Күркелі деп аталып келген ауыл жақында ғана тұңғыш режиссердің есімін алып, бөркін аспанға атқан болатын. Араға көп уақыт салмай Жұмат Шанин ауылы тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Ауылына қарап азаматын таныған халықтың байырғы, бағзы дәстүрі жаһанданумен бірге жаңарып келеді. Атымтай азаматтар ауылдың ажарына сән қосып, ауылдастарының ақ бата мен кең пейіліне ие болды.
Мұрабек Омаров, Аман Ибраев, Аян Еңсебаев, Айқанат Жазубай, Қымбат Мырзағазинова, Әсел Әбиева сияқты ауыл жастары биыл Дүниежүзілік банктің қолдауымен жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған «Zhasproject» жобасына қатысып, 1 миллион теңге ұтып алды. Оны ауылда саябақ жасау ісіне арнауды көздеген. Жақында осы қаржы жоба иелерінің қолына жетіп, ауыл жастары нақты жұмыстарды бастап кетті. Жұмат Шанин ауылының жастары елді мекенді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бел шеше кірісті. Жоба бойынша саябақтың құрылысы қолға алынған.
– Ауылдың белсенді, рухты жастарының бастамасы көпке үлгі боларлықтай. Отанға деген сүйіспеншілік олардың арда істерінен байқалады. Олар Жұмат Шанин ауылының маңында жасыл белдеулі алқап құруды көздейді, – дейді ауыл әкімі Таңат Сағынтаев.
Банк бөлген қайтарымсыз қаражат қайырымды, игілікті іске жұмсалуда. Бүгінгі күні саябақтың қоршауы орнатылуда. Аудан әкімінің берген мәліметіне сүйенсек, жобаға жұмыла кіріскендер жұдырықтай ауылдың жанашырлары елді мекеннің батыс жағында екі жолақты орман алқабын құруды жоспарлаған екен. Ол үшін табиғат жағдайына бейім ағаштар алу қажет. Бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапқан. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ағаштармен қамтамасыз етуге даяр. Сондай-ақ, бұл істе арнайы мамандар да жұмылдырылған. Нақты айтсақ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының мамандары кеңесші ретінде шақырылыпты. Ауыл азаматтарының ауызбіршілігі ауқымды шараларда көрініс тапты. Бұл – елім деп еміренген ерлерге тән мәрттік, жомарттық. Көпке үлгі боларлық іс аядай ғана ауылдың берекесі мен бірлігін ұйытып отыр.
Ауыл азаматтарының абыройлы ісі мұнымен тоқтап қалма емес. Бектас Жанахметов, Айдар Әбиев бастаған белсенді жастар тобы ауылда волейбол, баскетбол (стритбол) және streetworkout спорттық алаңдарын құру мақсатында Zhasproject жобасынан 1 миллион теңге ұтып алған. Бұл жұмыстар да көп ұзамай қолға алынады.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.