«Аргументы и факты» апталығы Семей полигонының он жыл бойы бастығы болған генерал-лейтенант А.Ильенкомен сұхбат жариялапты (28.09.2020 ж.). Полигонның жабылуы дәл осы генералдың басшылығы кезіне дөп келгені белгілі. Сол 1989-90-шы жылдары оның аты-жөні біздің елдің баспасөз беттерінде көлбеңдеп көп көзге түсуші еді.
Сұхбаттарында «Полигонның халыққа еш зияны жоқ» деп бет бақтырмайтын сол генералға жан бітіп, араға отыз жыл салып барып тағы сөйлепті.
Өзі қазір Ресейдің Белгород қаласында тұрады екен. Жасы 91-ге келген. Әлі тың секілді.
1962 жылы Совет Одағында РВСН деп аталатын ракета әскері құрыла бастағаны белгілі. Ильенко да осы кезде Ресейдің Иванов облысының Тейково қаласындағы ракета дивизионына қызметке келеді. Бұнда Америкаға дейін жететін Р-16 ракетасының 2-еуі тұрған. Бұндай ракетаның ол кезде бүкіл СССР-де 12 данасы болғанын генерал жасырмай айтыпты. (Осы Тейково қаласында марқұм Зақан ағам 1973-75 жылдары әскери борышын өтеп еді…).
«Сол жылғы Кариб дағдарысы кезінде Совет Одағы мен АҚШ басшылары кімнің мықты екенін біліп болғанша дивизион төрт ай бойы өте жоғары соғыс даярлығы жағдайында тұрған»,-депті генерал.
«Жерұйық» ақпараттық порталы осы сұхбаттың кей тұстарын қазақшалап, оқырманына ұсынып отыр.
Тілші: – Полигонның ең гүлденген кезінде ол қандай еді?-деп сұрайды. (Қазақ жеріне у төккен аждаһаны «гүлденген» дейді…).
Ильенко: – Бұл 18,5 мың шаршы шақырым болатын ұлан-ғайыр аумақ еді. Тұрғынының саны 30 мың адам (бүгінгі Курчатов қаласын айтады). Түрлі-түрлі сынақ өткізетін алты алаңы бар. Менің кезімде полигонда 113 ядролық жарылыс жасалды. Мен бірде-біреуін бос жібермей, барлығына қатыстым.
Тілші: -Сіздің кезіңізде «ЧП» болып көрді ме?
Ильенко: – Көргенде қандай! Бірде машинадан шахтаға түсіру кезінде офицерлер ядролық қаруды жерге құлатып алды. Жаман қорықтым. Әйтеуір бәрі жөнімен болды.
Тілші: – СССР-дің соңғы жылдарында полигонда қандай уақиғалар тізілді ?
Ильенко: -1987 жылы Семей обкомының бірінші хатшысы ауысты. Бұрынғы біріншінің бізге деген бейілі түзу адам еді. Ал бұл жолғы бірінші хатшы Бозтаев бірден бөгеу болды. Біресе жарылыстан құбырлары жарылып қалады, біресе радиоактивті газ қалаға дейін жетеді, т.т. «Невада-Семей қозғалысының негізін қалаған Олжас Сүлейменов деген жазушы пайда бола кетті. Полигонды жабу жолында шектен шыққан, ашықтан-ашық («оголтелыми методами» депті) тәсілдермен жүрген күрес басталды…
Қысқасы, біз соңғы жарылысты 1989 жылдың 19 қазаны күні жасадық. Кейіннен полигонды барлық инфрақұрылымымен, жұмыс істеп тұрған екі ядролық реакторымен бірге Қазақстанға бердік. Қазір мұнда солардың ядролық ғылыми орталықтары бар. Онда жапонның ядрошылары тұрақты жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Тілші: -Бір азғана шақырым қашықтықта ядролық жарылыс жарылып жатқан жерде тұрған адам қандай сезімде болады?
Ильенко: -Менің («менің» дейді) полигонымда ядролық жарылыс жасалған кезде, бұған қатысы барлардың барлығы «Ура!» деп айғайлайтын. Бақылау-өлшеу кешендерінен мәліметтер келгенде одан да бетер қуанатын. Ол түсінікті ғой: бұндай жарылыстың арғы жағында жабық қалаларда жұмыс істейтін қаншама құпиялы ҒЗИ ұжымдарының неше жылдық еңбектері тұр! Ал таза физикалық сезім жағынан алсақ, жерасты жарылысы топырақтың өте күшті қозғалысы сияқты әсер етеді. Жылдар өте келе мен жарылыс қуатын ешбір аспапсыз-ақ өзім шамалайтын болдым. Мынау 90 килотонна, ал мынау 120 кт деген сияқты. 1988 жылы Семей полигонына келген америкалықтар генерал Ильенко жарылыс қуатын тізесімен сезеді деп мақтап еді. (Америкалықтар жарылыс болғанда генералдың тізесі дірілдейді деп кекетіп айтуы да мүмкін-ау…).
Генерал одан әрі: -Мақтанды демеңіз, полигонға басшылық жасаған он жылдың ішінде қалыпты өмір жағдайын қалыптастыру үшін көп нәрсе жасадым,-деп алып, одан әрі өздерінің нан пісіргендерін, сүт зауытын салғанын, балмұздақ шығарғанын тәптіштеп кетіпті. Сөйтеді де, «Мен мұнымен өзімнің кезімде жасалған 113 жарылыстан кем мақтанбаймын!»,-деп бөседі. –Егер де біз өз бомбамызды жасамасақ, осы 70 жылдың ішінде бұл әлем не боларын кім біледі?!.
Тілші: -Ядролық сынақтар қалай жүруші еді?
Ильенко: -Менің кезімде тек жерасты жарылыстары жасалды. Әуедегі, жер үстіндегі жарылыстарға халықаралық мәмілелермен тиым салынған болатын. Ал жерасты жарылысын жасау, мен сізге айтайын, – өте күрделі нәрсе.
Оны штольня мен скважиналарда жүргізеді. Скважина дегеніміз – диаметрі 1 метр, тереңдігі 600 метр болатын жердегі тесік. Сол шұңқырда
тротилдік өлшеммен 150 кт болатын оқ-дәріні жарады. Полигон жерінде тау мен жота да болғандықтан, ұзындығы 1 шақырымдық тоннельдерде, яғни, штольняларда да сынақ жүргізуге мүмкіндік болды. Оларда әлсіздеу, 70 килотоннаға дейін жарылыс болатын.
Тілші: -Жарылыс уыты сыртқа шығушы ма еді?
Ильенко: -Менің кезімде ондай болған жоқ. Әрине, радиоактивті газдар жер астынан сыналап шыққан кездер болды. Бағымызға қарай, олардың жартылай тарап кететін кезеңі қысқа уақытқа ғана жететін…
Міне, тоқсаннан асқан жасы бар Ильенко осылай сайрапты. «Ойлап кетсең дүние…» демекші, бұндай генералдардың талайы полигонға қатысты құпияларды өз ішінде алып кетті-ау!….
S.Omirtai,
«Жерұйық» ақпараттық порталы.