Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Алты алаш айтты тойлады

Алты алаш айтты тойлады

Исламдағы ұлық мерекенің бірі де бірегейі – Рамазан айты. Айттың бірінші күнін аудандық Мұса мырза мешіті думанды той қылып өткізді. Орталық мешітте жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6.30-да қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік Айт намазы оқылды.

Айт намазына аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы қатысып, барша жамағатты Оразаның аяқталуымен құттықтап, барша мұсылмандардың осы қасиетті айдағы жасаған сауапты амалдары қабыл болсын деп тіледі. 30 күн аузын бекіткен жамағат үшін бұл ерекше күн. Қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасса да, Ораза айтты асқан қуанышпен қарсы алды. Сондықтан, таңмен таласа тұрып айт намазын оқуға келгендер  мешітке сыймай қалды. Аллаға құлшылық еткен көптеген адам бір мезетте тізе бүгіп, басын сәждеге иді.

Намаздан соң жамағат айт мейрамын тойлауды бастап кетті. Айт күні айттық сұраған адамға айттық беру – ізгіліктің нышаны. Айт намазы аяқталған соң намазға қатысқан жамағатқа мерекелік дастархан жайылып, қонақтар алуан түрлі астан дәм татты. Айт шайы беріліп, дастархан басында уағыз, астары терең сөздер айтылды. Осы күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік етіп, бір-біріне игі тілектерін жаудырды.

Мешіттің бас имамы Саян қажы Арыстанұлы жамағатқа айт мерекесінің маңызы мен шарапаты туралы түсіндіріп, ғибратты әңгімелер өрілді. Мешіт қызметкерлері биылғы Рамазан айтын жылдағыдан ерекше, думандатып тойлады. Олардың басты назарға алған нысандары – балалар. Сәби жүрегі пәк әрі таза. Тумысынан не нәрсені көріп, не нәрсеге әуестенсе, болашақтағы бағдары да солай бағытталады. Осы орайда мешіт жамағаты өз қаражаттарына балаларға арнап тәтті-дәмділер алып, бүлдіршіндерді бұл мейрамды тойлауға шақырды. Ұлық мерекенің маңызы мен мәнін түсіндіріп, олардың бойындағы ұлттық рух мен имандылықты өрбіте түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айттық беру – мерекенің мерейін асырып, береке-бірлікті нығайтатын нәрсе. Сондай-ақ, бұл жолғы игі бастама айтты жалпыхалықтық мерекеге айналдыруға дәнекер бола алады. Намазхан жамағат Айтты думандатып тойлап, сәбилерге шаттық пен күлкі сыйлайтын мерекені жылдағы дәстүрге айналдырмақшы. Мұсылманның шапағат пен қасиет қонған мерекесі берекелі болып, жалғасын тауып жатса нұр үстіне нұр.

Аудандық «Мұса мырза» мешітінің ұжымы барша мұсылмандарды Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, екі дүниенің жақсылығын тіледі. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы – мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», – деп өсиет еткен. Олай болса, керіскендерімізді кешіретін, ұрысқанымызбен татуласатын күн туды. Арамыздағы бірлік пен достық, ынтымақ нығайып, береке тасысын. Алла тағала тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

 

Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ,

Баянауыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation