Отарлық езгіден сансыраған сана мен бүлінген ой жүйемізді қалпына келтіру маңызы үлкен мәселе. Айтып-айтпа ұлтсыздануға ұрынып отырмыз. Оған қарсы «антивирус» ұлтшыл рух пен ұлтжанды тәрбие болса керек-ті. Өкінішке қарай, халқына жаны ашығанды «ұлтшыл» деп, оны халықтар достығына сына қағушы деп айыптаудан айыға алмадық (ХІХ-ғасырда «халықшыл», яки «ұлтшыл» деген айыппен крестьяндарды құлдық бұғаудан босатпақшы болған орыс зиялылары жазаланды, айдалды. Кешегі кеңестік дәуірде де осы сөз қаны тамшылаған терминге айналды. Саяси репрессия тұсында жаппай атылған алаштықтар соның мысалы).
Сөйтіп, «ұлтшыл» – советтік дәуірдің жазалаушы термині, ал ұлтсыздану құбылысы – отарлық езгінің қара таңбасы. Бірақ, ұлт тілін, халық мүддесін қорғаштаған кісі біздің қоғамда әлі күнге жексұрын. Ал ұлтсыздану құбылысын көрсек те көрмеген кейіптеміз. Кешегі ұлтсыздандыру саясаты – қазақ мектептерін жабу, ұлттық салт-дәстүрді тәркі ету қалай өткені есімізде. Әлі күнге есеңгіреп, шатқаяқтаған жайымыз сол саясат салдары емес пе.
Осыдан жарты ғасыр бұрынғы өмірлік тәжірибемнен шығар, отарлық иісті бірден-ақ айыра қоятыным. 1968 жылы, дәм айдап, Ресейдің Челябинск қаласындағы ауыл шаруашылық институты табалдырығын аттадым. Оңтүстік Орал сыңсыған табиғатына сай сан алуан этностар, атап айтқанда, славян, түркі және угрофин нәсілдері мидай араласқан мекен екен. Орыстану қарқындап, оның диірмені автохондық жұртты бидайдай тартып жатты. Қазақ жастары едәуір топпыз. Мордвин, печор, угор, пермяк, вотяк, крещен татар, черемис, жер ауған башқұрт, нагайбақ (түбір сөз – ноғай бектері) дейсіз бе, әйтеуір, патшалық заманда ата-бабалары «казак» статусын алған, кішкене этнос өкілдері көп, солармен қатар жүріп, бірге оқыдық. Байғұстарды обалсып, жаның ашиды. Өйткені, көк өрім жас болсақ та олар тапталған озбырлықты сеземіз, әлгі диірменді жеккөреміз. Бірақ «біртұтас совет халқы боламыз» деген ұран тырп еткізе ме, «ұлтшыл» деген сойыл ұшы желкеңе сарт ете түсері сөзсіз. Міне, Ресейде өткен бес жылда көргенім, көңілге ерекше түйгенім – осы ұлтсыздандыру (екінші аты – орыстандыру) үрдісі еді. Біле білсек, біз «ұлы» деп әспеттеген халықтың жарымы «обрусевшие инородцы».
Сонымен, ұлтшылдық неткен құбылыс, ол қай хәлде пайда болады?
Шүбәсіз, ұлтшылдық – озбырлық пен әділетсіздікке қарсы құбылыс. Ол халықтың намысы тапталған немесе жәбірленген топырақта пайда болады. Жер бетінен қаншама мықты нәсілдер жойылып кетті десеңізші! Қазақ қазақ болып қала ала ма, әлде қала алмай ма? Осы қауіп-қатердің қара бұлты бізге де төніп тұрғанын баршамыз да мойындауымыз керек.
Тәубе дейік, заман жаңарды. Елім, жерім деген тұлғалар «халық жауы» саналған сойқанды дәуір келмеске кетті. Енді күн тәртібінде «ұлтшыл» сөзін ағартып алу, онан ат тонын ала қашатын құлдық психологияны өзгерту тұр. Осы заманғы қазақ қауымы ұлттық намысқа, оны оятуға зәру. Ұлтсыздыққа қарсы онан күшті қару жоқ.
Өткен ғасырдың 60, 70-ші жылдары екі егде қазақ бір-бірімен орысша сөйлессе, айнала жұрт «о, несі-ай?» деп бетті басып, ұяттан жерге кіріп кете жаздайтын. Бөтен тілде шүлдірлеген жас баланы көрген кәрілер: «Не қазақ емес, не орыс емес, бейшара-ай, не күтіп тұр сені?», – деп мүсіркейтін. Бүгінгі күні ше? Бірлі-жарым емес, тұтастай ұрпақ маргинал, яғни не қазақ емес, не орыс емес халетте. Мұны ұлт басына төнген қатер емес деп ешбір адам айта алмас. Ұлт мінез іөзгеруінің көкесі де осы! Өйткені, адам болмысын танымастай өзгертетін бір ғана құдірет бар, ол – бөтен тіл мен бөгде мәдениет!
Ұлтжандылық пен ұлттық намыс жоқтығы – тіл мен мәдениет тынысын тарылтты. «Абай жолы» сияқты шедевр туатын құнарлы топырақ жоққа тән. Есесіне тоңмойын қараулық арамшөптей басып барады. Таяуда баспасөз бетінен, «Қазақты қазақтар қуып жіберді» деген материалдан білдім, форма киген бетсіздер Мысырдан Алматыға ұшып келген екіқабат келіншекті анықтамаң ескірген деп қайыра ұшырып жіберіпті (қайта халыққа шапағат қылуға міндеткер ғой, шіркіндер). Аэровокзал ішінде күйеуі мен кішкене баласы шырылдап қала берген. Неткен тасбауырлық! Бауырмал халық емес пе едік, «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейтініміз қайда?!
Әркімнің өзі күнде көреді – жалтақтық, екіжүзділік, жағымпаздық, менмендік, сараңдық, іштарлық, қағазбастылық бәрі – басымызда. Жүректер қарайып, адами қасиеттер құнсызданды. Неге? Ұлтжандылық отының өшуі, ұлттық намыстың жоқтығы кінәлі деуге бейілмін.
Әттең, қалғыған ұлттық намысты оятпауды «сарабдал саясат» деп білетіндер бой берер емес: «Қазақ пен орыс арасына от жағуға жол жоқ!», – деп таласқанда көздері шадырайып, күре тамыры адырайып кетеді. Оның үстіне, Мәскеудің анда-санда қазақ жеріндегі орыстар мәселесін көтеретіні, онан біздің биліктің зәре-құты қалмайтыны оқушы балаға да аян. Сондықтан «Қазақстандағы орыстар» деген мәселеге ат басын бұруға мәжбүрмін.
Казак қазақ болсын десек…
Ресми ақпарат орыстар Қазақстан халқының 30% тақайды дейді. Осы деректің түбі, сірә да, шикі. Себебі, Мәскеудің жанашырлары мұнша қалың көпшілік емес. Өзіңіз де ойлаңыз, тың игеру мен өндіріс ошақтарына ішкі Ресейден ағылған орыстың басым көпшілігі тарихи отанына қайтып кетті. Кімдер қалды? Қазақстанды отаны санап, Ресейге көшпей отырған орыстілді тұрғындар кімдер? Осы мәселені иждихатпен тексерер болсақ, көп жайдың беті ашылмақшы.
Барлап қарасақ, қоныс аудармай отырғандар туған-туыстан қол үзген, барар жері, басар тауы жоқ «обрусевшие инородцы» (поляк, украин, татар, неміс және т.б.) және саны бірнеше миллион «казактар» (қазақ халқы оларды – «қазақ-орыс» дейді). Соңғылар Ресейді ешқашанда отаным демеген, Пугачев, Разин көтерілістері кезінде жаппай қарсы шыққан. Өйткені, олар өзіміздің Сары Дала тумалары.
Құр сөз болмауы үшін бір мысал: көршім, кәртейген казак шалынан отаны жайында сыр суыртпақтағаным бар. Ол: «Біз казактар қағаз жүзінде ғана орыспыз, ал ішкі сарайымыз таза степняк. Себебі, ғасырлар бойы кең дала төсінде өніп-өскен халықпыз. Шақырайған күні жоқ, қалың орман арасы сендерге қалай жат болса, бізге де солай жат. Ата-бабам қазақтармен тамыр, дос-жаран болған, ол күнде казактың қазақша білмейтіні некен-саяқтұғын. Мен де білуші едім, қазір ұмыттым, өйткені, қазақшаны өздерің жарытып жүрген жоқсыңдар!», – деп ашығын айтты. «Ал жастар ше?» деген сұрағыма: «Жастар десең әңгіме басқа, олардың Ресейге кетіп жатқаны рас», – деді (Патшалық Ресей ұзын саны 5 млн. «казачество» делінген этносты империя етегі – түркі әлемімен шекара жерлерге орналастырған. Қазақстанда көп шоғырлануы осымен өз түсінігін табады).
Бұл әңгіменің ғибраты – ұлттық саясатта батылырақ болу керек. Қазіргі ішкі саясат көзімізге кілең орысты елестетуден, казакты онан айыра алмаудан қалыптасқан. Мәселен, жиында мінберге шыққан шешен сөзін қазақша бастауын бастайды, бірақ әлдебіреу «ұлтшыл» деп былш еткізе ме дегендей сасқалақтап тұрады. Күлкілісі, залға үңіліп бір сарыбасты көріп қалса да, болды, бітті, тілін бұрап орысшаға ауысады – «өзге ұлт өкілдеріне түсінікті болу үшін» деп. Жантық, жалтақ қылықты аяусыз сөгудің орнына қоғамдық пікір «қайтсін-әй» деп мүсіркеп, ақтап жатады. Синдромды өзбек, эстон, латыштар сияқты қайтсек жеңбекпіз? Оның амалы – біз мемлекет құраушы ұлт екенімізді есте ұстау әрі «ұлтаралық араздық туып кетпесін» деген әсіре сақтықтан арылу сияқты.
Казак қайтсек қазақ болады? Осыған келейін. Еліміздегі орыстың басым көпшілігі – казактар дедік. Олардың советтік Ресейге өкпесі қара қазандай: тарыдай шашқан, этнос ретінде быт-шыт қылған Кремль билігіне сателлит я көзір карта болуы неғайбіл. Мәскеудікі бос ысқырық. Онан бет албаты үрікпей, казакты қазақ қылуды қолға алған абзал.
Иә, кететіні кетер, өзге жұртты қазақ өзіне сіңіре ала ма? Өз білуімде, заманында казачество статусын алған түркі және атам қыпшақ тұқымының алаш үйіріне қайтадан қосылуы таңқаларлық құбылыс бола қоймас. Бірақ казак қазақ болуының шарты бар. Ол үшін өзіңнің рухани діңгегің тас қамалдай берік, ұлттық тәрбиең теңіздей терең болсын, қазақ. Сонда ғана өзгелерді магнитше тарта аласың. Өзіне сенімсіз, мәдениеті маргинал, мінезі жалтақ, тұрмысы кедей – қаңбақ хәлден құтыла алмасақ, онда бедел-абырой – «титульный ұлтқа» айналу да жоқ. Осыны ұмытпайық, ағайын.
Асан Омаров,
тәуелсіз сарапшы.
Семей қаласы.