1-дәріс. ОҚЫМЫСТЫ АБАЙ

1-daris

1-daris

ОҚЫМЫСТЫ АБАЙ
1878-1884 жж. аралығы

1878 жылдың қысында Абайдың үстінен 12 тергеу іс қозғалған. Ұлық Абайды болыстықтан босатты. Тергеу жеті жыл жүрді. Осынау жеті жыл барша сәттіліктің басы: ұқыпты Абай ғылым теңізіне қайық салды, оқу- жазуға, ой еңбегіне ауысты. Яғни 1878-1884 жылдар аралығы келешек ақын білім қорын жинауға мүмкіндік алған маңызды белес болып табылады.

Әлемдік көркем әдебиет шалқарында

     Мына ғажапқа қараңыз, Абайды мұқатамыз, сүріндіреміз деген теріс пиғыл соңы дәйім сәттілікке жалғасып отырған (Хақ тағала әулие ақынның жоғары өрлеп, ілгері басуына әу бастан көз болып, бағын ашқан ба дерсің). 1878 жылдың қысында 12 іспен тергелген 33 жастағы қайраткер Абай бірыңғай ой еңбегіне ауысты. Осы жылы Семейде қоғамдық кітапхана ашылды. Орыс зиялыларымен достасты. Сәттілік, қайырлы деген осы емес пе.
Абайдың ең қимас досы айдауда жүрген Михаэлиспен танысуын Әуезов былайша айтады. Михаэлис өзіне керек бір кітапты іздеп кітапханаға келіп тұрғанда, сол жерде Толстойдың кітабын сұрап Абай да тұр екен. Михаэлиске қыр қазағының сол кітапты сұрауы таңсық көрінеді. Сондықтан ол Абайдан: «Толстой неге керек?» деп сұрағанда, Абай өзінің кітап қарастырып жүрген жайын айтады. Содан екеуі кітапханадан бірге шығып әңгімелесіп-ақ кетеді. Таяу арада сыйлас, айырылмас дос адамдар хәліне жететінін кім білген.
Сөйтіп, жасы 30 ішіндегі Абай бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, «өз өзінен ізденіп, қармана бастайды» (Әуезов). Әсіресе, 1878 жылы 12 тергеу іспен Семейде 4-5 ай үй қамаққа (домашний арест) алынуы сілкініс әкелді. Қалада жатып, едеуір тіл білген соң, енді «ар жағы батыстан, бер жағы орыстан» дегендей көркем әдебиетті оқуға кіріседі. Атап айтқанда, орыстан — Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин; орысшаға аударылған батысеуропалық әдебиеттен — Гете, Байрон, Гейне, Мицкевич, сол сияқты ойшыл-философтардан — Бокль, Милль, Дарвин, Дрэпер. Бәрі де Семейдегі көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар басына көтерген танымал авторлар.
«Пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, — дейді Абай. – Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен» (15-сөз).
Сол орынды ісі — ғылым түндігін ашқан шағы «Абай жолында» қалыс қалмаған. Аңсары оқу, білімге ауып, Ақшоқыдан Семейге беттеген Абайға «Шешең болса кәрі, балаларың шиеттей жас, оларды тастап қайда барасың» деп емеуірін танытқан Ділдәға қоштасу сәтінде: «Мен желік іздеп бара жатқам жоқ. Адамшылық қасиетін іздеп барам! Соны ұққайсың! – деді» («Қияда» тарауы). Бұл арада «адамшылық қасиет» деп ғылым, білім мегзелгені шүбәсіз.
Бірақ, ол күнде ғылым да, өнер де қажет емес еді. Қазақ кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегін малдан тауып, басқа нәрселерді керек қылмайтын. Абайдың Абайлығы сол, ғылымсыз мал да, дүние де жоқ дәуір таяу екенін сезе білді. Оқымаған, өнерсіз, кәсібі жоқ жұрттың ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа қор боларын көре білді. Оған бір Тәңірі дарытқан даналық пен өткір сезім себепкер дейміз.
Сөйтіп, 1878 жылы Абай құмарлана іздеген көкжиегі — ғылымды тапты. Құдандауи, бұл көкжиек кемеңгерді ақырғы демі таусылғанша «тұтқын» етерін кім болжаған. Ізденгіш Абай ғылымға шүу дегеннен жанын сала, өзі айтқандай, «ынталы жүрек, шын пейілімен» кірісті.

Семейдегі дос-тамырлар

ХІХ-ғасырдың екінші жарымында Семей қаласына алғаш жер ауып келген орыс жазушысы Федор Достоевский болса, 1870 жылдардан келесі лек келе бастады. Соңғының өзіндік тарихы бар. 1861-1876 жылдары кіндік Ресейде «Земля и Воля» (екінші аты – «шестидесятники») және «Народная воля» деген құпия ұйымдар пайда болған. Аталмыш саяси қозғалыстарға Герцен мен Чернышевскийдің қалың бұқара халықтың мүддесін қорғау идеясына ұйыған кілең студент жастар тартылған болатын. Албырт жастар патшалық билік жүйесін төңкеріп тастауды көздеді. Міне, сол үшін қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылды.

2151

«Петербург университетінің жер аударылған студенті шестидесятник Е.П.Михаэлис, «Народная воляның» мүшелері Н.Долгополов, С.Гросс, А.Блэк, П.Лобановский, Н.Коншиндер мен Абай арасында ұзақ жылдарға созылған достық байланыстың болғаны аян. Бұлардың бәрі де Семейге жер аударылып, өздерінің жазасын өтеуге келгендер еді», — деп жазады ғалым Ләйлә Мұхтарқызы Әуезов өзінің монографиялық еңбегінде.

ХІХ-ғасыр орыстың ақыл-ойы мен әдебиетінің «алтын ғасыры» делінеді. Сонда бұл қайдан, қалай келген құдірет?! Құдіреттің аты — ат төбеліндей зиялы қауымның туған халқына деген керемет сүйіспеншілігі-тұғын. Абайдың дос-тамырлары   сол құдіретті,  халықшыл рухты әкелді қазақ жеріне. Құнанбай: «Абырой тек халыққа адал еңбек сіңірумен, әділ болумен келеді, әйтпесе жоқ!» дегенді өзі берік ұстанып, ұрпағына да сіңірген.  Мінеки, орыс достарының халықшыл рухы әкенің өсиетіне сабақтасып, Абайға өзгеше ықпал еткені сөзсіз.

Жер ауып келгендер арасында кесек тұлға — Евгений Петрович Михаэлис (1841-1913) болған. Өзгелері соның төңірегіне топтасты. «Ол дүлей талант иесі, егер айдалып кетпегенде, есімі Менделеев, Тимирязев, Сеченов қатарында аталатын еді» деп жазады Шелгунов деген оқымысты адам. Мұхаң «Абай жолына» Михаэлисті «Михайлов» деп өзгертіп, «Заманы келіссе, бір халықтың маңдайына біткен ырысы дерлік» деп тұлғаның жоғары бағасын береді.  «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде Абай:

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз (1886) –

десе, бұл, сірә да, Михаэлис бейнесі. Өзге туындыларында да «ғалым кім?» дегенге Абай үлгіні осы адамнан алуы мүмкін.

Ғалым әрі зор қайрат иесі Михаэлис  1878 жылы Семейде тұңғыш ғылыми мекеме — Статистикалық комитетті құрды. Сол комитеттің жанында шағын кітапхана болған. Михаэлис пен Абайдың алғаш кездесуі сонда өткені белгілі. Бес жыл кейін, 1883 жылы сөз болып отырған кітапхана «қалалық» статус алып жаңадан ашылды (өйткені, кітапхананы ұстауды статистикалық комитеттің қалтасы көтермеген).

Семейдің қалалық кітапханасында кітап қоры мың томға жуық болған. Оны ғалым Қ.Мұхаметханов былайша сипаттайды: «Ол замандағы Сібір қалаларындағы кітапханалардың ішіндегі ең байы деп танылған. …Тарих, философия, табиғаттану, тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және  сол кезде Ресейде шығып тұратын «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Русский вестник», «Русская мысль», «Исторический вестник», «Новое время», т.б. журналдарды жаздырып алып тұрды». Аталған басылымдардың қай қайсын да Абайдың сүйіп оқығаны сөзсіз. Журналдар мен тарихи әдебиеттерден алған әсерлері 1889-90 жылдары «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегін жазуға түрткі болғаны анық сияқты.

