Тұтас ғұмырын туған тілдің тұғырын нығайтып, тамырын тереңдетуге арнаған нағыз ғалымның бірегейі – Қинаят Шаяхметұлы. “Нағыз ғалым” деп астын сызып жатқанымыз – қазіргі қоғамда жалған ғалымдардың да аз еместігінен. Оның үстіне Қинаят Шаяхметұлының еңбегі елге мәлім болғанымен, есімі өз дәрежесінде танымал емес. Табиғаты танымалдылықтан гөрі табанды еңбекті қалағандықтан, атақ-дәреже дегендеріңізге дегбірін кетіре қоймаған. Ал, тындырған еңбегіне үңілсеңіз, ол қазақ тілінің кен-қазынасы. Туған тілдің тамырына нәр берерлік дүниелерді өндіре жазған лингвист-ғалым.
ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ТЕК
Әуелгі әңгімені ол кісінің туған тіліміз бен Тәуелсіздігімізге деген сүйіспеншілігінен бастайық. Қазақ тілінің теориялық негіздерін зерттеп, жетілдіруге жастайынан ден қойып келген Қинаят Шаяхметұлы Тәуелсіз-дігіміздің туы желбірегенде жан-тәнімен қуанған қазақтың бірі. Жұртпен бірге даурығу емес, іс жүзінде атсалысып, өз саласына қатысты білгенін баршадан аямауға белсенділік танытты. Газет, журналдардағы мақалаларын айтпағанның өзінде, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Семей филиалының тұңғыш төрағасы болуы соның бір айғағы. Сол кездегі атқарылған істер өз алдына бір әңгіме. Бірақ, бір жайды айтпай кетуге болмас. Ол – Кеңес үкіметінің тегімізге келістіріп отырып кептеп қойған ОВ-тан бірден бас тартуы еді. Ерінбей-жалықпай бүкіл құжаттарындағы “Шаяхметовты” заң жүзінде “Шаяхметұлы” деп өзгертіп, әрі қызметіне байланысты мекеме мен ғылыми кеңес басшылықтарына тегін өзгерткенін ескертіп, келешекте дұрыс аталуын жазбаша түрде талап еткен.
Тәуелсіздікке құрметті тегіңді түзеуден бастаудың өзі де өз уақытының үлгісі. Бірақ, соны үлгі тұтып тегін түзеп алғандар өте аз. Қинаят ағаның да қайран қалатыны сол, текті түзеу үшін Президенттің арнайы Жарлығы бола тұра, қазақ қауымының қалыс қалып отырғаны. Әсіресе, зиялы топтың бұл тұрғыда үлгі болмауы, шынында, шамыңа тиеді. Жеті атамыздан қалған жұрнақтай жабысып келе жатқан “ов” пен “ев”-тан ада болуға асықпай отырғанымызды қалай түсінуге болады? Әділет басқармасындағы тек өзгерту мүмкіндігін пайдаланып, Тәуелсіздіктің құрметіне кеңестік “қоспадан” арылсақ қанеки. Әрине, енжарлығымыз етегімізден тартып жүрмесе…
Қинаят Шаяхметұлының пікіріне сүйенсек, қазақ тілінің дәуірлеуі бірнеше кезеңнен тұрады. Соның ішінде қазақ тілінің ғылыми тұрғыда зерттеліп, жетілуі, қолдану оралымының кемелденуі – кеңес заманында. Оған дәлел де жеткілікті. Бірақ бұл кешегі кесірі мен кесапаты көп болған Кеңес заманын аңсау емес, сол сұрқай қоғамның сұсынан да, мысынан да жол тауып, тіліміздің дамуын тоқтатпау жолында тер төккен Ә. Марғұлан, М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Б. Кенжебаев сынды біртуар тұлғалардың өлшеусіз еңбегіне құрмет. Өйткені, кезінде Кеңес идеологиясының пәрменімен қазақ тілінің тарихын 18-ғасырдан бастап оқытқан уақыт та болған. Әдебиет тарихының айтулы өкілі Мұхтар Мағауин жырауларымызды әдебиет айналымына енгізген соң барып қазақ тілінің тарихын еріксіз 15-ғасырға жылжытқан. Ал, Бейсенбай Кенжебаев болса, сол кездің өзінде қазақ тілінің тарихын көне түріктерден бастап, тіліміздің түбін 5-6 ғасырға апарып тіремек еді. Осы мақсатты негізге алып, Мырзатай Жолдасбеков, Алма Қыраубаева секілді шәкірттеріне көне түрік, Орхон Енисей тақырыптарын ғылыми жұмыс ретінде ұсынып, өзі жетекшілік жасаған.
Кеңес заманының қақпайына қарамастан, қазақ тілінің ғылыми негізде жүйелі дамуына Алаш арыстарының әсері болғанын жасыруға болмас. Алаш тілінің атасы Ахмет Байтұрсыновтардың қазақ тілінің дамуына қатысты бүкіл мақсатын түсіне білген, іштей қолдап, өз заманымен ұштастыра білген Бейсембай Кенжебаев, Сәрсен Аманжолов, Нығмет Сауранбаев, Ыбырай Маманов, Ахмади Ысқақов сынды әдебиет пен тіл қайраткерлерінің еңбектері де ерліктен несі кем?
Жалпы, қазақ тілінің тарихына үңілсек, оның дәуірлеу кезеңдері аз болмаған. Тілдің түлеуі де, түрленуі де оны тұтынатын халықтың қолдану мүмкіндігіне байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда “Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен”, бүкіл ел “бір ауыз сөзге тоқтаған” заманда сахараны сөз билеп тұрғандай сезінесің. Билер мен шешендердің, ақындар мен жыраулардың айтқандары айдалаға кетпей, ауыздан-ауызға тарап жатқан кез де қазақ тілінің құдіреті жүріп тұрған кезең емес пе еді! Қазақ сахарасында салтанат құрған құдіретті тіліміз заманмен бірге жаңарып, дәуірмен бірге толысып отырған. Солай болуына өз замандарының заңғарына айналған айтулы тұлғалар да тікелей ықпал еткен. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйініне сыйдырып, айдарынан жел есіп тұрған ана тілімізді тағы бір биік шыңға көтеріп, үлкен бір арнаға салған – Абай Құнанбаев. Түйіп айтқанда, Абай – қазақ сөзінің дәуірлеуіне теңдессіз үлес қосқан дара тұлға. Ал, Қинаят ағаша айтқанда Абай – қазақтың жаңа жазба және ұлттық әдеби тілінің негізін салушы. Міне, сол ұлы ақын салған негіз Алаш арыстарының айнымас бағдарына айналып, ол Кеңес заманында да елжанды ғалымдардың ұлттық ұстанымына өзек болды. Абай негізін салған тіл үрдісі Мұхтар Әуезов шығармасымен тіптен тұлғалана түсті.
Өзіне дейінгі жеткен сара соқпақты өз кезегінде одан ары өрістете түсу жауапкершілігін Қинаят Шаяхметұлы жете сезінгендіктен де, бүкіл қажыр-қайратын қазақ тілі ғылымына арнады. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын 1963 жылы үздік белгідегі дипломға бітіргеннен бері осы қарашаңырақта ұстаздық етіп, қазақ тілі кафедрасының кемелденуіне терін төгіп келді.
ҚАЙЫМҒА ҰНАҒАН ҚЫРАҒЫЛЫҚ
Кезінде өзі шәкірт ретінде Қ.Мұхамедханұлы, Ж. Шәкенов, Перелыгин, Мыңжанов, Шаталин, Войнова, Қасенов сынды айтулы ұстаздардан тоқығанын кейін өз шәкірттеріне бере білген ұстаз. Бірде айдауда, бірде қуғында жүрген Қайым ағадан үздіксіз 5 жыл білім алу бақыты бұйырғаны өмірдегі үлкен олжасының біріндей. Алдыңғы қатарда оқытушымен бетпе-бет отыратын шәкірт Қинаяттың қырағылығы сол, Қайым аға көзілдірігін тағып дәріс дәптерінен оқығалы тұрған жерін одан бұрын оқып қоятын кездері болыпты. Бірде Қайым ағаның дәріс дәптерінің (лекциясы) шетінде Мұхтар Әуезовтің өз қолымен жазылған “Әй, Қайым, сен Есмағамбет Ысмайылов секілді Абайдан цитатаны жаттап алғаның бойынша жазғаныңды қой, тікелей түпнұсқаға қарап жаз” деген ескертпесін ұстазынан бұрын оқып, айтып берген. Шәкіртінің ұшқырлығына ризашылықпен қараған Қайым ұстаз “Алдыңда теріс жатқан дәптер бұрышындағы жазуды қалай оқып қойдың?” деп таңданысын да жасырмаған екен. Осы таңданыс ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты да нығайта түсіпті. Сол себептен де Қайым Мұхамедханұлы Қинаяттай шәкіртіне сеніммен Алаш арыстарының мұраты жайлы айта бастаған. Соның бірі – Шәкәрім шығармашылығына қатысты бес дәптер жазба. Осы бес дәптердің Қайым Мұхамедханұлында Ахаттан көшірілген, Қинаят Шаяхметұлында Қайымнан көшірілген нұсқасы сақталған. Қайым ақсақал кезінде КСРО Жазушылар Одағына Ғ. Мүсірепов атынан жолданған өзінің Шәкәрім туралы мақаласын осы шәкірті Шаяхметұлына аудартыпты.
Тағдыр ма, әлде талаптының тілеуі ме, студент шағынан Қайымдай Алаш арыстарының жалғасынан дәріс алған Қинаят Шаяхметұлы Алматыға кандидаттық диссертация қорғауға барғанда да қазақтың тарихи тұлғаларының тұяғымен табысты. Қазақ мемлекеттік университетінде 1973 жылы “Қазіргі қазақ тіліндегі қос функциялы қосымшалар” тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын Ы. Мамановтың жетекшілігімен қорғады. Бұл Ыбырай қазақ әдебиетінің алғашқы меценаты Маман байдың немересі. Қазақтың қамын ойлай білген Маман байды халық “Құт Маман” атап кетіпті. Құт Маман 19 ғасыр басында қазақ қаламгерлері арасында бірінші болып қазақ романдарының байқауын жариялаған екен. Қомақты жүлделер тігіліпті. Бәйгеге қатысушылар аз болмаған. Авторлар шығармалары оқылып, қорытындысын Семейде жарияламақ қарсаңда 1916 жылдардың аласапыраны араласып, бәйге қорытындысы жарияланбай қал-ған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Кім жазықты?” романы – осы Маман бәйгесінің жемісі. Бәйге алқасына түскен басқа да шығармалар көп болғанымен, дүрбелеңдерге байланысты сақталмапты. Бұл бәйге болмаса “Кім жазықты?” жазылмауы әбден мүмкін еді.
Талдықорған топырағында ту тіккен Құт Маман сонымен бірге 1913 жылдары қазақта бірінші болып медресе ашқан. Уфадағы “Ғалия” медресесі дәрежесінде қызмет атқарған “Мамания” медресесі де талай қазақ баласының бағын ашқан. Құлагер ақынымыз Ілияс Жансүгіров осы “Мамания” медресесінен тәлім алған. Ол заманда медресе деп аталғанымен, ол оқу орындары бүгінгі университет деңгейінде қызмет атқарғанын ескерсек, сол кездегі қазақ байларының кесектігіне тәнті боласың.
Қазақ тіл біліміне бүкіл ғұмырын арнап келген Қинаят Шаяхметұлының еңбек жолы бір ғана Семей мемлекеттік педагогикалық институтымен тікелей байланысты. Осы оқу орнын бітіргеннен соңғы алғашқы 10 жыл аға оқытушы, одан кейінгі 30 жылдай аралықта қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының меңгерушісі. Жиыны елу жылдай бір оқу орнында табан аудармай тер төгуі де тәнті боларлық жағдай. Бұл ғалым ағаның Қайымдар дәріс берген қабырғалы оқу орнына, оның ізі қалған, ұлылардың шуағы тараған мекенге әбден бауыр басып кеткені болса керек. Әйтпесе, қызмет пен атақты бірінші кезекке қойып, соның соңына түсем десе мүмкіндіктер болмай қалған жоқ. Білімдарлығымен білікті ғалымдар арасында ерте мойындалған Қинаят Шаяхметұлын кезінде Қазақ мемлекеттік университетіне ғалым Алтай Аманжолов өз орнына (кафедра меңгерушілігіне) бірнеше рет шақырған. Алматыдағы айтулы қызметтің бірін академик Қайдаров та ұсыныпты. Бірақ, ол ресми астанадан гөрі қазақтың рухани астанасында қалуды жөн көрген көрінеді.
Қ. Шаяхметұлы Семейде отырып білімдарлығымен астананың білікті ғалымдарын мойындатқаны туралы мысалдар келтіре кетсек артық болмас. Павлодарлық филология ғылымының докторы Бекен Сағындықұлы өз кітабындағы естелігінде “Алматыға академияға бардым. Аспирантураға түсуге бір орынға бес адам болдық. Сонда грамматика бөлімінің меңгерушісі Қайырболат Есенов маған синтаксистен Қинаят Шаяхметұлының сабақ бергеніне көз жеткізген соң бесеудің ішінен мені қабылдаған еді” дейді. Осыған ұқсас тағы бір дерек, Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті Гүлназ Бейсенбековадан да аспирантураға түсер сәтте Сейілбек Исаев есімді профессор: “Сен Шаяхметұлынан сынақ немесе емтихан тапсырып көрдің бе? Қандай баға алдың?” деп сұраған. Ол өз жауабында Қ. Шаяхметұлының жетекшілігімен дипломдық жұмыс қорғап, одан өте жақсы баға алғанын және емтихандық сынақтардан да жоғары баға алғанын мәлімдеген. Осы сұрақ-жауап та Гүлназдың аспирантураға қабылдануына себеп болған екен. Бұдан шығатын қорытынды, ұстаз мықтылығы шәкіртке сырттай да шарапатын тигізе алатынын көреміз. Жалпы, “Қ. Шаяхметұлынан дәріс алғанбыз” деп мақтаныш сезіммен айтып жүретін шәкірттерінің саны жетерлік. Шәкірттерінің өзі бүгінгі таңда бір-бір саланың білікті мамандары.
ТІЛ ТАРИХЫНЫҢ ТӨРКІНІ
Жоғарыда қазақ тілінің тарихи даму кезеңдерін сөз еткен едік. Соған қайта оралсақ. Қазақ тілінің тарихы туралы Қинаят Шаяхметұлының пікірі – қазақтың түп төркіні қайдан басталса, тілінің де тарихы соған барып тірелмек. Біздің ғалым бұл пікірге Тәуелсіздіктен кейін елдің көбі “жаңалықшыл” бола қалған тұстан қосыла салған жоқ, әу бастан айтып келе жатқан ұстанымы. Мәселен, 1984 жылғы әдебиет тілінің тарихына арналған республикалық конференцияға жазған мақаласында (кітабына енген) Орхон жазуларына ғылыми талдау жасай келіп: “Түркімен, Шор, Өзбек, Қаһас, Тыва, Тәжік т.б. түркі тектес ағайындар Орхон жазулары біздің мұрамыз деп жүр. Негізінде олай емес, шындап келсек Орхон жазуларының мұрагері біз, яғни қазақ тілі” деген өткір сын айтады. Айтылған ойды дәлелдейтін тұжырымы – жаңағы аталған түркі тектес ағайындар тілінің даму дөңгелегі бір орнында айналып, ілгері жылжымаған. Ескі нұсқада қалып қойған жаңағы тілдер көнелік жағынан, дыбысы жағынан ұқсауы мүмкін болғанымен, сөз мағынасы жағынан біздің тілдей жақын емес. Мәселен, оларда “гүн” деген сөз жоқ та, бізде бар. қазақтың “Көкте күн, жерде гүн жалғыз” деп асқақ сөйлеуі арғы тегінің қайдан шыққанын аңғартпақ. Мағжан Жұмабаевты айтпағанның өзінде бертінгі ақынымыз Жұбан Молдағалиев “Бәлкім қайсақ, бәлкім гүннен тудым” десе, Олжас Сүлейменов: “Римді құлатқан біз” (“Мы разрушили Рим”) деп кесіп айтқан. Оның сыртында 12 томдық дүниежүзі тарихын жазғандар да Атилладан аттап кете алмаған. Ғалым өз пікірін қазақ тілі қорында Орхон жазуларында кездесетін сөздердің аз еместігімен айшықтамақ. Қорыта айтқанда, қазақтың тілі көне нұсқада қалып қоймай, жаңару, жаңғыру үрдістерімен ұштасып отырған деген түйінге тоқталамыз.
