Жамбыл облысында Қырғыз елінен Қазақстанға заңсыз жолмен жылқы айдап өткен барымташылар ұсталды. Күдіктілер таң қараңғысын пайдаланып мемлекеттік шекарадан сытылып кетпек болған. Ат тұяғының дүбірінен сезіктенген сарбаздар оқиға орнына жедел жетіп, екі қырғыз азаматын қолға түсірді. Алайда қаскөйлердің сыбайластары сол екі арада малды шекарадан өткізіп үлгерген. Соңына түскен сақшыларды малдың ізі Гродеково ауылындағы қоралардың біріне әкеледі. Тексеру кезінде сол жерден 100 бастан астам жылқы табылды. Оның 17-сіне арнайы «ЧИП» салынған. Қалған 85-інің иелері белгісіз.
Темірлан Жаңабаев, Гродеково шекара заставасы басшысының орынбасары:
– Бұған дейін осындай бірнеше дерек тіркелген. Олардың жымысқы әрекеттерін осы маңда жүзеге асыратындығы туралы алдын ала жедел ақпар түскен болатын. Бұрыннан жоспарлап келген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.