Алма бақтарын арамшөп басып жатыр

463

Алманың адам ағзасына пайдасы бар екені әмбеге аян. Алайда, алманы өсіріп, баптау мен кластерін дамыту ісі еліміз бойынша кенже қалып отырғаны рас. Көрші елдің адам тұр ғой құрт жемейтін, химиялық тыңайтқыштармен өсіп шыққан жемісі нарықты жаулап алған. Сондықтан, бүгінгі күні еліміз бойынша алма бақтарын қайта қалпына келтіру және да-мыту ісін жедел қолға алу мәселесі өте өзекті болып тұр. Өйткені, алманың адам денсаулығына пайдасы мен одан өндірілетін өнімнің табысы шашетектен екені белгілі. Экологиялық жағынан таза бұл жеміс қазіргі базар сөрелерін жаулап алған қытайдың құрамы дүдәмал алмасынан әлденеше есе құнарлы да тәтті екені рас. Сондықтан, алма ағашының көшеттерін егіп өсіру, оны баптау секілді қиыншылықтарын, осыларға кететін орасан шығынын есептеген бағбан қауымы әлбетте, білек сыбана кіріспесі анық. Мәселен, бір кездері Үржар ауданының колхоз, совхоздары жаппай алма бақтарын өсіретін-ді. Кейін «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен алмағайып заманда ешкім де бел шеше кірісе қоймаған еді. Бүгінгі күні қараусыз, жабайы болып кеткен Бестерек (Чапай), Қазымбет (Алексеевка), Барқытбел (Ново-Андреевка), Батпақты (Покровка), Некрасовка (Естай), Көкөзек (Ириновка), Көлденең (Аксаковка) т.б. елді мекендерде алма бақтары әлі де бар. Алайда, мұндағы жеміс ағаштары қартайып, бақты арамшөп басқан. Оларды қарайтын жанның жоқтығынан жабайы жеміске айналып бара жатқан алма сорттарын қалың шөп арасынан тауып алудың өзі мұң.

Тарбағатайдың күнгей беткейіне орналасқан Аягөз ауданындағы Ақшәулі ауылының да климаты қоңырсалқын, жаймашуақ. «Ағаш ексең, арба өсіп шығар», дейтіндей топырағының бонитеті жоғары. Жалпы, Тарбағатай тауларының қойнауы мен күнгей беткейінің климаты қоңыр салқын, алма, алмұрт, шие, өрік, шабдалы секілді жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы. Бірақ, «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», дейтін халқымыздың алма өсіруге деген салғырттығын немен түсіндіруге болады… Шын мәнісінде ағзамызға өте пайдалы алма жемісі тасымалдауға, сақтауға өте ыңғайлы. Оның үстіне алма жемісі тағамдық заттарға бай, дәмді, әрі жақсы өңделеді. Мәселен, алманың құрамында 83—88 пайыз су, 7,5—16 пайыз қант, 0,2—0.8 пайыз қышқыл, 9,5—18,5 пайыз құрғақ қалдық, А, В1, В2, В6, С, РР витаминдері, көптеген минералдық заттар бар. Жемісін адамға ем- дәрі ретінде де, адам ағзасын ауыр металл заттардан тазалауға, қанның бұзылуына қарсы және жүрек ауруларын емдеуге қолданады. Сол сияқты, марганец, калий, кальций, фосфор, натрий, молибден, мырыш, барий микроэлементтерінің бар екендігін айтады мамандар. Негізінен алмадағы темір қанайналым жүйесіне өте қажет. Мамандардың айтуы бойынша алма бауыр, бүйрек, асқазан, ішек жолдарының жұмыстарын да жақсартады. Бет терісінің түсін жақсартып, жас әрі балғын етіп көрсетеді. Оны айтасыз, ағзамыздағы холестерин мөлшерін азайтып, іш қатудың алдын алатын көрінеді. Тіпті, диареяны емдеп, иммундық жүйені нығайтатыны белгілі. Ал оның шырынынан шарап, тәтті сусындар дайындайтын, жеміс консервілейтін цех ашу –бүгінгі заман талабы. Үржар өңірінде өсетін алманы өңдеп, консервілейтін, одан әртүрлі жеміс шырындары мен тосаптар шығаратын цехтар салу- бүгінгі күннің талабы. Алайда, ниет, ой болғанымен, ынтаның жоқтығы қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Оның үстіне қазір қос қолтығыңнан демеп жіберетін мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Тек, бизнес-жоспарыңызды билік қолдап, істің көзін таба білсеңіз, болғаны. Қазір Үкімет мұндай бастамаға зор көңіл бөліп, қыруар қаражат бөліп отырғаны жасырын емес. Тек жергілікті билік пен бағбан қауымы енжарлықтан, «дайын асқа, тік қасық» болар масылдық психологиядан арылса дейсің. Әйтпесе, оңтүстік- шығысымызда орналасқан Панфилов ауданындағы «Жаркент фрукт» ЖШС-ның баптап өсіріп отырған бағын мысалға келтіруге болады. Мұнда бақты өсіріп, баптау үшін атшаптырым жер бөлген. Алмадан басқа шие, шабдалы, өрік секілді жергілікті ауа райында өсіріп баптауға бейімі бар жемістер егіледі. Қуанарлығы, жоба іске қосылғанда 500 адам тұрақты жұмыс орнында еңбек ете алатын көрінеді. Ал жазғы маусымдарда бұл жерде 1000 адам жұмыспен қамтылады. Шынында да алманың әр гектарынан 100-300 центнерден өнім алуға болады. Алма жемісі қазіргі сапасы тым төмен қытай алмасының орнын алмастырғанда бұл да ел экономикасының нығаюына өз үлесін қосатын бренд болар. Сонда Жаркентте өсетін алма Үржар жерін жатсына ма?

-Алма ежелден айрықша күтіп-баптауды қажет ететін жеміс. Жерге шаншыған көшетің өсіп, жеміс бергенше 3-12 жыл уақыт кетеді. Шығыны тым үлкен. Содан қашады көпшілігі. Тіпті, минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмектерін өз талабына сай бермесеңіз, өлтіріп алуыңыз мүмкін. Оның үстіне арнайы өмірлік тәжірибесі бар бағбан қазір жоқтың қасы. Барының өзі егде тартып қалғандар. Бұл істің осындай көлеңкелі жақтары бар. Жалпы, алма өсіруге ниеттенсеңіз, сорттың аса маңызды сапалы қасиеттеріне көңіл бөлген дұрыс. Оның қысқа төзімділігі мен жеміс беру кезеңінің қолайлылығына назар аударыңыз. Сондай-ақ, өнімділігі мен жеміс сапасының ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасымалдауға ыңғайлылығына, қыста сақталғыш қасиетіне мән берген дұрыс болады,-дейді тоқсаныншы жылдары Қарақол ауылының алма бағын баптап өсірген Берікбол Баязитов ақсақал.

«Түгін тартсаң, майы шығады», дейтіндей Үржар өңірінің жаймашуақ климаты да мұндай пайдалы һәм берекелі іске әбден лайық. Алма бағын

өсіруге ниеті барлардың қаржысы, қаржысы бардың ниеті жоқ. Түптеп келгенде, белсеніп шығар бағбан табылмай отырғаны қынжылтады. Бір кездердегідей, біріг, бірлесе еңбек ететіндей ұжымдық шаруашылықтар жоққа тән.

…Бір сөзбен айтқанда, алма бақтарын арамшөп басып жатыр.

Берікхан Тайжігіт, Аягөз ауданы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз