1. Біз осындай кең де берекелі жеріміз тұрғанда мал шаруашылығынан кете алмаймыз. Олай болса, біз, мүмкін, мал өсірудің жаңа концепциясын даярлап, оны қоғамдық талдаудан өткізуіміз керек шығар.
2. Ауылға мал өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын жеткізбей іс оңға баспайды. Соңғы уақытта Алматыда мал жүнінен тігілген киім сататын Монғол елінің дүкендері ашыла бастады. Ондай киім түрлері 70-80-ге жетеді екен. (Факті: МНР-да бұрын – 34-40 млн. мал. Қазір: 70-80 млн басқа жеткізіп отыр. Халық саны 3 млн.)
3. Мал өсіру еңбегі тартымды, бүгінгі сұраныстарға сәйкес болуы керек. Сол үшін мал өсіру кәсібіне даярлайтын оқу орындары ашылуы қажет. Экология. Жақында ғана TV-дан хабар жүрді. Норвегияда, мәселен, балықшы кәсібін арнайы ашылған кәсіптік-техникалық оқу орындары береді. Бізде де осындай оқу орындары ұйымдастырылса орынды болар еді.
4. Оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында халқымыздың бай да бағалы тәжірибесі бүгінгі сұранысқа сәйкес дәрежеде көрсетілмей келеді. Мәселен, бүгінгі қазақ баласы төрт түлік малдың киесі бар екендігін, олардың Қамбар ата (жылқы малы), Шопан ата (қой малы), Ойсыл қара (түйе малы), Зеңгі баба(сиыр малы) аталатынын біле бермейді. Бұл тақырыпқа мен сырт көз тарихшы ретінде тоқталып отырмын. Мамандар мәселені бұдан да терең аша алатыны, әрине, күмәнсіз.
Академик Мәмбет Қойгелді.