Жексенбі, Желтоқсан 10, 2017
Негізгі > Жаңалықтар > Қаздауысты ҚАЗЫБЕК БИДІҢ генерал-губернатор И.И. Неплюевке ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ

Қаздауысты ҚАЗЫБЕК БИДІҢ генерал-губернатор И.И. Неплюевке ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ

БІРІНШІ ХАТ

«Иана биз Казубек биден инаралға суз будур: иети хан, куп туре, иурут бару бизларниң уштумизга килалар. Сузлашамиз, кингаш қиламиз тиб айталар. Имри бу Дукан батурга илчи кошуб илдам кайтаруб ибаргайсыз. Ол ханларның, тураларның, иурутның… кингашин, сузларин сиз инаралға Дукан қолуна хат беруб хизматунизға биз ибарурмиз. Бу Дукан батур падишаһ хизматун қиламыз тиб ики чуға чипкан бирмак болуп, ики ат алыб минди. Иана игрми табак, қағаз биргайсиз.

Иана биз қара кисек Казубек биден салам. Орунбор башлығы инаралға сузумиз будур: бизга бир қара тулки ибаргайсиз. Дукан батур қолуна беруп ибаргайсиз. Иана бу Дукан батурға душманлар иаманлиқ қуңлу бардур. Инарал бу Дукан батурның сақлардай ғақл табгайсиз. Аниң учун подишаһның сузларин Дукан батур яғшы айтадур. Кашлар сузин бу Дукан батур яғшы айтадур. Аниң учун бу Дукан батурның башын душманлардан сақулағудай бир яғшы ғақл табгайсиз3».

Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы:

«Және біз, Қазыбек биден, генералға сөз бұл: жеті хан, көп төре, жұрт болып біздің үстімізге келмек. Пікір алысып, кеңес құрмақ. Енді мына Төкен батырға елші қосып тезірек қайтарып жібергейсіз. Хан, төре, жұрттың айтқан пікірін, жасаған шешімін сізге, генералға, Төкен батырдан хат арқылы жеткізерміз.

Бұл Төкен батыр патшаға қызмет етемін деп екі шұға шекпен бермек болып екі aт алып мінді. Және одан жиырма табақ қағаз беріп жібергейсіз.

Және біз қара кесек Қазыбек биден дұғай сәлем! Орынбор бастығы генералға сөзіміз бұл: бізге бір қара түлкі жібергейсіз. Төкен батырдың қолына беріп жіберіңіз. Және бұ Төкен батырға дұшпандар жамандық жасамақ ойда. Сондықтан да генерал, бұ Төкен батырды аман сақтауға бір ақыл тапқайсыз. Өйткені Төкен батыр патша сөзін бізге, біздің сөзімізді сіздерге жақсы жеткізіп жүр. Сол себепті Төкен батырдың басын дұшпандардан сақтайтындай бір жақсы ақыл тапсаңыз екен».

ЕКІНШІ ХАТ

«Биз қара кесек Қазубек би улуғ падишаһға баш… Иана Орунбор башлыгы инаралга салам сузумиз будур:

Бизлар падишаһның хизматиндамыз. Падишаһның душманина душманмыз, дустина дустимиз. Бизларниң бурунги антимиз антдур, сузумиз бирдур.

Иана сиз инаралниң билтур Дукан батурға берип ибарған хатуңиз бирла сиуңыз қолумизга килуб muдu. Бизлар яғшы күш курдук.

Бизлар бу заманда ишутамиз, жонғар қалмақ Қалдан Чирин хан падишаһ иуртуна иаманлик қиладур тиб. Узумиз куз бирла курғанмиз иукдур.

Иана… лау Ғабдулкарим бек игрми сан к… Ташкент қала устуна килди. Қалдан хан қалмақ иурту бирла уруш қилди тиб иатадур. Андан башка узгариш ишутмаймиз. Һар иурутлардан ишутсак сизларға хабар қилармыз. Хатни Дукан батурга бирдук.»6

Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы

«Біз, қаракесек Қазыбек би, ұлы патшаға бас (идік). Және Орынбор бастығы генералға сәлем сөзіміз бұ:

Біз патшаның қызметіндеміз. Патшаның дұшпанына дұшпан, досына доспыз. Біздің бұрынғы антымыз ант, сөзіміз бір.

Және сіз (дің), генералдың, былтыр Төкен батырдан беріп жіберген хатыңыз бен сыйлығыңыз қолымызға келіп тиді. Біз жақсы, хош көрдік.

Біз бұл заманда жоңғар қалмақ Қалдан Серен хан патша жұртына жамандық жасап жүр деп есітеміз. Өзіміз көзімізбен көргеніміз жоқ.

Және… лау Ғабдулкарим бек жиырма сан к… Ташкент қаласының үстіне келді. Қалдан ханның қалмақ жұрты мен ұрысты деп айтады. Одан басқа жаңалық есіткеміз жоқ. Әртүрлі жұрттан жаңалық есітсек, сіздерге хабар қылармыз. Хатты Төкен батырға бердік».

Ірі саяси оқиғаларға толы XVIII ғасырдағы қазақ қоғамында өзара және басқа жұртпен хат арқылы пікір алысу, түрлі байланыстар жасау мәдениеті сол заманға лайық деңгейде дамыған. Қазақ елінің қоғамдық тіршілігін ұйымдастырушы, басқарушы міндетін атқарған хандар, билер, батырлар Ресей губернаторларымен, Орта Азия хан, бектерімен, Жоңғар қонтайшыларымен жер және түрлі саяси мәселелерге байланысты ылғи да хат алысып тұрған. Осы мақсатта олар арнайы хатшы ұстаған. Хатшы міндетін татар, Бұхар, Хиуа, сондай-ақ қазақ қоғамының өзінен шыққан, араб жазуынан сауаты бар адамдар атқарған. Жазылған хатты белгілі бір кісіге жеткізу міндеті негізінен батырларға жүктелген. Бұл арада батыр жай хат тасушы ғана емес, хатта айтылмаған көптеген жәйттерді түсіндіріп жеткізуші, басқаша айтқанда, елші де болған. Мәселен, орыс әкімшілігі мен қазақ билеушілері арасындағы байланыста осындай міндетті Хангелді, Сатай Бөгенбай, Жәнібек, сияқты белгілі ірі қайраткер батырлар атқарған. XVIII ғасырға тән архивтік құжаттармен таныса отырып, бұл пікірдің дұрыстығына көз жеткізу қиын емес.

Қазақ елінің тарихи жадынан құрметті орын алып, кезінде үлкен елшілік, билік қызметімен танылған Келдібек ұлы Қазыбек би негізінен шешендік өнерінің аса көрнекті өкілі ретінде белгілі. «Өнер алды қызыл тіл» деп түсінген ортада Қазыбек бидің сөз өнерін ғажап меңгерген ұлы шешен болғандығы даусыз. Бірақ, мәселенің түп төркініне келер болсақ, шешендік өнері бидің негізгі үздік қыры емес-тін. Қиын-қыстау заманда бар өмірін өз халқының еркіндігі мен теңдігіне арнаған қайраткердің өмір жолын тек шешендік өнерімен шектеу ғылыми әділеттілік болмас еді. Шешендік өнері оның үлкен қоғамдық-саяси қызметіндегі қуатты құралы ғана болатын. Тура осы ойды Қазыбектің Төле би, Әйтеке би сияқты басқа да белгілі замандастарының өмір жолына байланысты айтуға болады. Олардың күресте өткен өмірінен хабар беретін тарихи деректер мәселеге осы тұрғыдан қарауға итермелейді.

Орынбор облыстық архивіндегі губерниялық канцелярия қорында сақталып, біздің заманымызға жеткен Қазыбек бидің Орынбор генерал-губернаторы И. И. Неплюевке жолдаған екі хаты бұл пікірді растай түседі.1

Өткеннен жеткен куәлік құжаттарды талдап түсінудің өз ерекшеліктері бар. Солардың бірі – әрбір құжат тек сол тарихи кезеңнің және ортаның қоғамдық және рухани болмысының құрамды бөлігі ретінде, яғни солармен тығыз байланыста қаралуға тиіс. Өйткені Гегель дәл басып көрсеткендей, әрбір тарихи дәуірдің өз бітім-болмысы бар, демек оның уақыт және өмір, еркіндік пен әділеттілік туралы өз ұғым-түсінігі болуы заңды. Міне, осыны есепке алмайынша біз тарихи құжатты тура түсінбей, тіптен оған бүгінгі түсінік, өлшемдерімізбен ғана қарап, қате тұжырымдарға ұрынуымыз ықтимал. Біз әңгіме етіп отырған Қазыбек бидің екі хаты да – осындай талап тұрғысынан талдауды қажет ететін құжаттар.

Сарғыш тартқан жай қағазға араб қарпімен жазылған хаттар сол кездегі Орынбор канцеляриясында қалыптасқан тәртіп бойынша орысшаға аударылған. Екі хаттың алғашқысын орыс тіліне аударған Емағұл (мүмкін Смағұл – М. Қ) Гуляев. Ал екіншісінің соңында аудармашының аты-жөні жоқ тек «перевел переводчик» деп қана қойылған. Жазу мәнеріне қарағанда екеуін де бір адам аударғаны байқалады. Орысша текстердің сапасы аудармашының қазақ тілін жетік білгендігін көрсетеді.

Реті бойынша папкаға бірінші тігіліп, бетінің жоғарғы шетіне «112» «112 об» деген нөмірлер қойылған бірінші хаттың орысша аудармасы «От него же Казбек бия» деген сөйлемнен басталады. Хаттың Орынбор канцеляриясына жеткен уақыты туралы ешқандай белгі жоқ. Тек екінші хаттың тексі арқылы оның соңғысынан шамамен бір жыл бұрын жазылғандығын ажыратуға болады.

Екінші хаттың бетіне «113 об» деген рет нөмірі қойылып, одан төмен хатқа мынадай қысқаша түсінік берілген:

«Перевод с татарского письма, которое прислано от Казыбек бия, полученного от Тюкеня Балтачева июня 13 дня 1745 году в Оренбурге. В нем же по переводу значит ниже сего2».

1745 жылы қазақ қоғамы «Ақтабан шұбырындының» (1723) зардабынан біржола арыла қойған жоқ еді. Жау әлі де қуатты, ал елде саяси тұтастық жоқ, оның үстіне Жетісудан Ташкентке дейінгі аралық Жоңғар хандығына қарайтын. Міне, осындай ауыр ішкі және сыртқы жағдайда Ресей өкімет орындарымен саяси байланыстың мәні үлкен болды. Сол кезеңге тән архивтік материалдар қазақ хандары мен сұлтандарының, Төле, Қазыбек сияқты билердің, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары сиякты батырлардың орыс әкімшілігімен қатынаста белсенділік танытып, тұрақты байланыста болуға тырысқандығын көрсетеді.

Қазыбек бидің Орынбор әкімшілігіне жолдаған екі хатының екеуі де елдің саяси өміріне тікелей қатысты келелі мәселерге байланысты жазылған. Бірінші хатта Қазыбек би Орынборға елде өткелі жатқан жиын туралы хабар береді. Сондай-ақ бұл жиын қатардағы емес жеті хан сұлтан, төре және басқа ел билеушілер бас қосып, толғағы жеткен ішкі және сыртқы саяси жағдайларды талдауға, солар бойынша тиесілі шешім қабылдауға шақырылған үлкен кеңес. Біздің түсінігімізше бидің бұл оқиға туралы Орынборға хабар берудегі түпкі мақсаты орыс әкімшілігіне елдегі болып жатқан іргелі жаңалықтарды, соңынан кеңестің негізгі шешімдері туралы баяндап қана қоймай, сол арқылы мүмкін болса, жоңғар шапқыншылығына қарсы Ресейдің қолдауын алу. Хатта «Төкен батырға елші қосып» қайтарыңыз деуі соны аңғартса керек.

Сонымен бірге би Орынбор мен екі арадағы жылы қатынасты жаратпайтындардың бар екенін ескертіп, генералдан қызметте жүрген Төкен (Дүкен болуы да мүмкін хаттың түпнұсқасында «Дукан» деп жазылған-ред.) батырдың қауіпсіздігін қамтамасыз етерлік шара қолдануын өтінеді. Хаттың тілі сол тарихи кезеңге дейін қолжазба еңбектерде, іс қағаздарында қолданылып келген ортағасырлық түркі жазба тіліне жақын. Бұл жағдай XVIIІ ғасырдағы қазақ қоғамында ортағасырлық жазба мәдениетінің одан ары өз жалғасын тапқандығының көрінісі. Бидің Орынбор канцеляриясынан жиырма табақ қағаз сұрауы да соны айғақтай түседі.

Оқырманның өткеннен жатқан бағалы деректік материалдармен түпнұсқа арқылы танысуды қалайтындығын ескере отырып, алдымен хаттың тексін өзгеріссіз күйінде беріп соңынан қазіргі қазақ тіліне аударылған нұсқасын келтіруді жөн көрдік. Екі жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған хаттың жақсы сақталғанына қарамастан, әріптердің өшіңкіреп қалуына байланысты оның қайсы бір сөздерін оқу қиындау болғандығын айта кетуді қажет деп санаймыз.

1745 жылы жазылған екінші хат қазақ жоңғар қатынасының тағы да ширыға түсуіне байланысты елдің күпті көңілінен хабар бергендей. Қысқаша айтқанда, жағдай мынадай еді. 1744 жылдың күзінде Ташкент Қалдан Серен билігінен Орта Азиялық Абдулкарим бектің қолына өтеді4. Оның үстіне 1744 және 1745 жылдардың аралығында Ұлы жүздің Қойгелді, Тоқсанбай, Мәлік, Кетен сияқты батыр-билері бастаған көтерілісшілер Қалдан Сереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Қазақстандағы іргесі шайқала бастаған билігін қалпына келтіру мақсатында Қалдан Серен қанды жорыққа даярлана бастайды. Бұл жағдай қазақ қоғамында үлкен қобалжулық туғызып, белгілі дәрежеде билеуші топтарды Ресеймен арадағы достық қатынасты нығайта түсуге итермелейді.

Сонымен бірге бұл кезең өз кезегінде Ресей мен Жоңғар хандығы арасындағы территориялық даудың жалғаса түскен, оған қосымша ойрат қолдарының батыс Сібірдегі орыс бекіністеріне ауық-ауық жасап отырған шабуылдарының нәтижесінде екі мемлекеттің арасында қырғиқабақ қатынастардың орын алған кезі еді. Қазыбек бидің хатында осы айтылған саяси жағдайдың қысқа болғанымен, айтарлықтай анық көрініс тапқандығын аңғару қиын емес.

Хаттың негізгі өзекті тақырыбы Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай, соған байланысты қазақ қоғамы мен Ресейдің ара қатынасы. Хатта ірі саяси қайраткердің екі елдің ара қатынасына байланысты ұстанған позициясында екі жақтылық жоқ, қайта ол өзара қатынастың маңызын және болашағын терең түсінген, мемлекетаралық дипломатиялық байланыстың сырларынан хабардар тәжірибелі адамның сыңайын танытады.

Бұл арада арнайы сөз етуге лайық бір жай бар. Ол Қазыбек бидің қоғамдық қызметін тереңірек түсінуге көмектесетін бұл өте сирек кездесетін құжаттың халық арасында сақталып келген деректік материалдардан алшақ емес, қайта олардың бірін-бірі өте орынды толықтыра түсетіндігі. Мәселен, халық арасында ауызекі және жазба түрінде сақталып келген деректер Қазыбек бидің қазақ жоңғар қатынасында да белсенді рөл атқарып, жоңғар хандығына елшілік сапармен барып қайтқандығын айтады.

Біз қарастырып отырған және одан бұрынғы тарихи кезеңдерде қазақ қоғамында елшілік қызметі негізінен билердің үлесіне тиген. Қазанғап ақынның «Төле бидің тарихы» атты жырында аса маңызды дерек бар. Онда бір қақтығыстан кейін тұтқын дауымен қалмаққа елші жіберу құйрығы күшті ме?» деп сұраумен қайырылғанда жас жағынан үлкен Төле би: «Шырағым Қазыбек, жол қажеттілігі туады. Бұл сапарға кім аттанады дегенде хан тағы жанында Билер Кеңесін құрған үш бидің үшеуі де ыңғай білдіреді. Сонда біреу Қазыбек биге «айтыңызшы арғымақтың басы күшті ме, жоқ белі күшті ме, жоқ бастауға аттың омырауы күшті, бірақ белі қызметті көп істейді, рұқсат сізге7 – деп жол береді. Қасына Қожабақтың ұлдары Қылыш пен Балта батырларды ертіп барған бұл сапарында ол тұтқын, жер дауына байланысты көп іс тындырып қайтады. Ол туралы жырда «Қазыбек енді еліне жөнеледі, жиып ап жетім-жесір, не ерлерді. Сіздер де жоғыңды ал деп, ертіп келіп, қалмақтың жоғын тауып бұл да берді8» – делінеді. Қазыбектің шешендік өнері қалмақ ханына үлкен әсер еткен.

Қас батырды көргенде жау көңіліне қызғаныш ұялаған. Осы сапарда қалмақтар бидің жанындағы сіркелінің батырлары Қылыш пен Балтаның үзеңгісіне у жағып жіберіп, елге келген соң Қылыш өліп, Балта аман қалады. Қазанғап ақын арқылы бізге жеткен Әбдірейім шежіресі бойынша Тәшкенге таяу маңда Қылыштың қыры, Балтаның көлі деген жер аттары болған. Қазыбектің өзін де жырда аракідік Ер Қазыбек атайды. Бидің ер атануы осындай қауіпті сапарға байланысты екендігі анық.

————

1.Орынбор облыстық архивы. 3-қ, 1-т. 8-іс, 112, 112 об, 113, 113 об. 114,114 об. беттер.

2.Сонда, 113-113 об. беттер.

3.Сонда, 112-бет.

4.Сонда, 38-бет

5.Қазақстан Республикасы Ғ А. кітапханасының қолжазба қоры, 763-п, «Төле бидің тарихы» 72, 80, 81-беттер.

6.Орынбор облыстық архивы. 3-қ, 1-т, 8-іс 113-6. 7.Қазанғап Байболұлы. Төле би. Алматы. 1991, 213-бет. 8.Сонда, 217-бет.

9.Сонда.

Мәмбет Қойгелдиев,

ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, белгілі алаштанушы.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation