгертіп, үйіне қайтады. Келісімен әйелі Бегімнің оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де зынданға тастайды. Қансыраған Бегім жылап-еңіреп зынданда жата береді. Бір түні әкесі Қарабура қызының түсіне еніп: «Балам, шыныңды айт. Адал болсаң, Тәңірі жәрдем беріп, жан жараңды да, тән жараңды да жазар. Ал, күнәлі болсаң, Құдайдың қарғысына ұшырарсың» депті. Сол түні Қарабура әулие Санжардың да түсіне еніп: «Санжар шырағым, сен де менің бір балам едің. Адам өзінің өмірлік жолдасы – әйеліне істің ақ-қарасын анықтап барып, жаза қолданбас па? Егер қызым сенің көзіңе шөп салса, сол бойы өмірлік мүгедек болып, қорлық көріп өтсін. Ал, адал болса, оның адалдығына араша түспеген еліңді жылан жұтсын» депті. Шошып оянған патша уәзірін зындандағы Бегімнің не күйде екенін біліп келуге жұмсайды. Сұлу Бегім сол баяғы қалпында зынданда жатыр екен. Патшаның басы қатады. Уәзірлерімен кеңесіп отырғанда, қала ортасына аспаннан алып бір зат түсіп, ішінен шыққан жыландар халықты қыра бастайды. Қасында бірнеше адамымен қашып шыққан Санжар ақыры шөл далада қорлықпен өліпті. Ал, патшаға өкпелеген Бегім тәңірінің құдіретімен құс болып ұшып, теңіз жиегіндегі аралға – қазіргі тұрған жеріне қоныпты-мыс. Сол жерге әкесі Қарабура қызына үй салдырыпты дейді халық аузындағы аңыз…

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation