БҚО: Жер заңнамасына байланысты ұсыныс-тілектер ескерілетін болады — Сенат депутаттары (ФОТО)

Елбасының Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізуіне байланысты ұсыныс-тілектер барынша ескерілетін болады. Бұл туралы «Жайық Пресс» ЖШС-да журналистермен жүздескен Сенат депутаттары Рашит Ахметов пен Ерболат Мұқаев мәлім етті.

Осыған дейін Тасқала, Зеленов аудандары мен Орал қаласында кездесулер өткізген Р.Ахметовтың айтуынша, қатып қалған ештеңе жоқ. Заңдар қабылданған кезде олардың шикілеу тұстары болуы ықтимал. Сондықтан халықтың пікірін ескере отырып, оларды толықтырып, өзгерістер енгізуге болады.

«Қазіргі кезде Қазақстанда 100 млн. га жер қазақстандық азаматтарға жалға берілсе, соның 1,3 млн. гектары ғана жекенің меншігінде. Тағы 100 млн. гектар жер мемлекет қорында сақтаулы. Тек соның 1,7 млн. гектарын шетелдіктерге жалға беру туралы айтылды. Осы орайда кездесулер кезінде 25 жылға емес, 15 жылға беріп көру жөнінде ұсыныстар айтылуда. Содан кейін ол жердің игерілуіне қарай шешім қабылданса, дейді. Қалай болғанда да, әңгіменің тоқетері бос жатқан жерлерге қаражат салып, тиімді пайдалануда. Ол жерде сапалы өнім өндірілсе, мұны экспортқа шығаруға болады. Халыққа жұмыс табылып, бюджетке салық түседі. Ал шекаралық жерлер шетелдіктерге мүлдем берілмейді. Батыс Қазақстан облысының көп жері шекаралас аумақта болғандықтан, бұл жағынан қауіп жоқ», деді Е.Мұқаев.

Кездесу барысында Жер заңнамасының жерді жалға алу және жеке меншік иелігіне беру жөніндегі тұстарын әлі де нақтылай түсу, өзгерту жөнінде ұсыныстар айтылды. Айталық, Жер кодексі 23-бабының 1-тармағында «… жер учаскелері азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке берілуі мүмкін» деп айтылған. Яғни онда Қазақстан азаматтары деп нақты көрсетілмеген. Сол секілді осы баптың 4-тармағында: «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн» делінген.  Ол қандай көлемдегі жерлер болуы мүмкін? Оған қоса 24-баптың 5-тармағына сәйкес (5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң меншiк иесi Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде, азаматтықтан шыққан кезден бастап үш ай ішінде меншік иесінің таңдауы бойынша жер учаскесi иеліктен шығарылуға тиіс немесе жер учаскесiне құқық он жылға дейiнгі мерзімге жалдау шартымен уақытша жер пайдалану құқығына қайта ресiмделуге тиiс не жергiлiктi атқарушы органның келісімімен жер учаскесi осы учаскенi мемлекеттен (меншік иесінен) сатып алған баға бойынша жер учаскесiнiң бағасы төлене отырып, мемлекет меншiгiне қайтарылады) меншік иесі жерді үш ай ішінде өз таңдауы бойынша оның қандай күйде екендігіне қарамастан, мемлекетке бастапқы бағасымен қайтадан сатып та кете алады екен. Ең бастысы, шетелдіктердің заңның осындай тұстарының арасынан саңылау табуына жол берілмеуі керек.

Сонымен қатар жүздесуде үш тілді енгізудің әдіс-тәсілдерін өзгерту керектігі сөз болды. Мысалы, физика-математика, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытудың қисыны қандай, одан да ағылшын тілі сағаттарын көбейтіп, тереңдете оқыту әлдеқайда тиімді болар ма еді. Ең бастысы, мемлекеттік тілге басымдық бере отырып, қалған екі тілді де баланың жас ерекшелігіне қарай меңгерту қажеттігі әңгіме арқауына айналды.

Сенат депутаттары Батыс Қазақстан облысындағы кездесулер кезінде ортаға салынған құнды ұсыныс-тілектердің барлығы да Парламентке жеткізілетінін, сонымен қатар Үкімет пен министрліктерге сауал ретінде жолданатынын атап өтті.

 

Pin It

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *