Таяуда ғана Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшу туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл баршамыз үшін зор қуаныш! Аса ірі саяси-мәдени құбылыс. Қысқасы, қазақ халқы бураның қара санындай 77 жыл сарғая күткен тарихи оқиға! Тарихи дейтініміз, латын әліпбиіне көшу – рухани тәуелсіздігіміздің кепілі. «Достар қуансын, ал дұшпанның іші күйсін» дегенді атам қазақ осындайда айтса керек. Ендігі мәселе латыншаға жұмыла көшуге, яғни Елбасының жаңағы Жарлығын іске асыруға тіреліп отыр. Сондықтан, республикалық арнайы комиссия құрылды. Латын әліпбиіне көшудің кезең-кезеңін нақтылау және оның түрлі тетіктерін жетілдіру мен оңтайландыру осы комиссия міндеті болса керек. Демек, кем-кетікті түзеу мен олқының орнын толтыру арқылы жаңа әліпбидің иін қандыра түсу мүмкіндігі бар.
Қазақ тілінің өзге тілге қосақталмай дербес дамуы, сондай-ақ, жоғары технология мен ақпараттарға кіру, ой-санамызды осы заманға сай жаңғырту мүмкіндігі, оған қоса, жаңа әліпби арқылы бүкіл әлем қазақтарын біріктіру және түбі бір түркі әлемінен оқшауланбау, ең бастысы, рухани тәуелсіздікке қол жеткізу сияқты басты уәждерді жоққа шығару мүмкін емес. Бұлар тіл мамандары мен саяси қайраткерлер тарапынан айтудай-ақ айтылған жәйттер.
Пікірталастар негізінен латын әліпбиіне көшу я көшпеу керек деген сұрақ төңірегінде емес, әліпбидің қай нұсқасын таңдауымыз керектігі жайында өрбігені содан. Мәселенің ең даулысы – қазақтың тоғыз төл дыбысына (ә, ғ, ң, ө, қ, ұ, ү, ы, і) балама әріптер табуға тірелген еді.
Бұл ретте көпшілікке жаңа әліпбидің екі нұсқасы ұсынылды: бірі – диграф (қосарланған таңба, яғни бір дыбысты екі немесе үш әріппен таңбалау), екіншісі – апостроф (ноқат, үтір). Апострофта бір дыбыс – бір әріп, бірақ жетіспейтін әріптер әріптің үстіңгі жағына ноқат (үтір) қою арқылы жасалады.
Қазақы дыбыстардың қос әріпті болып келуін қоғам қабылдай алмады. Бұлай жазу мәтін көлемін арттырып жіберетіні рас. Бірақ диграфты көптеген тілдер тұтынады, әсіресе, Еуропа елдерінде кең қолданыста. Мәселен, неміс тілінде «ш» әрпі «sch» делініп үш әріппен белгіленеді. Демек, бұл тәсілден ат-тонымызды ала қашуға асықпағанымыз жөн-ау. Ең болмағанда, екі-үшдыбысты қосарланған таңбамен, яғни диграфпен берудің айыбы жоқ сияқты. Айталық, «ң» әрпін неге «ng», ал «ү» әрпін неге «ue» демеске?!
Гәп компьютердің клавиатурасына ғана тіреліп тұрған жоқ. Өз білуімізше, ана тіліміздің ерекшелігін сақтап қалу желеуімен үтірлі әріпті көбейту – жақсылық емес. Өйткені, тіл тез жетіліп, үдете дамысын десеңіз, дербестігі шектеулі болуға керек. Тілді мәңгі етер құдірет осы арада. Керісінше тілдің толық дербестігі, яғни таза фонетикалық жазу – әлем тілдеріне араласуға зор кедергі нәрсе. Ежелгі латын, грек, кейінгі ағылшын, француз, неміс тілдері фонетикалық догматизмнен ада болған, негізінде жасанды тілдер. Соңғы тілдердегі барлық дыбыстар латын әліппесінің әлемге үйренішті 26 таңбасымен беріліп, онан аспай тұруы – соның айқын айғағы. Сайып келгенде, таза фонетикалық жазу, яғни тілдің ерекшелігін мықтап сақтап қалу қағидасы – өзге тілдерден, оның ішінде түбі бір түркі тілдерінен оқшаулануға әкеп соғады. Тіл мамандарымыз осыны ұмытпай ескерсе жақсы.
Ең аз қолданылатын дыбыстар қайсы? Оны анықтаудың еш қиындығы жоқ. Қалың энциклопедиялық сөздіктердің бірін қолға алып, жіті қарағанда қай әріптің қаншалықты орын алатыны өз өзінен айшықталып тұрады. Жаңағы немістің «ш» әрпі сондай ең аз қолданылатын әріптің бірі.
Әзірге айырым белгісі – үтірі бар таңбаны, яғни апострофты қолдануға басымдық берілді. Несі жақсы, несі жаман? Байқап отырсақ, апостроф таңбасы сөзді кәрі адамның тісіндей кетік-кетік қылып, бар әдемілігінен айырып тастайды екен. «Мәңгілік» сөзі соның бір мысалы. Кетікті азайту жолы – диграфты қоса қолдану. Бұл жайлы жоғарыда айттық. Үтірлі әріптерді көбейтпеудің, яғни апострофты жетілдірудің өзге де тәсілдері баршылық. Бұл ретте «Бай-латын» («bailatyn») делінген нұсқаны даярлаған топтың ұсыныстары ақылға сыйымды, көкейге қонымды. Олай болса, олардан неге бас тартуымыз керек?Сол сияқты бұрынғы латын графикасына неғұрлым жақынырақ болуға тырмысу қажет-ақ. Ол көркем әрі оңай. Біздің шешей 1930-шы жылдары мектепте латын жазуымен оқыған адам. Әлі күнге солай жазады және біздер ол жазбаны ешқандай қиындықсыз оқи аламыз. Бұл графиканың оңтайлы да жеңіл екенінің басты көрсеткіші емес пе. Біз Батыс және Шығыс арасын көпір болып жалғаған еуразиялық елміз. Сондықтан қай нұсқадан да керегімізді алып, іске жаратқанға не жетсін.
Сөз басында латынша жазуға көшу – маңызы терең тарихи оқиға деген едік. Күллі түркі әлемі солай беттесе, қайтіп көштен қалмақсың. Диірменнің тасындай шыр айналған жарық дүние өзгерген үстіне өзгере беруден жаңылар ма. Уақыттан ұтылсаң «әй-қап» деп сан соғасың да қаласың. Кирилл жазуының бізге өкпесі жоқ – төл әліпбиіміздей әлдилеп-ақ келеміз. Орыс әлемінде балықша жүзудей-ақ жүздік қой, мүйіз шықса. Енді онан әлдеқайда орасан ағылшын тілді әлемде жүзетін уақыт жетті. Ұтатын ұлт.
Жастар арасында латын әліпбиі таныс емесі кемде кем, бәрі де көздері сүрінбестен оқи алады. Латын үлкендер үшін де жаңалық бола қоймас. Көш жүре түзеледі демекші, жазудағы тұрақтылыққа да қол жеткізерміз. Қуантар жәйт, латын әліпбиіне көшедегі атаулар және теледидар арқылы көшу, өстіп қоғамдық санаға сіңіру ісі басталып-ақ кетті.
Қорыта айтқанда, латын әліпбиі – тәуелсіздік тұғырын нығайтуға және халықтың біртұтастығы (біртектілігі) орнығуға мүмкіндік беретін тамаша құрал. Латын жазуын меңгеруден, оны сауатты қолданудан алар сыбағамыз мол. Сондықтан баршамыз да оны белсенді насихаттап, өмірге енгізуді қолға алайық, ағайын. Жұмыла көтерсе жүк жеңіл, көп болып ұмтылса алынбас қамал және жоқ.
Асан Омаров –
абайтанушы ғалым,
Мұрат Омаров –
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы.
Семей қаласы.