Сәрсенбі, Мам 17, 2017
Home > 1 > ҚАБАЕВА НАЗЕРКЕ КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ

ҚАБАЕВА НАЗЕРКЕ КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ

%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b5%d1%80%d0%ba%d0%b5-270x270


1996 жылдың 3-қаңтарында Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Өлең өлкесіне жастайынан енген ақын қыздың жырлары республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрады.

Республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы.

 

Таңырқайтын тылсымға қыз еді көп,
Түн-арудай жанында сыз..емі жоқ…
Түн жамылса жұлдызды моншақтарын,
Таң атқанша бір-бірлеп үзеді кеп…

Тұнық аспан, тұмша ой, сынық көңіл,
Тағы бұлай боларын біліп пе едім?!.
Егіз мұңды қос ару бүгін де үзді,
Бірі –  жұлдыз, ал бірі –  үміттерін…

Көктен – жұлдыз, жанардан жас тамады,
Арулардың қатулы қас-қабағы…
Таңсәріде қиял, ой бәрі ғайып,
Көңілімнің көгі де бос қалады…

Түннің шалқар мұңынан сыр ұққан ба,
Түнге қанша арманы сіңіп қалған…
Таң ауғанда күрсінді бір бойжеткен,
Армандарын жұлдыздай жұлып болған…

(ІІ)

Ай, көркемім, бүгін де жүзің сынық,
О, қараша, өтті ме күзің суық?
Мың жұлдызды қадапты-ау қара түннің,
Кеудесіне Әлдекім бізін сұғып.

Қарашам-ау, неліктен ызғарың бар,
Мұзға айналып барады-ау күзгі ағындар…
Аспанымды мұңайта көрмеші тек,
Мұң ортақ ғой түнменен бізде ауырлар.

Әлде “Жазмыш” дегенің осылай ма,
Жүзі сынып, толады сосын Ай да.
Ал адамдар, олар да дәл өзіңдей…
Уайым соңы, бақыттың басы қайда?

Түнге ғашық жан едім бала күннен,
Қара аспанда бұлт жылжып жанарыммен…
Аспан, сені түсіне алмаймын-ау,
Қарашаға айналып барамын мен…

 

ЕРТІСПЕН СЫРЛАСУ

 Ертісім, сырлас құрбым-ау,

Менің де жайым мұңдылау.

Құлдырап кетті армандар,

Жанымды қысты қылбұрау.

 

Бақыттың білмей түр-түсін,

Адасып қалды-ау жыр – құсым.

Мазақ қып кеткен жанымды,

Қайғымның қайтем күлкісін?!

 

Сен ғана жалғыз түсінген,

«Еңсеңді, –  дейсің –  түсірме,

Жаурамаушы ма ед пенделер

Жылынулары үшін де?!»

 

Бір саған шертіп мұң-сырды,

Уайымымды айтып ұмсындым.

Жанымды ұққан ба екенсің,

Күрсіндің, неге күрсіндің?

 

Іңірде кезген ойлардың,

Біріне солай байландым.

Дәл менің ойларым сынды,

Иіріміңе қайранмын. ..

 

Иіргін, иір, жеңілме,

Бақытым жақын менің де…

Деп едім үнсіз қалдың ғой,

Жоқ, әлде сенбегенің бе?

Мезгілсіз ерте мұң сынды,

Күрсіндің, тағы күрсіндің…

 

* * *

Көгершіндерім, алып ұшыңдар,
Сағынышым бар мөп-мөлдір…

Қанаттарыңа хат жазар ма еді,
Хат жазар ма едім сыр толған.
Махаббатымдай ақ ғазал ма еді,
Ақ ғазал ма едің мұң тамған.
Жанымның жұлдым ақ парақтарын,
Көңілім асып-тасытқан.
Суытпай сезім сақтар оттарын,
Қашықтық сөз бе ғашыққа…

Жүзімнен сырғып мұң өткенінде,
Қауырсыныңа тығылар.
Кішкентай ғана жүректеріңде,
Күннің бір жылы нұры бар.

Көгершіндерім, асық боп талғам,
Білсеңдер қандай күй менде…
Мен де оған шексіз ғашық боп қалғам,
Сендер аспанды сүйгендей!

Көгершіндерім, алып ұшыңдар,
Сағынышым бар мөп-мөлдір…

P.S. Көгершіндерден сыр ұғыңызшы,
Сыр ұғыңызшы, өтінем…
Күншығыс жаққа бұрылыңызшы,
Сағынып Сізді кетіп ем…

 

Бөлісу:

Жауап жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

+ 2 = 7