Мен – Жібектің көз жасы ем, тамып түскен Жайыққа

Бақытгүл Бабаш


iK7UJ7RG6wEfxAa3-lg

Кезім еді жерден жылу іздеген.
Жайлау барып, жан сырымды тізбек ем.
Құлдыраңдап шыға келіп алдымнан,
Жетім қозы, қонақтаттың көзге өлең.
..Мен де сендей құсалымын, шерлімін.
Әкем бар-ды, қойнына алды жер бүгін.
Жалғыз шешем… жетілмеген жетеуміз,
Қорған болар, орман болар енді кім?
Мен де сендей маңырамай отыққам.
Жан жарамды жазды уақыт, атып таң.
Рас, кейде кеуде тұсым сыздайды,
Рас, кейде кеш қаламын бақыттан.
Әкесіздің сен де көрдің талайын,
Жетесіздің мен де көрдім талайын.
Артта қалсаң, ақылсызға балайды,
Оза шапсаң, күндейді көп ағайын.
Мұңды қылған мұнар-күннің кәрінен,
Жалқы Тәңір тауып берді жаныма ем.
«Жетім қозы-тасбауыр» деп алдайды ел,
Жетім қозы — мейірімді бәрінен!
..Осы бір жай езіп кетті еңсені.
Ауыл жаққа апармайды көш те енді.
Қара жолға қарауменен қамыққан,
Жесір шешем… жетім қозы… кеш мені!

**
Көктем дейді…
Көңілімде күз менің.
Қарсы алмадым қайтқан құстың тізбегін.
Қанатына хат жазар ем…
Жазбаймын.
Бүгін менің санам суық, аз қайғым.
Алыстамыз.
Менде – шер де,
Сізде – мұң.
Сағынасыз?
Сағынбайсыз! (Сағынар…)
Кім бар екен біздің құсни халді ұғар?
Аз дейсіз бе, мына дүние-ғайыпта,
Мен секілді,
Сіз секілді,  Адасып,
Біз секілді тоғыспаған тағдырлар?
Сыртта жаңбыр…
Жасы емес ол аспанның,
Мен де енді жыламаймын.  Басқамын.
Көктем, күз бе, мезгілдің жоқ берері,
Қу жаныма бұл өмірден керегі —
Тек Сіз аман болыңызшы, асқарым!

**
Имани нұр төгіліп келбетімнен,
Жанымнан қалап алдым жыр-мұнара.
Жындарға толы мынау жер бетінен,
Мен-дағы Адам іздеп жүрмін, аға!

Пенде боп адастым ба періштемнен,
Пердесін жаңа аштым ба жалғанымның?
Көрмедім азайғанын мен ішкеннен,
Құнанбай баласынан қалған удың…

Өлең боп көз алдымнан көшті жалған.
Көңілдің тазармады тоты да әлі.
Арзу мен тілегімді естіген жан,
Жазуын жүрегімнің оқымады…

Қалдым ба әлдекімнің наласына,
Емес ем сағынышты күзге өкпелі.
..Неге осы көктем келсе аласұрам,
Бір Бақыт келетіндей іздеп Мені?

Сол Бақыт келе деп мен мұңайдым —
Көзімде үкілі үміт үлбіреді.
Енеді есігімнен енді қай күн —
Бүгін бе? Ертең бе әлде?
Кім біледі?
Аға…

**
Енді ғана ұқтым бәрін,  Енді ғана түсіндім
—  Жанарыма шық тұнғанын,
Тағы теріс жорылғанын түсімнің.
Құзар шыңға балағаным,
Құлатқанын көз жетпейтін биіктен.

Лайланып тұма-жаным,
Жер бауырлап жылағаным,
Жүрегімді қорғай алмай,
Күйіктен.  (Кеше ғана сүйікті ем…).

