Қазақ халқына көптеген ғасырлар бойы өз тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күресуге тура келді. Қатерлі сәттерде өзінің бірлігін сақтай білген, әркез бейбіт өмірге талпынған, көршілес елдермен тату болуға тырысқан жақсы қасиеттерінің арқасында қазақ халқы тарих толқынында жоғалып кетпей, ондаған жылдардан соң мемлекеттілігін қалпына келтірді.
25 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздігін алып, өз тарихының жаңа кезеңін аша отырып, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, нығайды. Біздің еліміз дамудың жаңа жолына түсе отырып, бостандықты ғарырлар бойы аңсаған халқымыздың арманына қол жеткізді. Халқымыз өз мәдениетін, тілін, дінін, сенімін және салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, дамытуға мүмкіндік алды.
2017 жыл – Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін ерекше кезең. Өйткені үстіміздегі жылы біздер М.О.Әуезовтің туғанына 120 жыл, Алаш ұлттық территориялық автономиясы мен «Алаш Орда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл толғанына орай ұйымдастырылатын салтанатты мерекелердің, Астанада өткізілетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің куәгері болмақпыз.
Ерекшелігі бір мезгілде бүкіл ел болып бір кітапты оқып-талқылау болып табылатын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының кезекті кезеңін өткізу де Қазақстан мәдениетінде маңызды орын алатын оқиғалардың бірі болып табылады.
Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін көпшілікке танымал ету, қоғамның кітап оқуға және Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылығын арттырып, өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал ету.
Аталмыш республикалық акция Қазақстанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Құрамында Қазақстан кітапханаларының басшылары болған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын Ұйымдастыру комитетінің шешімімен және Қазақстан Республикасының кітапқұмарлары арасында кітапханалар жүргізген сауалнама нәтижелерін сараптай келе, 2017 жылы жалпыға бірдей оқуға қазақ әдебиеті тарихына белгілі ақын, ХІХ ғасырдың көрнекті тұлғасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары таңдалды.
Акция барысында дәстүр бойынша ұлттық, облыстық, аудандық, ауылдық кітапхана оқырмандары, мектеп және колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері жаппай оқуға ұсынылған шығармаларды қызығушылықпен оқып, автордың өмірбаянымен және шығармашылық жолымен танысады.
Семей қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері де өз оқырмандарына С.Торайғыров шығармаларындағы асқақ та шынайы жолдарды жеткізу және оның кітаптарын ілгерілету үшін, жалпы классикалық қазақ әдебиетін насихаттауда, кітап оқуды қолдау мақсатында жарқын, инновациялық жұмыс түрлерін қолданады. Бұл – ашық кітап көрмелері, библиографиялық шолулар мен оқу марафондары, әдеби пікірталастар мен кітап оқуға құштар оқырмандар кездесулері, тақырыптық кештер мен әдеби клуб отырыстары, ақпарат, поэзия және әдеби сағаттар.
Біз қала тұрғындары мен қонақтарын «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапхана-бөлімшелерінде ұйымдастырылатын мәдени шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.
Семей қалалық орталық кітапхана ұжымы