Білімге бет бұрған кезінен қазақ тіл білімінің негізін ғылыми тұрғыда байытуға атсалысқан Қинаят Шаяхметұлы Тәуелсіздігіміз туған күннен бастап туған тіліміздің жаңа тұғырын биіктетуге де бір кісідей белсене кірісті. Мұндай құлшыныс жалғыз өзінде ғана емес, сол кезде жалпы жұртта басым болғанын бүгінде толғана еске алады. Жергілікті атқарушы орындарға қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, қоғам сұранысын қанағаттандыруға қатысты бірқатар ұсыныстар да жасады. Тіл төңірегіндегі ой-пікірлері республикалық басылымдарға дейін жарияланып тұрды. Қазақ тілінің қанатын жаюға қатысты ешқандай істен бас тартқан кезі жоқ. Білім министрлігі аясында ана тілді алға бастыру бағдарламасына қатысып қайтып жүрді. Қазақ тілін қысқа мерзімде оқытуға арналған 6 жүйеден тұратын республикалық әдістеме оқулық шығару құрамында болды. Тіл – өткір әрі нәзік саясат болғандықтан, көптеген жоба, ұсыныстарға билік тарапынан тежеулер де болғаны рас. Бірақ, оған ғалым әркез түсіністікпен қарап, төңірегіне себеп-салдарын түсіндіруден жалыққан емес. Қинаят Шаяхметұлының тағы бір теңдесі жоқ қыры – аудармашылығы. Аударма болғанда, орысшадан қазақшаға емес, қазақшадан орысшаға. Оның өзінде шағын дүниелерді емес, қазақтың ірі қаламгерлерінің қомақты туындыларын туған тілімізден тікелей орыс тіліне аударып, Кеңес Одағы көлемінде лайықты бағасын алды. Сонымен бірге лингвист-ғалымымыз қазақ және орыс тілінен басқа түрік, татар, башқұрт тілдерінен аударуды да жақсы меңгерген. Аталған ұлт өкілдерінің де шығармаларын қазақша да, орысша да сөйлете білді. Аудармамен шұғылданудың өзіндік қыр-сыры көп болғандықтан, бұл шаруаға екінің бірі бара алмайтыны анық. Оның үстіне бүкіл бір елдің мақтанышына айналған айтулы тұлғалар туындысын өзінің түпнұсқа дәрежесінен түсіріп алмау міндеті бірінші кезекте. Мұндайда тіл білумен қатар қай тілден қай тілге аударып отырған, аударып беретін елдің халықтық болмысын білуің шығарма шырайын кіргізбек. Аудармаға келгенде тілді білу бар да, меңгеру бар. Қазақ тілін қыртыс-қырындысына дейін меңгерген майталман ғалым орыс тілінің де бүге-шігесіне дейін жетік. Жетік болғандықтан да, аударма айналасында салиқалы сын айта білуде. Бір ғана мысал, Абайдың ақындық шығармасының орыс тіліне аударылған нұсқаларында ұлы ақынның даналық болмысы толық ашылмағандығы туралы ой қозғайды. Абай шығармашылығын аударған П. Шубан, М. Касаткин, С. Ботвинник, А. Животис, М. Замаховская, М. Дудин, М. Петровах, С. Липкин, А. Готов, А. Глоба сынды айтулы аудармашылардың еңбектерінің артық-кемін айта алатын қазақтың бар екені, оның арамызда жүргені үлкен бір олжа ғой. Жаңағы аудармашылармен жалпы аударма туралы тең дәрежеде пікір таластыра алу үшін оларды орап түсетін білім керек. Ол байлық бұл кісінің бойында бар да. Қос тілді қос алақанына салып отырып салыстыра алатын адам ғана аударма туралы анық ой айта алатынына тоқталсақ, оған да ғалым ағамыз әбден машықтанған маман. Міне, бұл тұрғыдан алғанда да не нәрсеге талғаммен қарап, табандылықпен кірісетін профессор ағамыз парасат биігінен көріне алды.
Талғам демекші, үйретуден де, үйренуден де жалықпайтын ғалым ұстаздың ғылымға қосқан жеке еңбектері де жетерлік. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы қазақ тіл біліміне, тіл ұстартуға арналған оқулықтардағы орысша терминдердің қазақша баламасын берудегі бағалы шығарма. Қинаят Шаяхметұлының кенжелеп шыққан кесек туындыларының тағы бірі – “Шартарап” кітабы. “Шартараптың” шығармашылық құрылымы, ғылыми талдау тұрғысынан да жаңағы біз айтқан талғам мен табандылықтың сүбелі жемісі.
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, “Жерұйық.кз“ порталы.