Барақ буырылға мінген Әбіләкім қария тау етегіндегі жазықпен бүлкілдете желдіріп барады. Қарияның оң қолында бүркіт. Көзіне иі қанған бұлғарыдан жасалған томаға киілген паң құс тыныш отыр. Сексен төрт жастағы Әбіләкім ақсақал да сабырлы.
Адамды алаңдататын, қалжырататын ойлы мезгілдің уағы ол үшін әлдеқашан озған. Дегенмен, қайбір күндердегі уытты шақтың шарпуы көздерінен жалт етіп ұшқын атып қояды. Жағасына жолбарыстың терісі салынған қасқыр ішігі, басындағы түлкі тымағы, аяғындағы молынан пішілген жеңіл саптама етік, мықты былғарыдан қапсырылған астары киіз биялай аңшы Әбіләкіммен бірге жасасып келе жатқандай. Бұл байлықтың барлығы аңшылық олжадан құралған.
Қырбақ қар астынан көрінген қатқыл шөп ат тұяғының астында қалып жатыр. Әбіләкім ақсақал сарғыш тартқан шөп ішінен суси қашқан түлкінің сарыжағал көлеңкесін со мезетінде байқады. Қария «Кә!» деп айқайлап қолындағы бүркітін сермеп қалып еді, одан арғы оқиға қас пен көздің арасында өтті. Көкке тік көтеріле ұшқан бүркіт жарты шеңбер айнала бере, жемтігін көре салысымен тік жарқабақтан сорғалай шүйіліп, жербауырлай барып олжасын тұяғымен бүре ұйма-жұйма іліп түсті. Әбіләкім белгі беріп
бүркітін өзіне шақырды, шынтағына дейін киілген қалың қолғабын алға созып еді, о, құдырет, әлі тірі жатқан олжасын тастай берген бүркіт иесі үйден күнілгері даярлап алып шыққан қаны сорғыған бір кесек шикі етті адам қолынан жеуге ұмтылды.
Кешкісін біз Әбіләкіммен бірге үй ортасындағы жер үстелді жағалай, төрге жайылған кілем үстінде малдас құрып, иісі бұрқырап, қызара піскен қызылкүрең бауырсақты майға тоғытып шай ішіп отырдық. Әбіләкім бүркіт туралы, қару-жарақты білмеген, тек бүркітпен ғана аңға шыққан, жайранға, түлкі-қоянға, тіпті қасқырға бүркіт салған заман жайлы ұзақ-сонар әңгімесінің тиегін ағытты.
Балғын шағынан аңшылыққа әуестенген Әбіләкім осы күніне дейін тоғыз бүркіт ұстапты. Сол бүркіттерінің бірімен соғысқа аттанғанда қоштасқан. Қазақ жігіті Әбіләкім Сантанқұлов үйінен хат алғанда сол хат жолдарының ішінде бүркіт жайлы міндетті түрде бірер сөз жүретін. Бұл Әбіләкім үшін тамаша ақжолтай хабардың санатынан еді. «Шалқалай жатып, көзімді жұмсам, көгілдір көкте қалықтай ұшып жүрген қастерлі құсымды көретінмін»,-дейді қария.
Дүние шіркін тап-тар. Әбіләкім Воронеждің түбінде соғысқан. Рәмөн, Чертовицкі деп қазақша икемге келтіріп айтылған село аттарын таң қала тыңдап отырмын. Бұлар менің туып-өскен жерім ғой. Мен мұны Әбіләкімге айтып едім, толқынысын басқан ол кенет кесесін үстелге қойып, осы мен сені сол бір кезде Воронеж түбіндегі орманда кездестірген жоқпын ба дегендей мейманына мұқият көз салды.
Аңшы-қазақ майданда мерген болған. Воронежден ары құла дүз арқылы Харьков пен Белгородты кесіп өтіп, Полтаваға жеткен. Сол жерде жараланған.
Ақсай деген ауылдың жұрты Әбіләкім атаның соғыста жүзден астам жаудың көзін жойғанын жыр ғып айтады. Әбіләкімнің ұлы әкесінен рұқсат сұрап барып бөлмеге жібек түйіншек алып кірді, одан екі бірдей Даңқ орденін алып шығып, қарияның алақанына салды. Әбіләкім үстел маңындағылардың сәл сарғайған жұлдыздарға құрметпен көз салып тұрғанын сырттан үнсіз бақылайды.
Қанжығаға байлаған қасқырларын Әбіләкім жақсы біледі. Біреуі қақпанға түссе, енді бірін атып алған. Алайда бүркіт салып алған бөрісін мақтан көреді. «Ерте заманда жақсы құстың бағасына жүздеп қой берген, асыл жылқы ұсынып, тіпті қалыңдық атаған»,-деп қойды қария.
Әбіләкім соғыстан оралған соң бүркіт салып сонысымен бүкіл ауылды асыраған. Ұстаған жайран, соққан түлкісін санап көрмеген, оған сан жетпейді. Ғұмырының ұзақ болуына бүркіт салудың сеп болғаны күмәнсіз. Сексен төрт жастағы шал атқа жеп-жеңіл, оп-оңай мінеді, таң асырып, түн қашырып ат үстінен түспей жүре беретін шамасы бар. Ағаш қораның ішінде самсай ілініп тұрған түлкінің көп терісі аңшының көзінің нұры қашпағанына куә. Мен: «Бүркітті қолға қалай үйретеді өзі?!»,-деп сұрадым. Адамның қолынан босаған паң құс қалайша кейін қайтып оралады? Неге қайырылмай ұшып кетпейді? Еркіндікті сүйетін ерке құсты адамға табындыру үшін көп нәрсе керек пе?
Бүркітті қашан да екі аяқтыға қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Әбіләкімнің әкесі де, арғы атасы да бүркіт ұстаған. Жалпы саятшылық тарихы тереңде жатыр.
Баяғыда Тінейдің бүркіті деген бүркіт болыпты. Барған жерінен құр қайтпаған. Бірде еш түлкі көрінбеген соң сол түлкісі Тінейдің өзіне түскен. Бұл аңға түсетін тәуір жерге апармадың деген қыранның жан ашуы еді.
Ал қайраты қайтқан қыранды «құс тебінен қайтты» деп қоя беретін де дәстүр бар. Атақты Әлібек батыр жылына алпыс түлкі, он қарсақ, он екі қасқыр алған құсын Құлагер аты мерт болған жылы ырым етіп, қолынан босатып қоя берген деседі.
Бүркіттің балапанын ұясынан ақүрпек, қарақанаттана бастаған кезінде алады. Екінші, бүркітті жетілген кезінде де алады, балапан ол уақытта қайрат көрсете бастайды, оны әккі саяткерлер ғана қолға түсіреді, әйтпесе болат тұяқ қапелімде мерт қылуы мүмкін.
Қолға түскен бүркіттің басына томаға кигізіп, жалғыз ағашқа отырғызып қояды да, неше күн тербетіп, теңселтіп мысын құртады. Қалжыраған, әбден шаршаған соң құс екеш құстың өзі қарсылық көрсете алмай барып жуасиды. Содан соң қызылға шақырып, қолға қондырып үйретеді.
– Бүркіт еркінен айырылғанын өзі білмейді. Аңға салған кезде, даланың еркін құсы ұшып кетсе-дағы, қолыма қайтып оралды. Аңға шыққан кезде бүркіт адамға қызмет етеді. Ал үйге келген соң мен оның алдында құстай жорғалаймын. Уағында азығын беремін, қонақтайтын тұғырын күтіп ұстаймын. Күніне бәлен рет айналып соғып отырамын. Аңға шығар алдында асты-үстіне түсіп баптап-күтемін,-дейді ақсақал.
Ең соңғы бүркіті қарт аңшының соңында иесін жоқтап қалды. Қазақ еліне соңғы келгенімде Әбіләкім ақсақалдың басына барып қайттым. «Өмірінің соңғы сағатына дейін ат үстінен түспеді. Бүркітін ұстап тауға шықпақшы еді. Бірақ бара алмады….»,-деді ағайындары.
Амал не, Мәскеуге оралған соң өз мұрағатымнан осы бір жайсаң жанның жаныма жақын фотобейнесін таба алмай қапы қалдым….
Орыстың атақты журналист-жазушысы Василий Песковтан қазақшалаған Sailau Omirtay.