Атақты Жиренше шешеннің зайыбы Қарашаш парасатты әйел болған екен. Қарашашқа көзі түскен сол заманның Ханы күйеуін алыс сапарға жіберіп, өзі нөкерлетіп Қарашаштың отауына келеді. Ханның келетінінен хабардар болып отырған Жиреншенің зайыбы тағам пісіріп, оны неше түрлі ыдысқа салып қояды. Арам оймен келген Патша дастарқандағы тағамның көптігін көріп, таң қалады.
Бұл неткен көп дәм, дейді. Әйел айтады, бәрінің дәмін татып көріңіз дейді. Хан бәрінің дәмін татады. Қарашаш апамыз, «ең дәмді тағам қайсысы екен» дейді. Хан, «барлық тағам дәмді» дейді. Қарашаш айтады, «хан ием, әйелдерде осы әртүрлі ыдыстағы атамадар сияқты, барлығының дәмі бірдей». Хан ұялып үндемей аттанып кетіпті. Неткен иманды да, парасатты әйел десеңізші.
Сол сияқты Асан қайғы атамыздың ұлы Абат өзiнiң батырлығымен, жомарттығымен, кеңпейiлдiгiмен, мырзалығымен аты шыққан жiгiт екен. “Осы елде кiм батыр, кiм мырза, кiм жомарт, кiм кеңпейiл? – деген сұраққа бәрi “Абат” – деп жауап беретiн көрінеді. Бiр күнi Алтын Орда ханы әз-Жәнiбек ордасында отырып, Абатты сынамақ болып кiсiлердi жiбередi. Олардың барлығы Абатқа барып, батырлығына, жомарттығына, кеңпейiлдiгiне, мырзалығына тәнтi болып оралады. Ең соңында хан Абатты сүрiндiре алмаған соң, реңдi, өнерлi, сөзуар жiгiттi Абаттың үйiне барып, қалайда әйелiн жолдан тайдыруды тапсырады. Жiгiт қонақ болып Абаттың үйiне келедi. Келген жiгiттiң мақсаты не екенiн сезген Абат, қонақасын бергеннен кейiн, қонағынан рұқсат сұрап, аңға шығып кетедi. Бiр апта аңда болып, қайта оралса, қонақ жiгiт әлi кетпепті. Абат оған ешнәрсе айтпайды.
Қонақ қайтып кетедi де, ханға барып болған оқиғаны баяндайды. Қанша әрекет жасаса да Абаттың әйелiн жолдан тайдыра алмағанын айтады. Жәнiбек хан Абатты қанша сынаса да ешнәрсе шығара алмасын түсiнiп, Абаттың өзiн шақырады. Абат келген соң былай дейдi: “Әй, Абат, мен сенi қанша сынасам да, сүрiнбедiң. Мырзалығыңа, жомарттығыңа, кеңпейiлдiгiңе, батырлығыңа тәнтi болдым. Ал әйелiңдi қызғанбай, бөтен еркекпен қалдырып кеткенiңдi түсiне алмадым. Оның сыры неде?” – деп сұрапты.
Сонда Абат: “Адам баласы жасаған ұрлығын адамнан жасырса да, Алладан жасыра алмайды. Иманы берiк адам ешқашан жамандыққа бармайды. Өйткенi ол Алланың қаһарынан қорқады. Имансыз болса, оны аңдығаннан пайда жоқ. Ретi келгенде арамдықтан бас тартпайды. Сол себептi, мен бұл мәселеге бас ауыртпаймын”, – деген екен.