Жұма, Желтоқсан 8, 2017
Негізгі > Жаңалықтар > ҚАЗАҚИЯ: Шыңғысхан заманының шындықтары

ҚАЗАҚИЯ: Шыңғысхан заманының шындықтары

Шыңғысхан сынды ұлы тұлғалардың құпия-сыры неде? Олар Жер бетіне қандай миссиямен жіберіледі? Бұны ұғыну қиын, бәлки, мүмкін емес. Арада 8 ғасыр өткенде қалың тұман сейіліп, шым-шытырық оқиғалардың ең өзектілері ғана        іріктеліп, оқшауланып қалады ғой. Біздікі осыларға көз тастап сараптау ғана. Махмұт Қашғари бабамыз «таза тілде» сөйлейтін, яғни «көшпелі» жиырма ірі тайпа бар деп жазыпты. Шын-Машын (Қытай мен Үндінің бір атауы) мен Рұм (немесе Византия) аралығында мамыражай тыныштықта жүрген осы тайпалар тіршілігі Шыңғыст заманында очеріске түсті. Ру-тайпалық құрылымның төңкеріліп түскені, қазіргі тілмен айтқанда, әскери-мемлекеттік рельске көшкені шүбәсіз шындық.

Ол уақытта Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі құрылымдардың ең күштісі Хорезм мемлекеті (астанасы Үргеніш) болатұғын. Хорезм шахы Мұхамед Иран-Тұранды қатар билеп тұрды. Яғни бір жағында парсы жұрты -Ауғанстан т.б., екінші жағында Түркі жұрты – Сырдария алқабы мен Түркмения оның уысында еді. Қыр халықтары Хорезм мемлекетін «Сартауыл» атаған, «Сарт елі» деген мағынада.

(Сартауылды алуды көздеген Шыңғысхан жансыздарын жан-жаққа жіберіп Ертістің орта ағысында Орда құрып жатыпты. Оған қазақтың 12 ру көсемі «құтты болсын» айтып келіпті. Өздерінің анау-мынау емес, күллі Евразия тағдырын шешуге келгендерін қайдан білсін?!).

Сонымен, хан Шыңғыс жер қайысқан қалың қолды бастап (кілең ат құлағында ойнаған шабандоздар) Сартауылға шеру тартады. Бұл 1219 жылдың күзінде болған оқиға. Шындық қымбат – ұлы ханға өз еркімен қосылған аймақтар, мысалы, Шығыс Түркістан аумағы бүліншіліктен дін аман қалыпты. Тағдырдың жазуы шығар, Хорезм шахы Мұхаммед Шыңғыстың әскери күшінен де, терең жоспарынан да қаперсіз адам екен. Ойлаған «қайдағы бір жабайы моңғолдар» деп. Ең жаманы – бірнеше рет моңғол елшілерін өлтіртіп тастапты. Ызаға булығып кәріне мінген кекшіл Шыңғыс – көркейіп құлашын жаза бастаған Хорезм мемлекетінің, тура мағынасында, күлін көкке ұшырады. Әйгілі тарихшы Жувейни: «…жұрттың қанын судай шашты, қирамаған қала қалмады» деп жазыпты.

Өстіп, жан-жағын түгел жалмаған Шыңғысхан 1220 жылы Амударияның арғы бетіне өтеді. Осы арада Жебе мен Сүбітайды 30 мың әскерімен ұзақ та қиын жортуылға аттандырып қоштасады. Иран, Кавказ, Қырым, Русьті көктей өткен бұл қос ноянның атақты шайқасы 1223 жылдың 31 мамырында болғаны мәлім. Қалқа өзені бойында өткен бұл әйгілі шайқаста батыс қыпшақтар (половцылар) мен орыстардың біріккен жасағы моғол әскерінен масқара боп жеңіледі.

Сөйтіп, айналасы төрт-бес жылда (1219-1224) ат тұяғы жетер жердің бәрін (пай-пай-ай, десеңізші) көшпелілер жаулап алды.

Бір оқыс оқиға – Шыңғысханды ат үстінен бел шешпей еліне аттануға мәжбүр етеді. Оқиға былай өрбіген. Моңғолияға іргелес екі ел – түп төркіні далалықтар, бірақ та көшпелі дәстүрмен қоштасқын «қытайланып» кеткен жұрттартұғын (шүршіттер мен таңғыттар) Шыңғыспен шайқастан құтылу жолы жоқ екенін аңдаған олар, айламен жан сақтау қамына көшкен.

Іргеден шыққан жау жаман – мұны естіген Шыңғыс дереу атқа қонады. Өйткені, жаңағы елдер өзара күш біріктіре қалса моғол әлемін тып-типыл қылатыны айдан анық еді. Келе сала Шыңғысхан Таңғыт мемлекетінің ханы Де Ваиға (немесе Бұрхан) хат жолдапты: «Тәңірімнің жәрдемімен Сартауыл еліне жол салып, еліме аман-есен оралдым. Енді Бұрхан кегімді қайырғалы саған аттанып бара жатырмын» (ұлы ханның аузынан «Тәңірім» сөзі түспеген, ал бұл жердегі «жол салдым» деген тым бейбіт айтқаны еріксіз езу тарттырады).

Іргелі де берекелі ел Таңғытты талқандау оңай емес-ті. Қанды шайқастар екі жылға созылады. Соңғы шаһарлардың бірін алу барысында жетпісті алқымдаған көшпелілердің ұлы көсемі мәңгі көз жұмады (1227 ж.). Қай жерде жерленгені белгісіз. Ішкі Қытайға «жол салуды» мұрагерлері жалғастырды.

Жә деп, қазақ даласына қайтып оралайық. Моңғолияға аттанарында Шыңғысхан Дешті Қыпшақты үлкен ұлы Жошыға, ал Орта Азия мен Шығыс Түркістанды екінші ұлы Шағатайға еншілегені әмбеге аян.

Енді осы ұлыстарға қысқа да болса шолу жасалық.

Жошы ұлысы. Дешті Қыпшақ даласы тұтас енген осы ұлыс ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын зор территорияны иеленді. Іс жүзінде Жошы ұлысы қазіргі Қазақстанның прототипі болды. Қызық, қазаққа жиен болған соң ба -Жошы нағашы жұртын жан-тәнімен сүйіп бауыр басқан. Отызды алқымдаған Жошы хан дүниеден озғанда (1227) артында көп ұлдары (қырыққа таяу) қалыпты. Ең ересектері – Орда Ежен және Бати жаңағы территорияны екіге жіктейді. Алтын Орда және Ақ Орда деп (бір бөлігі Көк Орда аталды деген әңгіме бар. Атауда тұрған не бар, тәйірі… Дешті Қыпшақ нешеге бөлінсе де бәрібір «қазақы» көшпелі мемлекет болып қала бергені даусыз ақиқат).

Алтын Орда мен Ақ Орда тұтас тұрғанында сол заманның әйгілі тарихшысы әл-Омари: «Бұл мемлекет бұдан бұрын Қыпшақ елі атанып келген еді»-деп жазған екен. Сондай-ақ, тарихи деректерде – ат төбеліндей моңғол билеушілері жергілікті халыққа сіңіп «дәл қыпшақ» боп кетті, – деп те көрсетіледі (Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы. І-том.235-6).

Ия, сөйтіп Жошының тұңғышы Орда Ежен (дұрысы – Есен) таза қазақ тайпалары мекендеген Ақ Орда мемлекеті билігін өз қолында қалдырып, этникалық тұрғыдан халқы ала-құлалау Алтын Орда тағына өзінен кейінгі інісі Бәтиді (орысша – Батый немесе Бату) отырғызады.

Ағасы Есеннің жолы үлкен болуы себепті (дала дәстүрі қатаң сақталған) Рашид ад-дин: «Алтын Орданың билеушісі ресми тұрде Бати хан болғанымен… өзі шығарған үкімдері мен жарлықтарына Орда Еженнің атын бұрын қойған»-деп көрсетіпті (Жамих ат-тауарих. 2-том. 66-6.).

Қорыта айтқанда, XIII ғасырдың орта тұсында Дешті Қыпшақ немесе Жошы ұлысы аталған кең байтақта өзара тілеулес екі көшпелі мемлекет – Алтын Орда және Ақ орда шаңырақ көтерді. Туларын тіктеп, іргелерін бекіте бастады. Енді Шағатай ұлысына кезек берелік.

Шағатай ұлысы. Бұл ұлыс та орасан зор территорияны қамтыды. Бірақта оның Жошы ұлысынан бір ерекшелігі – орталығы, яғни «үлкен ауылы» бар-ды. Ол – қос Дария арасы немесе Мауереннахр, сол замандағы қазақ тілімен айтқанда «Сартауыл» еді. (Осыдан ба – Шағатай ұлысын билеушілер ішінде ұйғыр, қарлық, қытай сияқты халықтардан шыққан ұлықтар аз болмаған. Өйткені, отырықшы елді қалай билеудің мәнісін моңғолдар білмеген).

Тау суындай Шыңғысхан тасқынынан тас-талқан боп қиратылғанымен қос Дария арасы көп ұзамай қайта гүлдене бастайды. Сөйтіп «егіннің ебін, сауданың тегін» білуі жағынан «жілігін шағып, майын ішкен» Мауереннахр тағы да қайнаған өмір ортасына айналды. Десек те, 14 ғас. орта тұсында Қазақстанның оңтүстігіндегі көшпелі жұрттар одан бөлініп шықты. Дербестік алған жаңа мемлекетке сол заманның «жазғыштары» (ескілікте жылнамашыларды осылай атаған) – «Моғолстан» деген атау береді (Атқойғыштықтарында қапы жоқ – «моғол» мен «моңғол» сөздері ұқсас болуы жайдан емес, екеуі де «көшпелілер мемлекеті» ұғымын білдіреді).

«Моғолстан мемлекетінінің -дейді Н.Мыңжан, – негізгі халқы ежелден бері осы өңірде жасаған дулат, қаңлы, үйсін, керей, арғын т.б. тайпалар еді. Сондықтан көшпенді және жартылай көшпенді тайпалардың тарихи дәстүріне сай ұлттық жүйе сақталды» (Қазақтың қысқаша тарихы. 222-б).

Сонымен территориясы Жетісу мен Шығыс Түркістанды қамтыған Моғолстан Мауереннахардан бөлініп шықты. Неге? Себеп сол баяғы – екі түрлі өмір сүру формасы бір арнаға тоғыса алмаған. Отырықшылық үрдістерге, әдет-ғұрыптарға үйрене де, көндігі де алмаған көшпелі тайпалар Әмір Болатшы деген «қара қазақ» (руы-дулат) бас болып, ақыры, іргесін бөлектепті. Сөйтіп, Жошы ұлысы құсап, Шағатай ұлысы да екіге жарылды. Осы бөліністерден соң геосаяси тұрғыдан «отырықшы» Мауереннахр бір жақ, ал көшпелі мемлекеттер – Ақ Орда, Алтын Орда және Моғолстан екінші жақ боп қалғаны шындық.

Жошы және Шағатай ұлыстары туралы шағын шолуымыз, міне, осы. Ендігі әңгіме желісін Әмір Темір (немесе Ақсақ Темір, Темірлан, Сұлтан Темір) аударғанымыз орынды сияқты. Өйткені күллі Евразияның, оның ішінде көшпелі әлемнің, картасын сан ғасырларға айқындап кеткен осы тұлға.

Ол жөнінде алдағы мақаламызда айтамыз.

Асан Омаров, ғалым.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation