Моңғолиядан келген қандасымыз – ЭКСПО көрмесіне арнап 8 қанатты ерекше киіз үй әзірлепті. Оның керегесінен бастап, шаңырағына дейін ұлттық нақышта ойылыпты. Ондағы ойы- шеттен келген меймандарға ұлтымыздың салтын, ғұрпы мен ділін көрсету екен.
Шеберлер қазақ үйдің 96 уығының барлығына бірдей ою-өрнек салыпты. Оның сыртында қазақ үйге кіріп келгенде ерекше көзге көрінетін әдемі көріністердің бірі – шаңыраққа қазақтың қошқар мүйіз оюы бедерленіпті.
Сегіз қанатты сәнді үй бір қарағанда өзге қазақ үйлерден айырмашылығы жоқтай көрінеді. Бірақ, ішке кірген сәтте әрбір затының ерекше ықылас, ынтамен жасалғаны бірден байқалады. Кереге талдан, уық ақ қайың ағашынан жасалса, өрнектелген оюлы есік шыршадан жонылыпты.
«Қарашаңырақ, елжұртымыз. Осының мәртебесіне мен өзім Моңғолияда тұрсамда осыған өзімнің үлесімді қоссам деп еліміздің орталығына ЭКСПО–ға апарып тіксем деген арманда істеттім. Өзімде жасадым, өзіммен бірге шеберлерде жасады. Ақшамды, дүниемді де аямадым»,- деді Шебер, Қозау ТАБЕРЕКҰЛЫ.
Моңғолияның қазағы аз, ішкі аймағында өмір сүрген шеберлер үйдің ішіне қоятын сандық, ыдыс сынды өзгеде қажетті заттарды қолдан ойдық дейді. Тіреуішке елтаңбаны да ерінбей салғызыпты. ЭКСПО-ға келетін қонақтар қазақ тарихынан ақпарат алу үшін сиыр терісіне қазақ тарихынан мәлімет-көріністерді салғызып жатыр.
«Қазақстанның елтаңбасы біз үшін аса құрметті және де мақтанышымыз. Сол мақтанышымыз үшін Елтаңбаны қазақ үйдің тіреуішіне ойып жасадық»,- деді Оңғаргүл ҚОЗАУҚЫЗЫ.
Қожау шебер қазақ үйді жасауға кеткен шығынның аз емес екендігін айтқанмен, нақты қаржыны есептемепті. Тек бес мың шақырымдық теміржолға контейнер жалдап, Уланбатырдан Алматыға дейін жеткізу ақысы мен кедендік салыққа бес мың доллар төлепті. Үш жылда жұмысын аяқтаған, атамекеніме келдім деген шебер енді ЭКСПО көрмесіне қатысу құжаттарымен күнін өткізбек.