Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры» көне грек-римдік поэзия, Горацийден А.С.Пушкинге дейін үзілмеген дәстүр – ақынжанды әлемнің шырағы өшпесін ақынның өз тұлғасы арқылы айту үрдісінен бір бөлек. Жыраулық дәстүрде «мен» сакральды сипат алады, жеке адамның менінен биік ұғым. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры» – рух шақыру, эго емес. Бұл халықтың буырқанған тылсым күшін оятатын әулиелік жыр.
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қазтуған жырау автопортретін шекеден бастайды, бақ басқа қонады. «Қошқар шығар қозының маңдайлары дөң келер» деп қазақ шекеліктің зор болуын тектілікке балаған. Шекесі үлкен, шығыңқы келуі даналықтың бітімі, Сократ маңдай. Қазақ ұл туса қуанып, шекесі торсықтай деуі соның нышаны. «Мұздай» ––тегіс, тұтастықтық. Мұздай киінді – тегіс киінді. Мұздай қаруланған, нағыз темірден жасалған, міні жоқ, Қазтуған жырау сапалылықты айтып тұр.
Академик Рабиға Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» атты зерттеу кітабында архаизмге айналған сөздердің мағынасы терең ашылған. Жыраулар поэзиясын осы кітап арқылы оқу түркілік жадыңызды жаңғыртады. Ендеше Қазтуған жыраудың «Мадақ жырын» ғалым даярлап берген үлгімен мұқият, әр сөзіне үңіліп, зерделеп шығу қиынға соқпайды.
«Көбе, кіреуке, сауыт. Бұлар мағыналары бір-біріне жық сөздер. Олар адам денесін оқ, қылыш, найза тәрізді қарулардан қорғану үшін киетін, көне замандардан бар жауынгер киімдердің атаулары. Көбе – көне сөз. Махмұт Қашқари сөздігінде күбе йарық түрінде хатқа түскен, мағынасы «металл сауыт».
Зырқырай оғы кетеді,
Көкірек қысқан көбеден
Қалмады қапыл жебеден («Ер Тарғын»).
Үстіңе баса киіп ал
Алтынды сауыт көбені («Қыз Жібек»).
Сауыттың бір түрі жалаңқат аталған:
Мінуге керек қазанат,
Беліне керек шарболат,
Денеге керек жалаңқат («Қобыланды»).
Батырлар мінетін аттың да арқасы мен жонын, қабырғасы мен мойнын түгелдей жабатын көбелер де жасалған».
Қазтуған жырау көсемнің гимнін салып атойлап, рух шақырып тұр.
Қазақ ертеде рух шақырмай сөз сөйлемеген. Өзі үшін де, дұшпан үшін де асқақ сөйлеудің маңызы зор болған. Айнала жиылған халыққа тіптен ғаламат әсер еткен.
Кілегей қара бұлтпын
Келе де жаумай ашылман.
Мен, атадан кескекті туған аюмын,
Кескілеспей басылман!
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Дұшпаным саған бас ұрман.
Бұл Марабай жыраудың «Ер Тарғын» жырынан үзінді. Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бар: «Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!».
Терең танымды философ жігіт Омар Темірбек: «Рух шақыру бұл «мен» емес, эго емес. Рухты сезінбесе жеңіліс. Жырау өз менін асқақтата сөйлесе, бұл сенімнің төресі. Сүйінбай ақын да қырғыздармен текетіресте өзінің өзіне сенімін бекіте түсу үшін айтады. Сөзбен салынған портрет.
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кіріс-ті,
Қары – қолдың иық пен білек аралығы, ішкі жағы, иіні. Қары талды – екі қолы салдырап қалды. Ауыспалы мағынасында: қарына тартты – туған-туысына, тамыр-танысына бұрды.
Сұлтан – бәйге атының кекіліне байлаған үкі, жүргенде желп-желп етеді. Өзін осылай теңеу арқылы Қазтуған садақ тартқанда менің қолым өте жылдам, көз ілеспейді дегені».
19 ғасырда жыраулардың соңғы буыны Махамбет асқан мергендікті
айналып өтпеуі заңды: «Менің әкем Өтеміс,/ Жауырыны жалпақ, мойны ұзын, / Атарына қолы ұзын./ Қабағын қара биік бөрік басқан,/ Жауырынына күшіген жүнді / Қу жебе оқ шанышқан».
Шайы – үлбіреген, жұқа жібек мата.Жыраудың жебесін бейнелейді.
Рабиға Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» атты тамаша зерттеуі тап бір жыраулар поэзиясын қазақтың кейінгі туған баласы ұғынып оқысын деп арнайы жазылған сияқтанады да тұрады. Бұл кітапсыз бұдан былай қия басу мүмкін емес. Кіріс. Қазақтың эпостық жырларындағы, Махамбет сияқты жаугершілікті толғаған ақын-жыраулар тіліндегі кіріс сөзі контекстке қарасақ, көбінесе «жақтың тартпа бауы, кермесі, адырнасы» мағынасында жұмсалған.
Мысалы, «Қыз Жібектегі»:
Саржанның кірісі
Тартуға келмей үзілді.
«Ер Қосай» жырындағы:
Он атқа алған бұқаржа
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам, маған серт!
Атқаныма шыдамай,
Кірістен кетсең саған серт! –
деген жолдарда кіріс – адырна, тартпа, керме бауды аңғартады.
Көне дәуірлер мен орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінде кіріш – жақтың кермесі, яғни адырна».
Қазтуған жырау өзін әспеттеу арқылы шыққан тегін, ата жұртын, туған елін сүйіп әспеттеп отыр. Сол себепті исі қазаққа тән образдық жүйеден еш ауытқымайды. Көшпелі елге тән қасиетті ұғымдарды өз тұлғасына телуі заңды.
Айдаса – қойдың көсемі,
Сөйлесе – қызыл тілдің шешені,
Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы, –
Қазтуған жырау сөзінің осынау үш теңеуі ана сүтін еміп, уызына жарып өскен қазақ баласына анық ұғымдар. Мал соңында күнелткен ата-баба тірлігінде кездесетін көріністер. Көсем – идеялық жетекші, дем беруші, топ бастаушы данасы. Қашаған – қашып ұстатпайтын, тұра қашатын асау жылқы. Құрық – жылқы ұстау үшін ұшына ілмек жіп бекітілген ұзын сырық. Қалайы – тез балқитын, ақ түсті ( жылтырақ ) жеңіл металл. Қалайылау – қалайы арқылы ұстату, қалайымен дәнекерлеу. Орда – орта ғасырлардағы көшпелі елдердің ұлыстық, мемлекеттік атауы, әкімшілік, саяси басқару орталығы, ел билеушілер тұрағы. ( Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен ).
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Қас I Қабақтың үстіне шығатын түк.
Қас II Ердің алдыңғы басы мен артқы басы.
Қас III Үзіктің шаңыраққа жетіп тұратын шеті». Бұл сөздің тағы екі мағынасы бар: өш және нағыз, тым, аса, қаса.
Ежелгі қазақ ұғымында қасты орда – биік үй. Әдебиеттанушы, философ Омар Темірбек былай дейді: «Сырықты шаңырақтың басын көтергенде қалайылайды. Аттың үстінде тұрып көтерген, жерде тұрса көтере алмайды. Он екі қанат үй. Сырықтың басын ағаш көтерген кезде күлтеленіп кетпесін деп қалайылайды». Сырық сөзі өлеңде ақындықтың аса биік табиғатын таңбалайды.
Билер атты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл шайқаған жалғызы, –
Қазтуған жырау аллитерацияны шебер қолданады. Мәтіндегі «Билер атты би соңы» деген сөз нені білдіреді? Омар Темірбек ескі поэзияның білгірі ретінде мұны былай талдайды: «Қазақ пірдің соңы Бекет дейді. Ең күшті деген сөз. Би ұлының кенжесі десе, кенже бала ең күшті. Қара шаңыраққа ие болып болып қалады. Сондай-ақ кенже балаға үміт те көп артылады. Би – дала патшалығының әміршісі. Кетбұғыдай аты аңызға айналған билер өткен. Махамбет толғауында «Кетбұғыдай билерден / Ақыл сұрар күн қайда?».
Бидайық – қаршыға тұқымдас, ең қыран құс. Жыртқыштығы ересен, өте жылдам құс. Сорғалатып қаққан кезде қаздарды түгел түсіреді. Найзағай сияқты жарқ-жұрқ еткенде көл бетін апыр-топыр қылып, кеңістікті лезде шайқап жібереді.Қазтуған жыраудың бидайықтың жалғызы дегені таңдаулы жұрттың аз боларын мегзегені, тобырдан сонысымен асарын айтқаны».
Буыршын – аруана мен үлектен туған төрт жасар бура; інген бұзар. Буыршын – жас бура, ең қуатты кезі.
Рабиға Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» тілашар кітабында: «Бұлан, құлан, тарпан / тарпаң. Ауыз әдебиеті мұралары мен өткендегі ақын-жыраулар тілінде белгілі бір поэтикалық жүк арқалап, жиі қолданылған сөздердің қатарына құлан, бұлан, тарпаң атаулары кіреді.
Құланнан атты қодықты ( «Қыз Жібек»),
Құлан жортпас құла дүз…
Емен шайнап, тал қайзар
Құлан, бұлан баласы ( Шалкиіз ).
Бұландай ерді кескен күн ( Махамбет ).
Бозда жүрген бұландай,
Үйде тұрмас ойқастап ( Дулат Бабатайұлы ).
Сөйтіп, бұл үш атаудың үшеуі де қазақ ауыз әдебиеті мен XV – XIX ғасырлар поэзиясында белгілі бір образ үшін актив қолданылған сөздер болған».
Қазтуған жыраудың «Мадақ жырының» соңы ерекше мағыналы, айбынды, тылсым аяқталады:
Бұлұт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған!!!
Расында мынау әнұран,нағыз сән-салтанат пен шаттық гимні.
Әуесхан Қодардың осы жолдарды талдауында дінге деген сыншылдық көзқарас айқын. Ол сахараға осы екі дін де келді. Біздің бабаларымыз сыни көзқараспен қарап, сынға толған дінін қабылдаған. Ол мұның бәсі бір болды дейді.
Омар Темірбек білімді шәкерімтанушы ғалым ретінде Қазтуған жыраудың бұл жолдарын былай түсіндіреді: «Кәпір мен кәуір бір емес. Кәпір ортодаксальды діндерге сенбейтін адам. Мұсылман дінге сенетін адам. Кәуір деп сырты мұсылман, іші бөтен, аяр адамды атайды, ол өз сенімін өзгертпесе де, мүләйім түр танытуға мәжбүр. Осы екеуінің арасын бұзып өтіп, сахараға лайық дінді тап басып тану оңай емес. Қазтуған жырау өмір сүрген уақыт қазақтың нағыз діндар кезі. Ол қандай дінді аштым дейді? Шәкерім діннің ішінің өзінен ең тазасын табуды айтады ғой. Ол сопылық. Діннің ішіндегі ең мағыналы ағым, жаңғақтың дәнегі сияқты. Қазтуған осыны айтып отыр. Абай да дінді ашқан. Абайдың діні – ғылым. Абай діннің негізін ашты. Мұхаммед пайғамбар бір сағат ғылым үйрену алпыс жылдық ғибадатқа тең дейді. Қазтуған жырау түркінің, ноғайлы қазақтың кеңістігін үнемі тазартып отырдым дейді. Халықты қорғайтын, алға бастайтын ұлдар керек. Жыраулар поэзиясын Мұхтар Мағауин жарыққа алып шыққан, тірілтіп алып шыққан». Қазақ шығып кету, қазақтық ұғымы да осы тұстан ат ойнатып, елес беретін сияқты. «Ертеректегі өлең-жырларымызда қазақ сөзі нақты халықтың атауы ретінде емес, «шетке шыққан, бөлініп жүрген адам немесе жұрт» деген мағынада жиірек кездеседі». (Р.Сыздық. «Сөздер сөйлейді»).
Қазтуған жыраудың есімінде қазақтық рух айқын. Ежелгі қазақ құстың ішінде аққу-қазды ерекше жаратқан, ел билеген ерен ұлдарын қаз дауысты Қазыбек би, қу дауысты Құттыбай би дегенде қазша қаңқылдап, аққуша сұңқылдаған дауыс ырғағын, үндерінің әуездігін айтқан. Сүйініш деп қатты қуаныш, елжіреген сезімді айтады. Қазақтың сонау көне дәуірден ат қою үрдісі ерекше болғанын жыраулардың есімдерінен көреміз.
Белгілі ғалым Серік Негимов «Ақын-жыраулар поэзиясы» атты кітабында: «Поэзия тілі – сиқыршы. Поэзиялық ассоциацияның, қиыннан қиыстырудың ондаған, жүздеген амал-жолдарын көзді ашып жұмғандай уақыттың ішінде-ақ алдыңа жайып тастайды. Жалпы алғанда, шексіз кеңістіктің, табиғат дүниесінің және адамзат қоғамының барлық құбылыстарын, жай-күйін, қозғалысын, түр-түстерін, заттарын, байланыстарын қамтып, ішіне сыйғызып тұрады.Олардың бәрі де өлең тіліне түскен кезде көз алдыңа әдемі суреттер келіп, өлеңде оларды жатық бейнелеп, суретке түсіріп жатады. Мұның үстіне ақынның да жан сарайы, болмыс-бітімі, философиялық, эстетикалық көзқарасы, интеллектуальдық, психологиялық ерекшеліктері поэзия тіліне айнымай көшеді» деп жазады. Қазтуған жырау рух шақыру жырын өз есімімен аяқтауы да ғажайып көркем әсер қалдырады, бұл классикалық поэзияда бар тәсіл болуымен де баурайды:
Сүйінішұлы Қазтуған!!!
Айгүл Кемелбаева,
Жазушы