«Жерұйық» порталының ақпараттық-танымдық бағытта қызмет істей бастағанына 1,5 жылдай уақыт болыпты. Редакциясы Астана, Алматы секілді мегаполюстерден жырақ қаланың бірінде орналасқанымен жалпыға ортақ ұлттық мүдде жолында қал-қадырынша жұмыс жүргізіп отыр. Өңірлерде орналасса да өзіндік үні бар «Жерұйық» сайтының шығармашылық ұстанымы биік мінберлерде отырған ойлы азаматтардың көңілінен шығып жүргенін байқадық. Соның бір мысалы – «Қазақстан» ұлттық арнасының «Апта» (25.06.2017) бағдарламасы сараптамасында оң бағаланған жайы бар. Онда: «Осы аптада (25.06.2017) ақпараттық порталдар бойынша ең көп оқылған мақалалардың бірі – Zheruiyq.kz сайтында жарияланған «Абайдың қара сөзі өзінікі емес» деген не пәле!» атты мақала» деген баға берілген еді.
Ал, бүгін «Жерұйық» порталы республикалық конкурста жеңімпаз атанып, жүлдегерлер қатарынан табылып отыр. Нақтырақ айтқанда, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Үздік қазақ тілді интернет-сайт сыйлығы» байқауында «Өткір тіл» аталымы бойынша жеңімпаз болып танылды. 23 қарашада Астана төрінде өткен осынау мәртебелі марапат рәсіміне порталдың менеджер-редакторы Заңғар Зекенов қатысып, ақпарат тарату мәселелеріне қатысты жиынның куәсі болып, порталға тиесілі жүлдені қанжығалап қайтты.
Әрине, іргесін енді көтеріп келе жатқан сайт үшін бұл үлкен қолдау. Сонымен бірге, конкурс комиссиясының бұл жүлдеге бізді лайық санаумен бірге, редкациямызыдың ертеңіне үміт пен сенім артып отыр деп есептейміз. Аталған республикалық конкурсты ұйымдастырып отырған Мемлекеттік тілді дамыту қорының қазақ тілді сайттардың керегесін кеңейте түсуге бағытталған бастамасы баянды болғай дейміз.
«Жерұйық» – ақпарат.