Маусымның 4-жұлдызында Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» Елорда мешіттерінің ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан» атты рухани кеш болып өтті.
ҚМДБ-ның бастамасымен қасиетті Рамазан айының құрметіне орай өткізілген рухани кешке Құрмаш Маханов, Төреғали Төрәлі, Бейбіт Құшқалиев, Қанатбек Полатбек, «Nomad» тобы сынды өнер жұлдыздары қатысып, тағылымды ән мен ғибратты термелерімен кеш мәнін кіргізе түсті.
«С.Ғылмани» мешітінің бас имамы, қари Жұманазар Садырхановтың қасиетті Құран аяттарын тиләуат етуімен ашылған кештің алғы сөзі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына ұсынылды. Қасиетті Рамазанның басталуымен құттықтаған Ержан қажы Малғажыұлы ұлық айдың нығметтерін айта келіп, барша отандастарымызды сауапқа толы мүбәрак айды ерекше құлшылықпен өткізуге шақырды. Кеш барысында «Хикмет» телерадиостудиясы даярлаған видеороликтер қойылып, жиналған жұртшылықтың толқынысын туғызды. Бұдан бөлек, Бейбіт Құсанбаевтың режиссерлігімен дайындалған Астана жастар театрының әртістері де «10 жылдық құлшылық», «Рамазандағы тендер» атты сахналық қойылымдар қойып, көрермендерді күлдіре отырып, терең ойға жетеледі. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарияланған «Дін және тарих тағылымы жылы» аясында ұйымдастырылып отырған діни мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау рәсімі рухани кештің салмағын арттыра түсті.
Сәуір айында тұсауы кесілген «БЕС ПАРЫЗ ЖӘНЕ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ» атты діни мүшәйра еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен насихатталып, республика көлеміндегі ауқымды ақындар аламанына айналған еді. Аузында – Алласы, қолында қаламы бар қазақтың қанын қыздырған дүбірлі додаға жалпы саны 434 ақын қатысты. Тіпті, ғаламтор арқылы хабардар болған Моңғолиядағы қандастарымыз да хат жолдап, бәйгеге өлең қосқан еді. Діни басқарма қолдауымен «Әзірет Сұлтан» мешіті ұйымдастырған мүшәйраға өлеңдерді қабылдау мамыр айының 21-жұлдызында аяқталған болатын. Айтулы аламанға үкілеп өлең қосқан ақындар қауымының асыға күткен ақтық шешімі Астана мешіттерінің ұйымдастырумен өткен кеш барысында белгілі болды. Елімізге белгілі атақты ғалым, академик Сейіт Қасқабасов ағамыз бастаған қазылар алқасы бұған дейін арнайы отырыс өткізіп, авторлардың аты-жөні жазылмаған өлеңдерге өздерінің бағасын беріп, жүлдегерлер есімі ұпай саны бойынша анықталған болатын. Айта кетейік, әділқазылар алқасында елімізге белгілі сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілік, ҚР Парламентінің депутаты Бекболат Тілеухан, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз, белгілі ақын Қалқаман Сариндер болды. Мүшәйра шарты бойынша көрсетілген екі бірдей тақырыпта өлең жолдап, өлең өлкесіндегі өзіндік қуат-қарымын танытқан жеңімпаз ақындар кеш барысында көрерменді жауһар жырларымен сусындатты. Кеш соңына дейін жабық конверт ішіндегі жеңімпаз ақындардың есімін елімізге белгілі дін және қоғам қайраткерлері ашып оқып, жұртшылыққа жария етті.
Сайыстың ынталандыру жүлдесіне Мейіржан Әлібеков, Рауан Қайдаров, Салтанат Қожа ,Бекарыс Нұримановтарға бұйырды.
Ал, жүлде қоры 250 мың болатын ІІІ-орынға Тағайбек Тұрысбеков пен Біржан Ермекұлы жайғасты.
ІІ-орын иеленген Ұларбек Нұрғалым мен Нұрбек Нұржанұлы кіші қажылыққа жолдама ұтып алды. Ал, үлкен қажылық жолдамасы І-орын алған Қуанышбек Шармановқа бұйырды. Сайысқа қатысқан 434 ақынның ішінде үздік шыққан Серікзат Дүйсенғазин мүшәйраның Бас жүлдесі – автокөліктің кілті табысталды.
Төменде жас ақын, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Біржан Ахмердің жүлде алып келген жырларын назарларыңызға ұсынамыз.
ХАН КЕНЕ
(Кенесары Қасымұлына)
Қара шалдан бата алып, қараша үйден аттанған,
Құдайының алдында шаһит кешіп, мақталған,
Толқыны асау теңіздей тұла бойда тасып қан,
Арыстандай ақырып, ата жауын шошытқан,
Абылайдың ұрпағы, Сұлтандардың сұлтаны –
Əзірейіл көзімен сұңқардайын сұқтанып,
Шідерісі шешілген тұлпардайын тепсініп,
Азаттыққа асыққан,
Ей, менің ерен туған, ерлік қылған Хан Кенем!..
Сөздеріне түкіріп бодан қылмақ ұлықтың,
Бір байрақтың астына батырларды жиып мың,
Дамыл таппай ұрысты далиған бұл далада,
Ұйқы көрмей ал үйде, шырылдады шарана…
Кекілік Сеңгір дейтұғын қырғыздардың жерінде,
Қырғыз-қазақ соғысты Майтөбенің белінде.
Əскері көп қырғыздар қоршауға алды қазақты,
Жалғыз қалған Хан Кене,
Өлім күтті азапты…
Екі рəкəт намазын оқып алып батырым,
О дүние есігін ашып жатты ақырын.
Абдырады сонда жұрт, жеңілдік пе, жеңдік пе?
Басын шайқап, таңырқап өлім жеңген өрлікке.
Тіліп,
Кесіп,
Азаптап,
Салсаң дағы жəбірге,
Иілмейді ешқашан – иілген бас Тəңірге!..
Екі рəкəт бұл намаз – Хан Кенеден қалған бақ,
Екі рəкəт намазбен – екі ғұмыр жалғанбақ.
Хан Кенем-ай!..
Сен құсап,
Дінім үшін бұлқынып,
Жұртым үшін жұлқынып,
Шаһиттіктің шəрбатын
Кетем кейде Армандап…
ИМАН
Ғұмыры – əлмисақ шартынан басталған,
Бес күндік қонақ боп түскен көк аспаннан,
Шырқалған азанның əуезді əні ұнап,
Маңына ақ қанат періште жамырап,
Маңдайы – Мəңгілік сəждені сағынып,
Жүрегі – Тек қана Тəңірге табынып,
Аят пен оқылған сүре аулап көңілін,
Пенделер пəк болып бастайды өмірін.
Содан ба?..
Бұл ғалам – секілді Раббымның ғажабы,
Ал Құран – Алланың ең сұлу ғазалы.
Жеті қат аспанды,
Жеті қат жерді де,
Жемісті, аң-құсты, тауларды, көлді де,
Жердегі құлына ақысыз сыйлаған,
Рахымды Құдайға сөз таппай қиналам…
Бес парыз дегенің – Аллаға алғысым,
Жоятын һәм күшім пенделер қарғысын.
Иманмен рухымның Қанатын жайдырып,
Намазбен тəнді емес, жанымды тойдырып,
Ораза киесін бір жұтым бал судан түсініп,
Осынау күніме Шүкірлік, Шүкірлік!..
Зекетпен Алланың əмірін мақұлдап,
Қажылық арқылы Құдайға жақындап,
Дұғамды қайталап ақ таңым атарда,
Күрең Күн батарда,
Келемін өмір деп аталған сапарда…
Білтелі Иманның шуағын сөндірмей,
Арымды, барымды нəпсіге жеңдірмей,
Мендегі бұл қанат – Аллаға сағыныш,
О, менің Жүрегім,
Пейішке Алып ұш!..
Лə илəһə иллаллаһ…