Сәрсенбі, Қыркүйек 12, 2018
Негізгі > Бас баған > «Қазақстандық Пулитцер» сыйлығын қанжығалады

«Қазақстандық Пулитцер» сыйлығын қанжығалады

29 шілде күні Алматыда, Ғылым Академиясы үйінде журналистер арасындағы Г.Толмачев атындағы сыйлықты тапсыру рәсімі өтті.

Тек біздің елде  ғана емес, бүкіл посткеңестік мемлекеттерде теңдесі жоқ  бұндай марапат «Қазақстандық Пулитцер сыйлығы» деген мәртебеге бекерден-бекер ие емес. Қазақстан журналисти­касына қосқан жеке үлесі үшін тағайындалған абыройлы атақты биыл төрт қазақстандық қаламгер  еншіледі.

Журналистика саласында даңқы бөлек марапат болып есептелетін «Қазақстандық Пулитцер» сыйлығын иеленген төртеудің бірі – Төлеуов Сайлау. Жиырма жасынан баспасөз саласында тер төгіп келе жатқан ол бүгінгі таңда жазу-сызудың бүге-шігесін жіті меңгерген шебер қаламгер. Бірнеше публистикалық және хикаят кітаптарын оқырманға тарту етіп үлгерген Сайлауға аты әйгілі марапат әбден лайық. Сәкеңнің жазбаларын тұшына оқып келе жатқан қара Ертіс бойындағы барша оқырман жерлес қаламгерлерінің жеңісіне бек қуанышты. Есімі әлемге әйгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарған мәртебелі жюридің қатаң талқысынан  сүрінбей өткен семейлік сақа журналист мұндай  мәртебелі марапатқа соңғы жыл көлемінде жазылған зерттеу мақалалары, жолсапар очерктері үшін ие болып отыр.

Жоғарыда айтқан қазақстандық төрттікті тарқата кетсек, Қазақстан Журналистер Академиясының  президенті Сағымбай Қозыбаев, «Новая газета»-Казахстан» газетінің экс-Бас редакторы Амантай Дандығұлов, ұзақ жылдар Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетін басқарған  жазушы-журналист Жақсылық Рахматулла сияқты танымал қалам қайраткерлерімен қатар мұндай мәртебелі сыйлыққа белгілі журналист, Республикалық «Абай» журналының бөлім редакторы Сайлау Төлеуов те ие болды. Сөйтіп, арнайы «Қазақстандық Пулитцер» медалімен марапатталып, қомақты сыйақыны еншілеген.

Қайрат Зекенұлы, «Жерұйық порталы»

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation