Үкімет назарына!
Марқакөлге аудан мәртебесі қашан қайтарылады?
Сенатор қозғағанмен сең қозғалмай тұр…
Бүгінгі күнгі Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин ұзақ жылдар ірі шаруашылық, одан беріде аудан басқарып, облыс әкімінің орынбасары болған тәжірибелі қайраткер.
Шекараның жалаңаш жатқанын елде қызмет атқарған жылдары күнде сезіп, осы жәйт арқасына аяздай батқаннан болуы керек, Дүйсекең былтыр осы мәселені елдің бас басылымы – «Егемен Қазақстанда» бірнеше мәрте көтерді.
Бір жолы «Шекара маңы жалаңаштанбасын десек…» («ЕҚ», 23.10.2017 ж.),-деп. Сенатор ағамыз бұл мәселеге араға екі ай салып тағы да оралды. «Шекара шебін шегендеуді ойластырсақ…» («ЕҚ», 23512.2017 ж.),-деп.
Сенатор алғашқы жазбасында айтады: Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында шекарамен шектес аумақтарға айрықша назар аудару қажеттігі жөнінде Үкіметке ерекше тапсырма берген. Үкімет 2013 жылғы 29 қарашадағы №1289 қаулы қабылдады. Алайда, осы қаулыда қарастырылған шаралардың жалпылама болуы себепті, нақты нәтижелерге қол жетпей отыр.
Д.Мусиннің екінші мақаласынан да үзінді келтірейік: Тұрғындардың экономикалық белсенділігінің төмендеуі, инфрақұрылымдар жағдайының сын көтермеуі, тұрмысқа қажетті қызметтерді алудың алыстығы сияқты факторлар мәселені күрделендіре түседі. Миграцияның жағымсыз сальдосы жыл сайын 11-15 мың адамның көшуінен көрінеді. Өңірдегі ауылдардың жартысынан астамы шекаралық аудандарға тиесілі. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған бұл ауылдардың басым бөлігінің халқы орта есеппен шаршы шақырымына 2 адамнан келеді.
Иә, халықтың қиырда, шалғайда орналасқан бөлігін қолдау жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделей отырып елді мекендерге мамандар тартуды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау ретінде еңбекақыға қосымша үстеме қосу, жас мамандарға арналған көтерме жәрдемақы көлемін арттыру түрінде қаржылай көмек көрсету қажет.
Сенатордың осы сөзіне орай «Ойбай, оның бәріне ақша қайда?!»,-дейтін байбаламшыларға айтар уәжіміз бар. Кеше ғана Астанада өткен, анау Питерде өткен экономикалық форумдарда игі мақсатқа жұмсалған ақша ешқайда кетпейді, ол керісінше ақша айналымын туғызады деген ойлар бірнеше мәрте мүйізі қарағайдай экономистердің аузымен айтылды. Ойлаңыз, бұл жемқордың түпсіз жемсауында кетіп жатқан миллиардтаған теңге емес қой. Алысқа бармай-ақ айталық, Өскеменнің іргесінде басталған, 4 миллиард теңге жұмсалып, елу пайызы даяр болып қалған оқу кешені далада қалып, қолды болғаны кеше ғана бүкіл елге аян болды. Ал мұндай миллиардтаған теңге ел қазынасынан шашылған қаржылар қаншама! Олар обалды болмайды да, шекараны мықтауға, сондағы халықты орнықтыруға жұмсалатын ақша «обал» екен! Ал енді иен-тегін жатқан байлық ертең халық көбейіп, игеріле бастағанда, бұл ақша кіріс ретінде қазынаға қайтып оралмай ма?!
Сол секілді, сонау 2009 жылдары Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та:
-Президентіміздің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында көрсетілгендей, болашақта елдің шекара маңындағы ауылдық аудандарды демография және көші-қон жағдайына байланысты қайта қалпына келтіруді жүзеге асыру керек. Шығыс Қазақстан облысында халықпен кездесулер өткізген кезде, бұрын таратылған шекара маңындағы Мақаншы, Марқакөл аудандарын қалпына келтіру мәселесі жиі көтерілді. Бұл бір жағынан, шекара түбіндегі ауылдарды сақтап, тұрғындардың шекара маңынан көшуін тоқтатар еді. Бұл өңірлерде халықтың көп болуы, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсы болуы ел қауіпсіздігі үшін маңызды екені сөзсіз, – деп еді.
Жиырма бес мыңға жуық адам тұрған бұрынғы ауданның жалпы жер аумағы 11,5 мың шаршы шақырымға созылатынын, Марқакөл өңіріне қайта аудан мәртебесі берілсе, жұмыссыздық азайып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады деген үмітін қаржыгер-депутат дәлелді түрде уәждап еді. Ең бастысы, бұл өңір шекара маңында орналасқандықтан, өңірге аудан мәртебесін беру арқылы шекара өңірдегі халықтың қоныстануы тұрақталып, шекара қауіпсіздігі мәселесінің реттелуіне де стратегиялық тұрғыдан септігі тиері анық деп шегелеп еді сөзін.
Дөп басып айтылған ақиқат сөзге қосып-аларымыз жоқ. Мұндай аудандардың құрылымы, – қарсы қандай уәждер айтылсын мейлі,- өзгеруі қажет. Біздіңше, шалғайдағы шекаралық ауданның жеке экономикалық мәртебесі болуы тиіс. Онда тұратын азаматтарды белгілі мерзімге дейін жер салығынан босатсақ, қоныстанушыларға көтерме сыйақы төленсе, халық тұрақтайды. Әйтпесе, үдере көшу тиылмайды, шекаралық аймақ бос қалады.
Сонымен бірге, «Оңтайландыру» жүрген 1997-ші жылдан бастап шекарадағы аудандардың халқының ең берісі жартысынан астамы ауылын тастап қалаға көшіп кетті. Қазақтың һас батыры марқұм Қасым Қайсеновтің шекарадан аудандарды алып кету бекер жасалаған шаруа деп әу баста шырылдап айтқан сөзі де әлі құлағымызда тұр.
Мысалы, Әлемдегі жер байлығы теңдессіз алып Ресейдің Орталық баспасөз беттерінде соңғы уақытта ғана Қытаймен арадағы шекара мәселесіне арналып бірнеше салиқалы материал жарияланды. Бұл жәйт осы елдің беделді басылымы саналатын «Комсомольская правда» газетін қадағалап оқып отыратын жанның назарынан тыс қалмаса керек. Тегін бе? Жоқ! Азуын айға білеген АҚШ-пен текетіресіп келе жатқан алып ел де ҚХР-мен шектесетін шекарасына алаңдаулы.
– Мен Қытаймен көршілес Марқакөл ауданында туып-өстім. Біздің жас кезімізде шекара бойында тұратын азаматтар ел шебін күзетуде қырағылық танытатын. Дәл қазір шекараның түбіндегі ондаған, жүздеген гектар жер бос қалуда. Айтайын дегенім, шекара бойында тұратын халыққа, сол маңға көшіп баратындарға мүмкіндігінше жеңілдіктер жасалса, жан-жақты материалдық мүмкіндіктер берілсе, қалың елдің көш басын туған жерге қайта бұрары күмәнсіз,-деп еді бәзбірде атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Сабырбек Ақтанов ақсақал.
Иә, кеңес кезінде шекараны бұзған талай адамды қарапайым ауыл тұрғындары ұстап берген мысалдар да жетіп-артылатын. Кезінде мектептерде «Шекарашылардың жас достары» деген үйірмелер жұмыс істейтін. Әр шаруашылық бір-бір заставаны қамқорлыққа алатын. Шағын аудан болғандықтан, келген-кеткен бейтаныс адамдарды қадағалап отыру – қанымызға сіңген қырағылық-ты.
«Шығыс» аймақтық әскери басқармасына қарасты шекараның ұзындығы екі жарым мың шақырым дейді. 1985-шы жылдары, Кеңес Одағы мен Қытайдың шекарасының үстінен құс ұша алмай тұрған шақта сол берік шекара арқылы Қытай жақтан бір қытай қашқыны бері өтіп, шекара маңында отырған малшының жанұясын кепілге алып, отағасын атып өлтіріп, елді бір дүрліктірген.
Алдыңғы жылдың жазында Қытаймен шекаралас Марқакөл өңірінде шекара отрядының жауынгерлері мемлекеттік шекараны бұзған Қытай елінің 12 азаматын қолға түсірді. Төр Алтайдың нақ төріндегі «Төсқайың» шекара комендатурасының лейтенант Мұңлықов бастаған күзет тобы біздің елдің аумағына өтіп кетіп, дәрілік шөп жинап жүрген төрт азаматты ұстайды. Шекара күзеті күшейтіледі. Бұл сақтық тегін болмайды.
Көп ұзамай жедел топ шөп жинап жүрген тағы сегіз жатжұрттық кезбелердің үстінен түседі. Қолдарына күрек пен қайла, басқа да керек-жарақ ұстаған сегіз қытайлық өздерін әкесінің үйінде жүргендей емін-еркін сезінген. Біздің жауынгерлер оларды сырттан күні бойы бақылайды. Кешкісін қытайлықтар палаткаларын тігіп, ұйқыға кетеді. Таң ата шекарашылар оларды бұғаулау операциясын бастайды.
Осы операция барысында қытайлықтар күшті қарсылық көрсетеді, тіпті шекарашыларға қолдарындағы күректерін ала жүгіреді. Қоян-қолтық ұрыс әдісін қолданған біздің жігіттер әлгі сегізін де жерге жығып, қолдарын байлап тастайды. Содан бұйдаларынан тізіп, комендатураға әкеліп қамайды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қытайлар аса құмар гүлдің құрты Алтай тауының биігінде өсетін тау шымылдық (шұғынық деп те атайды) гүлінің тамырында болады. Орыстар оны «марьин корень» немесе «пион уклоняющийся» деп атайды. Бұл құртты Қытайда ісік, сүйек құрылысы, өзге де ауруларға қарсы ем ретінде пайдаланады. Алтай тауында, оның ішінде Марқакөлдің Қаба өңірінде ғана кездесетін осы құрттың басты тұтынушысы да осы қытайлықтар…
Ал, Марқакөл болса…
Марқакөл өңірі жағырапиялық орналасуы бойынша шөлейтті жер, субальпі, альпі, тау алды жазығы және мәңгілік тоң басқан өңір болып 5 аймаққа бөлінеді.
Осы бес аймақтың тұла бойында жершарындағы өсіп-өнетін өсімдіктер, дәнді-дақылдар, тұрмысқа жарамды барлық ағаштардың сұрпы, балық, жан-жануардың ондаған түрі бар; қойнауында алтын, қола, күміс, мұнай кендерінің мол қоры тұнып тұр; заманында екінші Швейцария аталған, ботаның көзіндей сұлу Марқакөлі, теңіз деңгейінен 1500-2000 метр биіктіктен атқылап ағып жатқан Қалжырының, Ақ Қаба, Арасан Қаба, Жаман Қаба, Қара Қаба деп келетін жеті өзенінің жөні тіптен бөлек; кезінде адамдар жүк тасымалдайтын кемелер жүретін Қара Ертісі – осы байлықтың бәрі-бәрі де бабаларымыздың бүгінгі ұрпаққа «Кәделеріне жаратыңдар» деп қалдырып кеткен киелі мұрасындай.
Көл жағалауын қайың, қарағай, шырша өскен орманды алқап алып жатыр. Табан, қара балық, теңге балық, сазан, аққайран, хариус, майқан сынды балықтарға бай. Мұнда зоопланктонның 60 түрі кездессе, құстың ондаған түрі мекендейді. Табиғат-Ананың байлығын сақтап, қорғау мақсатында Марқакөл қорығы ұйымдастырылған.
Көл төбесінен төнген күмбез тәрізді Азутауда алтын тамыр, марал тамыры дейсің бе, ондаған дәрілік өсімдіктер көп өседі.
Сол жайсаң жер бүгінде жалғызсыраулы. Құба жон жайылым мал тұяғын аңсаулы. Шабындық шалғы тимей «шаршаулы». Шөбінің шүйгіндігі соншалық, тойған құлын енесін ембей, биенің желіні сыздап жер сүзіп жүретіндіктен, «Құлынембес» деп атап кеткен түгін тартсаң майы шығатын жайлау, шіркін-ау, құлазып жатыр!..
Ал, көрші ел болса…
Шындығында, көрші ел жап-жалтыр асфальт төселген жолдарын шекараңызға тіреп қойып, көз құртына айналған көрікті жерімізге көзін сатып қарап отырғаны да айдан анық. Ендеше, шекара шетінде, жел өтіндегі жергілікті елдің дені ұрын келген урбанизацияға лажсыз ұрынып, қала-қалаға тым-тырақай қашқан бүгінгі заманда шекарамызды қайтадан қалай мықтаймыз?! Мәселенің «көкесі» осы болып тұр.
Шекара шебіндегі шерді тыңдар кім бар?!
Сайлау Төлеуов, журналист.