«Мен журналистпін». Әзілхан Нұршайықовтың осы бір кітабымен бірнеше жылдар бұрын танысқан едім. Оның әр бетін парақтаған сайын журналистік өмірдің қыр-сырын тереңірек меңгере түскендей боласың. Кітапқа үңілген сайын қызығы мен шыжығы көп өмірге құштарлығың артады. Менің журналистік мамандыққа, мамандық емес, осы бір өмір жолына келуіме бұл кітаптың да ықпалы болған шығар…
Расымен, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» кәсіптің маңызы не болмаса қажеті қанша деген сауал да бәз біреулерді мазалауы мүмкін. Бұл – таңдау. Менің таңдауым осы жолмен тоғысқанына еш күмәнданған емеспін. Журналистік салаға бейімделуім мектеп қабырғасынан бастау алды. Телевидениеге қызығып, көк жәшіктен өзімді тамашалауға қаншалықты ынтық болғаныммен де, баспасөздегі шыңдалудың реті бөлек екен. Мектептегі қабырға газетін шығарудан басталған жол мені аудандық газеттің тілшісіне жетелеп әкелді. Үлкен бір ауданның тынысы мен тірлігі енді біздің қаламымыз арқылы жалпақ жұртқа жария болады. Біз баспасөз арқылы қоғамдық ой тудырып, идеология жүргізе аламыз. Ауқымы кең, маңызы жоғары қызмет. Аудандық газетте қызметке орналасқанымда газет қызметкерлері басылымның 85 жылдығына қызу дайындық үстінде екен. Сыры кетсе де сыны кетпеген басылым байырғы газет тілшілері мен редакторларын, әдеби қызметкерлерін «түгендеп» жүрген кез. Сол сәтте маған да редактор болған азамат жайлы көлемді мақала жазу тапсырылды. Ол кісі жайлы білетінім, қай жылы редакторлық еткені және ұлының телефон номері ғана еді. Иығыма қандай ауыр жүк артылғанын сезгенде бойымды үрей биледі. Ол қорқыныш «жазып шыға аламын ба» деген емес. Аудан тынысын таныстырып, жағдайын жақсартуды көздеген басылымда редактор болған атымтай азамат жайлы жетер жеріне жеткізіп жаза аламын ба деген қорқыныш еді… Не керек, блакнотым мен қаламымды алып, редактордың ұлымен сұхбаттасуға бардым. Бір қиыны, әкесі редактор болған тұста баласы небары 4-5 жасар бала екен. Әкесінің қызметі жайлы айта алмаған ол қандай азамат, қандай әке болғаны туралы ғана баяндады маған. «Журналист деген балықшы сияқты. Қармағына қандай балық түссе де таңдамай ала береді. Журналист те сол сияқты. Ақпаратты таңдамай, барлығын блакнотына жазады…», – деген Ә.Нұршайықовтың сөзін ойға алдым да, ұлы берген ақпараттың бірін де қалыс қалдырмай, блакнотыма жазып отырдым. Осылай менің тырнақалды мақалам жарық көрді…
Бастама жаман болмады. Байырғы басылым беттерін парақтап, «қара сөзден құйын тұрғызған» хас шеберлердің майын тамызып тұрып жазған мақалаларымен таныстым. Жаңғырған жаңалықты жарияға жар салыпты. Баспасөздің жүрегіне қан беріп тұрған сәтінде небір тұғырлы тақырыптар көтерілген. Жазғандары баспасөздің бағасын түсірмей, қойыртпақ тілмен емес, қатпарлы, мағыналы мәтінмен өріледі. Аудандағы төл басылымда қызмет ету үлкен абыроймен қоса, асқан жауапкершілікті талап етері сөзсіз. Осы тұста газет қызметкерлер есебінен еш қысылған да қымтырылған да емес. Себебі, өз ісінің хас шеберлері, майталмандар жиылған шаңырақтың әлсіз болуға еш негізі жоқ еді. Қай кезеңде болмасын баспасөз ол халық жаршысы. Жаңалықты жаңғыртып, мәселенің мәнін ашуда газет тілшілері қара қылды қақ жарғандай өткірлік танытты. Аталмыш газет шеберлік шыңдалатын шығармашылық мектеп тәрізді. Ендігі кезекте біздің шалыс басуымызға негіз жоқ.
Бұл мамандық жан-жақтылық пен ұшқыр ойды, жеделдік пен нақтылықты талап етеді. Біз бұл мамандық жүктеген ауыр жүкті абыроймен арқалап жүрміз деген ойдамын.
Әлия ТАУКЕНОВА.