1993 жылдың 23-тамызында ШҚО, Аягөз ауданы, Ақтоғай бекетінде дүниеге келген.
Қазіргі таңда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.
«Жебе» ақындар мектебінің жетекшісі. Қадыр Мырза Әліге арналған «Өлмес өлең» атты республикалық жыр мүшәйрасының 1-орын иегері.
ƏЛДИ-АНА
Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың.
“Жас теректі” несіне уайымдадың,
Жел соғады, əйтеуір жел болғасын.
Жұлдыз біткен жұтылып жанарыңа,
Мейірімге тұншықты-ау ғалам мына.
Жер дегенің – пендеге болса мекен,
Аспанды əкеп қоямын табаныңа!
Таусылмашы… Емес бұл жанашуым –
Аналардың қашан да бағасы ұлы!
Сенің көзің – Құдайға сыйынатын,
Он сегіз мың ғаламның қарашығы.
Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың.
“Жас теректі” несіне уайымдадың,
Сел жүреді, əйтеуір сел болғасын.
Ал, мына түн – өзгермес байырғы түн,
Қайырсыз кім, білмеймін қайырлы кім…
Ұйықташы, анашым, алаңдамай,
Ұйықтаңдар, аналар, қайырлы түн!
Əлди, Ана…
ҚАЙЫРШЫ
Тоқтамай бір жан өте ме?
Қаланың демі – тым суық.
Ол неге жатыр көшеде,
Ол неге жатыр күрсініп?..
Қайғыдан тас боп қалсаң да,
Тұрсаңшы енді, байғұсым.
Біреуге күлкі болсаң да,
Мен үшін ауыр қайғысың.
Жібітіп көңіл тоңыңды,
Қайғыңды Күндей еріткен,
Аллаға жаяр қолыңды,
Адамға жайдың неліктен?!
Сынаққа келер дайын кім,
Өлшеулі мынау бес күнде.
Шаранасында уайымның,
Шарасыз қалғып кеттің бе?
Үміттің отын жаға алмай,
Мұң толды көңіл-кесеме.
Бəріміз – бақыт таба алмай,
Қаңғыған жанбыз көшеде…
КҮЛІКТІҢ КӨЗ ЖАСЫ
Күрең белде кісінесе бір құлын,
Беймаза боп өтетіндей бұл түнім.
Жас тамғанын көріп пе едің, қалқатай,
Жанарынан жылқының?
Көрсең етті, көрсең етті мұны да,
Жануардың қанық болып мұңына.
Мен сияқты балауды да қоюшы ең,
Кей адамды ұлыға!
Терін алып, сайын дала төсінде,
Мен тайыммен шабушы едім көсіле.
Солай жортып келе жатқан сәтте бір,
Сүрінгені есімде.
От тұяғы орға кіріп кеткеннен,
Бір аяғы сынғандығын дөп көргем.
(Кейде осылай сүрінеді кісі де,
Өту үшін өткелден).
Күреңіме көрінгендей асқар жат,
Жатыр екен көздерінен жас парлап.
Болды сонда бар назары аттың тек,
Ақ бұлт жүзген аспан жақ.
…Кел, жарқыным, үркиді деп қашпағын,
Оның мұңы – сен көргеннен басқа мұң.
Күлік сынды жылағанда сезесің,
Жүрегіңде тас барын.
Әттең, әттең, жоқ болған соң мұңдасы,
Жылқы жүрек күрсінеді, тыңдашы.
Ғұмыр бойы пенде төккен моншақтар –
Сәйгүліктің бір жасы…