Ел ертеңіне байланысты бірінші кезекте жастарды, жас ұрпақты лайықты тәрбиелеу, оларды түрлі бағыттағы зиянды дүниелерден барынша қорғау ісі өте өзекті. Біз жастарымызға отбасын құрудың, шаңырақта жиі кездесетін түйткілдерді тиімді шешу жолдарының, әке, ана, келін болу әдебінің, қоғамдық қарым-қатынастарға бейімделудің қыр-сырын үйретуді өз деңгейінде жолға қоя алмай келеміз. Осы олқылықтың жағымсыз салдарлары бүгінгі қоғамымызда анық көрінуде. Мектеп жасындағы балаларымыздың бойындағы қабілет-қарымын ашатын, пайдалы дағдыларға, еңбекке баулитын, жақсы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер жүргізілуі тиіс.
Жастарымыз білімді болумен қатар шынайы өмірге де дайын болуы қажет. Уақытты бағалауды, оны тиімді пайдалануды үйретудің қажеттілігі анық сезілуде. Қоғамымыздағы ақпараттың дұрыс-бұрысына көзі жетпей тұрып сену, оны өзгелерге тарату белең алуда. Сондықтан жас өскінді ақпаратты сараптай алуға, кез келген дүниеге сын көзбен қарауға, объективті баға беру қабілетін қалыптастыруға көңіл бөлетін уақыт жетті. Жастарымызға интернетті, әлеуметтік желіні уақыттарын ысырап етпейтіндей ұтымды қолдануды, әлеуметтік желіде пікір жазу мен көпшілікке ақпараттар ұсыну мәдениетін, жалпы интернетті тиімді пайдалану тәсілдерін, тіпті этикасын мектеп қабырғасынан үйретудің маңызы сезілуде.
Балаларымызға басқамен тіл табысуды, дұрыс сөйлесе білуді үйрету қажет. Жастарға өмірде кездесетін қиындықтарға мойымай, керісінше оны шешуге, қиындықты еңсеруге, көңіл күйін басқаруға дағдыландыратын мотивациялық дәрістер жүргізген абзал. Бұған қоса қаржылық сауаттылық, ақшаны үнемдеудің тәсілдерін меңгерту де маңызды. Нақтылай айтқанда, «отбасын құру», «сауатты тамақтану», «тайм менеджмент», «қаржылық сауаттылық», «өзіңе сенімділік», «эмоциялық интеллект», «адамдармен тіл табысу», «проблемаларға мойымай, оны шеше білу» және тағы да басқа мәселелер бойынша ел ішінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылса, мектеп қабырғасында арнайы дәріс жүргізу қолға алынса ұлтымыздың уақыт талабына сай болмысын қалыптастыру жолындағы игі іс болар еді.
Бұл мәселелерге Ислам діні тұрғысынан қарап, түсіндіру уағыздары көптеп жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұста имамдарымыздың әлеуетін тиімді пайдалансақ, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда діни қайраткерлердің рөлі айқын көрінер еді. Жалпы ұрпақ тәрбиесіне, ұлтымыздың рухын өсіріп, өркендеуіне әрбір азамат өз үлесін қосса, хал-қадерінше рухани игілікке қол ұшын берсе, алда тұрған міндеттерді орындауға әбден болады.
Ескерту: материал исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлының БАҚ-на берген сұхбаттарынан алынды.
«Жерұйық»-ақпарат.