10 күннен бері Меңдібаевтардың отбасынан тыныштық қашты. Ерғазы мен Динараның суреті әлеуметтік желі арқылы тарап, “ерте үйленген жасөспірімдер” деген жалған ақпарат жайылып кетті. 7 ай бұрын шаңырақ көтерген 20-21 жастағы ерлі-зайыптыларға жұрт күмәнмен қарай бастады. Қоғамдық орындарда жеке куәліктерін алып жүреді. Өзгелерге өздерінің кәмелеттік жаста екендерін дәлелдеуден шаршаған Ерғазы Меңдібаев қауесет таратқандардың үстінен арызданды деп хабарлайды mangystautv.kz
Бұл әлеуметтік желі арқылы көпке таныс Ерғазы мен Динара. Желіге “Жаңаөзенде 14 жастағы жасөспірімдер бас қосты” деген жалған ақпарат тарап кетті. 21 және 20 жастағы ерлі-зайыптылар суретті жеке парақшасына салған. Ол қолдан-қолға тарап, әр сайт ақпаратты нақтыламай басты,- дейді Ерғазы. Содан бері құрылғанына 7 ай болған жас шаңырақтың шырқы қашты.
Ерғазы Меңдібаев
– Осы сурет шыққаннан бастап, әркімнің алып қашпа өсектерінен, күннен күнге жалған ақпарат таратуынан шаршадық. Отбасымызға қатты әсерін тигізіп жатыр. Өйткені мына келіншегіміз бен ұрысып қалуға дейін бардық. Неліктен сол суретті түсіріп қойдың деген. Рұқсатсыз шығарған адамдарды, күлкіге айналдырған адамдарды заң алдында жазалауынын талап етемін.
Ерғазы мен Динараның суреті желідегі желіккендердің ермегіне айналды. Бірі келеке етсе, енді бірі- бұлардың сыртынан ғайбат айтып, кінә артуда. Тағы бір топ мүсіркей бастады. Мұның барлығы желіні шолып отырған Ерғазы мен Динараға оңай емес. Алғашында әзіл деп қараған жас жұбайлар іс насырға шауып кетті деп отыр. Мұндай танымалдылықты қаламайтын Меңдібаевтар суретті желіге салған адамды анықтамақшы. Сондықтан облыстық прокуратураға арызданған.
Берік Жексенбет – МО прокуратурасы аппаратының бас маманы
Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін, кәнілі тұлғаларға тиісті шара қолдануын сұрап жазған өтініші келіп түсті. Ерғазы Меңдібаевтің арызын жан жақты тексеріп, шаралар қолдану үшін Маңғыстау облысы прокуратурасымен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне жолданды.
Желіге адамның жеке өмірі жөнінде жариялап, қауесет таратқан жағдай жалғыз бұл емес. Құқық қорғаушылар өңірде мұндай оқиғалар бар екенін айтады. Бірақ, заң жүзінде шағымданғандар аз. Қазақылықты алға тартатындар, кешірімшіл. Алайда, Ерғазы Меңдібаев бұл істі соңына дейін жеткізуге бел буып отыр. Оның ойынша желідегі жауапкершілік қалыптасу қажет. Заңгерлер бұл тұрғыда заңның күшейгенін ескертеді.
Сәкен Жұбанов – заңгер
Жаңа кодекс бойынша әлеуметтік желі жауапкершілігі артты. Мысалға, негізсіз жала жапқан адамға 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондықтан, әр сөзіңізге сақ болыңыз.
Әлеуметтік желідегі жазбаны қадағалау күшейді. Аузым өзімдікі деп, ойына келгенді жазуға болмайды. Қылмыстық кодексте оның да жауапкершілігі мен жазасы бар екенін ескерген жөн.