Михаэлис арқылы Абай танысқан халықшыл топ өкілінің әрбірі өнерлі, әрі оқымысты әрі жаны таза мәрт тұлға болуы таң қалдырады. Мәселен, Лобановский — суретші. Ол қарындашпен салған Абай суреті бүгінгі күнге жетіп отыр. Оның сыртында: «Семей уезі Шыңғыс болысының құрметті азаматы Ибрагим Құнанбаев, 45  жаста. Облыстық статистика комитетінің мүшесі, 1887 жыл» деген жазу бар.

Өзара ұғысқан, үйірлескен дос-жарандар, әсіресе, Абай мен Михаэлис бас қосуды  жиілетеді. Басқосуда нендей мәселе көтерілмеді дерсіз. Соның бірі — патша өкіметі бақылауынан сақтану амалдары, цензура төңірегінде тәжірибе алмасу болған. Өйткені, 1881 жылғы патша Александр ІІ жасалған қастандықтан соң, империяда саяси цензура, аңду мен бақылау күшейді.  Абайдың сауысқандай сақ болуы, сірә да, семейлік достарының ғибраты. Ақын мұрасынан әлдебір саясаттың ізін қолыңызға шам алып іздесеңіз де таба алмайсыз (1903 жылы Абай жайлы мәлімет жинаған патша шенеунігі өзінің рапортында «патша үкіметіне адал қызмет еткен адам, өкіметке қарсылық дейтіндей ешбір әрекеті анықталған жоқ» деп көрсеткен). Өз кезегінде достары Абайдан қазақ халқы, көшпенді тұрмыс, жалпы шығыс әлемі жайлы көп сұрастырып, құнарлы мағлұматқа қанығады. Халықшыл ағартушы ортаны көбіне этнография, пәлсапа, заң, психология, логика, көркем аударма сияқты сол заманның ғылыми салалары қызықтырды.

Қысқасы, 1870 жылдардың соңында Михаэлистей алыпты кездестіруі —  Абай үшін зор сәттілік болды. Дос-ұстазбен бірге өткізген, терең із қалдырған бес жыл ғұмырын ұмыта алмай: «Дүниеге көзімді ашқан кісі – Михаэлис» деп зор жылылықпен айтып отырыпты жарықтық.

 

Үй университеті

Абайдың кітапқа деген құрметі ерекше болған: бар ынта-ықыласымен, иждихатын сала оқыған, жарықтық.

1885 жылдың жазында американдық саяхатшы Джордж Кеннан мен суретші Форст Семейге келеді. Екі жиһангер осыдан екі жыл бұрын, яғни 1883 жылы ашылған қалалық кітапхана қорымен танысып, оның байлығына қайран қалады.

Мамандығы журналист Джорд Кеннан өзінің естелігінде былай деп жазады: «Мен Спенсер, Бокль, Лъюис, Милль, Тән, Леббок, Гексли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Уэллес және сэр Генри Мэннің шығармаларын, Скотт, Диккенс, Мариэт, Жорж Элиот, Жорж Мак-Дональд, Эккерман-Шатриан, Эдгар По және Брет Гарттың романдары мен повестерін көріп қатты таңқалдым. Әсіресе, ғылыми шығармалар мол, оның көбісі саяси экономия жөніндегі шығармалар екен».

Шетелдік тілші саяси жер ауып келгендермен әңгімелесіп, олардан «Ибрагим Құнанбаев деген қыр қазағы кітапханадан Милль, Бокль және Дрэперді алып оқиды» дегенді естиді. Бір студенттің: «Рас па?!» — деген сұрағына Абайдың досы Леонтьев: «Рас болғанда қандай, екі кеш бойы тексергенде менің көзім жеткені, ол, әсіресе, ағылшын философтарын тесіле оқып, зерттеп жүр» — деп жауап беріпті. Көрдіңіз бе, Абай өз ортасында  ғалым ретінде мойындалған. Кеннанның «Сибирь и ссылка» атты кітабынан алынып отырған оқиға осының бір куәсі.

