Таяуда Шығыс Қазақстанға қарасты «Үржар ауданының құрметті азаматы» атағын иеленгендерді марапаттау рәсіміне куә болдық. Аудан басшысы Серік Зинабекұлы арнайы жиын өткізіп, марапат иелерін таныстырды. «Төтеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей, осы өңірге еңбегі сіңген, көпшіліктің қошаметіне бөленгендер арасынан төрт адам іріктеліп алыныпты. Екеуі еңбек ардагері болса, екеуі еңбек жасындағы орта буын өкілі. Қапан аға мен Базарбай Уәсілұлы аға кезінде ауылшаруашылық саласының саңлақ мамандары атанып, олар енгізген әдістемелік іс-тәжірибе әлі де бағаланып келеді. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеруде ауылшаруашылық саласы негізгі күретамыр екені әуелден мәлім. Сондықтан, ауылшаруашылықта айтулы орыны бар тұлғаларды бүгінгі қоғам ортасында дәріптеу өте орынды.
Еліміз нарықтық экономикалық қатынасқа өткен кезден бастап Елбасымыз Н.Назарбаевтың алдыға қойған мақсатының бірі – Шағын және орта кәсіпті дамыту. Соңғы екі азамат – Совет Шөшеков пен Серік
Исаев, міне, сол шағын және орта кәсіптің нағыз белортасынан. Тапқанын басып емес, шашып жейтін Ақсұңқар іспетті ірі жігіттер. Алматыдай алып шаһарда шаруаларын ширатып, өз тұғырларын бекітіп, сол тұғырдан туған өлкеге де көз салып отыратын оғландар. Олардың өңір дамуына атсалысып жүргендері бір бүгін емес, сонау 2000-шы жылдардан бері туған ауылдары Қаратұма, Қарабұта ауылдарына қолдан келгенше дем беріп келеді. Былтыр жоғарыда аталған ауыл балабақшаларына алғашқы болып «Жеті ойыншық» өнімі ұлттық ойыншықтар құрамын бірінші болып тарту етті. Ауылдарындағы балабақшалар мен мектептерге демеушілік жасап келген олар кейін үлкен құрылыстарды да қолға алған. Соның бірі Мақаншы ауылына (бұрынғы аудан орталығы) ардагерлер үйін салып бергені және абаттандыру жұмыстарына үлес қосып келгені үшін жергілікті қауым Совет Қалыкейұлы Шөшековтың еңбегін ерекше құрмет тұтады. Ауылдастарының ризашылығы жоғары жақтан қолдау тауып, Совет Қалыкейұлын ауданның құрметті азаматы дәрежесіне жеткізіп отыр.
Ал, Серік Аязұлы Исавқа келсек, әңгімені кеңейте түсуге тура келеді екен. Аудан басшысы айтып өткендей, аймақ тұрғындары С.Исаевтың игілікті істерімен ерекше мақтан тұтады. Осы пікірге ертесінде Қарабұта ауылында болғанымызда өзіміз де көз жеткіздік. Ауыл халқы ұлдарының еңбегі биік мінберден дәріптеліп жтқанына кәдімгідей мәз. Ардагерлер қауымы өз ұсыныстарының аудандық мәслихатта қолдау тапқанына көңілдері көтеріңкі. Солай болатында жөні бар, өздері айтқандай: «Серік баламыз ауылға қаншама жақсылық жасап келеді, соны көріп отырып біз де бір әрекет жасауымыз керек қой. Еңбегі ел алдында аталып, билік мінберінен айтылса екен деп ойлап едік, тілегіміз орындалды. Ендігі кезекте облыстық, республикалық атақтарға ұсынсақ деп үміттеніп отырмыз. Оған Серігіміз әбден лайық!» дейді аға буын өкілдері ағынан жарылып.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы. Сол ортадан көргеніміз бен түйгенімізді тарата кетейік. Серік Аязұлы 1992 жылы ауылынан Алматыға аттанады. Ауылшаруашылықтағы тіршіліктің бәрі ыдырап, жаңа реформаны бастан кешіп жатқан кез. Біртіндеп басталған жекешелендіру совхоз басшыларының қас-қабағынан аспайтынын сезген жас маман заманның жаңа лебімен қалаға келген. Бастаған бизнестері 5-6 жыл көлемінде дөңгеленіп, содан бергі аралықта табысының бір шетінен туған елге болысып тұруды әдетке айналдырған. Әуелде ауыл мектебіне жыл сайын қажетті жабдықтар мен бірінші сыныпқа баратын балдырғандарға оқу-құралы толы сабақ сөмкесін жіберіп тұрған ол бертін одан да үлкен шаруаларға бел буған. Соның ішінде ел еңсесін көтеріп, үлкен рух силағаны – Мешіт құрылысы деп санайды жергілікті жұрт.
Қарабұта ауылдық округінің әкімі Мұратбек Шөмшеков көпшілік алдындағы баянбамасында «Аулымызда 2007 жылы бой көтерген Иса қажы мешіті елімізге де, жерімізге де жақсылықтың бастауы болды. Жерлестеріміздің ертеңге деген сенімі оянып, қалаға көшетіндер азайып, ортамыз беки бастады. Мешітіміз пайдалануға берілген 2008 жылдан бергі аралықта Қарабұта ауылында 5 мемлекеттік ғимарат салынды. Оның бәрі осындағы халықтың саны мен болашақ өсіміне негізделіп салынған нысандар. Жаңадан мектеп, мәдениет үйі, емхана, балабақша салынды. Былтырдан бері ауылымызға «Ақ бұлақ» бағдарламасымен ауыз су тартылып жатыр. Осының бәрі бір-біріне жетекші болған құрылыстар» деп, Серік Аязұлының өз ауылына мешітті дер кезінде салып бергенін ашып айтты.
Иә, Серік Исаевтың туған жер тұғыры үшін сіңірген еңбегі аз емес екен. Кейбірін атап өтсек, ауылға балаларға ойын алаңы мен орталық саябақ салып берген. Саябақ ортасында мәрмардан бой көтерген бірнеше ескерткіштер де осы азаматтың жобасы. Әсіресе, көп жерде кездесе бермейтін Ана мен бала (ана мейірімін айшықтайтын) ескерткішінің сомдалуы бөлек. Қазір бұл саябақ Серіктен үлгі алған кейінгі буынның атсалысуымен одан сайын толыға түскен. Саябақтан шығып келесі көшемен жүрген адам заманауи үлгімен салынған 100 орындық дәмханаға тіреледі.
Қарабұталықтардың ас пен тойын атқарып тұрған бұл нысан да Серік Аязұлының 2008 жылғы тартуы екен. Оған дейін қонақтарын палатка (палатка болғанда да қытайдың көк жарғағы) астында қабылдап келген ауылдас ағайынның бірі жаңа дәмхананың төрінде отырып: «Көк палаткадан құтқарған Серікке рахмет!» деп, елді күлдіріпті. Сөйтсек, ол сөздің де өзіндік астары бар екен. Ауылда той-томалақ, хатым бола қалса аулаға әлгі көк палатка құрудан басқа амал қайсы? Көк палаткадан түскен күн сәулесі кеседегі күрең шайды бозартып көрсетеді. Күрең шайға көк түстің әсер етіп тұрғанынан бейхабар аңғал ағаларымыз жеңгелерімізге «Шайларыңды шығарсаңдаршы!» деп шүйлігетін көрінеді.
Алматыдан мың шақырымдай шалғайдағы ауылына шамасы келгенше шапағатын тигізіп келе жатқан Серік Аязұлы бұл жолы да ауылына құр қол келмепті. Нақтылай кетсек, мектепті жабдықтауға арналған 3 миллион теңгенің заты. Жеке пәндер бойынша 6 класқа жаңадан тақта, манитор, жалюз, мазмұндық көрнекі құралдар, рухани жаңғырумен сабақтас қабырға жазулар, нұсқаулар және мектептің акт залына музыкалық аппарат пен сахна, терезе шымылдықтары мен кілемі. Әр зат өз орынын тапқандықтан болар мектеп іші жаңа оқу жылы қарсаңында жарқырап сала берген.
Осы атқарылған істерді туған елді сүю мен туған жерді қадірлеудің үлгісіне баласақ еш қателеспейміз. Сол үлгіні Серік Аязұлы Исаев та іс жүзінде көрсете білді. Сондықтан, ауданның құрметті азамты атанып жатқан барлық азаматтардың ерен еңбектерінің арғы жағында ел мен жерге деген махаббат жатыр. Ендеше, ердің елге, елдің ерге деген құрметі арта берсін дейміз.
Қайрат Зекенұлы, «Жерұйық» порталы.
Үржар ауданы.