Мектептегі соңғы қоңырау сыңғыры түлектер жүрегіне үміт ұялатып, үлкен өмірге есік ашады. Соңғы қоңырау сыңғырымен балалық шақтың есігін асыға жапқандар бала шақтан болшаққа қол созады. Бұл жолдың алғашқы баспалдағы – мамандық таңдау. Олай болса, Баянауыл аграрлық-техникалық колледжі сапалы білім мен жоғары жетістікке ұмтылғандарды шақырады!
«Шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы». Бүгінгі техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның қарқыны қарыштап, деңгейі жоғарылап тұрған күнде аталмыш колледж студенттер үшін бар жағдайды жасаған. Мамандық таңдау – болашақты таңдау екенін ескерсеңіздер, алғашқы қадам берік әрі нақты болуға тиіс. Бүгінде барлық талапкер жоғары білімді маман болуға талпынады. Ол дұрыс та шығар. Дегенмен де, атауы жақсы, сұранысы төмен мамандықтың қажеті шамалы. Бұл күндері күннен-күнге заманауи технологияның сан түрі шығарылып жатыр. Кезінде арман болған «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу» да таңсық емес бүгінгі жұртқа. Жеті қат көкті зерделеп, ғарышқа да табан тірелді. Яғни, төрткүл әлем техникаға телмірген. Демек, Баянауыл аграрлық-техникалық колледжінің мүмкіндігі жоғары, сұранысқа да ие. Колледждің тынысы мен мүмкіндіктері жайлы басшының өндірістік оқыту бойынша орынбасары Ерқанат Мүбәракұлынан сұрап-білген едік.
Аталған техникалық және кәсіптік білім беру ордасы 5 мамандық бойынша білім береді. Атап айтсақ, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану (3 біліктілік бойынша), Пісіру ісі (электр газымен дәнекерлеуші), тамақтандыруды ұйымдастыру (2 біліктілік), есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, фермер шаруашылығы. Ерқанат Төлеубековтің мәлімдеуінше, аталған білім ордасы мамандықтар аясын кеңейту үшін жұмыстар жасауда. Халыққа қажет қарекетті осы ордадан меңгере аласыздар. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орман шаруашылығы, бақша-саябақтық және ландшафт құрылысы атты екі мамандық бойынша талапкерлер қабылданатын күн де алыс емес. Колледж студенттер үшін барлық жағдайды жасаған. Жағыпар Түсіпбаев басшылық ететін дуалды оқыту элементтері енгізілген колледжде 24 оқытушы білім нәрімен сусындатады. Олардың 20-сы жоғары білімді, қалғаны арнайы орта білімді өз ісін жетік білетін мамандар. Сондай-ақ, 75 орындық жатақхана білім іздеген студенттер үшін қызмет көрсетеді. Онда демалатын орын мен тамақ әзірлейтін орындар жеке қарастырылған. 2011 жылдан тек қазақ тілінде тегін білім беретін колледж ғимараты 425 орынға арналған. Биылғы жылғы жоспар – 85 талапкер.
Баянауыл колледжінің оқу-материалдық базасы да бай. 7500-ге жуық оқулығы бар кітапхана ізденуші үшін жабдықталған. Сондай-ақ, дәнекерлеу, ағаш өңдеу, құрылыс шеберханасы, слесарлық және аспаз шеберханалары студенттердің тәжірибелік жұмыстарын жүргізуге қолайлы әрі толығымен жабдықталған.
– Біздің колледжде сабақтарды жүргізу үшін барынша жағдай жасалған. Екі торактор, оның арнайы қосымшалары, Газ-53 жүк көлігі және қызметтік көлігіміз бар. Сондай-ақ, 7 интерактивті тақта дәріс жүргізу барысында өте қолайлы. Жағдай бірте-бірте жақсарып келеді. Студенттердің тәжірибелік жұмыстарын жүргізуге аналған кабинеттер де жабдықталған. Сонымен қатар, «МТС-Жайма» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Яғни, студенттер сол жерде іс-тәжірибеден өтіп, машықтанады. «МТС-Жайма» ЖШС-нің басшысы Батырбек Алдабергеновке, механизаторлар Амангелді Жақұпов, Николай Бохрамеев, Ернұр Тұрсынбаев, Бақтияр Айтбаев, Серік Құсайынов, ғалымбек Қалымжановқа студенттерді үйретіп, тәжірибелерімен бөліскендері үшін алғысымыз шексіз. Біздің студенттеріміздің аталған сала бойынша машықтануында аталған тәлімгерлердің үлесі зор. Мектептің жоғары сыныптарымен де тығыз қарым-қатынас орнаған. Айталық, Ш.айманов мектебінің жоғары сынып оқушылары біздің колледжге келіп, мұндағы мамандықтар жайлы біліп, сабақтардың жүру тәртібімен, тәжірибелік сабақтар, құрал-жабдықтармен танысып, қызығушылықтарын танытты, – дейді директордың өндірістік оқыту бойынша орынбасары Е.Мүбәракұлы.
Алған білімді бекітуде тәжірибенің орны ерекше екенін айтқан Ерқанат Төлеубеков колледжде аптасына бір рет өндірістік оқыту бойынша тәжірибе сабақтары жүргізілетінін тілге тиек етті. Аталған білім ордасы түлектерді қабылдауды 20-шы маусым-20-шы тамыз аралығында жүргізеді. Материалдық-техникалық базасы жаңартылған, кадрлар жүйесі мардымды, мамандық аясы кеңейтілген техникалық және кәсіптік білім беру ордасы техника мен технологияны үйренбекке құмар, осы салада жетістік жетегіне түсуді мақсұт тұтатын талапкерлерді құшақ жая қарсы алады. Таңдауың дұрыс болсын, талапкер!
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.