Жаңағы Кеннан атап өткендер — бәрі де Еуропа елдері басына көтерген ғалымдар мен жазушылар. Абайдың елге алдыртып, жатып-жастана оқығаны осы авторлар. Яғни ақын тек көркем әдебиетті ғана емес, ғылыми шығармаларды да көп оқығанын еске алу керек.

«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек», — дей келе Абай 32-қарасөзінде ғалым адам болудың алты бірдей шартын талдап-түстеп береді. Соның үшеуін келтіре кетелік.  «Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керекті болар еді деп іздемекке керек…». «Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек…». «Үшінші – әрбір ақиқатқа тырысып иждихатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең де айырылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады?». Аталмыш шарттарды Абай өзінің жеке өмір тәжірибесінен алып айтқаны сөзсіз (олар бүгінгі талапты жастарға да аса құнды кеңестер болып табылады).

Ысқақ баласы Кәкітай (1870-1914) Абай мен Михаэлис достығының куәгері.  Оның айтқандарын келтіре кетелік. «Абай ағам Әбішті орысша тіл үйренуіне жақсы деп орыс үйіне пәтерге қойды, Көкбай да басқа пәтерге шықты, сонда Абай ағам қасына мені алып қалды. Көшірлікке Мырзаханның Баймағамбетін ұстады. …Сол қыстай Семейде болғанда, Абай ағама үзбей Михаэлис деген орыс досы келіп тұрады. Кейде оның қасына еріп Долгополов және Гросс деген адамдар еріп келеді, түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып қайтысады. Мен олардың сөзін түсінбеймін, олар кеткен соң, Абай ағам мынадай жағдайларын айтады: «Бұлар бір топ оқымысты, білімді, халық қамын ойлайтын, әділдікті көксейтін, көптің теңдігін қорғайтын жандар екен. Сол істері патша өкіметіне қарсылық деп білген патшаның қолшоқпарлары, орталық қалада тұрса елді азғырады деп Сібірге жер аударып, осы Семейге жіберген екен».

Кәкітай атаған үшеуі де Абай ауылына барып, қонақ болып қайтқандар.

Абайды ғылымға тартқан Евгений Петрович Михаэлис — ондаған зерттеу еңбектің авторы. Ол 1882 жылы Алтайдың тау-тасын, жәндік әлемін зерттемекке Өскемен қаласына қоныс аударып, сонда тұрақтап қалады (жалғыз қызы Л.Хотимская естелігінде «Әкем орыстың халық әндерін сүйіп айтушы еді» дейді. Михаэлис қай жерде жүрмесін отырыстың сәні болған. Абай пәтерінде қысқы кештерде ол ән салғанда Абай да қосылып, екеуі талай-талай дуэтпен әндеткені сөзсіз).

Абайдың өз бетінше білім нәрін алуы әсте университеттен кем емес.

Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға,

Алла асыраған пендесі аш бола ма?

Ержеткен соң, симайсың кең дүниеге,

Зар болып, тыныштық пен баспанаға (1882 ж.).

Бұл шумақ Абайдың тырнақалды аудармасы. Лермонтовтан аударған, түпнұсқасы неміс ақыны Шиллердікі. 1881-82 жылдары жақсылық пен жамандық, әділет пен қиянат, мейірім мен қараулық мәселелерінде Пушкин, Лермонтов, оған енді Шиллер, Гете қосылып, Абайдың қуануы, күрсінуі, жүрек лүпілі солармен қатар естіледі. Еркіндікті, адамгершілікті, шынайы махаббаты аңсаған шайырлар өзара қабыса табысты. Әсіресе, Лермонтовтың кітабын  дәйім үстелінде ұстаған (28 өлеңнен тұратын таңдамалы жинағы).

Ел ішінде Абайға Құдайдан құт дарығанын мойындаған адамдар көп. Ал, сырт көздер ше? Тұрағұл өзінің белгілі естелігінде әкесіне берген екі лебізді келтіреді. Бірі — орыс зиялысы Н.Долгополовтың  «Сен басың алтын адамсың!» дегені, екіншісі Дала генерал-губернаторы Цеклинскийдің: «Сен заманнан басың асқан адам екенсің!» деген сөзі. «Ол айырықша парасатты әрі ақылды адам» («Человек он весьма развитый и умный»). Абайға Семей уезінің начальнигі К.С. Навроцкийдің берген бағасы осы.   Бұл үшеуі де көңілжықпас әншейінгі мадақтар емес. Абайдың дархан дарынын, білімдар ғалымдығын өзге ұлт өкілдерінің мойындауы болып табылады.

Үй университеті деген сөзімізді қайта жалғайық. Абайдың қолынан кітап түспегенін көне көздер айтады және Семейден Аралтөбеге кітап, қағазды тәуір-ақ тасымалдады деседі. Ақын үшін өз үйі бір университет болды деген сөз. Қай ауылында болмасын, кешкілікте дөң басында оңашаланып, ой қорытып отырған Абайды көзге елестету қиынға соқпайды.

Абай өзінің ойын, мінезін өзгерткен осы кезең. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (15-сөз). Он жылдай кейінде жазылған бұл пікірін Абай өзінің білім жинаған шағынан алып отырғаны талас тудырмаса керек.

Ескерте кетер бір жәйт, Абайдың өзінің замандас, тұстастарына (мәселен, Рақымшал, Масақбай, Күйісбай, Дүйсенқұл, Қайранбай, Жақсылық, Көжекбай және т.б.) шығарған арнау өлеңдері негізінен осы 1875-1885 жылдардікі екені байқалады. Неге? Өйткені, бұл өзі ғылымның сара жолын тауып, достарын да сол жолға тартқысы келген кезеңтұғын. Бірақ 1885 жылдан беріде бұл әрекеті бос әурешілік екеніне көз жеткізеді. Өз ортасы туралы «алдамшы» дейді және олардан «көмек таппадым» деп паш етеді.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарасып (1891).

Сөйтіп, 1885 жылдан Абай достарынан қол үзіп, өз ортасынан алшақтай береді. Бұрынғы ортамен жақын қарым-қатынас жасауға уақыт та қалмаған еді. Бұл ретте Қайым Мұхаметхановтың «Ұлы ақынның қайраткерлік қызметі» атты мақаласынан мынадай үзінді келтіре кетелік: «Табиғи талантына сай ғалымдық дәрежесі де кемеліне келген Абай, Статистика Комитетінің толық мүшесі болып қызмет атқарып жүрген жылдары, тарихи зерттеу жұмысымен шұғылданды. Туған халқының тарихын зерттеу нәтижесінде жазған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп аталатын еңбегі 1890 жылдары жазылған» («Абай» журналы, 1992, №1).

Михаэлис бес жыл бойы Абаймен жақын араласып, оның мейлінше мол еңбектенгенін, орыс-батыс әдебиетін еркін меңгергенін көріп-біледі. Бай кітапхана жинағанын һәм қолға түскен кітаптарды қатарынан оқи беретін ғадетін де байқап жүреді. «Сіздей қабілетті кісіге ғылымның сала-саласы бойынша жүйелі білім алған абзал» деп жаңаша оқу тәсілін ұсынады және зерттеушілік іске бет бұруға ақыл-кеңесін береді. Өз бетінше оқып-тоқумен университет бітіргендей білім қорын жинаған Абай енді ғалымдық жолына ауысатын болады.

Pin It

2 thoughts on “1-дәріс. ОҚЫМЫСТЫ АБАЙ

  1. Абайтану мәселесімен айналысқандар аз емес, бірақ, Асан Омаровтың ұлы ақын иірімдеріне үңілуі тәсілі ешкімге ұқсамайды екен. Абайдың хәкімдігі де сонда болса керек, үстінен 12 шағым түсіп, болыстықтан кетіп тергеуде жүрген жылдарын зая жібермей ғылымға бойлап, ұлылық биігіне беттегенін қалай тамаша аша білген. Дәрістің жалғасын асыға тосамыз.

  2. Бұл таптырмайтын құнды дүниелер ғой. Қазір интернет бетінен ондай ретті дәрістерді кездестіру қиын болып кетті-ау. Бәрі бірінен бірі көшірген нәрселер. Қайсысы дұрыс білмей қаламыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *