ҚАР ҚЫЗЫНЫҢ ХАТЫ. Бақытгүл Бабаш

1

(поэтикалық триптих)
Оралхан Бөкейге
I.
Әппақ… әлем…
Әппақ маржан айналам.
Жаным-көкте,
Жерде жүрген құр сүлдем.
Неге осы мен,
Қайырымсыз дүниеден қайғы алам?
Неге осы мен,
Сіз жайлы ойлап, күрсінем?
Әппақ әлем,
Адыра!

Түнге ғана құмартады жас жаным.
(Қаралығы үшін бе?)
Алма-қыз ем, қапияда қарға айнала бастадым,
Қара ниет Қоңқай шалдың ісінен…
Әппақ… әлем…
Мөлдір мұңның моншақтарын теремін.
Уысымда — толы Бақ.
Ақ қар кешіп, мен Сізді іздеп келемін.

Ыстық,
Мұ-ұ-ұ-ұздай
Жүрегімді қолыма ап…

**
ІІ

Айыртауда…
Тағы да түн. Қара түн.
Мен отырмын сыздап сыңар қанатым.
Кім біледі періштелер мекенін?
Кім біледі Жолды Сізге баратын?

Айыртауда…
Қорғалады бүгін Ай.
Ақ жүзімнен сорғалады жас тағы. 1
Өрімталдай өмірімді, түбі лай,
Суы да сор теңіз етіп тастады…

Айыртауда…
Көңілімнен күй кетіп,
Болмысымды белгісізге билетіп.
Кім біледі, әлі қа-а-анша жүремін,
Боз далада бос шанамды сүйретіп?

Шығыс ұлы!
Менің хұсни-халімді,
Шыңғыстайда біле ме екен бұғылар?
Тау жаңғыртып түнде салған әнімді,
Сізден басқа, Сізден басқа кім ұғар?

***
ІІІ

Ағатай!
Жеттің бе Айға, алыстап Арманымнан,
Бейуақта кеттің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»?
Бақытқа шөлдедім мен. (Елге не берем үлгі?)
Айтар ма Әулиекөл, сұрасам дерегіңді?
Жай түскен жаным-жара, жаһанның сызы қонып.
Үлбіге шақырсам ба, үндінің қызы болып?

Ағатай!
Жоғалтпадым сіз берген ар жүзігін.
Жаны-өрт, тәні-дертті баяғы Қар Қызымын.
Алыста — қуанышым, қасымда нала қалып,
Сізді аңсап ақ толқыны, Бұқтырма барады ағып…
Ақшоқы баурайында адасқан Кербұғы кім?
Дауасын таба алар ма ем мен оның шер-мұңының?
Мінәжат еттім тағы, Тәңірге тізе бүгіп.
Кезігіп қалам ба деп көзімде жүзеді Үміт…
Әр түні алаңдаймын. Әр күні таппақ болам.
Бәрібір… бара алмаймын… Айналам — әппақ тұман.

Ағатай! 2
Жерде әлі жалғасуда, Қоңқайдан қалған лаң.
Беймезгіл көштің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан…

Pin It

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *