Демалыс маусымы ашылған күннен-ақ Жасыбай демалыс аумағына демалушылар толастаған емес. Лек-легімен ағылған автокөліктер келіп те кетіп те жатыр. Көл жағалай жазғы демалыстың қызығына батуға келгендердің арасында жергілікті тұрғындардан бөлек, республикамыздың түкпір-түкпірінен, қалаберді өзге елдерден де келгендер бар. Көл толқыны, көк толқын бір-бірімен жарыса соққанда, су сыңғыр қаққанда, оған Баянауланың әсем де сұлу табиғаты қосылғанда масаттанбауға болмас, сірә. Үш аптаға жуық уақыт аралығында Жасыбай демалыс аймағында 2000-ға жуық демалушы таза ауамен тыныстап, көлдің қызығына батты.
Көгілдір толқынмен тербелген көлге түсіп, құмда жатып күн көзіне қыздырынып демалыстың керемет үлгісін көрсетіп жүргендерге қарап көңіл толады. Оның үстіне, адамдардың шаттық, қуанышы мен у да шу күлкісі, көл бетінде желмен жарысқан қайықтың дыбысы, барлығы да мазасыз бір тірліктен бойды алшақтатады.
Жасыбай демалыс аймағының ашылғанына көп күн бола қойған жоқ. Сонда да, көл жағасындағы демалушылардан, көліктері мен шатырларынан аяқ алып жүргісіз. Туристер үшін салынған арнайы үйлер де лық толы. Күлімдеген күн нұрын шашып, көгілдір бұлттар су бетіне шағылысқан сұлу да келбетті мекенде ыстық құмды жалаң аяқпен баса серуендеп жүріп бойыңды әлдебір жеңілдік билеп, көңілің көтеріледі. Осындай шаттыққа толы, көздері күлімдеп, қуаныш пен шаттықтан масаттанған демалушылардың бірін сөзге тартқан едік. Азамат Буженов – Қостанай қаласының тұрғыны. Бұл өңірге алғаш табан тіреген ол бұл жолғы демалысының өте ерекше әрі қызықты өтіп жатқандығымен бөлісті:
– Көз тартар табиғаты бар Баянаула мені ерекше баурап алды. Жасыбай демалыс аймағына барар айналма жолды сөзбен айтып жеткізу, тіпті мүмкін емес. Оған жасыл желек қосылғанда, ертегі елінде саяхатта жүргендей сезінесің. Бар әлемнің сұлулығын құдды бір осы жерге ғана жинақтағандай. Су үстінде орналастырылған субұрқақ кеш бата түрлі-түспен буырқанғанда еріксіз көзің түседі. Оған қосарланған шамдар айналаны ерекше жарықтандырады. Бірақ, бір әттеген-айы, толқынмен толқын жарысқан судан шығып, күн нұрына сүйсінгің-ақ келеді. Бірақ, ондағы кереуеттер ақылы екен. Бұл сәл ғана қолайсыздық тудырғаны жасырын емес. Ол нәрсені ысырып қойсақ, барлығы да керемет. Жан мен тәннің тыныштығы мен рахат сезімді осы жерде кештім. Бұл демалысым маған өте ұнады, – дейді қостанайлық демалушы.
Иә, әсем табиғатқа масаттанбайтын, қызыға да қызғана қарамайтын адам жоқ. Күн шуағына бөленген демалыс аймағында көзімізге түскен келушілердің бірі – Сеилхановтар әулеті. Бұл отбасы Жасыбай демалыс аймағында осымен екінші рет екен.
Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл жерде айтарлықтай, көз тоятындай елеулі өзгерістер, оң нәтиже байқалады. Біз отбасымызбен екінші рет келіп тұрмыз. Балаларымыз ойын алаңында асыр салып ойнап, құмда еркін аунайды. Өзіміз де суға сүңгіп, шатыр астында шақырайған күннен қорғанып, еркін тыныстап жата аламыз. Аспалы пирс пен субұрқақ алыстан мұнартып, көз тартады. Биылғы үдерістер мен өзгерістер, жаңалықтар мен жаңашылдық бізді бір марқайтты. Көзіміз тойып, демалыстың озық үлгісін көрсеттік деп ойлаймын, – дейді демалыстың қызығына батқан отбасы.
Жайлы жағдайда демалғанды ұнататындар үшін Жасыбай демалыс аймағы бар мүмкіншіліктер мен ыңғайын тапқан. Моторлы қайық, ыстық құм, дәмханалар мен үйлердің барлығы жағымды демалыс үшін. Жағажайда ине шаншыр жер жоқ. Мұның барлығы да бұл аймақтың көңілге қонымды, жанға жылы екендігінің айғағы болса керек. Олай болса, жан саясын іздеген жанды Жасыбайға шақырамыз!
Әлия ТАУКЕНОВА.