Кештеу келген ақылым ба,
Жатқа айналған жақыным ба,
Айыпты?
Неге іздедім адалдықты адамнан,

Неге күттім жердегі жоқ ғайыпты?
Жанымды орап азапты ойға,
Көңілімнің көк кептерін ұшырдым.
Тәңірім-ау, тозақ қайда,
Өртенейін қателігім үшін мың.
Ішім-от та, сыртым-жалын,
Енді ғана ұқтым бәрін.
Енді ғана түсіндім…

**
Әлемімнің әйнегі шытынады абайсыз.
Менің тайқы тағдырымдай – тақсіретті, талайсыз.
Тәтті шақтар түсім бе еді?
Түсінбедім.
Түсінбен —  Жырақ кетіп, жат құшақта жыр оқисыз қалай сіз?
Телміреді терезеден аппақ кептер – арман-ән,
Менің ғапыл ғұмырымдай – бір ғайыпқа алданған.
Кәусар мұңым кеудеме әкеп көктем гүлін ексе де,
Енді өзіңсіз тірлігімде, тірілігімде бар ма мән?
Көңіліңді қалай ғана арылта алам кірбіңнен?
Қоштасудың дәл осындай қиындығын кім білген?
Жүрегіңді жүрегімнен сезім құсы кетті алып —
Тілегімді тілегіңе қосып үнсі-і-із тұрдым мен…

**
Білмеймін, бағым ба, сорым ба,
Шарқ ұрдым шаттанар шағымда.
Шарадай басым жүр шайқалып,
Беймаза бір әуен жанымда.
Тағы да құсалы мынау күн,
Мұң жапқан жанарын мұнармын.
Мен сірә тап осы кейпіммен,
Жынданып өлетін шығармын!
Күтемін. Көңілде мұң-шер көп,
Сәттерді сағынып тым сергек.
Түндерде, жалғыздық жылатқан,
Жанында жүрсем деп.
Бағым боп келмейді ол, (Бол-май-ды!).
О, бәлкім, көңілге сол қайғы?
Қырсығам телефон көтермей,
Сыңсыған үмітім сорлайды.
Санамда салқындық — аты мұң,
Өзге емес, өзіме жат үнім.
Мен оның жырымын жатқа оқыр,
Ол — менің ең ұлы ақыным!
Жалғыздық жұп болып жаныма,
Жаутаңдап қараймын арыма.
Жүк артқым келмейді жүрекке.
Жоғалтқым келмейді тағы да…
**
Жапырағын жанымның тағы бір жаз тонады.
Жібімеді бірақ та тағдырымның тоңы әлі.
Мен – бейдауа дертті емген көңіл едім қаяулы,
Сен – білмедің аяуды.
Сағынамын, — дедің де, сағынбадың шынында.
Тағы да мұң кеудемде, тағы да шер – жырымда.
Мен – Жібектің көз жасы ем, тамып түскен Жайыққа,
Сен – жорыдың ғайыпқа.
Ғажап дедім бар күнді, азабына мойымай.
Ғазал-жырын жанарға жасырады мойыл Ай.
Мен – тірліктен түңіліп, үңілгенде жүрекке,
Сен — і көріп, дір еткем…  (Тағдырымның ойыны-ай!).
Біз – біргеміз деуші едік. Алыстады арамыз.
«…Сезімге енді сенбеймін» (…) Сыбырлады қара қыз…

**
Тағдырдың отына күймеген шынармын.
Жаныма болады сыңар кім?
Дүние-дүрмекті бір сәтте ұмытып,
Мен бұлай ешкімді сүймеген шығармын?!.
Ақ бұлтпен астасып арманның аспаны,
Аяулы шақтарым бақытқа бастады.
Біз кешкен бал сәтті бұрын да сезініп,
Сен сүйіп көріп пе ең басқаны???
Жарығым, жазмышқа жайым жоқ алаңдар,
Тексіздер таптаған тірліктен табам ба ар?
Білгенге, бір ғана жүрекпіз — Екеуміз,
Айыра алмайды адамдар!!!
Ой-теңіз, тылсымы тартады тереңге,
Өлшеулі өмірміз — айналар өлеңге.
Мулде екі қалада журсек те, сен-бей-міз,
Қосылмау — қасірет дегенге!
Отына тағдырдың қанатым күйсе егер,
Сен едің бейдауа дертімді түйсінер.
Жазылған жырларды тергейді несіне,
Сүйсе егер…
Біздей боп сүйсін ел!!!

**
Бір басымда болар мүмкін кінә сан,
Қиялыммен көкке ұмтылам, қыр асам.
Аспан асты тарлық қылды, жарығым,
Айға ала кет. Азабыма шыдасаң…

Мен сендікпін мынау ғапыл ғұмырда,
Бірақ оның не қасиет құнында?
Жазмышының шеңберіне сыймайтын,
Мені сүю мүмкін емес, шынында.

Кешір мені! Биігімнен құласам.
Саған ғана шын сенемін, сыр ашам.
Тағдырымды табыстадым қолыңа,
Айға ала кет.
Азабыма шыдасаң…

**

Аппақ Айдың сынығындай
Жаны-нұр да, бағы-жыр,
Беу, баянсыз махаббатым!
(Елесіңіз есімді алып әлі жүр).

Тәңір берген бір жүрекпен мыңға ынтық болсам да,
Сізді сүйем бәрібір!!!
Ұғынсаңыз,
Сізді сүю – жанарымда нұр ойнау.
Ардағым-ау,
Ауыстырмас алтынға,
Жадыңызда жаңғырам ба,
Жапырақтан сыр іздеген
Сол қияли қалпымда.
Өмір мені өзгертті шын.
Қиялымның күлін көкке ұшырып.
Әп-әдемі әлеміме
Көктен жасын түсіріп.
Дос дегенім – көңілімнің
Көрін қазды тереңнен.
Қаға-қаға қанатымды талдырып,
Жер бетінен жұмақ іздеп келем мен.
Аппақ Айдың сынығындай
Жаны-нұр да, бағы-жыр,
Беу, баянсыз махаббатым!
(Елесіңіз есімді алып әлі жүр).
Тәңір берген бір жүрекпен мыңға ынтық болсам да,
Кешіңізші,
Сізді сүйем бәрібір!!!

Боямасыз балғын сезім, қайда арман?
Бақыттың да табылмады дерегі.
Баяны жоқ бір ғұмырға байланған,
Болмысымнан безіп кеткім келеді.

Жаным-жара, жабырқаулы күйдемін.
Жалғыз мендей жер бетінде адасқан.
Бүгін Сізді менен басқа сүйді ерін,
Бүгін мені торлап алды қара аспан.

Қара аспаннан аққан жасқа малынып,
-Жауын ғой, — деп алдамаңыз. Білемін.
Ақша бұлттан аппақ шәлі жамылып,
Ақ жүзіңді аймалаумен жүр едім.

Тамшы болып ағып түссем ғұмырдан,
Тырсылы оның жаңғыра ма санаңда?
Бұл өлеңім — бұлттар салған іңіргі ән.
..Жаңбыр жауды бүгін менің қалама…


Мәңгілікке мекендеген Күн елін,
Мен – Бақыттың Гүлі едім.
Келіп еді,
Сенің ғана жанарыңда бүр жарып,
Сенің ғана жүрегіңе түнегім.

Көзді арбаған көбелек боп серігім,
Жүргенімде жанымды жеп жегі-мұң,
Жолықтырдым!
Сендей болып аялады мені кім,
Мендей болып саялады сені кім?

Мағынасыз күндерімнен мән ұғып,
Көктен түскен күміс шыққа малынып,
Өтем, жаным,
Қысқа ғана ғұмырымда, өзіңді,
Әлемде жоқ ақ сезіммен сағынып…

Сабағыма Тәңір сызған сөзім бұл:
Мен – гүл едім, күлтесі аппақ, көзім – нұр,
Бақ қыламын десең-дағы өзің біл,
Лақтырамын десең тағы — өзің біл,
Жаным!!!

**
Мына сұп-сұр жер бетіне,
Тәнді ғана қалдырып,
Түнгі аспанда тербетілген,
Ақша бұлттар арасында —
Жан құмарын қандырдық.

Тек екеуміз сезінетін
Ғажайып күй – көңілде.
Енді қайтып түспейікші биіктен.
Енді қайтып келмейікші өмірге!!!
Енді қайтып… қиянаттың мекені –

Қара жерге қонбай қалсақ не етеді?
Қол ұстасып құс жолына барайық.
Өлең өпкен жанымызды,
Алтын Айдың сәулесіне малайық.

Ал со — нан соң…
Тек екеуміз көре алатын қанаттармен,
Ақ бұлттан да әрі ұшып.
Жұлдыздардың жүрегіне,
Жыр жазамыз жарысып.
(Сізді қайдам,
Мен —
Шар-ша-дым!!!
Орындалмас армандармен алысып).
Түрі сұп-сұр күндеріме —
Түндеріме мұздаған,
Қызыл-жасыл әр беретін,
Нәр беретін Сіз ғана.
Тек екеуміз жүре алатын
Көшелермен көктегі,
Самғасақ па,
Сынық Айдан алқа қадап өңірге.
Сосын… қайтып түспейікші биіктен.
Сосын қайтып келмейікші өмірге!!!


Маған ауыр…
Көргім келген кездерде,
Көре алмайтыным емес,
Бір бақытты бөле алмайтыным, ауыр!
Қылдан нәзік ғұмырымды,
Қирата алмас — Дауыл,
Сенің алтын тұғырыңды құлатқаны, ауыр!
Маған ауыр, жаным,

Арулардың арбағаны емес сені,
Алдағаны, мына өмірдің текке.
Жүрегімнің жылағаны да емес —
Тілегімнің құлағаны көктен.
Маған ауыр.


Боз далада боз қырауды жамылған,
Бозамық таң баяу атты салып ән.
Бота-көңіл бүгін неге боздайды,
Алатауды сіз ғана ма сағынған?

Алатауды Сіз ғана емес сағынған.
Алау қарып жүрегімді, лағылдан
Алқа таққан аппақ Айдың астында,
Атқан таңға жыр үзгенмін жанымнан.

Баққа бірақ бөленбеді бар маңым.
Алатаудан асып кетті арманым.
Алматыда бір Өлеңім бар еді,
Сағыныштың сезіндірген салмағын.

Ол да менен жырақтады. Қазір – мұң
Өлкесіне өлең болып жазылдым.
Көктөбеден көктем көшіп кеткендей,
Көңілімнің ұрлады екен жазын кім?

Алматым-ай! Ал-ма-тым-ай! Алматы!
Арманымның арман болып қалды аты.
Қойныңдағы қара өлеңнің сынығын,
Сүйіп ем ғой! Сүйікті ете алмады…

…Өксік толы өмір деген осы де.
Өкпемді артып, өкінейін несіне?
Сағынғаным шын болса да, өтірік.
…Алматыны салмаңызшы есіме!!!

**
Көкке өрлеген көңілімнің
Күні едіңіз.
Жерге түсіп не еттіңіз?
(Мүмкін бұл да
Жылап жазған жырларымның киесі?)
Өксік толы өміріме,
Сәуле болып ендіңіз де,
Кеттіңіз.

Менің асқақ арманым мен мұңдарымның иесі.
Шыққа оранған жапырақ ем,
Атырапты мөлдір-мөлдір тамшылары әлдилер.
Тірлік мәнін танымақ ем,
Жүрегімді бір алапат ән билеп.
Жаралғанмын
Жаратқанның қолында,
Сізді ғана сүю болып үмбетім.
Қарамап ем, оңым менен солыма,
Сорымның да сол боларын
Білмеппін.
Өзім үздім өз мұңымның моншағын,
Жанарымнан, бәлкім, содан тамды мұң.
Таңдайымда дәмі қалды сол шақтың,
Маңдайыма жазылмаған тағдырым.

**

Сағынышымды алып ұшасың ба, ақ кептер,
Көз жетпес жерде мендегі мұңның иесі.
Сыңар сыңсыған аққуға барам айналып,
Сақтағай-дағы киесі.
Жылытпай қойды жанымды
Сұп-суық көктем реңі.
Түндерде жалғыз жыр жазып,
Жүр ме екен ол да? Біле кел!
Тәңірі берген бағын шын,
Бағалай алмай жүр дерсің.
Жоқты аңсап, жоқты арман қып,
Күндерге сүргін ергесін,
Бір мейір жетпей жанына,
Тоқмейіл тірлік қамында,
Арызын жазып жүр дерсің,
Жалғанның алақанына.

Ақ кептер, аппақ әлемім!
Өлеңде жалғыз жан емім.
Өгейлік көріп өмірден,
Өксікте жүрген жан едім.

Қанатың қақшы, ардағым,
Күннен де биік самғағын.
Кездесе қалса арманым,
Сен жайлы жыр де жазғаны.

..Өзі де ұғар қалғанын…

**

Күлкімді күз ұрлады.
(Қу тірлік).
Мұңлымын бүгін.
Біртүрлі.
Мен — мен емес секілдімін.
Жасыл бақта билеп ем,
Әуеніме елітіп,
Жапырақтар секірді.
Сен сыйлаған қызыл гүлді,

Алақанда аялағам.
Амал не?
Үш-ақ күн болды ғұмыры.
Қураған құр сүлдесін, сосын,
Лақтыра салғам.
Қайғырды құмыра құрғыры.
Құмыра құсап қан жұтып жүре берер ме ем,
Таусылып басқа айтар ән.
Егер… өзің келмегеніңде,
Гүл бермегеніңде қайтадан…

**
Көктегі Ай мен Күндей болды арамыз,
Кешегімнің, кешкенімнің бәрі аңыз.
Жанды өртеген от сезімді күл қылып,
Бір қырсықтың соңына еріп барамыз.

Қош бол енді! Қарама көз жасыма!
Мен бақыт боп қона алмадым басыңа.
Екі оттың ортасында сенделген,
Сыңар қанат құс едім ғой, расында.

Жаным жүдеп, жүргенінде жүз налып,
Бір құдірет кезіктірді бізді анық.
Маржан тағып қанатымның астына,
Заңғар көкке кетсем дедім Сізді алып.

Аспан жақта бізді күткен бақ бардай,
Арманыма алданған сол шақтарды-ай!
Жазмышымнан оза алмаған жанымды,
Жұбатады арым ғана ақ қардай.

Жанарымда – лағылдай мұң тізбегі,
Жел ұшырған жапырақтай күздегі,
Қалтыраған менің жетім көңілім,
Сізден мәңгі-мәңгі үмітін үзді енді.
Қош бол, менің ерте біткен ертегім.
Сағынбаймын! Сағынбаңыз Сіз мені!!!

**

Түндерден, тәтті үміт тербеген,
Безгенмін беймезгіл елес кеп.
Белгісіз бақытқа шөлдеген,
Екеуміз бір арман емес пе ек?

Жазылмас жараны жанға артып,
Бір арман — екі үміт, екі алау.
Сарғалдақ-ғұмырды сандалтып,
Сағыныш алдайды екен-ау!

Жайықтың ол жағы -мекенің.
Бұл жағы — жанымда басқа адам.
Қос жаға — қос құрлық екенін
Ұқтырды бір тамшы жас маған.
Жабылмай пердесі қалды әйнек,

Ай куә мендегі тағдырға.
Тіледім, сен аман болғай,- деп.
Ал сен-ше? Ұйықтап қалдың ба?
…Қайырлы түн!!!


Есте жоқ: қашан, қай күні,
Кезіктім кенет өзіңмен.
Төгіліп гүлге таң нұры
Төзімі үнсіз көз ілген.

Есі жоқ арман-ойыма,
Кейіпкер болып есімің.
Құдірет дарып бойыма,
Ашылды кілтсіз есігім.

Амал не, асау сезімдер,
Ашқарақ көзін тез ілсе.
Сағыныш қалды көзімде,
Оянам жылап. Өзің ше?

Бақыт па? Не бұл? Сор? Қайғы?
Қалдым мен үнсіз, шарасыз.
Өмір бұл, мұнда болмайды —
Жан-мұңсыз, жүрек-жарасыз.

Жетім жел үні таңда ызғып,
Жүрекке мұң боп тарады.
Әйтеуір шерлі жалғыздық,
Айналып мені табады.

***

Бәрінен жалықтым.
Жүрегім – егесіз
Қалғандай қамықтым.
Бір келіп кетпейсіз неге Сіз?
Жыр толы жанымның жартысы –
Жыр толы жаныңның жартысын қалайды.

Амал не, алып жер үстінде,
Тағдырсыз талаймыз.
Шарасыз қалпымды айқындап,
Жанардан лағыл мұң құлайды.
Сізге арнап жазылған ғазалды Ай тыңдап,

Жұлдыздар жылайды.
Ақырет түн деген.
(Күн кө-ө-өптен күлмеді).
Мен жайлы өлең жоқ кітапты құшақтап,
Сіз жайлы өлеңге ен тағып, түсі аппақ,
Ақүрпек арманды айға іліп опынғам,
Қап-қара түндерде қайғырып отырам.
…Қуантшы бір келіп.

Сезімді аяп, түсіп жүрген егеске,
Шыққа толды етегім.
Тағдыр бәрін шешіп қойды емес пе,
Сізді неге сағынады екенмін?
«Жаным» деген жалғыз сөзден жылынып,
Жүрегімде бүршік атты бір үміт.
Құшағында қара түннің құмығып,
Сізді ойладым. Айтыңызшы, ақтала ма бұ қылық?
Тағдырымды тағдырыңа қоспаған,
Тәңірге де тілім тиді қан-ша-ма?
Біз айтпаған махаббаттың бал әнін,
Ақ кептерім алып ұшты аспанға.
Түндерім де түс сыйлаған, мұздай тым,
Жадыма алсам, жаным тағы сыздайды.
Өз бағымда өлең жазып отырам,
Өзге гүлді аялаған Сіз жайлы.

Ақымақтық? Ақтамайды мені ешкім.
Үмітімнің алтын жібін тек естім.
Бір sms жаза салсаң не етеді,
Ұмыта алар емеспін…

***
Болмады. Саған сенген ем,
Жұбатар деп ем. Үмітті ем.
Асқынған аңсар кеудемен,
Сеңіңді сенің жібіткем.
Үміттің сынды білегі,
Басыңды қайттап кеттің сен.
Амал не, жыршыл жүрегі
Жұбатар үнсіз деп білсең.
Жолындай мұңлы өлеңнің,
Бүрісіп жатып шер төгем.

Ессіздеу елес денеңнің,
Демімен ойша өртенем.
Ес-түссіз ұйып бар маңай,
Құлағыма ынтық жетеді үн.
Елесіңді үнсіз қармалай,
Ұйқыға батып кетемін.

***

Кешкі қала. Көліктердің ағыны.
Жанымды кеп аймалады тағы мұң.
Жамалымды жылы лебі өбетін,
Ауылымды сағындым.

Артта қалып арман толы гүл шақтар,
Бақта жалғыз кешіп келем жұмсақ қар.
Қырдағы елмен қош айтысып кетіп ем,
Әттең, мені түсінбеді бұл шаһар.

Әттең, мені түсінсе ғой, түсінсе,
Кері кетіп жүрмес пе еді ісім кей.
Кісікиік кейпіне еніп күйзелдім,
Ен далада иесіз қалған мүсіндей.

Жалғыз мен бе, дауасыз дерт меңдеген,
(Қайран ауыл, үмітің ем сендегі ең-ң-ң).
Лас көшеде мас тірлікке малданып,
Жан бағудың қамыменен сенделем.

Түнгі қала. Бұлт бүркейді Ай жүзін,
Өлең өртеп өзегімді қай бір күн.
Хабарлама телефонда қалғиды:
-Аға, өмір қайғылы, иә?
— Қайғылы…

**
Ақша бұлтқа қондырып арманымды,
Тауға теңеп тәкаппар талғамымды.
Алматы, аңсарыма айналдырдың,
Өзіңде өлең өріп қалған ұлды.

Білмеймін, сол серінің серті кімде?
Елсізде жүргендеймін елтіп үнге.
Жайыққа қаламымды малып қойып,
Жыр жазып жабығамын жер түбінде.

Суықпын, сіңіп кетті ғайыпқа үнім,
Сергелдең сезіміме лайық мұңым.
Алатау, махаббаттан мән сұрама,
Сүйгенім үшін ғана… айыптымын.

Жанымды қайтсем екен шерге малған,
Мерт болды-ау мұңға айналып мендегі арман.
Аласұрып іздеймін әлі күнге,
Алматы, Жүрегімді сенде қалған.

***
Тағы да сол…
Мұң аймалап жанымды,
Тамырымды Айға ұстатып түн қаттым.
Арманымнан — азабыма айналған,
Жырыңызды жұлдыздарға тыңдаттым.
Сіздей мені сағынатын жоқ ешкім,
Мендей Сізге табынатын жоқ ешкім.
Айдалада ақбөкендей адасқан,
Бұл халімнен арылатын емеспін.

Тағы да сол…
Тыныштықта тербелу,
(Қашан балмен алмасады мендегі у).
Жер бетінде жалғыз адам бар сынды,
Сізді күтіп тағат, төзім таусылды.
Мейірімсіз телефон да тым-тырыс,
Естіртпейді даусыңды!
— Күн-көркіңді көзірі етіп үр-бақтың,
Түнгі ұйқыңды кімге, жаным, ұрлаттың?
— Мендегі ойдың мейманы тек Сіз деймін:
Өмірімнен бақ бұйырмай,
Өлеңіме көшкен қымбаттым!

**

Шарпығанда жүрегімді от кеудең,
Жаным менің жалыны ыстық дертті емген.
Көктемеде көкке үніміз жеткен-ді,
Мәңгі бірге боламыз деп серт берген.

Жүрегіме бола алмаған жұп мәңгі,
Сол күндерден сағынышым құтқарды.
Сізге деген махаббаттан жаралған,
Көз жасым боп жуып жатты шық талды.

Ардағым-ау, арманымның егесі,
Көктем ұзақ болмайды екен неге осы?
Өксісем де түн жамылып, өшпеді,
Жанарымнан – жанарыңның елесі.

Елесің кеп жұбатса да қанша күн,
Сырға толы сол сәттерді аңсадым.
Сіздей мені аялаған жоқ ешкім,
Аямаған тағдырымнан… шаршадым.

Бұл көктемнің, гүл-көктемнің реңі,
Көңілімнің таба алмады бір емін.
Қара түнде нала-мұңға малынып,
Сіз де мені сағынасыз… білемін!

**
Апаларым-ай!
Тірлік деген түрме ме?
Қысқа жіп пе келмес әлде күрмеуге?
Сыйластықтың шырағын бір жағар ек…
Қимастықтың шарабына қанар ек…
Өмір жетед, көңіл жетпей жүр неге?

Апаларым-ау!
Мейірімге, мейірге қаталадым-ау!
Етегімнен тағдырдың тартқаны аздай…
Қылша мойнымды қылғынтқан арқаны аздай…
Сендер жаншып тастаған қу жаным менің,
Қалай ғана шыдайды жапаға мынау?
Ей, менің апаларым!

Күл шашсаң да артымнан, күндемегем.
Қандай «жаман», қанатым талмайтыны…
Құрығыңнан құлап та қалмайтыным…
Оясыздар өксіткен өр кеудемді,
Оятады үнсіз кеп түндерде өлең…

Апаларым!
Сендермен таң да нұрлы!
Мейлі, таба қыла бер арманымды,
Сорбұлақта сор ішіп қалғанымды.
Мейлі, көзге көрсеткен жандай үлгі,
Сипамай-ақ қойыңдар маңдайымды…

Апаларым-ай!
Тірлік деген – тас қамал ма, түрме ме?
Жер бетінде жақсылық бар, жарық бар,
Өмір жетед, көңіл жетпей жүр неге???

**
Кімге керек жанарым жас төккені?
Кімге керек өкінішім, өкпе, мұң?
Сен де бір кез менен жеріп кеткенсің,
Көлгір көйлек киіп алып, Көктемім…

Кімге керек ар бекіген сөздерім,
Кімге керек жан дертіне төзгенім?
Сен де бір кез менен артық көргенсің,
Боталаған басқа қыздың көздерін…

Тас төбемде қара Түн тұр тек төніп,
Есіл күндер ессіздікпен кетті өліп.
Өмір кешіп жүрмін бүгін, сені емес,
Кешірімшіл жүрегімді жек көріп…

Бар дүние өзің жайлы айтады ән.
Жапыраққа өлең жазып жай табам.
Қайран көңіл үмітке иек артады,
Көктем бізге келеді деп қайтадан…

Сенбеймін мен.

**

Ай кінәлі берген бізге бал ашып.
Қаймығады қайғы тұнған қарашық.
Бір дерегі тағдырымнан табылмай,
Астанада арманым жүр адасып.

Неге адасты? Адастым ба әлде мен?
Айтады кім ақиқатын жалғанның?
Айна алдында мағынасыз сәнденем,
Бір жарыққа арбалдым.

Бекзат бақыт, жер бетінде барсыз ба?
Тағы да мұң өксіп отыр қасымда.
Қиратып сап қыл көпірін тірліктің,
Өмір сүру керек еді-ау, расында…

**

Жанымның жырға ғана жиып кенін,
Халімді ешкім ұқпас кейіптемін.
Өлең деп өміріме ендің неге,
Е-ей, менің ең бақытсыз кейіпкерім!

Дауасы табылмаған дертім қалың,
Бейуақта кезігіп қап еркімді алдың.
Ұмыттым «Енді ғашық болмаймын»,- деп,
Жазылған жүрегімде сертім барын.

Арбалдым жанарыңа, алдым-тұман,
Көңілде жауабы жоқ қалды күмән:
Мен асып кете алмадым маңдайымнан,
Сен қашып кете алмадың тағдырыңнан.

Жалғанның жүзі толы ақық нұрға,
Арманды күл қып бітті уақыт мынау.
Өлең деп өміріме ендің неге,
Ей, менің ең бақытсыз бақыттым-ау!

 

Pin It

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *