Сәрсенбі, Ақпан 7, 2018
Негізгі > Бас баған > Теректі әулиенің тылсымын кім таниды?..

Теректі әулиенің тылсымын кім таниды?..

ТЕРЕКТІ ӘУЛИЕГЕ САЯХАТ

Жезқазған өңірінің Ұлытау ауданында ежелгі дәуірде тасқа қашалып салынған суреттер мен петроглифтер жақсы сақталған Теректі әулие атты таңғажайып жер бар. Ол жер Жезқазғанның шығысынан 90 шақырым, ал Теректі стансасының солтүстік-батысынан 20 шақырым жерде жатыр.
«Теректі әулие» неолит, энолит, қола дәуірлерінің қолтаңбасы бар, ерте темір дәуірінде бағалы металдарды өндірген орындар мен түрлі қорғандардың ізі қалған киелі мекен дегенді естігенде, ең әуелі «Теректі әулие кім болды екен?» деген сауал мазалады.
Жақпар тас бетінде адам аяғының, жылқы тұяғының іздері қалыпты. Бұл жерге Мұхаммед Пайғамбардың шәкірті Хазіреті Әлі намаз оқыған. Іздер Хазірет Әлі мен дүлдүлінің іздері деген де аңыздар сақталған. Сол себепті, құпия алқапты Хазірет Әлінің мекені депте те атайды.
Есте жоқ ескі заманда осы қойма тастардың айналасын ұшар бастарын көкке тіреген теректер қаумалап өсіпті. Сондықтан бұл маңды ел «Теректінің мекені» деп атапты. Ал, алып тастарды қолмен ойып салғандай құдық суын «әулиенің бұлағы» деген аңыз қалыптастырған.
Тағы бір қызықты орын – тас бетіндегі сырғанақ. Оның ұзындығы 2,5 метр, ені 35 см-дей тік түсетін тегіс жолақ. Ол халық арасында «әулие сырғанағы» деген атпен белгілі. Бұл жолақ, бәлкім Құс жолын меңзейді немесе әлдебір салт-дәстүрге байланысты болар.
Біздің өз тарапымыздан тапқан олжамыз – алып трактордың «жүріп өткен ізіне» ұшырастық. Бәлкім, ол – озық ғылым-білім заманын меңзесе керек.
Жұмбақ мекеннің о бастағы иесі екі басты жылан деп те баяндалады ежелгі аңыздардың бірінде. Сол жылан мекен еткен үңгір талай құпияны ішіне бүгіп жатқандай…
Теректі әулие аталатын осы бір киелі мекен ашық аспан астындағы мұражай тәрізді. Өйткені мұндағы қатпарлы тас беттерінде көне заманның көзіндей болып тасқа таңбаланған сурет галереясы бар.
Теректі әулиеде бірінің артында бірі тұрған 12 текенің сұлбасы бейнеленген. Тастың шеті мүжілгендіктен суреттің шет жақтары дұрыс көрінбейді. Текелердің санын күнтізбемен немесе адам баласының бір мүшелімен байланыстыруға болады.
Ал екі бұғының суреті стилдік жағынан осы өңірдегі өзге суреттерден мүлде басқаша, оларда скифтік элементтер кездеседі. Теректі әулие жартасында мысық тұқымдас жыртқыштың жалғыз суреті бар. Суреттің салыну шеберлігі үлкен қызығушылық тудырады. Ежелгі суретшінің қиялынан туған жыртқыш жылқы мен мысық тұқымдастардың қосындысынан шыққан. Оратылған жіңішке құйрығы мен үш тұяқты алдыңғы аяқтары образдың мазмұнын ашып тұрғандай. Ал денесінің қалған бөліктері тура жылқының дене бітімінде бейнеленген.
Сонымен қатар, тарихшы-археолог Бекзат Балтабеков Теректі әулиеден түсіндіруге келмейтін жұмбақ сурет те табылғанын баяндаған. «Суреттеп айтар болсақ, онда бір шеңберден екі сызық шығады. Біреуі солтүстікке, екіншісі солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Яғни кәдімгі теледидардың антеннасына ұқсайды. Шеңбердің ортасында қосөркешті түйе бейнеленген, ал сызықтардың ортасында антропоморфтық жануарлар, екі крест, ал суреттің астында адам сызылған. Мұндай суретке ұқсас бейнелер Қазақстанның түрлі аумақтарында кездеседі. Олардың барлығы белгілі бір культтік сюжеттерге негізделген болуы мүмкін деген болжам ғана бар».
Аспан астындағы осындай бір керемет құбылысқа ие Теректі әулиені киелі мекен демеске лажың қалмайды. Әрі, оның маңына аруақтар жерленген.

Төменде Теректі әулиеге шеккен саяхаттан суреттер жарияланды.

 

Әділбек Ыбырайымұлы

2017 жылғы 8 тамыз

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation