Дүйсенбі, Қыркүйек 17, 2018
Негізгі > Руханият > Көздеген межесі – ғылым

Көздеген межесі – ғылым

Тарихымызды таразыласақ, елі мен жеріне, Отанының өркендеуіне еселі еңбек етіп, тау-кен өндірісі саласында өшпес із қалдырған тұлғалар көп. Сондай жанның бірі – баянауылдық геолог, ҚР Минералды ресурстар академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы мен Халықаралық инженерлік академияның академигі Бекжанов Ғинаят Рахметоллаұлы.

Ғинаят Бекжанов 1927 жылғы 7-ші наурызда Баянауыл ауылына қарасты №3 ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Қазақтың дархан даласына деген ынтызарлық пен құштарлық бойын билесе керек, ол Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, 1951 жылы инженер-геолог мамандығын алады. Ұлан ғайыр атырапты кешіп, әрбір тасын сезінбекке қызметін бастайды. Өзі таңдап алған ілімнің қыр-сырына терең үңілудің жолына мықтап түседі. 1951 жылы еңбек жолын Қарағайлы геологиялық барлау экспедициясынан бастайды. Қалап алған саланың тереңіне аса үңіле қоймаған, тіршілігімен тыныстап көрмеген балаң көңілі бұл ілімге қанықпаған еді. Дипломын арқалап геологиялық барлау экспедициясының есігін иемен ашқан жас маман аталмыш мекемеде ысылып, мол тәжірибе жинақтайды. Еңбекке деген ерекше ынтызарлығы мен білмекке құмарлығы оны өз ісінің шебері етеді. Тынымсыз еңбек пен қажыр-қайраттың нәтижесінде Ғ.Бекжановтың жетекшілік етуімен 50-ші жылдары геология саласы бойынша жаңа ақпараттар мен металдың түзілуі бойынша тың дүниелер жасалды. Успен, Спасс аумақтарында, Босшоқы кен орындарында ұйымдасқан геологиялық зерттеу, Кентөбе темірқорымында зерттеу жұмыстарын жүйелі әрі нәтижелі жүргізді. Осындай зерттеу жұмыстарының нәтижесінде еселі еңбектің қайтарымы ретінде Орталық Қазақстанның алшақ өңірлерінде индустриялы бет-бейне қалыптасты. Қарағайлы тау-қорыту комбинаты, Кентөбе мыс кеніші ашылып, ауданға темір жолмен қатынайтын болды. 1961 жылға дейін осы жерде отряд бастығы, бас геолог болып қажырлы қызмет атқарады. Ал 1961-1973 жылдары Қазақ геофизика тресінің бас геологы, кейіннен бас инженері болады. Сол кезеңде «Легендарный» аталатын қазақ геофизика тресi КСРО көлемiндегi ең белгiлi геофизикалық ұйымдардың бiрi болатын. Ол елiмiздiң жерiн геологиялық жағынан зерттеу, жаңа кен орындарын ашу жұмыстарында қара салдырмай, талай айтулы жаңалықтарымен дүрiлдеп тұрды. Өйткенi, сол трестiң бас геологы, кейiн бас инженерi қызметтерiнде жас маман Ғинаят Бекжанов жүрдi. Басшылар оны 1961 жылы осы орынға жiбергенде, айтарлықтай кәсiби мектептен өткенiне, басшылық қызметте жүрiп тәжiрибе жинақтағанына қарады. Бұл оның жаңа ұжыммен бiрге жаңа кен орындарын ашу жолындағы табысты қадамдарына мол мүмкiндiк берді. 1973 жылдан 1997 жылға дейін Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институтын басқарады. Бұл кездегі ұжыммен геология саласында биік белестерді бағындырды. Қазақстандағы жер қойнауын зерттеу, геологиялық зерттеу жұмыстарына жаңа тәсілдер қолдануда Одақ бойынша көзге түсті. Қазақстан бойынша үлкен жаңалықтың бастауы болды. Орталық Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген онжылдықтарда Ғинаят Рахметоллаұлы инженер, ауқымды геологиялық жұмыстардың ұйымдастырушысы ретінде қалыптасты. Тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана ол ірі қайраткер дәрежесіне дейін көтерілді. Қазақстандық геологтар арасында шетелге іс-сапармен шыққан алғашқылардың бірі де осы Ғ.Бекжанов еді. Көздеген межесі – ғылым. 1963 жылдың ақпанында Польшаға 24 күндік ғылыми ізденіске жол жүреді. Жергілікті геологтармен бірлесе жүргізген зерттеу, ірі әрі қызықты мыс ошақтары жөніндегі есебі Ленин атындағы кітапхана қорында сақтаулы. Бұл – Бекжанов бағындырған белестердің бірі ғана. 1964 жылы ғалым Индияда өткен 28-Халықаралық геологиялық конгресте Қазақстан тарихындағы алғашқы делегат болды. Онда қазақстандықтар республикалық геологтардың шетелдегі визиткалық картасына айналған «Вопросы геологии Казахстана» кітабын таныстырды. Ол Қазақстан жерін геологиялық тұрғыда зерттеуде елеулі еңбек сіңірді. Ауқымы кең саланың етегіне мықтап жармасқан ғалым аз уақыттың ішінде талай жетістіктің жетегіне жетті. «Еңбек етпесең жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет». Міне, осы талап биігінен біздің кейіпкер көріне білді.

«Менің гелогиялық өмірімнің алғашқы он жылы (1951-1961 жж.) Қарағайлы экспедициясында, геологтардың жалаң қолымен салынған ауылда өтті. Пешпен жылынатын, суы жоқ және де еш қолайлылығы жоқ саман үйлерден құрылған ауылда Қарағайлы экспедициясының геологтары кеншілермен бірлесе кен байыту комбинатын құрғанға дейін 30 жылдан астам уақыт тұрды… Осының барлығы да ұмыт болды, ал, индустрия бағытында аймақ ажарын айшықтатқан үлкенді-кішілі істеріміз есімізде қалды», – дейді ол бір еңбегінде. Осыдан-ақ, Ғинаят Бекжановтың атаққа, таққа емес, ғылым мен ілімге ұмтылғанын байқаймыз. Ол үшін бәрінен де геология саласындағы елең еткізер жаңалық қымбат. Осы жолда қарқынды қадамдар жасады. Алға ұмтылды. Жаңалыққа құмартты.

1987 жылдан «Казнедра» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры, 1994-1998 жылдары «Геология и разведка недр Казахстана» журналының редакторы болды. 1997 жылы Ғ.Бекжанов минералды ресурстар Академиясының бірінші президенті болып сайланды. Дәл осы кезеңде білікті маман, ұйымдастырушы, қоғам қайраткері, үлкен ғалымның таланты ашыла түскендей. Ғылым майданының қатардағы жауынгері отандық геология саласының дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қаныш Сәтбаевтың дара да даңғыл жолын абыроймен жалғастырды. Академияның ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстары атқарылды. Аз зерттелген өңірлік құрылыстар мен көлемді және өте көлемді кен орындарын зерттеуде Бекжанов басқарған академия алдына жан салмады. Бүгінде аталған мәселе, көлемді және өте көлемді кен орындарын зерттеу әлемдік ғылымның қызығушылығын арттыруда. 1996-97 жылдары Ғинаят Бекжанов аталған мәселе тұрғысында бірқатар көлемді мақалалар жариялап, 2000 жылы Рио-де Жанейрода өткен Халықаралық геологиялық конгресте баяндама оқыды. Оның геолоия ғылымына қосқан елеулі үлесі, аса зор еңбегінің бағаланғаны минералды ресурстар Халықаралық академиясының бірінші вице-президенті болған тұс. Бекжановтың қоғамдық қызметі жан-жақты. Қызмет еткен жылдары ол облыстық, республика, одақтық ұйымдардың жетекшісі ретінде де көзге түсті. Шет елде қазақстандық геологияны танытты. Қара жердің қойнауына тереңінен үңілген Қаныш Сәтбаевтың «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған адам өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген сөзін ойға алсақ, зерттеушінің басты қасиеті қандай болмақ керегін ұғынуға әбден болады. Олай болса, Ғинаят Рахметоллаұлы өз елінің нағыз патриоты, ұлтын ұлықтаған адал перзент бола білді. Ол Қаныш Сәтбаевтың жетістіктері мен жұмыс стилін біліп қана қоймай, оның өз халқына деген сүйіспеншілігіне бас иіп, ұстанымдарын үлгі тұтып, өз жұмыстарында Қаныш Имантайұлының еңбектеріне сүйенген. «Қ.И.Сәтбаев – әлемдік деңгейдегі тұлға, ол бір республика немесе облыс, тіпті де ауданға емес, әлемдік өркенитетке тән. Патриоттық тұрғыда сөз қозғағанда да оның есімін ұмытуға болмайды… Оның баға жетпес мұрасы – Қазақстанда экономикалық негіз болып саналатын мықты шикізат базасын қалыптастырған мыңдаған ғылыми және инженерлік кадрлары бар қазақстандық геологтардың мектебі» дегенде ғалымның ерен еңбегін бағалайды, соған жетуге талпынады. Ғинаят Бекжанов Қазақстанда Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шәкірті ретінде елеулі еңбек етіп, геология саласының дамуына ерекше үлес қосты. Аталмыш салада қызмет атқарған жемісті еңбек кезінде 14 монография, 190 ғылыми мақала, 8 геологиялық мазмұндағы карта, ғалымның редакторлық етуімен 13 кітап жарыққа шықты. Осының барлығы да ғылым жолында жасалған жарқын іс, ел мүддесі үшін алтын қазына.

«Менімен замандас геологтардың үлесіне Қазақстандағы жер қойнауын зерттеу, тану, индустриялдық дамуы жөніндегі ғаламат дастанның қуанышты әрі қиын рөлі тиіпті. Тағдырдың тартуымен мен қырық жылдан аса уақыт ішінде көлемді әрі ауқымды геологиялық ғылым мен тәжірибе өткен жерде болдым», – депті ғалым өз естелігінде.

Ғ.Бекжановтың өнегелі істерін қатарластары мен қызметтестері аса зор мақтанышпен һәм тебіреніспен баяндайды. «Оқымысты, отандық және шетелдік жетекші геологтар арасындағы танымалы Ғ.Р.Бекжанов жоғары ұйымдастырушылық талантымен де ерекшеленеді», – деп профессор Л.Фаворская ғалымның бағасын арттырса, академик А.Бугаец: «Ғинаят Рахметоллаұлы Бекжанов Қазақстанда ғана емес, бұрынғы Совет Одағы кезіндегі ауқымды территорияда компьютерлік әдісті геология мен геофизикада қолдануды алғаш бастады деп толық сенімде айта аламын!», – деп Ғ.Рахметоллаұлының іскерлігі мен табандылығын мойындайды.

Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз. Ғинаят Бекжановтың болмысы осы ғибратқа құрылғандай. Отандық геолог ғалымдар көшін бастап келген тұлғаның ерен еңбегі елеусіз емес. Ғинаят Рахметуллаұлы Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет» ордендерiмен, КСРО және Қазақстан медальдарымен марапатталған. Ол, сондай-ақ, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлықтарының, Қ.Сәтпаев және Е.Бөкетов атындағы сыйлықтардың лауреаты. «ҚР құрметтi кен барлаушысы», «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегi үшiн», екi рет «Кен орнын бiрiншi ашушы», «Қазақстанның құрметтi инженерi» белгiлерiн алған. Ғалымның жарты ғасырға жуық ізденісте өткен ғұмыры оны биік белестерге жетеледі. Өзі үшін емес, ел ертеңі, болашақ бет-бейнесі үшін ұмтылған ұтымды істері биік белесті бағындыруға жол ашты.

Бүгiнде қазақ интеллигенциясының лайықты өкiлi ретiнде Ғинаят аға кейiнгi толқынға iсiмен де, адамға деген қарым-қатынасымен де, тиянақтылығымен де өнеге.

Әлия ТАУКЕНОВА,

Баянауыл.

 

 

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation