Шоқанның театрдағы бейнесін жасаған үш әртістің ойынын көрдім. Алғашқысы – Нұрмұхан Жантөрин еді. Қойған – М.И.Гольдблат. Нұрмұханның образы Сәбең – Сәбит Мұқановқа қатты ұнады. Сәбең дастарханы мол адам еді, жарықтық. Біз онда массовкаға қатысамыз. Қойылым біткен соң үлкен дастархан жайды. Ешкімді бөліп-жармай, түгел шақырды. Нұрмұхан сомдаған образда Шоқанның барлық қыры – үлкен білімдар, саясаткер, саяхатшы екені, аңыз-әңгімелерді жақсы білетіндігі, шешендігі керемет байқалатын. Бірақ, бұл қойылымның бір кемшілігі – өте ұзақ болатын. Дәл осы «Шоқан» 1956 жылдардан бастап, 1970 жылдарға дейін көрерменге ұсынылды.
Сәбеңнің алпыс жасқа толу мерейтойын Қызылжарда тойладық. Бірқатар әдебиетшілер, өнер адамдары бас қосқан мерейтойда, Сәбеңнің туған жерінде «Шоқанды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» театрда қойдық. Онда да Шоқанның рөлін Нұрмұхан сомдады. Сәбең Нұрмұханды өз баласындай жақсы көрді. Бір күні таңертең Нұрмұхан Сәбеңнің шашын алып отыр. Өзінің шаш алуға ебі бар екен. Оған Сәбең балаша мәз болып күледі: «Бұдан былай менің шашымды сен ғана алып тұрасың», – дейді күліп.
Шымкентте Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры қойған қойылымда көңілді, сал-сері, биге мықты, әсем Шоқанды байқайсыз. Мұндағы Шоқанның образын Қасымхан Шанин жасады.
1986 жылы «Шоқанды» Ә.Рахимов қайтадан қойды. 1956 жылдан бергі уақытта жүрген «Шоқанда» Генерал-губернатор рөлін Камал Қармысов ойнаған еді, Рахимов қойған «Шоқанда» генерал-губернатор мен болдым. Шоқан – Құман Тастанбеков. Құманның сымбаты, сәні, келбеті Шоқанға өте сәтті келді. Алайда, бұл «Шоқанды» Құндақбаев кішкене сынады. Оның қаһармандығы, шешендігі жетіңкіремейді деді. Құман ол кезде қазақшаға шорқақтау еді. Ә.Мәмбетов: «орыстың білімін алған Шоқан осылай сөйлеген шығар», – деп ақтап алатын.
Енді кинодағы Шоқанға келейін. Мәжит Бегалиннің «Его время придет» деген киносында Шоқанның бейнесін Нұрмұхан Жантөрин жақсы сомдады. Жантөринде үлкен психологиялық дайындық бар еді. Бізге ғұлама, данышпан, білгір, терең Шоқанды танытты.
1985 жылы экранға шыққан Шоқанды Сағи ойнады. Сағи бозбала Шоқанды, отты Шоқанды, арманшыл әрі батыл, ержүрек һәм сыршыл, сұлу да сырбаз, терең де білімдар, жаңашыл әрі ұлтын сүйетін Шоқанды тірілтті. Сағидың ойнағаны жүрекке жақын. Осы рөлімен Мемлекеттік сыйлық алды, бір образдың өзіменен тарихта қалды. Шоқан-Сағидың мөлт-мөлт еткен жанарын экраннан көргенде «осыған көз тиеді-ау» деген бір қазақы ой кеп еді. Құлыным-ай, өзі де Шоқан сияқты жарқ етті де, жоқ болды…
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
ҚР халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты